03 Маусым, 2019 Саясат
Ринат Заитов: "Елді шулатып жүрген мен емес шығармын" (видео)
Айтыскер ақын Ринат Заитов Youtube арнасынан тікелей эфирге шықты
- Айтыскер ақын Ринат Заитов Youtube арнасы арқылы тікелей эфирге шықты деп жазыды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Соңғы кездері алда келе жатқан кезектен тыс президент сайлауы туралы ойын ашық айтып жүрген ақын бұл жолы да тікелей эфирде сайлауға және күні кеше Нұр-Сұлтан қаласында өткен Халық құрылтайына қатысты пікірін айтып, желі қолданушыларының сұрақтарына жауап берді.
"Мемлекетімізде осындай жағдай болып жатқанда мен сырт қала алмаймын"
Ол алдымен, өзіне "халықты бүлдірмей тыныш жүр" деп айтып жүргендерге жауап берді.
"Біріншіден, сіздерге ұнасын, ұнамасын, мемлекетімізде осындай жағдай болып жатқанда мен сырт қала алмаймын. Екіншіден, елді шулатып жүрген мен емес шығармын. Өздеріңіз білесіздер бүгін ғана Астанада көп балалы аналар «аштық жариялаймыз» деп наразылыққа шығып жатыр",- деген Заитов "тал бесіктен жер бесікке дейін пара беретін, өтіріктен құралған биліктің қазіргі жүйесін бір құлатып" алу үшін сайлауға бару керектігін де айтып өтті.
Құрылтайға қатысты
Келесі кезекте ақын өзінің 1 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен Халық құрылтайына қалай және қандай мақсатпен барғаны туралы айтты.
"Құрылтай деп айтуға аузым бармайды. Құрметті ағайындар, мен "анау биліктің адамы, мынау биліктің адамы" дегеннен аулақпын. Әуелі бір Алла куә. Мен өтірік айтсам, Құдай жазамды берсін, сіздер қателессеңіздер, Алла сіздерді кешірсін. Қалай болғанын бастан-аяқ айтып берейін. Құрылтайға шақырылдық. Бардым. Ол жаққа барған соң шу шығуын қалап отырған 10 шақты адамды байқадым. Олардың сондай оймен барғаны анық. Біреуі келіп маған тиседі, біреуі басқасына барып шүйлігеді. Сосын мен Балташ ағаға: "мен бір-екі ауыз сөз айтсам бола ма?" дедім. Оның өзін сол жерде тұрған жігіттер қолқалады. Балташ аға: "егер сен "Қосановты қолдайық" деп айтатын болсаң, сөйлемейсің" деді. Үлкен кісі, қарсы шығатын ешқандай қақым жоқ, жарайды" дедім. Бұрылып кетіп бара жатқанда, жаңағы қолқалап тұрған жігіттер соны көріп қалды ма, "Ринат сөйлесін, Ринат сөйлесін" деп айқайға басты. Сосын 30 секундтай сөйледім. Айтқаным: "Қазақтың жалғыз жауы бар. Ол – "Нұр Отан". Қазір кім Нұр Отанға жау, мен соның досымын" дедім. Мен осы сөзімде қаламын. Мен бұған дейін де осылай айтып келгем. Ал барғандағы мақсатым – өзін оппозиция өкілімін деп жүрген һәм осы жүйеге қарсы адамдарды осы жүйеге қарсы жұмылдыру", – деді Заитов.
Тоқаевқа қарсы дауыс беру
Келесі кезекте ақын сайлауға байланысты түрлі ұстанымда жүрген халықты бірігуге шақырды. Ақынның ойынша, қазіргі билік жүйесі халықтың жақсы өмір сүруіне түбегейлі қарсы. Сондықтан ол сайлауға «бойкот» деп жүргендерді жүйеге қарсы бірігуге шақырды. Ринат Заитов ол үшін сайлауға барып Тоқаевтың кандидатурасына қарсы үміткерге дауыс беру керек деп санайды.
Тікелей эфирдің толық нұсқасын төмендегі видеодан көре аласыздар.
Видео Ринат Заитовтың Youtube желісіндегі жеке арнасынан алынды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір