14 Наурыз, 2015 Алаш-Орда
ҚОС КІТАП ҚОЗҒАҒАН ОЙ
(Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арнаймын)
(Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығына арнаймын)
2013 жылы «Шапағат-Нұр» баспасынан жарық көрген екі кітапты оқып шықтым. Екеуі де елеулі тарихи еңбек, қазақ халқы үшін өте құнды жәдігер. Біріншісі: Плано Карпинидің «Маңғұл тарихы» деп аталатын жазбасы, Екіншісі: Уиллиям Рубруктің «Рубруктің шығысқа сапар естелігі» деп аталады. Бұл екі кітап та осыдан жеті жарым ғасыр бұрын жазылған. Екеуінің авторы да Христан мүриті, дін адамы. Бірі Рим Папасының, екіншісі француз королі Луис ІХ-шының арнайы тапсырмасымен жазған құпия құжат болатын.
Кезінде батыста үлкен сұраныс тудырған әрі жол картасы, елдің тарихи шындығы ретінде мойындалған еңбек. Әсіресе, Шыңғысхан құрған алып мемлекеттің жағдайын суреттейді. Шыңғысхан өмірден өткеннен кейінгі бірі – Күйік қаған тұсында, екіншісі – Мөңке қаған тұсында Қарақұрымдағы хан ордасында болған. Қолымен ұстап, көзімен көрген тыңшының қожаларына жазып берген мәліметтері. Ол әдеби көркем еңбек емес, немесе таза тарих та емес. Атақты саяхатшы Марко Полоның жазбалары секілді бұлар да еліне барған соң, отырып алып, ерінбей жазып шыққан естелігі. Күллі Еуропаның Шыңғысхан мемлекетінен қорғануына, шабуылынан сақтануға арналған тарихи құжат. Ал, оның Қазақ хандығының арғы бастаулары екені анық. 550 жылдың алдындағы біздің Керей мен Жәнібек те Жошы әулеті екенін жақсы білеміз. Шу мен Таластың аумағында ту көтерген Қазақ хандығы бабаларына мұрагерлік етіп, Ата қазақтың құтты қонысын өздеріне қаратқаны анық. Сонымен бұл екі кітапты сенімді, толық нұсқасынан Қытай тілінен аударған тарихшы, қытайтанушы ғалым Тілеуберді Әбенайұлы.
Тілеубердінің еңбегі 15 жылдан бері қазақ баспасөзінде кеңінен таныс (кезінде «Әдебиет айдыны» арқылы біраз еңбектерін жариялап едік). Қазақтың көрнекті қаламгерлері Бексұлтан Нұржеке, Марал Ысқақбай ағалар орнықты пікірлерін білдіріп, ғалымның еңбектерін жоғары бағалады.
Т.Әбенбайұлы: 1. Шыңғысхан тарихы жөніндегі ақтаңдақтарды ашты; 2. «Моңғолдың құпия шежіресін» жаңа бастан аударып шықты; 3. Білге қаған Тоныкөк жазбаларын өз бетімен аударып, ақиқатын ашып берді; 4. Шыңғысхан құрған алып мемлекеттің соңғы ұрпақтары Бату, Күйік, Мөңке, Құбылай дәуірлерін зерттеді. Хан ордасы Қағанаттың қонысы деп аталып жүрген Қарақорымның Моңғолия жерінде емес, қайта Іле алқабында болғаны туралы айтар ойы, келтірген дәлелі, логикалық және деректік пайымы ақылға қонымды. Ол туралы аталған екі кітапты толық оқып шыққан оқырман өзі де ақиқатқа көз жеткізе бастайды.
Бірінші: арнайы тарих оқымағанын көлденең тартпай; екінші: Қытайдан келген оралман екенін айып санамай, жазғанын жақсылап оқып, кезіндегі орыстың шовинистік идеясының жетегінде кетпей, Тілеуберді Әбенбайдың еңбегімен санассаңыз, ол кісінің үлкен бір институттың жұмысын жалғыз өзі атқарып жатқанын білер едіңіз. Өзі қолға алған жұмысын соңына шығару үшін бар қиыншылықты жеңіп, жемісті еңбек етіп келеді. Кітаптары мен қағаздарын арқалап, қанша рет көшті... «Шаңырақ» пен «Ұлжанды» жағалап, суық бөлмелерде тонын жамылып отырып, саусағын үрлеп жазып отырғанына куә болып едім. Құдайға қараған қайырымды ағалар қол ұшын беріп, «Көкжиектен» бір бөлмелі үй әперді. Кітаптары қазақ, орыс тілдерінде басылып жатыр...
Біз тарихқа Ресейдің көзімен, әлде батыстың қарауы бойынша емес, Тәуелсіз елдің жаңаша көзқарасымен қарайтын болсақ, Тілеубердінің айтқандарымен санасуға тиіс боламыз. Қалғанын саналы оқырман сараптап көрсін. Кітаптағы келтірілген деректерге жүгінейік!
«МАҢҒҰЛ ТАРИХЫ»
кітабынан
Әуелі еңбек авторы жөнінде бірер сөз. Плано Карпини (1182-1252) Испанияның Perugia (французшасы Perouse) қаласының адамы, түпнұсқалық аты-жөні Иоан де План Карпини (Iean de Plan Carpin). Ол 1221 жылдан 1239 жылға дейін Германияда қоныстанған. Сонда және Испанияда настоятель-кардинал болып істеген. 1245 жылдың басында IV Иннокенти (Innocent Iv) Папаның оны Татарияға (Маңғұлстанға, Мағұлстанға) баратын елші етіп тағайындаған жарлығы түседі. Сөйтіп, Карпини 1245 жылы 16 сәуірде жолға шығып, көптеген машақаттарды кеше отырып жыл айналғанда, 1246 жылы 4 сәуірде Еділ бойындағы Баты (Бату) ханның ордасына жетеді. Сол арадан аттанып, 1246 жылы 24 тамызда өткен Күйікті (Шыңғысханның немересі) хан көтерген ұлы құрылтайға қатынасады.
Карпини сол жылы 13-қарашада қаған ордасынан өз еліне қайту сапарына шығып, 1247-жылы 3-мамыр күні Баты ханның ордасына қайта оралады. Бәрінен де кереметі, автордың Күйік хан ордасына сапары Алакөл, Еміл өңірінен онша ұзамайды. Нақтырақ айтсақ, Карпинидің тұтас Татария сапары бүгінгі қазақ ұлты қоныстанған аумақтың ішінде болады. Олар Еділ бойынан 1246 жылы 8 сәуірде аттанып, сол жылы 24 маусымда Алакөл бойына жетеді. Сол арадан 28 маусым күні сапарын қайта жалғастырады да, биік таудан асқанына, жазда жауған қалың қарға ұрынғанына қарамастан, мимырттап жүріп-ақ 22 шілдеде Күйік қаған ордасына жетіп қояды.
Осы айтылғандай, жолдың күдірлігі мен ауа райының қолайсыздығын ескерсек, олар бұл жиырма шақты күнде үш жүз, бес жүз шақырымнан артық жол жүре алмас еді. Егер олардың Бату ордасынан осы араға дейін сексен күн (8 сәуір – 28 маусым) шамасында жол жүргенін ескерсек, Алакөлден қазіргі тарихшылар айтатын Моңғолиядағы Қарақорымға да осы шамалы (сексен күн) уақытта жетуге тиіс.
Демек, елшілер ол жаққа бармаған. Олар Моңғолияға емес, Моғолстанға – Жетісуға келген. Оған тағы бір дәйек: Карпинилер Алакөл маңынан аттанған соң-ақ, Найман жеріне биік тауға жолығады да, сонда жоғарыда айтылғандай, қалың қарға ұрынып, қатты тоңады. Әрі осының барлығына небәрі бір-екі күн (28-29 маусым) уақыт кетеді. Яғни, әлгі тау Алакөлге өте жақын болған. Шындығында, мұндай әрі биік, әрі жақын орналасқан тау тек Алакөлдің оңтүстігінде бар, атап айтқанда, Аркас (Жоңғар) Алатауы.
Осындай дәйектердің барлығы да Плано Карпинидің қазіргі Моңғолия жеріне бармағанын, тек Жетісу өңірінде болғанын көрсетеді. Мөңке қағанның ордасына келген әрі Қарақорымда болған бірден-бір батыстық саяхатшы Рубрук те, ол қаланы Іленің құйғанындағы Екіөгізден тым алыс емес деп айтқан. Ол тіпті осы өңірдің Орғаным (Organum) деп аталатынын жазады.
Күйік қағанның Папаға жолдаған хаты да татарша болады.
Тарихтағы Маңғұлстан деген өлкенің қазіргі Жетісу жері екені, ол Бабырда, Дулатида, Рашид әд-Дин мен Әбілғазыда айтылады... Нарат, Шаты, Шапқы, Құлжа, Бұрқан, Түрген, Шарын (Шарғын), Қарқара, Қапшағай атаулары кездеседі. Бұлардың бәрі Іле алқабындағы жер-су аттары.
«РУБРУКТІҢ ШЫҒЫСҚА САПАР ЕСТЕЛІГІ»
кітабынан
Рубрук Франция королі IX Луистың (Луис ІХ) құпия елшісі болып Татарияға келген. Ол 1253 жылы 7 мамырда Константинопольдан аттанып, 31 шілдеде Сартақтың ордасына келеді. Одан соң Сартақтың ұйғаруы бойынша оның әкесі Батудың ордасына жіберіледі. Бату ханның ұйғаруы бойынша Рубрук 1253 жылы 16 қыркүйекте Еділ бойынан Мөңке қағанның ордасына аттанады. Олар 27 қыркүйекте Жайықтан өтеді де, 3 желтоқсанда Алакөлге жетеді. 27 желтоқсанда Мөңке қағанның ордасына жетеді. Содан қыс өтіп, жаз ауғанша, ордада болған Рубрук 1254 жылы 18 тамызда Қарақорымнан Батудың ордасын бетке алып аттанады.
Рубрук Атырау өңірінен Алакөл бойына 66 күнде жетеді. Алакөлден Мөңке қаған ордасына 24 күнде барады. Егер орда қазіргі Моңғолия жерінде болса, тағы да сондай үш айдай жол жүру керек. Демек, ол Іле алқабы Жетісу жеріндегі үлкен ордада болған. Ендеше, Қарақорым Моңғолияда емес. Плано Карпинидегі баяндалған жол сілемі де дәл осыған ұқсас болатын.
...Мөңке қаған және жалпы маңғұл (моғол) түріктері тұтастай мұсылман болған. Олардың қарашаңырағы Моңғолияда емес, Моғолстанда – Жетісуда болған.
* * *
Жоғарыда екі кітапқа жазылған алғысөзден мысал келтірдім. Нақты қалай болғаны кітапта толық баяндалған, әрі екеуі де Шыңғысхан иелігіндегі елді қанша жерден жек көре отырып, жау санап, жабайы көріп жазса да, түріктердің мекеніне таң қала, тамсана құдіреттілігін еріксіз мойындаған екен. Күллі Еуропаның жаулануынан қатты қорыққан. Сол үрейдің, тіксінудің ақыры осындай екі кітап (бірі – Папаға, бірі – Корольге арналып жазылған) болып, бізге жетті. Ендеше, тарихымыздың зерттелуіне тамшыдай болса да, қосылған үлес деп айтуға тұрады.
Екі кітапта тұтас қазақ даласының табиғаты, жағрапиялық ерекшелігі, өмір сүру тәртібі, халқының хал-жағдайы, әскери күш-қуаты, орданың сән-салтанаты, бірі келіп, бірі кетіп жатқан елшілер мен саудагерлер сөз болады. Орданың тілі, діні, ғұрып-әдеті де көзден таса қалмайды. «Мың естігеннен бір көрген артық» демекші, ана тілімізде алғаш рет аударылып отырған қос кітапта құнды мәліметтер өте көп.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,
ақын, Түркі дүниесі ақындары мүшәйрасының Юнус Эмре
атындағы сыйлығының дипломанты, Халықаралық Түрксой
ұйымының «Мақтымқұлы Фраки» атындағы медалінің,
Қырғыз Республикасының молда Бағыш атындағы әдеби
сыйлығының иегері.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір