• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 23:55:38
Алматы
+12°

11 Сәуір, 2019 Кәсіпкер

Біз өзгертуге құмармыз, ал өзгеруге ше? «Елдегі экономика не себепті тұрақсыз, жұмыссыздардың саны не себепті жыл санап артып келеді, билік, Үкімет не қарап отыр?» деген секілді сұрақты екінің бірі қойып, кем дегенде күніне бір рет пікірталас ұйымдастырады.

Егер  сіз де сол санаттағы адамның қатарынан болсаңыз, бір сұраққа жауап беріңізші. Мемлекеттің жоғын жоқтап, жаныңыздағы адамдармен пікірталасқа түсудің қандай пайдасы бар? Ешқандай, керісінше көп шығындаласыз. Біріншіден уақытыңызды бекерге жұмсайсыз, екіншіден жүйкеңізге салмақ түсіресіз. Ал бұл екі шығын Жапонияда пайда болған кайдзен әдісіндегі ең басты шығындардың қатарына жатады.

Кайдзен әдісі дегеніміз жақсы жаққа өзгеру. Біз қоғамды, мемлекетті өзгертуге құмармыз, алайда өзімізді өзгерту үшін қолымыздың ұшын қимылдатқымыз келмейді. Себебі адамның ең басты әрі ең мықты жауы – өзі. Қазір көптеген адам өзін өзгерте отырып, ортасын да, қоғамды да, мемлекетті тіпті әлемді өзгертуге болатынын естен шығарған секілді.

1-қағида: Үнемі әрі үздіксіз

Жақсы әдетті қалыптастырғыңыз келсе, оны неғұрлым көп істегенде ғана жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлайтынымыз жасырын емес. Алайда бұл Батыс елдерінің қағидасы. Ал Жапонияда жұмыстың нәтижесінен бұрын оның жасалуына мән береді. Мысалы, сіз бір күні кітаптың 100 бетін оқып тастауыңыз мүмкін. Бірақ содан кейін 1 апта бойы кітаптың бетін ашпай кетесіз. Ал кайдзен қағидасы бойынша сіз күн сайын кітаптың 20 бетін оқысаңыз, оң нәтижеге қол жеткізер едіңіз. 200 беттік кітапты араға бірнеше күн салып 2 күнде бітіруіңізге де, 20 беттен күнде оқып 10 күнде де бітіруіңізге де болады. Алайда 2-қадам сіз үшін тиімді болмақ. Себебі сіз пайдалы дағды қалыптастыра білдіңіз.

Алматыдағы Kaizen орталығының Toyota Engineering корпорациясының Total-Toyota Production System сертификаты бар тренері Динара Есенова:

Динара Есенова

«Батыс елдері көбінесе нәтижеге мән береді. Қалай екені маңызды емес, бастысы нәтиже деп ұрандатады. Ал, кайдзен нәтижеге қол жеткізу жолында кез келген қадамға баруға қарсы. Себебі олар қысқамерзімді емес, ұзақмерзімді нәтижені есепке алады. Өз жұмысынан рахат алған, өзінің міндетін ауырсынбай атқаратын, компаниясына адал қызметкердің жұмысы қашан да сапалы болады дейді. Күн сайын жақсырақ жұмыс жасауға талпынған қызметкерлер ай соңында міндетті түрде жоғары нәтиже көрсетеді деп сенеді. Кайдзен бойынша қызметкерлерге жақсы жағдай жасай білу, олардың әрбір ұсынысына құлақ түріп жүру басшылықтың күнделікті атқаруы тиіс аса маңызды шаруасы».

2-қағида: Сіз үшін тиімді әрі нақты дүниеге назар аударыңыз

Өзіңізге пайдасыз жұмысты кейінге шегеріңіз. Оның орнына сізге өнім беретін, нәтижелі жұмыстарды басты назарға алу керек. Сондай-ақ «тәуекел түбі – жел қайық» демекші сіз үшін қиын тіпті мүмкін емес көрінген нәтижелі жұмысты іске асыруды бірінші орынға қойған жөн.

Алматыдағы Kaizen орталығының Toyota Engineering корпорациясының Total-Toyota Production System сертификаты бар тренері Динара Есенова:

«Нәтижені ғана күтіп, уақыт жоғалтпаңыз. Жұмысыңызға жан-тәніңізбен беріліңіз. Сол процестен рахат алыңыз. Себебі солай атқарылған жұмыс міндетті түрде өз жемісін береді. Кайдзен бойынша іс-әрекет жасалмай тұрып ойлануға ең бірінші ойластыруға кеңес беріледі. Сосын барып іс-қимылға көшеміз. Содан соң жасағанымыз дұрыс-бұрыс болғанына көз жеткіземіз яғни жіті тексереміз. Қандай да бір тұстан олқылық кетсе, тез арада сол кемшілікті жоюға бар күшімізді саламыз. Мұны PDCA циклы дейді.

PDCA

Піл, құрбақа туралы естуіңіз бар ма? Піл дегеніміз жасалынуы тиіс ең маңызды шаруа. Құрбақа  сізге аса ұнамайтын, алайда жасалынуы тиіс ұсақ-түйек шаруа. Кайдзен бойынша күн сайын пілдің бір бөлігін асап жеуіңіз қажет. Сонымен қатар құрбақаның да көзін жоюға міндеттісіз. Ол үшін кайдзеннің мына бір қағидасын еске түсіріңіз: ауқымды, маңызды жоба-жұмыстардың іске асуының алғышарты – ұсақ-түйек шаруалардың уақытылы, сапалы орындалуы».

3-қағида: Қажетсіз дүниелерден арылыңыз

Кайдзендегі басты шығындардың бірі – уақыт. Сол себепті жұмыс өнімділігін жақсарту үшін шығындарды азайту қажет.

Алматыдағы Kaizen орталығының Toyota Engineering корпорациясының Total-Toyota Production System сертификаты бар тренері Динара Есенова:

«Мысалы, сіз әлеуметтік желіге ұзақ уақытыңызды жұмсайсыз. Егер сізге әлеуметтік желі ешқандай пайда әкелмесе, табыс көзі бола алмаса, бұл – шығын. Сондықтан сіз әлеуметтік желіге кірер алдында өз-өзіңізге есеп бере отырып, арнайы шектеу қойып, босқа шығындалатын уақытты азайтасыз. Ютубтағы көңіл-көтеретін видеолар да, инстаграмдағы танымалдылардың парақшалары да уақыттың зиянкестері».

♦Желдеткіш зауытындағы кайдзен жүйесі: бонус беретін берекелі бизнес

4-қағида: Реттілікті сақтау

Өзіңізге керексіз дүниелерден арылғаннан кейін пайдалы жұмыстардың ретін жасаңыз. Жоспар құрып, мақсат қойыңыз. Өзіңізге қандай да бір пайдасын тигізетін тапсырмалардың ретін жасап, кезегімен орындаңыз. Сондай-ақ қашан тапсырманы жүзеге асыруға болатынын жазу қажет.

Алматыдағы Kaizen орталығының Toyota Engineering корпорациясының Total-Toyota Production System сертификаты бар тренері Динара Есенова:

«Жұмыс орнында да, үйде де әрбір заттың өз орны болуы шарт. Біз бұған аса қатты көңіл бөлмейміз. Бірақ бұл аса маңызды. Заттарды пайдаланған соң өз орнына қойыңыз. Жұмыс стөлінде бәрі өз орнында болуы үшін 5C жүйесіне назар аударыңыз. Жалпы, реттілікті сақтау сол жүйенің бір бөлшегі ғана. Кез келген құрал-сайман, құжат арнайы белгісі бар орында тұрса, ол бірден көзге түседі. Оны табу үшін білетін адамды іздеу қажет емес. Кез келген қызметкер ойланбастан арнайы белгісі қойылған немесе заттың атауы жазылған жерге барып, керек дүниені оңай таба алады. Нәтижесінде уақыт үнемделеді, зыр жүгіріс азаяды, ешкім ешкімді күтіп сарғайып отырмайды».

5-қағида: Тазалықты сақтау

Жұмыс орнын да, үйді де таза ұстаңыз. Жұмыс уақыты біткен соң айналыңызды, құжаттарыңызды реттестіріп, жинастырып кетуді әдетке айналдырыңыз. Жұмыс үстеліңізді реттестіргеннен кейін ғана үйге қайтыңыз.

Алматыдағы Kaizen орталығының Toyota Engineering корпорациясының Total-Toyota Production System сертификаты бар тренері Динара Есенова:

«Тазалықтың болмауы адамның өзгеріп, дамуына кері әсерін тигізеді. Сол себепті де тазалыққа қатты көңіл бөлген жөн. Жұмыс орны мен үйді тазалау физикалық жаттығу болғанымен, оны арнайы медитацияға да айналдыруға болады. Бұл сіздің ішкі сезіміңіз бен санаңызға байланысты. Тазалық жұмыстарын жүргізу өз санаңыздағы қоқыстардан арылуға да көмегін тигізеді. Қайталап айталық, тазалықты сақтау да 5С жүйесінің бір бөлшегі. Таза жұмыс орны – мықты денсаулық пен жайлылықтың кепілі».

6-қағида: Ұқыпты болыңыз!

Күн сайын өзіңізге 30 минут уақыт бөліңіз! Сізді ешкім де, ештеңе де алаңдатпауы керек. Қолыңызға қалам мен парақ алып, 2 қатарлы кесте сызыңыз. Бірінші қатарға сіздің өзгеруіңізге кедергі жасап жүрген не екенін жазыңыз. Ал екінші кестеге сіздің өзгеруіңізге септік етер пайдалы дүниелерді жазыңыз. Кейін сол кедергілерден арылуға тырысыңыз.

Кайдзен әдісінің өмірдегі кедергілер мен мәселелерді қалай шешетінін кайдзен орталығының арнайы сертификатын алған тренер-маман Сымбат Қадыр былай әңгімелеп берді:

Сымбат Кадыр

«Күнделікті мәселелерді қарапайым тәсілмен шешуге болады. Кайдзен әдісіндегі негізгі шығындардың бірі уақыт екені белгілі. Мен де кайдзенге дейін көп уақытымды текке жұмсап жүрдім.

Мысалы, менің немерем түннің ортасында міндетті түрде қарны ашқандықтан жылайды. Сол кезде оған мен арнайы тағамды дайындап беруім керек. Ал оны дайындау үшін 15-20 минут уақытымды жұмсаймын. Яғни мен алдымен суды қайнатуым керек. Су қайнап жатқан кезде 5 қасық сместі алып бөтелкеге саламын. Сөйтіп судың қайнағанын күтемін. Су қайнаған соң бөтелкеге ыстық суды құйып, шайқаймын. Сосын барып немереме апарып беремін. Алғашында немеремнің айғайлап жылағанына қарамастан мен осылай жасап жүрдім. Кейін бұлай жалғаса бермеу керек екенін түсініп, бұл мәселені жеңілдеттім. Қалай? Мен арнайы пакеттерге 5 қасық сместі салып қойдым. Ал ұйықтар алдында қайнаған суды термосқа құйып қоятынмын. Немерем жылаған кезде бөтелкеге сместі салдым да, термостағы суды құйып шайқадым. Бұған шамамен 2-3 минут уақытымды жұмсаймын. Бала да тыныш, мен де көп уақытты жоғалтпаймын. Өмірдегі барша мәселелерді де барынша жеңілдетуге болады екен. Кайдзеннің негізгі мақсаты да сол.

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір