• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 21:41:13
Алматы
+12°

«Қазақ хандығына - 550 жыл» жыр мүшәйрасына!

                         МЕН

Өмірім елімдікі,

Өлімім өзімдікі.

                                        (Халық даналығынан)

Мен, мен едім, мен едім, Мен дегенім кім еді?.. Жаным бір жарық НҰР еді, Жаратқан әмір еткесін, Жарқ етіп ол да бір күні Жатырға келіп түнеді. Мен ақын деген АҚИҚАТ Аспаннан түскен қаламмын. Қағазға тұнған сырымын Он сегіз мың ғаламның. Самалымын Құдайдың, Сиясымын Құранның, Тамшыдан тәнім дүреген Топырағымын Тұранның.   Кеудемнің іші КҮН еді Күмістен еді шүмегі.... Анау бір алас жылдары Аруана жұрттан алыстап, Көгіме қайғы түнеді. Ай, аруана жұрт, мен сенің Қайырылған құстай құтыңның қаңқылдап жеткен үнімін, Қобыздан қою тілімін... Күркіреп ағар қаныңның күп-күрең түйіршігімін. Алтайым – асқақ ақылым, Сабырым еді Сарыарқа, АБАЙҒА ҒАНА ІНІМІН. Ханзада қанның тұнығы, «...Көл шайқаған жалғыздың»... Көзге бір басар сынығы Қазақтың ҚАРАКӨГІМІН.   Бозжусан менің болмысым, Бозінген болып боздашы.... ҚАРАШЫҒЫМСЫҢ ЕНДІ СЕН ҚАН МЕНЕН ЖАСҚА КӨКТЕГЕН АЛАШТЫҢ АЛТЫН ОРДАСЫ. Мен өзің деп кесілген КЕНЕСАРЫНЫҢ әз басы Мен өзің деп мөлт еткен ҒАЛИХАН ердің көз жасы....     ТҮРМЕ                                   I       Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз, Сіз де соған шырматылып отырсыз. Мен осындай ойсыздықтан ұшынып Өзімді-өзім өгей халге түсірдім, тамыр біткен ісініп... АЙҚАЙЛАРДЫҢ ЖЕР ҚУЫРЫП АПШЫСЫ, ЖАЙҚАЛЫП ТҰР ЖАНУАРЛЫҚ ТҮСІНІК.   Иә, біздер жануармыз кәдімгі Не демексіз енді сіз. Себебі біз... санасы өлі елденбіз. БІЗДІҢ ҚОҒАМ – ТӘТТІ ҰЙҚЫНЫҢ ТӨСЕГІ, БІЗДІҢ ҒҰМЫР – ОЯУ ЖҮРІП КӨРГЕН ТҮС.   Анау Алаш заманда Ахметтің аспан аңқып ұғымы, Ағып түсті алмас сынды ғұмыры, Мазақ етіп кісәпір мен азғынды. ҚАРА ЖЕРДІ ҚЫЗЫЛ ҚАНМЕН СУАРҒАН, БІЗДІҢ САНА – СТАЛИННІҢ ЕЛЕСІ, БІЗДІҢ АҚЫЛ – АБАҚТЫНЫҢ МАЗМҰНЫ.   Абайдың да арғытаным ішінен, Масғұттың мас болуын түсінем... Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу. ҚҰЛ-ҚҰТАННЫҢ ҚИҚУЫНА КӨМІЛГЕН ТЫР ЖАЛАҢАШ ЖЫНДЫХАНА МЕКЕНДЕ АЛ ІШПЕЙ ГӨР ЖЫНДЫ СУ.   Өтірік пен өңеш жайлы ілімді ӨРКЕНИЕТ, ҒЫЛЫМ дейді бүгінгі Мүгедек ми қырсығым... ҚАРАҢҒЫЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА ТЕРБЕЛІП ТАЛЫҚСИДЫ СӘБИ САНА, СОҚЫР КӨЗ МЕНІҢ ТҮРМЕ ТҮЙСІГІМ...     ЖУСАН                        II Қобыздың қылына қайғымды тұндырып, Тағы да мұң шалдым. Асандай азалы, Қорқыттай қазалы cарқыты ем бір шалдың. Қазақы болмысым, Қайдасың, ұжданым? Құс тілін саз етіп, су тілін сөз етіп, Исімен сөйлеген жусанның. Бұл дала – Боздақтар денесі, Топырақ иленген қанына. Даламның әр тасы – Анамның көз жасы шері бар зарында. Боз дала, боз дала – денемнің бөлшегі, Мен сенен жаралдым басында Мен саған сіңемін соңында. Бір уыс топырақ, Омырауын оқ тескен оғылан бір ұлың. Сол үшін... Тастың да тәу етем әр түйір сынығын. Қайдасың тектілік, қайдасың өр рух! Боз жусан аңсаған Бейбарыс ғұмырым. Жусан жоқ... киемнің ырысы, Құрттаған ұрандар, Ұртталған тілектер тоғысы, Халықты ту еткен қарынның дыбысы, Алапат асқазан соғысы... Санамның сырқаты, Құлдықты шындық деп сорлайды, Көзі жоқ көп надан Қоңызша боқ қуып, доңызша ойлайды. «Біздің ел осындай», Айнала аппақ нұр, жер үсті гүлстан Өзгеше, өзгеше... ойлауға болмайды. Өзгеше ойлатпас осы дерт, Жанымның жартысын кетті үгіп. Аһ, қайран, дүние-ай! Түбіме сен жеттің тексіздік... Маздасын Махамбет мінезім, Оянсын рухым от бүркіп, Сен жаса, боз жусан болмысым, Сен жаса, бекзада тектілік!                                                     ӨЛІМ                                                                          Дүниеге келмей бақ,                                                                                           Келсең бірақ өлмей бақ.                                                                                                                                          (Қорқыт)                                                                                            Менімен менікінің айырылғанын,                                                                                             Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес.                                                                                                                                            (Абай) Жан менен тән өзгергенмен әр күйге, Өмір-өлім тұтас ұғым, әрине. ТІРІ БОЛУ ТІРЛІК КЕШУ ЕМЕС ОЛ, "ӨЛГЕНДЕР КӨП" ӨМІР СҮРГЕН ПӘНИДЕ.   Келуің мен кетуіңнің тынысы ІШІҢДЕ екен, сезсең соны дұрысы. ӨМІР ДЕГЕН – ӨЗ АҚЫЛЫҢ, ӨЗ ОЙЫҢ, ӨЛІМ СОНЫҢ АЗАБЫ МЕН ЖЕМІСІ.   Қабірменен қорқытады көр молла, КӨРДІҢ ҚАШАН КӨЗ БІТЕДІ ОРНЫНА. БАХИ МЕКЕН ЖАН ЖАРАЛҒАН ЖЕРҰЙЫҚ, Жерұйығын аңсамайтын ЕР бар ма. Кеудеңдегі хикметпен ойлан шын КІСІЛІКТІҢ КІЛТІН ТЫҒЫП ҚОЙҒАН КІМ? АДАМДАҒЫ АҚИҚАТТЫҢ ЖАУАБЫН... Көрден іздеп көрге айналған қайран «дін».   Жалқы өмірге жалғыз рет келгесін, Жанның нұры Жарқырасын сөнбесін.... Ажал мені алдап соқпақ Тәйір-ай..... Тапқан екен «өлтіретін» пендесін.   Ғазауаттың күресінде, ардағым, Ойнайды ажал ішке бүгіп бармағын. СОЛ ӨЛІМДІ ЖЕҢГЕНІМДЕ ЖАЗҒАН-АЙ ДҮНИЯДА ЕШ... БОЛМАС ЕДІ АРМАНЫМ.....       ҚОҢЫР   Қоңыр-қоңыр таулардың Қолтығынан қой өріп, Қоңыр үйдің ішінде Қоңыр салқын ой өріп, Маңырауық маңдайым Ой дүретіп неше мың Жасыл маңдай қыраттан Жасыл сөз боп есемін. Жасыл ойым саз еді Жазиралы жаны ізгі, Қоңыр сазға гүл атқан Қара тастың қауызы. Қайтқан құстың қаңқылын Өзегіне толтырып, Тырна жілік, төрт ойық Сұңқылдайды сыбызғым Аспан аңқып ауызы. Мен осылай аңқыдым Қос ішекке қондырып, Қоңыр қаздың қаңқылын. Солқылдатып күй шалған Әй, шалдар-ай, шалдар-ай Сезім кешіп неше мың Керегенің астынан Күй тұнады күмбірлеп Ернеуіне кесемнің. Кім түсінер күй ұқпай, Бұл пәнидің баянын, Күймен бірге жөңкідім, Жерге тимей аяғым. Жан еріген сол сәтте Маңдайымнан күн шығып, Таңдайымда ай туып, Күй кілкіген кесемді Ұрттап-ұрттап қоямын. Қайда кетті сол шағым Қоңыраулы қоңыр үн? Қоңырымды жоғалтып, Тас көшені торыдым. Жаңбырына жанардың Омырауым боялып. Қайнай-қайнай қаңсыды Алпыс екі тамырым. Тоғыз перне бетінен Толқып бір соққан самалмын, Толқын-толқын самал боп, Сағасынан ағамын. Қос ішектің үстіне Құс дауысын жусатқан, Сен аман бол, қоңыр үн Сен аман бол, шанағым!  

Ықылас Ожайұлы – 1981 жылы дүниеге келген. 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы, Көгедай ауылының «Көгедай» орта мектебін бітірген. 2004 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Республикалық «Жас Алаш», «Нұр Астана» газеттерінде тілші, республикалық «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған. 200-ге тарта танымдық, діни, ғылыми-сараптамалық мақалалардың, сондай-ақ «Адырна» жыр жинағының, 1918 жылғы «Абай» журналына арналған «Алаш көсемсөзі» сериясының сегізінші томының шығарушысы. Қазір Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы.

demeu2

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір