• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 01:29:08
+12°

14 Сәуір, 2015 NEWS

Мұсылман мұраларын жоюдың астарында не жатыр? (видео)

Сауда Аравиясында жаңа замандық ғимараттар тұрғызу мақсатында ежелгі архитектуралық нысандарды қирату оқиғалары белең алуда. Мәдина шаһарында аз уақыттың...

Сауда Аравиясында жаңа замандық ғимараттар тұрғызу мақсатында ежелгі архитектуралық нысандарды қирату оқиғалары белең алуда. Мәдина шаһарында аз уақыттың ішінде Бани-Хашем тарихи нысаны мен бірнеше мешіт  жойылған. Мешіттерді қирату арнайы бағдарлама арқылы жүзеге асып жатқан көрінеді. Дүниедегі ең діни деген өңірде діни нысандарға қарсы жойқын әрекеттердің орын алуы сұмдық жағдай екені белгілі. Сауд Аравиясында тарихи мешіт динамиттің күшімен қиратылыпты. Соңғы жиырма жылда  1000 жылдан астам тарихы бар көне нысандардың 95 пайызы келмеске кеткен.

Мешіттерді қиратудың астарында не жатыр? Мұсылман елдерінің бірі Ирактағы көне мешіттер «көп құдайға табыну» деп бағаланып, «исламды тазарту» ұранымен талқандалған. Лаңкестер Мұхаммед Пайғамбардың туыстарының мазарларын қирату әрекеттерін тоқтатпай отырған көрінеді.

Көне дәуір оқымыстыларының кесенелері мен мешіттерін, жалпы Пайғамбар атымен байланысты нысандарды талқандау лаңкестердің басты мақсаты іспетті. Сауд Аравиясында Пайғамбардың жақтастарының бірі Рафах ибн Рафиаль Зуркидің жатқан жерін тегістеп тастау жөніндегі қаулы қабылданыпты. «Аль-Ватан» басылымының дерегі бойынша,  Мәдинадағы байырғы архитектуралық ғимараттар орналасқан аудандар түгел жаңартылады. Бұл Мекке мен Мәдинада Мұхаммед Пайғамбар заманына тиесілі нысандардың орнына жаңа ғимараттар  салынады деген сөз.

2011 жылы әскери операциялар кезінде тарихи ескерткіштердің жаппай жойылып жатқандығы туралы ақпарат таратылды. Вавилондағы 150 гектар  аумақта әскери  лагер орын тепкенде 2,5 мың жылдық көне көпірді танктер қиратқан. Хан Аль-Раб керуен сарайы қару жоятын полигон ретінде пайдаланылған. Осылайша ежелгі керуен сарайы жер бетінен біржолата жойылған.

2003-2004 жылдар аралығында Ирактан 130 мың тарихи мұралар заңсыз шет елге әкетілген. Жалпы ұрланған көне заттардың саны 200 мыңнан асады. Бұл елге «Форт Вавилон» базасы орнағанда мыңдаған жылдық тарихы бар қаладағы жазуы бар жәдігерлерге дейін танк талқандап тастаған.

Екі ай бұрын «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының лаңкестері елдегі ең көне кітапхананы жойып жіберді. Мосул орталық кітапханасы — мұсылман өркениетіне тиесілі қолжазбалар сақталған ежелгі кітапхана. Лаңкестер үш қабатты ғимаратта жарылыс жасап, кітапхананы жойып жібереді.  Жалпы 10 мың көне кітап өртеніп кеткен. Биылғы жылыдң басынан бері бірнеше апта ішінде «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымы Ирак аумағындағы бірнеше кітапхананы өртеп, 100 мыңнан астам ежелгі заманға тиесілі қолжазбаны өртеген. Сирия мемлекеті де азматтық соғыс кезінде байырғы архитектура нысандарынан айырылды. Олардың арасында мешіттер де бар.  Егер соғыс тоқтамаса Сирия бүкіл мәдени мұрасынан айырылуы мүмкін дейді мамандар. Қай елге тән болса да, ғасырлар бойы мұсылманның ұлы мұрасы боп танылған ежелгі заман ескерткіштерінің жойылуы жақсылықтың нышаны емес.

https://youtu.be/wzs4OTDjxeo

Шарафат Жылқыбаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір