• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 21:48:50
Алматы
+12°

13 Ақпан, 2015 NEWS

Қазақтың жеті қорқынышы

Келер күннің, келер халықының  болашағына һәм низамына  алаңдау, қорқу – бұл көреген жанда болатын қасиет. Көне Қытайдың ұзын сақал ұстазы Конфуцийдан сұрапты.

Келер күннің, келер халықының  болашағына һәм низамына  алаңдау, қорқу – бұл көреген жанда болатын қасиет. Көне Қытайдың ұзын сақал ұстазы Конфуцийдан сұрапты.

– Он ұрпақтан кейінгілердің не көретінін болжай аласыз ба?,- деп. Сонда ұстаз айтыпты:

– Ұрпақтан-ұрпаққа, әкеден-балаға не қалып жатқанын анық білсек, оныншы емес, жүзінші ұрпаққа да не қалатынын болжап білу қиын емес,-депті.

  1. Қорқыттың қорқынышы

«Тірідей өлуден» қорқу пәлсафасы

Халық ауыз әдебиеті мен түркі халықтарының бай фольклоры арқылы Қорқыт Ата турасында көптеген аңыздардың сілемі жетті. «Қорқыт Өлімнен қорқып, өлмейтін жер іздеді. Барған жердің бәрінде көр қазған адамдар «Қорқыттың көрін» көрсетті»,-дейді әмбесі. Қазақта пәле-қаза қайдан-дүр, өзекті жанға бір өлім немесе «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деп өлімнен қашсаң да құтылмасыңды айтады. (Сасық тәннің өлімі әрине). Ендеше жер бетінде адам жаны қашып құтыларлық жер жоқ, ажал құрығы қайда да жетеді екен. Жер деп өзі айтып тұр. Қыбырлаған барлық тіршілік иесінің бәрін жейді, тойымсыз қыртысына жұта бермек, жей бермек. Сол себепті Жер атанды.

Қорқыт өлімнен қорыққан да, қашқан да жоқ. Ол «тірідей өлуден» қорықты деген философиялық тұжырым да бар сопыларда. Қорқыт һәм Асан Қайғының іздеген «Жері» бір дейтін ойды қуаттаушылар да жоқ емес. Субьективті ойым, бұл қай қорқыныш болса да ұлы қорқыныш. Жаратқан Иеге бастайын ғаламат сезім. Түркі халқының мұрынына исламның иісі бармай тұрып, таңғажайып нұқсансыз жаратылған ғаламның бір Жаратқан Иесін еш ілімсіз (Жаратылысындағы сұңғылалығымен) сезіп, һәм одан қорқуы – бұл даналық болса керек... Ал даналық – бұл философия. (Қазақтың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуінің сыры терең).  Біздіңше, Қорқыттың қорқынышы – «Әулиелердің» қорқынышы. Яғни ізгі адамдардың қорқынышы. Ауыл қойшысы мен жай шопыр бұл қорқынышпен кездеспеуі де мүмкін. Бірақ,  жаратылыстану тарихын зерттеген әйгілі философ, академик Б.М.Кедров: «Кемеңгерде болатын қасиеттің нышандары қарапайым кісіде де кездесе береді» деген. Мейлі.

Әрине, бұл, үлкен ілім. Үлкен ғалымдардың үлесіндегі дүние.

  1. Абылай ханның қорқынышы

Ұрпақтарының ұсақталып кете ме деп қорқуы

Ақ киізге көтеріп Абылайды хан сайлады. Хандық құрған күні Абылай түс көреді. Түстің ұзын-ырғасы былай: Хан астында тұлпары бар келе жатса, алдынан азуы кереқарыс адуынды арыстан шығады. Хан арыстанды қуып жетіп, қарынын қанжармен жарып жібереді. Кенет арыстанның ішінен жолбарыс шыға келеді де ол да қаша жөнеледі. Сөйтіп осы көрініспен жолбарыстан – қасқыр, қасқырдан – түлкі шығады. Ол да қаша жөнеледі. Қуып жетіп, қарынын осып қалғанда бақа-шаян, құрт-құмырысқа, жылан-кесіртке ақтарылып қоя береді. Бірақ олар ханнан қорықпайды. Бәрі жабыла быжынап, астындағы қылқұйрықтың сауырына, жалына өрмелей түседі. Осы кезде хан түсінен шошып оянады. Хан түсін Бұқар жырауға жорытады.

Абылайдың түсін мұқият тыңдаған Бұқар жырау: «Қылқұйрыққа мінгенің – хан тағына қонғаның. Ал, алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады. Одан туған ұл да жолбарыстай қайратты, ержүрек, батыл болмақ. Жолбарыстай тұқымыңнан туған шөберең көкжал қасқырдай азулы, айлалы, күшті болып туады. Ал одан тараған ұрпақ заманына қарай қызыл түлкідей қу, алайда, сужүректеу келеді. Одан кейінгі тұқымың әлгі бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесірткедей ұсақталып кетеме деп қорқам...» депті.

Енді жарғақбастан – қаңбақбас, көргенсізден – көрдемше, құдайсыздан – құл-құтан, тексізден – жетесіздер туып жатқаны да жасырын емес...

  1. Абайдың қорқынышы

«Шошимын кейіңгі жас балалардан»...

Қазақ үшін Абайдың жанын жегі құрттай жемеген, қартайтпаған, қайғыртпаған ісі бар ма еді өзі? Абайдың біз білетін ойында қазақтың осы бір қылығы қуанарлық дегенін көрдік пе?! Жоқ. Онда Абайдың  қайғысы мен қорқынышын санап тауыса алмаспыз сірә. Сондықтан бірін ғана алдық. «Қартайдық, қайғы ойладық...» деп басталатын екі циклді ғақлиясы бар. Онда Хакім былай дейді:

Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман,

Шошимын кейіңгі жас балалардан.

Терін сатпай, телміріп, көзін сатып,

Теп-тегіс жұрттың бәрі болды аларман.

«Шошимын (Қорқамын) кейіңгі жас балалардан». Жас балалар – жас ұрпақ, жас ұрпақ – бүгінгі біз, ертеңгі – сіз. Хакім болашақ алармандардан  қорықты. Алармандар кім? Өзі айтады: «Бай алады... би мен болыс алады... жау алады... дос алады... Жүз қараға екі жүз аларман бар...» осылардың терін сатпай алатын алармандығынан қорықты.

Осы кеп бүгін бар ма, жоқ па оны қу ішіңіз сезер. Әрі қарай тәпіштеудің де керегі жоқ шығар. «Абай деген сөз жеңіл ғой».

Бұл – көзқарас. Ал біздің оймен ақын, Гүлнар Салықбаева апамыздың алаңдауы да тоқайласатын тұсы бар-тын. Бір сұхбатында былай дейді, ақын: «Та­быс табуым керек деп, адам­шы­лықтан безіп кететіндерден қор­қам. Үлкендерді қойшы, өті­рік айтып, әйтіп-бүйтіп күн көру­ді ғана ойлайтын, ұраншыл, таяз жастардан қорқам. Жас ке­зі­нен сондай болса, кейін кім бо­лады?».

  1. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының қорқынышы

«Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндер азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын.

Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…», – депті.

Бұл бүгінгі халқымыздың хәлі... дәл ме дәл келді. Оған анықтама беру де артық болар.

  1. Біржан Салдың қорқынышы

Біржан мазардың қабырғасына маңдайын тіреп тұрып, «Аяқ-табақ жалаған сарай әнші, сарай күйші етігімен төрге шыға ма деп қорқам. Шын өнердің бағлан басы табалдырықта қала ма деп қорқам»,-деп жылайды.

«...Талай көргенбіз, ағалардың бұра тартып, езулей шапқанын, бүйректен сирақ шығарып, жақсыны мұқатып, жаманды шыңға шығарғанын. Бірде, Ә.Қашаубаев конкурсына қатысып, өзінің қылтасынан келетіндерден жеңіліп, тауы шағылып, жападан-жалғыз қайтып келе жатқан тамаша әншімен пойызда ұшырасқаным бар. Вагон-ресторанға ертіп апарып, коньяк әперіп жұбаттым. Қолымнан басқа не келеді. Кейіннен осы эпизодтан туған ойларым «Біржан Сал» фильміне енді»,-дейді –  бір естелігінде марқұм жазушы, кинодраматург, сценариист Таласбек Әсемқұлов ағамыз.

 «Мұхиттай әнші қайда» деген әннің мына бір жолына жан түршігеді.

«Санаңда саралтындай сыңғырлайды,

Асылдың жоқ екен ғой таттан бағы»,-дейді.

Бұл сөз саналы жанға «ине жұтқан иттей» тиер еді. Алайда ақиқаты сол. Қазір де иттің баласы итақай сарайды сағалап етігімен төрге шықты. Небір шын таланттарды тасаға тықтық. Дала даусы аңқыған ән мен күйдің төріне ергежейлі жат қыңсылаған мысықтың мауыққаны, иттің үйіккені, тағы бірдеңелердің жыныққаны секілділер шықты. Талғамда талас жоқ әрине. Бірақ бұл бекзада халықтікі емес еді. Жыбырлаған жұлдыз құрт күн шықса сілемі де қалмасын неге естен шығардық? Дәндүріс әулекілер сананың саяздығынан сахнаның төрін бермей келеді. Дені дұрыс өнердің әулеті де келер. Өмір де, өнер де алма-кезек емес пе?!

  1. Өзбекәлі Жәнібековтың қорқынышы

«Қазақтың көзін басқан шелден қорқам»

«Ақ түйенің қарыны жарылды» деп,

Құр шаңғытқан, самалсыз «желден» қорқам.

Жұлқарды бай, момынды кедей еткен

Нарықтық асар-аспас белден қорқам.

Жақсы менен жаманды айырмайтын

Қазақтың көзін басқан шелден қорқам.

«Ырыс алды ынтымақ» кеткеннен соң

 Азып-тоза бастаған елден қорқам.

«Ақ түйенің қарыны жарылды» деген  ұр да жық ұран, қыр асырмас қысыр мақтан, гулеген жалған жетістіктерді  –  «Желден» деп бүгінгі ЖЕЛ СӨЗді айтты, саяси-идеологиялық Ө.Жәнібеков. «Жұлқар бай момынды кедей етіп» бітті.

«Жақсы менен жаманды айырмайтын

Қазақтың көзін басқан шелден қорқам».

Ең сорақысы да осы еді. Қазір жақсы кім, жаман кім – парқын білу қиын. Жақсылар жарда тұр. Жаман біткен демогог. Ал, айырып көріңіз.

«Ырыс алды ынтымақ» кеткеннен соң

Азып-тоза бастаған елден қорқам».

Я, қорқынышты!

  1. Асқар Сүлейменовтің қорқынышы

«Түсініксіз бір уақыт келе жатыр».

Біздің аталарымыз өмір бойы дін ұстаған, қазақтың иманының  сақшысы болған. Жаңа заманда ақ жолдан таймай репрессияға ұшырап кеткені қаншама. Түсініксіз бір уақыт келе жатыр. Бір ақынның айтқаны бар ғой, «Мұсылмандық кімде жоқ, тілде бар да, ділде жоқ» деп. Қазақ сияқты төзімді, ер халықтың дін-иманы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кете ме деп қорқам. (Таласбек Әсемқұловтың «Кемеңгерден бір үзік сыр» атты мақаласынан алынды).

Кемеңгердің айтқаны айдай келді. Қорқыныштың қоршауында құрдың боғындай үйірілдік. Түсініксіз уақытқа түсіп қалғанымыз да рас. Кеше құдайсыздарға тапталдық. Бүгін әсіре құдайшылдарға тап болдық?.. Қазақта мұны «Діні қаттыдан қорық» дейді.

P.S. Қорқуды ғылымда – фобия дейді. Фобияның түрлері көп. Адамзат жаратылғалы бері білім өсіп, сана толысқанымен жүрек түкпірінде қорқыныш әлемі тіршілік етіп келеді. Ол бар. Ал Абстрактылы түсінікке негізделген психологиялық фобияларды тізе берудің бұл жерде қажеті жоқ. Мегаполистік стресс пен депрессия адам жүйкесінің осал тұстарындағы өз комплексі. Ол ақылдың тапшылығынан пайда болған фобия. Ол біз үшін «ұсақталған қорқыныш». Біздің айтып отырғанымыз – ұлттықфобия. Бұл әлгі «Көбелек эффектісі» емес. Тұтас ұлттың уайымы. «Уайым ер қорғаны» дейді Абай. Уайым-қайғы да қорқыныштың бір түрі. «Қайғыны ер көтереді» дейді қазақ. Қайғыны қайсыпай көтеру, оны жеңу – Ердің ісі екен.

Бір мысал: түз қояны мен үй қоянының (Қолда асыраған) айырмашылығын білесіз бе? Айырмашылығы сол – сақтығында. Түз қояны екі құлағы ербеңдеп үнемі сақ жүреді. («Сақ жүрсең – тоқ жүресің» дейді). Ал, үй қояны бір сөзбен айтқанда «ұлтсызданған» қоян. Яғни онда қорқу-үрку жоқ. Құлағы салпиып тұрады. Яки оның ажалы тап жанында тұруы мүмкін. Үй қояны оны аңғара алмас, өйткені онда қояндық қасиет жойылған. Соған ұқсас кейіңгі толқын жастарға қарасаңыз жүздерінде еш алаңдаушылық, уайым, қорқыныш дегенің табы да жоқ. Сақтық та жоқ. Яғни «Қоянгершіліктен кеткенбіз». (Біздің қорқынышымыз болашақ және сақтық).

Ал, құрметті оқырман, біраз дүниенің басын шалдық. Жоғарыда айтқан жеті қорқынышты сейілттік пе, әлде үрейді үлкейттік пе? Оны өзіңізге қалдырдық.

Бақытбек ҚАДЫРҰЛЫ

IMG_0285

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір