• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 21:41:14
Алматы
+12°

06 Ақпан, 2015 NEWS

«Оқығам жоқты» оқығанда...

... Сонымен, «оқығам жоқ». Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, әлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына...

... Сонымен, «оқығам жоқ». Хэмингуэйдің айтқан бір сөзі бар, әлеуметтің талантқа деген қатысына қатысты. «Жұрттың, сен жазған шығармаға назар аудармағанына қарап, алғашында қайран қаласың, содан кейін күлесің, содан соң ашуланып күйзелесің. Содан кейін саған бәрібір» дейді ол. Стилі есімде жоқ, мағынасы тура осылай. Хэмингуэй осы сөзін біз жайында айтқан сияқты.

Бұл мен бұрын оқымаған дараның бірі – Таласбек Әсемқұловтың жазбасынан. Қазір оқып жатып, өзіме-өзім ашуланам, күйзеленем, күлем, қайран қалам, қайта оқимын. Оқып бітпейтін сияқтымын, бітіргім де келмейді...Тіпті, біраз уақыт өткенін күтпей, қазірден-ақ шығармаларын талқылағым келеді. Бірақ, кіммен? Есімін алғаш рет қайтыс болғаны жайындағы хабарламадан соң ғана естіген «публикамен» бе? Жоқ, олай болғанын қаламаймын.  Бар қазақ  болып талқылайтын Таласбек одан артыққа лайық. Әзірше, білмегендер таныссын, білгендер бөліссін деп жазып кеткен даналығынан үзінділер беруді жөн көрдім. Оған өзімнің жас, студенттік пікірімді де қосып қоямын:) Өткір сөздің мәні айтушы аузынан қарағанда, тыңдаушы құлағынан маңызды, сәндірек келмей ме?! Мүмкін осыдан соң пікір айтушы, жазушы адамдар көп табылып қалар. Мүмкін, оны кеңінен зерттеп, ақылына иланып, қоғамымыз да түзелер... Бірақ, қайдам... Реалия бөлек, арман да бөлек. Сонда да байқап көрейін деп, дараның жазғандарын бір-бірлеп ұсынамын деп шештім. Бүгінгі қарастырылатыны  - Оқығам жоқ. Айта кету керек, жазушы-сыншының әр жазғаны – көлемді, мазмұнынан болсын, жазуынан болсын. Сол себепті, Таласбек ағаның жазғанын бөлек, толықтай жеке қарастырғандарыңыз жөн болады.

«Автоматтық өштік» («автоматическая ненависть») деген ұғым бар. Бұл әдетте тарих сахнасында – бір-бірімен аяусыз жауласқан халықтардың арасында болатын өштік. Мысалы, неміс пен орыстың бір-біріне деген қатынасы. Екі халықтың өкілі бір жерде ұшырасып қалды дейік. Орыс, танысып, немістің неміс екенін білгеннен кейін, оған деген өштігі лап етіп оянады. Ешқандай себепсіз. Неміс, орыстың орыс екенін білгеннен кейін тура осындай реакцияны бастан кешіреді. Міне, бұл «автоматтық өштік», яғни, өштік генетикалық деңгейде ұлттық әдетке айналған.

Осыны оқып отырып, өзіміздің қазақ-орыс өштігі есіме келді. Генетикалық деңгейде әрбір орысты жек көріп, сынап, сөгетініміз бар. Орыс билігінің әрбір теріс ісіне, сөзіне ызаланатынымыз соншалық, олардың бақытсыздығына, рубльдың түскеніне, санкциясына қуанамыз. Сондағы, қазақ үшін соншалықты эмоция білдірмейтінімізді айтсай... Қанша қазақ баласын шетел асырауда, олардың халінен де бейхабармыз. Қанша қазақ қызы жыл сайын аборт жасап, сәбиінің де, өзінің де өмірін қиюда. Қазақ ұлттық экономикасын тіпті айтуға келмейді. Қазақ драматургиясының тоқырауы – ол бір мәселе. Білім министрлерінің жиі-жиі ауысуы (Ол Білім Министрлігі Емес Пе, Болашақ Қазақ Қауыымын Даярлап отыр). Жоқ, біз өзіміздің қателік, кемшілігімізді көре алмаймыз. Көрсек те, өзімізден емес. Одан да бізге жау, қас Ресейдің жағдайы қызығырақ.

Стоп. Бір нәрсе қалып қойыпты ғой. Бізді сондай-ақ, Баян Есентаева мен Қайрат Нұртастың күнделікті өмірі алаңдатады. Әрине, Қорқыттың 12 жырынан қызығырақ екені рас.

Адамгершіліктің, адамдықтың, адамшылықтың тарихынан бір мысал. Бұл, хадисте бар ма, жоқ па, білмеймін. Мүмкін бар, мүмкін жоқ. Адам сырының басы мен аяғы хадис емес қой. Мүмкін жүрегі дауалап, бір ақылды адам ойлап шығарған бұл хикаяны. Былай болыпты. Бір адам өмір бойы құдайға құлшылық қылыпты. Намазын қаза қылмауға тырысыпты, ал қаза болған намазды он есе қылып қайта оқып, мүшесінің барлығын жуып таза сақтапты. Алайда о дүниеге барғанда, Алла тағала оны тозаққа жіберіпті. Сонда, әлгі мүмин, бұның қалай, мен өмір бойы саған ғана табындым, сенен басқа білерім болмады, бар ақыл-ойымды, иманымды саған бағыштадым депті. Алла тағала, сол кезде айтыпты, бұл сенің намазыңның санын есептейтін жер емес, есіңде ме, сен бірде айдалада намаз оқып отырғаныңда шөл даладан бір ит еңбектеп келіп сенің жаныңа жатты. Сонда сен, қолыңда құман толы суың бар, сол суды дәретке қиғаныңмен жаныңда шөлдеп өліп бара жатқан тірі жанға қимадың. Сол ит көзіңше өлді, депті. Иә, есімде депті мүмин. Сол – ит бейнесінде келген мен едім депті Алла тағала.

Қазіргі жастардың арасында сақал қою «модасы» белең алды (жараса ма, жараспай ма, бәрібір). Ішінде намаз оқитындары бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Намаз оқитындардың ішінен шарабы былай тұрсын, темекіні будақтататынын да көрдім. Иә, әрбір адамның Құдайы, сыншысы ішінде болуы тиіс.

Адамзатты, ұлтты сүйген оңай, себебі оның бәрі – декларация. Өлгендерді сүйген, оларды дәріптеген оңай, себебі өлгендерге енді ештеңенің керегі жоқ. Ал жаныңда жүрген тірі адамды, осы өзіңдей, ауыратын тәні бар, жаны бар адамды жақсы көру қиын. Себебі, ол – әрекет. Қазір бәрі сатулы. Ешкім де артық әрекетке барғысы жоқ. («Басқаның қиналысын, басқаның ауруын сезінбеген адам – ауру» депті ғой бір классик).

Ремарк «Бір адам басқа адамға тамшыдай жылудан басқа не бере алады?! Және бұдан артық не болуы мүмкін» деп айтқан екен.  «Сүрінгенді сүйеп, құлағаңды демеп жүр» деп құлақтандыру  - тым жаттанды. Одан да, денсаулығың бар болса, барып қан тапсыр, донор бол, кимейтін киімің болса, әлеуметтік желіден группаларды тауып, хабарласып, жәрдемдес дегім келеді. Бар ғаламаға көмектесемін деп тым альтруистік идеяны насихаттаудың керегі жоқ, бірінші қоқыстың өзін қоқыс жәшігіне тастаудан үйренейік.

Құрметті оқырман, мынадай эксперимент. Сіз – сардарсыз. Соғыс жүріп жатыр. Бір шытырман тапсырманы орындауға біреуді жіберу керек. Алдыңызда екі адам тұр. Біреуі еңкіш, қорқақ, ақымақ. Екіншісі ержүрек, ақылды, ардагер. Тапсырмаға кімді жібересіз? Әлбетте, екіншісін. Ол ардагер басын бәйгеге тігеді, қан кешеді, өледі. Бірақ өзіне жүктелген міндетті орындайды. Ал алдыңғы айтылған нашар тірі қалады. Әрине, мен гротескілеп, әсірелеңкіреп айтып отырмын. Бірақ қалай айтсаң да соғыстың негізгі заңы – осы. Соғыс ардагерлерді жалмайды, Отан, елдік, еркіндік жайлы түсінігі жоғары, текті тұқымдар соғыс өртінде алдымен жанып кетеді. Осылайша қондыгер, одан кейін хұн, одан кейін түрік, одан кейін қазақ замандарындағы бітпейтін аяусыз қанды майдандарда «кері сұрыптаудың» («обратная селекция») қатыгез заңы жүріп жатты. Осы қисапсыз соғыстарда бетіне жан қаратпаған ержүрек қондыгер әулетінің тұқымындағы алдыңғы қатарлы элементтер үздіксіз шайылып, екінші қатардағы элементтер аман қалып отырды. Ардагердің жесірін солар, аман қалғандар алды, бала туғызды. Енді халықтың тамырында солардың қаны ақты.

... Біз ұлтымызды көп сынаймыз. Нашармыз, жалтақпыз, басымыз бірікпейді, күншілміз т.т. дейміз. Құрметті оқырман, біз бір күнде осындай болған жоқпыз. Біз – бабаларымыздың істеген істерінің нәтижесіміз. (Бабаларымыздың тарихтағы талай ғапыл істерін, талай қатесін көзге шұқып тұрып көрсетуге болар еді, бірақ оларды ақымақ болды деуге бәрібір аузымыз бармайды, себебі, біздің басқа бабаларымыз жоқ. Бабамыз – осылар).

Қайран қалдым деген осы болар. Осыған дейін бұл туралы ойланып көрмеппін де... Жазушы ойдың аяғын сіз Абайдың «Масғұты» мен Сұлтанмахмұттың аталған өлеңінің, мақаламыздың өзегі болып отырған «оқығам жоққа» не қатысы бар деп қайран қалып отыруыңыз мүмкін. Тікелей қатысы бар. Сол «егілген егін» қазақ санасында жайқалып өсіп, мол өнім берді. Содан бері ұлт мүддесі түкке де тұрмайтын болды. Ақын-жазушы, сыншы, көсемсөзші, жалпы талантты адамның қолынан шыққан жақсы туындыға деген немқұрайдылық, айналып келгенде төл мәдениетке деген немқұрайдылық. Жамандық болсын, жақсылық болсын, бір жүректен, бір көңілден өрістейді. ... Алаштың қайраткерлері – қазақ қоғамының соңғы пассионарлары еді. Бірақ олардың мүддесі кеңестік тоталитарлық империяның мүддесіне қайшы келді. Сол себепті тоталитарлық жүйе олардың бірде-біреуін тірі қалдырмады деп қорытындылайды.Біздің Ықылас (Ожайұлы) ағайымыз да, қазіргі заманның қаһарманын, ұлтымыздың сенерін, пассионар тұлғасын сұрағанда үндемей қалып едік. Қазақты жетелер адамды айта алмағанымыз ғой сонда...

Білім деген не? Жай ғана информация. Ол информация бір халықта көп, бір халықта аз. Ал адамның кәмелеті оның өзі игерген информацияның көлемінде емес – иманында, кісілік салттарында. Білім – алмас қылыш болса, рухани кәмелеті толмаған адам – бала. Ес білмейтін баланың қолына қылпыған қылышты ұстатыңыз – содан кейін не болатынын көресіз. Тарихты зерделеңіз. Жамандықта міні жоқ имансыз қауымдардың заңсыз егемендік алып, сиқырлы білімге қол жеткізіп, адамды мыңдап-миллиондап қыратын құдіретті қаруды меңгеріп, кенеусіз аюандықтың жолына түскенін, ақыр соңында адамзатқа ұлы апат, қасірет әкелгенін көресіз. Әрине, бүкіл әлем озық технологияларды меңгеріп жатқанда, қазақ ұлының бұдан шет қалатын жөні жоқ. Біздің айтпағымыз, иман білімнен озып отыруы керек. Советтік оқу жүйесінің кемшілігі осы ма деп те ойлайсың. Алайда, жаңа қоғамды құрушылар дінді мемлекеттен аластады. Дін енді ешқашанда мектепке жолай алмас еді, тәрбие ісіне араласа алмас еді.

Автор жазбасында «жаралы арыстан синдромын» түсіндіре келе, соған байланысты қазақ қоғамына байланысты өз бағасын береді. Сіздерді қайдам, өз басым оған қосыламын.

Біздің «оқығам жоқтар», осы әрқайсысымыз сияқты – өткеннің нәтижесі. Оларды осындай қылып шығару үшін тоталитарлық империяның аясында өткен соңғы жетпіс жыл да жетіп жатыр. Арыстан құсатып жаралап, бірақ жарасын емдемей қоя берген ұрпақ, адамдардан, қоғамнан мағынасыз кек алумен өмірін өткізеді.

Ашынған «жаралы арыстанның» халі. Мүмкін, алдыңда аталып өткен Ресейге деген ашудың себебін де осыдан болар. Бірақ, меніңше, кек сақтаған дұрыс емес. «Ашу – ыза, ақыл – дос» демекші, ақылмен саралап, істің байыбына бару оң шешім. (Дегенмен, менің сөзімді «орысшыл» көретін қандастарымның табылатына кепіл бере аламын).

... Өнер адамына деген құрметтің аздығы, өнер туындысын «оқымадым» немесе «көрмедім», немесе «тыңдамадым» (оқи тұра, көре тұра, тыңдай тұра) деу – қазақ әлеуметінде тұлғалардың аз екендігін көрсететін айнымас белгі. Бір-біріне ерегіскен мыңдаған «оқығам жоқ»... Ұлттық мәдениетке, ұлттың таланттарына деген бұндай ықылас-пейілмен қайда барып оңамыз? Жарқыраған жарқын құбылыстарға, талантқа, таланттыға деген өштік, «оқымау», оқығанға пікір айтпау, жақсыны мұқату мақсатында жаманның абыройын асыру, тіріні мұқату үшін өліні дәріптеу, плагиат ... – осы, қылмысты түйсіктер, өкінішке орай ұлттық мінездің басты сипаттарына айналған сияқты.

Күншілдік, көре алмаушылық, мүмкін, қанымызға әбден сіңіп болған шығар. Бірақ, соңғы кезде байқалып жатқан үдеріс – оқуға, білуге деген құштарлықтың жоқтығы. Оқуға тырыспаймыз, ізденбейміз, бірақ сонда да «білмеймін» деп мойындамаймыз. Оқығам жоқтардың үлкен кемшілігі де осы шығар.

Мен осыншалықты көп нақты түйінделген жазбаларды сирек кездестіремін. Қазақ әдебиетінде ол тіпті жоқ деуге болады. Таласбек ағамның жазғандарында ұнайтын тек бұл ғана емес, ол кісінің шығарманы көңілді нотада, сынды мақтаумен аяқтауында. Міне, «Оқығам жоқты» оқып отырып, менің де болашаққа сенгім келді, сендім. Сол дарынды, қабілетті топтан бәріміз де табылсақ, керемет емес пе?!

Құралай Исаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір