13 Ақпан, 2015 NEWS
Назарбаев мектептері мен Қазақ-түрік лицейлері біріге ме?(сауалнама)
Соңғы кездері жұрт арасында Назарбаев интелектуалды мектептері(NIS) мен Қазақ-түрік лицейлері(ҚТЛ) бірігуі мүмкін деген әңгіме тарауда. Артынша Назарбаев...
Соңғы кездері жұрт арасында Назарбаев интелектуалды мектептері(NIS) мен Қазақ-түрік лицейлері(ҚТЛ) бірігуі мүмкін деген әңгіме тарауда. Артынша Назарбаев интелектуалды мектебінің (NIS) ресми сайты бұл ақпараттарды теріске шығарды.
Сонымен Түркия сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглуның ресми мәлімдемесіне қатысты ҚР Білім және Ғылым минситрі: "Қазақстанда қазақ-түрік лицейлері жабылмайды" деп жауап қайтарған.
Қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер тудырған қазақ-түрік лицейлері Қазақстанда 1992 жылдан бастап ашыла бастаған. Бүгінде KATEV халықаралық қоғамдық қорының аясында 28 қазақ-түрік лицейлері Қазақстанның барлық қалаларында жұмыс істеуде. 20 жыл ішінде мыңдаған оқушы бітіріп шықты осы мектептерді. Талай оқушы республикалық және халықаралық білім олимпиадаларында топ жарды. Елдің атын шығарды. Өздерінің білім деңгейлерін дәлелдеді. Мәселен, осы күнге дейін ҚТЛ шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық білім олимпиадаларынан 10061 медал иеленсе, облыстық және республикалық білім олимпиадаларынан 2108 алтын, 2956 күміс, 3163 қола медальға ие болған. Ал халықаралық білім додаларында топ жарып шыққан 462 оқушы алтын, 588-і күміс, 784-і қола медалға ие болып, қазақстанның атын шет елде паш етіп жүр екен. Одан бөлек Назарбаев университеті ашылған кезде сол білім ордасына оқуға түскен жастардың 75 пайызы осы мектептердің түлегі болыпты. Бір сөзбен айтқанда қазақ-түрік лицейлері заманауи білімнің шыңы деген сөз.
Әңгіменің арқауы болып отырған Қазақ-Түрік лицейлері туралы біз саясаткерлер мен зиялы қауымның пікірлерін білген болатынбыз.
Жаңыл Жонтаева, БҒМ жанындағы мектепке дейінгі орта бірім беру департаментінің директоры:
- Ресми Түрік билігі бізге ықпал ете алмайды. Қазақстандағы түрік лицейлері жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Және олар мемлекеттік нысан. Ол мектептердің администраторлары жергілікті әкімшіліктер. Сондай-ақ, қазақ-түрік лицейлерінде мемлекеттік Ы. Алтынсарин академиясы дайындаған бағдарлама бойынша дәріс оқытылады. Түрік-қазақ лицейлерінде бүгінде 8 мыңнан астам шәкір білім алуда. 800 ге тарта оқытушының 86 пайыздан астамы жергілікті, қазақстандыұ педогогтар.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР ҰҒА академигі, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
-Мен Қазақстанда екі-ақ мектепті мойындаймын. Олар – О.Жәутіков атындағы физика-математика мектебі, қазақ-түрік лицейлері. Олимпиадада сол мектептердің балалары ғана озады. «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жаратын» мектептер шетелге еліктейді. «Инновациялық, индустриалдық, бірдеңе, шірдеңе мектеппіз» деп. Ал артында түк жоқ. Енді бүгін Анадолыдан ата жұртқа түрік бауырлар келіп, қарызымызды қайтарамыз деп жатса оған неге қарсы болуымыз керек? Мен мұны екі елдің ынтымақ, достығына байлаймын. 20 жылда осы мектептер айтарлықтай жетістіктерге жетті. Оған көз жұмып қарай алмаймыз. Мысалы, 2000 жылы Америкаға білім олимпиадасына қатысқан 6 оқушының 5-еуі алтын медаль алды. Мен тағы айтамын, біздің байлығымыз жердің астында емес, біздің байлығымыз балаларымыздың басында. Тақырға беде ексе өспейді. Беде қопсытылған жерге шығады. Демек, түріктердің Қазақстанға келіп мектептер ашып жатқанын бұл жердің қасиетті, киелі екендігін көрсетіп тұрған жоқ па?!
Мұрат Әбенов, қоғам қайраткері:
- Менің түсінбейтінім, Назарбаев интелектуалды мектептері мен Қазақ-Түрік мектептері екеуі екі бөлек нәрсе. Мұның артында қаншама адамның еңбегі, қажырлы жұмыстардың нәтежиелері тұр. Рас-өтірігін анықтамай жатып, екеуі бірігетін бопты, қазақстандағы түрік мектептерін жабады екен деп дақпырт тарату ерсі. Тіпті ұят. Жай ғана мысал. Суда жүретін көлік пен әуеде жүретін көлік үш қайнаса сорпасы бірікпейді ғой. Сол секілді екі мектептің де Қазақстан білім жүйесінде алатын орны ерекше.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
- Қазақ-түрік лицейлеріне қатысты қазір бірдеңе деу қиын. Себебі екі мектеп бірігеді деген ақпарат өтірік боп шықты. Жалпы жеке көзқарасыма келсек жүйесін сақтап, иесін ауыстыру керек.
Саясат Нұрбек, "Нұр Отан партиясы" саяси-қоғамдық институтының директоры: (Фейсбуктегі парақшасынан)
- Мен осы Қазақ-түрік лицейінің 1999 жылғы түлегімін. Және бұл мектептерді жабу өте орны толмас қателік болатын еді деп еш қорықпай айта аламын. Бұл мектептерде ең бірінші оқушының назарын басқа нәрселерге аударатын факторлар жоқ. Ұлдар жеке мектепте, қыздар жеке мектептерде оқиды. Және осы мектептерде ЖОО түсу көрсеткіші бойынша 99 пайызды құрайды.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір