• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 13:23:28
Алматы
+12°

02 Мамыр, 2019 Сұхбат

Марзия Бекайдар: 14 жасымнан әйел бақытының кілтін іздедім

Біз «әйел заты мықты келеді» дегенді жиі естиміз. Бұл шындық... Бірақ әйелдің мықтылығы жиырма келілік азық-түлікті жалғыз өзі көтергенмен өлшенбейді...

Марзия Бекайдар: «Отбасы құндылығы, шаңырақ беріктігі, жанұядағы ер мен әйелдің орны – өз маңыздылығын жоймаған тақырыптардың бірі болып қала бермек», - дейді. Табиғатынан жаратылысы нәзік әйел затының отбасыдағы орны шын мәнінде ерекше. Бала күтімі, ер азаматының жүрегіне жол табу, ата-ененің көңілінен шығу, өз ата-анасына қарайласу, қонақ күту, өз кәсібін дөңгелету – барлығы әйел затының бір-ақ күнде атқаратын шаруасы. Ісін дөңгелете шаруалардың ортасында жүріп өз-өзін күтіп, өзін әдемі қалпында сақтай білу де тек әйел адамның ғана қолынан келетін іспетті. Осы сында таусылмас тақырыптарға арқау болған әйелдің қоғамдағы орнын тізбектей беруге болады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі де әйелдерге арнап кеңес беріп, талай нәзік жанның отбасына береке сыйлап жүрген психолог Марзия Бекайдардың «Әйел жолы» атты семинарына қатысқан едік.

Әрбір әйел адамның ішкі жан дүниесінде кішкентай қыз өмір сүреді, - дейді Марзия Бекайдар. Сол кішкентай қыз айналасындағы адамдардың жылулығы мен махаббатына зәру. Кішкентай кезінен отбасында махаббатқа бөленіп, еркін өскен адам есейгенде өзінің қоғамда айтарлықтай орны бар екенін толық сезіне алады. Өз-өзіне сенімді болады. Сол себепті жанұяда жылулық болу керек.

Марзия Бекайдар

Әкемнің сөздері күш сыйлайды

Біздің өзімізге сенімді болып өсуімізге әкемнің ықпалы күшті болды. Басымызда бір жағдай бола қалса, бізбен ұзақ уақыт әңгімелеседі. Әңгіме кем дегенде үш сағатқа созылады. Әлі күнге дейін солай. Біз жақсылап жайғасып, еркін әңгіме-дүкен құрамыз. Менің сабақ үлгерімім нашарлап кеткен кезде де ақылын айтып, сабағымды түзеуге қайраған адам да сол кісі. Мен өмір бойы оқып келе жатырмын. Кейде жалқаулығым ұстаса әкемнің айтқан сөздерімен өзіме күш жинап аламын. Әкемнің айтқан ақылдары мен үшін өмірлік сабақ. Бізді кішкентай кезімізден еркін өсірді. Айтқымыз келгенін айтатынбыз, істегіміз келгенді істейтінбіз. Яғни, ата-анамыз бізге бәріне рұқсат берді. Еркін өсу деген бәріне бірдей рұқсат етіледі деген сөз емес. Бізді де тәрбиеледі, бірақ таңдау құқығын өзімізге берді. Мен 20 жасымда тұрмыс құрдым. Күйеуім өзімен 10 жасқа үлкен. Ары қарай мені күйеуім тәрбиеледі. Әкесінің ерке қызынан бірден ақылды әйелге айналу оңай болған жоқ. Аллаға шүкір қазір 3 баламыз бар.

14 жасымнан бастап ақыл-кеңес беретінмін

Мен адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Өзгелерің ішкі сырларын тыңдап, оларға білген ақыл-кеңесімді айтқым келеді. 14 жасымнан бастап ақыл-кеңесімді айтатынмын. Достарым, әпке-сіңлілерім, әпкелерімнің құрбылары, құрбыларымның құрбылары менен ақыл сұрап келетін. Сонда менің жасым 14-те, олар 25-26 жаста болатын. Отбасы құндылықтары мен қыз бен жігіттің қарым-қатынасы жайлы тақырыптарда сөйлесетінбіз. Басында қорқыныш сезімі болды. Жасым кішкентай, өзім тұрмыс құрмасам да отбасы мәселелерін шешкенді ұнататынмын. Менің айтқан кеңестерім оларға шын мәнінде көмектесе бастады. Оларды отырғызып қойып сөйлесетінмін, барлығын түсіндіретінмін. Құрбыларыммен жиналғанда көбіне мен сөйлейтінмін. Арты шағын семинарға ұласатын. Құрбыларым тұрмыс құрса болды менен кеңес сұрайтынын бірден сезетінмін. 

Мықты әйел қандай болады?

Алланың құдіретінде шек жоқ. Ол табиғаттың заңдылығын бір-біріне бағынышты етіп жаратқан. Бұл өмірде әрбір жаратылыстың өз орны, өз қызметі бар. Қазір XXI ғасырдың әйелдері өте белсенді. Сол да себеп болса керек, ажырасу саны да артып келеді. Ажырасу жөнінен біз әлем бойынша 10-шы орында тұрған мемлекетпіз. Бұл өте өкінішті жағдай. Әрбір оныншы отбасы ажырасып жатыр. Отбасында қандай жағдай болмасын ең бірінші әйел адамға байланысты. Біз әйел адамдар отбасында көбінде ата-ананың рөліне кіріп аламыз. Ақыл айтып, ақылды болып көрінгіміз келеді. Сосын «әйел заты мықты келеді» дегенді жиі естиміз. Бұл шындық... Бірақ әйелдің мықтылығы жиырма келілік азық-түлікті жалғыз өзі көтергенмен өлшенбейді, әйелдің мықтылығы күйеуінен қалағанына қол жеткізген кезде байқалады. Мықты әйел – өзінің іс-әрекетінің 100% дұрыс екенін біле тұра, үндемей қалуға тырысады. Мықты әйел – ерінің қолынан келмей тұрған істі өзі оңай істей алса да,  ер азаматының істеуіне мүмкіндік береді. Мықты әйел – ерінің жақсылығын асырып, жамандығын жасырады. Мықты әйел – ері өзінен аз ақша тапса да, табысын мақтап, қолдау білдіреді. Мықты әйел – өзі қиналып тұрса да, «бізде бәрі жақсы болады, мен сенемін» деп қолдау білдіруге күш табады.

Ал ер-азаматтың разылығы деген не? Оның әйел адамның разылығынан айырмашылығы көп. Ер адамның разылығы – шексіз. Егер әйел адам ерінің разылығын алса, ол барлығына қол жеткізеді деген сөз. Әйел бақытты болады, қадір-қасиеті артады. Сол себепті мен әрбір нәзік жанды әйелдің ерінің разылығына бөленгенін қалаймын.

Марзия Бекайдар

Барлығы уақытша

Сіз өмірде барлық істің басы мен аяғы бар екені туралы ойландыңыздар ма? Ия, барлығымыз санамызбен солай екенін сезінеміз, бірақ жүрегімізге әлі жеткен жоқ. Барлығы өткінші... Біздің өміріміз де алма-кезек. 365 күннің 24 сағатында тек күн жарқырап тұрады, ауа-райы тамаша болып, аспан шайдай ашылып тұрмайды. Оның да қары, жаңбыры, желі, бораны бар. Біздің өміріміз де солай.  Әрдайым күн ашық болғанын қалайтын адам, жаңбырдың кереметін ұғудың, желдің бағытын сезіне білудің орнына барлық күш-жігерін тек қана күннің ашық болуына жұмсайды. Олай бола бермейді ғой. Сол кезде адамның сағы сынып, өмірде жолым болмайды, барлығы жаман деген ой түйеді. Алайда барлығы уақытша. Адамдардың ара-қатынасы да сондай. Көпшілігі аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат жақсы көруге, ұнатуға тырысады. Оған тырыспау керек. Егер олай етсеңіз көңіліңіз қалуы әбден мүмкін. Алла әр істің қайырын береді. Сенім артып үйреніңіз. Біздің өмірімізде орын алып жатқан жағдайдың барлығы дәл қазіргі сәтте сіз үшін ең қайырлысы. Өйткені Алланың әміріне ешкім қарсы келе алмайды.

Жаныңда жүр жақсы адам

Өзіңізге жақын 5 адамды атап бере аласыз ба? Егер сол жаныңыздағы  адамдар өте жақсы болса, онда сіздің ішкі жан дүниеңіздің жақсы болғаны. Ал сол 5 адамға көңіліңіз толмаса, онда өзіңізді өзгертіңіз. Әр адамның жақсы жаман жағы бар. Тек жаман немесе тек жақсы адам болмайды. Ал адамның әулиесі мүлдем жоқ.  Кез келген әулие адамды алып келіңізші кем дегенде оның бойынан бес кемшілік табуға болады. Мысалы, кісі өлтірген қарақшының да бойында жақсы қасиеттері бар. Бір адамдар сіздің тек қана ашуыңызды келтірсе, демек сіз ол адамның бойынан тек сол ашу тудыратын тұсын ғана көресіз деген сөз. Сіздің адам туралы пікіріңіз қалай болса, ол сондай болуға талпынады. Егер енеңіз жаман болса, онда сіз санаңызға сондай бағдарлама орнатып алғансыз. Яғни сіздің енеңіз сіз үшін жаман болып қалады. Сосын, «енем абысыныма жақсы қарады, маған деген ниеті түзу емес» деп шығасыз. Адам санасы арқылы барлығын оқи алады. Сіз адамды қандай деп ойласаңыз, ол сіз күткендей болады Сіз мінезіңізді өзгертсеңіз, ол адам да өзгере бастайды. Айналаңыздағы адамдарды өзгерту үшін алдымен санаңызды өзгертіңіз. Сонда жаныңызда тек жақсы адамдар жүретін болады.

Марзия Бекайдар

Тұрмыс құрғанда жүрек қалауына жүгініңіз

Мен қалай сәтті тұрмысқа шығуға болады деген тақырыпты қозғағым келмейді. Өйткені әр адамның өз жолы, өз қалауы, өзінің параметрлері бар. Мен күйеуін ұзақ уақыт жүріп таңдап, мінсіз жігітке шыққан қыздарды көрдім. Сырттай бақылап отырып, қандай бақыт, қандай жарасымды жұп деп ойлайсың. Бірақ сол мінсіз жігіт уақыт өте келе өзгере бастайды. Сосын мен кімге тұрмысқа шықтым деп ойланады. Сол себепті мен мынадай жігітке тұрмысқа шығу керек деп ақыл айтпаймын. Менің ойымша әйел заты кімге тұрмысқа шықса да, мейлі ол мінсіз емес болсын, қарым-қатынас орната алатын болса тұрмыста бақытты болады. Ол өмірдегі ең керемет жігітке тұрмысқа шықса да, бірақ қарым-қатынас орната білмесе бақытсыздыққа ұшырайды. Сол себепті жүрек қалауына ерік берген дұрыс. Ары қарай шаңырақтың биік болуы өз қолыңда. Тек жүрек қалауымен тұрмысқа шыққан әйел өмірде мінсіз серігін табады.

Өмірде барлығы бір Алла үшін, Алланың разылығы үшін жасалса, алынбайтын қамал, бағындырмайтын белес жоқ. Тек Алланы сүю арқылы өмірге өзгеше көзқараспен қарайтын боласың. Жалқаулығыңды жеңу де, өзімшілдігіңнен арылу да – барлығы өз қолыңда.

P.S. Марзия Бекайдардың қыз-келіншектерге арналған «Әйел жолы» семинарында айтылған ойлардың барлығы қыз-келіншектердің өміріне үлкен сабақ болғанын, нәзік жандылардың көздерінен аңғаруға болады. Өйткені семинарға келген әрбір ару көкейінде жатқан сауалдарын жолдап, өздеріне ұтымды жауап алды. Әрбір әйелдің отбасы бақыты үшін жасаған талпыныстары шындығында көңіл қуантады. Семинар барысында тек қана ер мен әйел қатынасы ғана емес, ата-ананың балаларымен қарым-қатынасы жөнінде де әңгіме өрбіді.

Бұл жиында тек әйел адамдардың жанын жадыратар шабытты сөздер ғана айтылған жоқ, семинардан түскен қаражат мешіт құрылысына, сауапты іске жұмсалды. «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160) дейді. Алла жолында берілген нәпақаның есесін Алла толтырады.

Дайындаған: Маржан Сәбет

Marzhan Sabet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір