• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:45:48
Алматы
+12°

21 Қаңтар, 2015 Алаш-Орда

Ерболат Қошқарбаев. Гипербөрі және Атыланты

Қазақ тарихындағы сенсациялар топтамасы

Қазақ тарихындағы сенсациялар топтамасы

Ерболат Қошқарбаев. Бірінші жазба: Ежелгі Шығыс пен Батыстағы ҚАЗАҚЫ іздер

Ерболат Қошқарбаев.Тарихи шындықты ТҮРКІЦЕНТРИСТІК тұрғыдан негіздеу қажет

Бисмиллахир рахманир рахим!

Көзі қарақты бауырларым менің бірінші және екінші жазбамдағы мәліметтерім бұрын соңды еш жерде жарияланбаған тың әрі шын жайттар екеніне және оларды тек осы ҚАМШЫ.КЗ-тен ғана алғаш оқуға мүмкіндіктеріңіз барын қаперлеріңізге сала кеткім келеді. Осы сияқты мына назарларыңыздағы үшінші және бұдан кейінгі төртінші жазбам да сіздер тарапынан алғаш оқылмақ. Бұл жазбаларымның орыс, ағылшын және басқа тілдерде жазылып өзге жұрттардың ҚАЗАҚЫ ГИПЕРБӨРІ мен ҚАЗАҚЫ АТЫЛАНТЫ жайын білгендеріне де мүдделімін, Алла қаласа. Қазақы көре алмаушылықты қойып бірден оқуға кіріспей, алдымен жайланып отырып, сәл пәл уақыт тауып бар зейінмен оқығандарыңызды қалар едім. Олай болмаса мүлдем оқымай-ақ қойғандарыңыз абзал. Өйткені, Сіз мұнда Гиперборея мен Атлантиданың БІЗДІКІ екенін, ал біздің тарихымыз сол кезеңнен бастау алатынын АЛҒАШ оқуға кіріскелі тұрсыз.

Ендеше, іске сәт!

Бірінші жазбада ретроэкскурс жасай отырып 550 жылды беріде қалдырып, қосөзен аралығына тірелгенбіз. Сонда сөз етілген «ТТ» құралының көмегімен екінші жазбамда Таймыр кезеңіне дейін көкжиегімізді кеңейттік. Енді осы үшінші жазбамда «ГипАт» аббревиатурасымен берілген құрал арқылы Гиперборея мен Атлантида кезеңіне де келіп жеттік ...

Тарихымызды неден бастау қажет екендігі бүгінгі күннің өзекті де өзекжарды мәселесі болып тұр. Көптеген парадигмалар өзгерісі сансыз ойлар мен көзқарастар толқынын тербеп отырғаны рас. Бұл толқын еш саябырсымайды. Ол түсінікті де. Себебі, тарих саясатпен астасып кеткен. Осылай болғандықтан әркім көрпені өзіне тартатын жағдай орын алып қана қоймай, кейбір ел атынан «майданға» шыққан тарих зерттеушілерінің бірі, айды аспанға шығарумен әлек болса, енді бірі бәрін өзіне тартып, ғайыптан пайда болған көршілерін аяусыз түрде жалаңаш қалдыруға тырысып бағуда.

Бұл бөлімде мен тарихи жайттарды әріден және сәл өзгеше тұрғыдан қарауға тырыстым. Байқап қарасаңыздар бұл бөлімде де жеткілікті аксиоматикалық деректерді келтірдім. Сондықтан ойға қонымда біршама деректер қысқаша ғана беріліп отыр.

Шындап аршып алатын болса ғылымдағы көптеген деректер мифтерден тұрады. Мифті өз алдына күн тәртібіне қойылып, жүйелі түрде назар аударуға шақырып тұратын жадуал деп түсінсек те болады. Ол көптеген ойлар мен гипотезалар туындата отырып ғылыми жаңалықтар ашуға үндеп тұрған шындықтың жасырын айсбергі секілді. Кезінде аңыз бен ертегі саналған ұшатын кілемдер мен жеті қат көк, атсыз арба мен сиқырлы айна: ұшақтар мен ғарышты игеру, автокөліктер мен теледидар ретінде бүгінгі күннің шындығы болып отырған жоқ па. Өзге ғылымдарды қоса алғанда медицина да, құқық та ғылым ретінде қалыптасқаны үшін ең алдымен аңыздарға қарыздар. Мысалмен айтсақ, аңызсыз Фемида да, сала ретінде қалыптасқан Гигиена да жоқ болар еді.

Осындай астарында бүкпесіз шындық жатуы бек мүмкін аңыздар қатарына біздің заманымыздан бұрын жойылып кеткен Гипербөрі мен Атыланты өркениеті жайындағы болжамдарды жатқызамыз. Бұл орайда тың мәліметтерді ғана келтіруге ниеттендім. Гиперборея мен Атыланты жайындағы бүкіл аңызды тізбектеуден аулақпын. Оқу құралының негізгі мақсаты ол емес. Ол жөнінде ондаған мың том еңбектердің қатарында қазақ тілінде, мысал үшін айтсақ, бір ғана С. Қондыбайдың  «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Қазақ даласы және герман тәңірлері», «Арғықазақ мифологиясы» сынды көптеген келелі еңбектері бар.

Әдеттегідей, өте қысқа тұжырым жасап айтар болсам Гипербөрі (Гиперборея) елі прототүркілер мекені болып табылады. Бұл жерде назарларыңызды бұрып тұрған оның атауынан еш шошуға болмайды. Гипер сөзі: әуелгі, ерекше, шеткері, әсіре үлкен секілді көптеген мағыналарды білдіретін болса, борея сөзі еш алып қоспасыз тура мағынасында «бөрі» деген ұғымды білдірсе керек. Бұған шек келтіргеннің өзінде борея сөзінің батыс жұртшылығы түсініп жүргендегідей мәні де қазақы «боран» мағынасында алынған. Ежелгі грек аңыздары бойынша да Борей – солтүстік «боранының» құдайы болып табылады. Басқа еш нәрсеге жүгініп қажеті жоқ! Осы бөрі мен боран сөздерінің өзі-ақ Гиперборея атауының түркілік мәнін салыстырмалы түрде 100%-ға тура көрсетіп тұр. Өзге елдер де қарап қалмай Гипербореяны иемденгісі келеді. Ресей ғалымдары бореяның орысша «буря» сөзімен және «Борис» есімімен байланысын алға тартып, оның алғашқы орыс өркениеті екенін айтқысы келіп жүр. Бұл тіпті күлкі шақырады десек, артық айтпаймыз. Әр бірден соң буря сөзінің өзі біздің боран деген сөзден алынған болса, ал Борис есімі біздің символымыз саналатын «барыс» сөзінен бастау алады.

Осылайша Гиперборея боранды мекеннің арғы шетіндегі біздің арғы аталарымызға етене таныс бөрілі мекен болған. Бұл ойлар құрғақ сөз үндестігіне бола айтылып отырған жоқ. Гомердің Илиадасын еске түсірсек осынау бөрілі мекенге ынтық Аполлонды ылғи да бөрілер қоршап жүріпті-мыс. Бұның өзі осында көрсетілген жайттарды нақтылай түсетіндей. Гипербөрі тұрғындарының есімдеріне назар салсақ та олар таза түркі есімдері. Абарис, Аристей есімдеріне тоқталатын болсақ Абарис, АпАРЫС болып та, аБАРЫС болып та түсініледі. Аристей болса, ол – АРЫСтай. Осы мысалдан-ақ үш бірдей арыс пен барыс атаулары тізбектеліп тұр ғой! Бұдан өткен қандай дәлел керек енді... Жақсы, онда Гомермен ғана шектелмейік. Ежелгі грек ақыны деп аталып жүрген Алкей де шығармалары мен гимндерінде Гипербөрі мен Атыланты жайын сөз етеді. Осы жердегі айтпағым, осы Алкейдің өзінің түркі екендігі. Алкей, ол – өзіміздің Әлкей. Әлбетте, тізе берсе мұндай деректер шыға береді.

Солтүстік мұзды мұхит бастапқыда 1650 жылы географ Варениустың ұсынуымен Гиперборей мұхиты[1] деп аталған. Кейінгі жылдары өзіміздің сақ бабаларымыз есіміне байланысты Скиф мұхиты (Oceanus Scythicus), Түркі мұхиты (Oceanes Tartaricus) деп аталып жүрді (Батыс деректері мен карталарындағы түркілердің, татарлардың «тартарлар» деп белгіленгенін еске түсірейік)[2]. Бұдан артық қандай дәлел керек! Алайда, әдеттегідей сақ пен түркі есімін тарихтан өшіру ниеті мұхит атын Солтүстік мұзды мұхит деп өзгертуге алып келді. Бұл мұхит бірқатар елдерде Арктика мұхиты деп те аталады. Осы тұрғыдан қазіргі сәтте мұхиттың атауын орысшадан тікелей аудармай қазақ тілінде тиісінше атағанымыз – бөрілі, боранды мекендегі ата-бабаларымыздың аманатын орындағанымыз болып саналар еді. Осыған байланысты мен мұхит атауын «Теріскей Түркі мұхиты» немесе Арықты мұхиты деп өзгертуді ұсынар едім. Теріскей Түркі мұхиты дегенімнің мәні түсінікті болса керек. Ал Арықты деп отырған себебім, Арктика сөзінің «Арық» сөзінен бастау алғанының, сөйтіп Арықты сөзі Арктика сөзіне ұласқандығының уәждемесі. Арық дегеніміз не? Арық қалай пайда болады? Арықта не ағады? Бұл сауалдардың жауабының барлығы арықтың су жылжитын жылға екенін, оның судың ойып кеткенінен пайда болатынын, арықта су ағатынын көрсетеді. Ал қарапайым тілмен үлкен де кең арықты «өзен» деп атайтынымыз белгілі. Олай болса біздің құрылықта Теріскей Түркі мұхитымен байланысатын аты да заты да түркілік Енесай секілді ірі сегіз өзен, «сегіз арық» барын ескерсек Арктика – Арықты емей немене? Арықты секілді Арықтық деген сөз де бұған сұранып тұр. Тіліміздегі қырықтық науқаны, нарықтық экономика тіркестері тәртібімен Арктика жақта, яғни «Арықтыда», Арықтық мұхит ұғымы да өмір сүруге құқылы. Мұхит атауы бұлайша аталмағанның өзінде де бұл тіркес көк мұз құрсауындағы мұхиттың, көк түріктер тілінен шыққанын айқындап тұрса керек. Ең шеткі, шеткері, поляр жақта деген ойларды білдіргендіктен де Арықты мәнінде, «ары», «ары жақта», «арғы жақта» алыста деген мағына мен мұз кесепатынан арыған жерден қоныс аударған арықазақтар құнары қашқан жерді «арық» атап кетуі де ғажап емес. Қалай болғанда да бұл бізге жат емес ...

Тегінде бөрілер жеріндегі халықтың бүгінгіге беймәлім жетістіктері қатарында медицинасы мен құқығы да жоғары деңгейде болған деп айтуымызға болады. Олар ұзақ жасау құпиясын білген. Шамамен 1000 жылдай ғұмыр кешкен. Салауатты өмір салты басты орында тұрған. Толқы (Толька) мен Енесай өзені жағалауында олимпиада секілді спорттық ойындар мен жарыстар өткізіліп тұрған. Асклепийдің Аполлонның ұлы екендігі де бөрілі елдің медицинасы жайында көп нәрсені айтып тұрғандай. Бөрілі елде өз жазба мәдениеті жоғары деңгейде қалыптасқан. Әйтпесе, Хирон мен Асклепий медицина жайындағы білім негіздерін жазып қалдырмас еді. Ежелгі грек географы Феопонт жазбалары бойынша Гипербөрі мен Атыланты арасында өзара ынтымақтастық жайындағы құқықтық тұрғыда ресімделген келісімдер де болған.[3]

Бүгінде ұрпақтары «қайта түлеу» кезеңін басынан өткеріп отырған арғы аталарымыздың бөрілі мекені шамамен осыдан 25-22 мың жылдар бұрын құрдымға кетті. Ол өркениет ғаламат жер сілкінісі немесе астероидпен соқтығысу салдарынан жүрген топан судан және судың мұзға айналуынан жойылып кетсе керек. Ал қазір ол өркениет орналасқан жер аумағы қазақтың Арықты сөзінен туындағанына еш күмән тудырмайтын Арктида, Арктика аталады. Енді арықтан өтіп Атыланты жайына келейік.

Атылантыны, яғни Атлантиданы тілімізбен үндестіре Атыланты деп айтып отырмын. Бұлайша айтпасқа ләж жоқ. Себебі, әлі күнге ейін Атлантида ұғымы нақтыланбаған және ол сөздің шығу тегі анықталмаған. Оның айқын бола қалуы да екіталай. Олай дейтін себебім, сонау Платон заманынан бері оның Тимей мен Критий шығармаларындағы диалогында сөз болған Атланттар мекені 2500 жылдай уақыт зерттеліп келеді. Әлі де зерттеле бермек. Тіпті осы мәселе «атлантология» деген үлкен саланың қалыптасуына да әкеліп отыр.

Әр түрлі деректер Атлантиданың уақыт кезеңін де, орналасқан аумағын да нақтылы көрсете алған жоқ. Оларға қарай отырып Атлантикалық кезеңді шамамен б.д.д 100000 - 10000 жылдар аралығы деп көрсеткеніміз дұрыс болар. Әлбетте, Атлантиданың қашан пайда болуын айту мүмкін емес болмағандықтан, ең болмағанда оның қай кезге дейін өмір сүргендігіне тоқталып көретін болсақ бұл мәселеге байланысты атлантологтар арасында қалыптасқан бірнеше көзқарасқа тап боламыз. Бірінші көзқарастағылар Платонның айтқандарын ұстанып Атлантида б.д.д. 9500 жылдарға дейін өмір сүргенін айтады. Екінші көзқарас жағындағылар Атлантиданың жойылу кезеңін б.д.д. 1550 – 1226 жылдар аралығы деп көрсетеді. Үшінші пікірдегілер бұл уақытты б.д.д. 8499 жылғы 5 маусым деп көрсетсе, төртінші пікір бұл кезеңді б.д.д. 9750 – 8570 жылдар аралығында көрсетеді. Ал бесінші көзқарасты ұстанатындардың пікірі мүлдем ерекше. Олар тіпті Атлантиданың пайда болған уақытын да белгіліп қойыпты. Олардың пікірінше Атлантида 12 млн. жыл бұрын пайда болып, 1 млн. жыл бұрын жойылған екен.[4] Бұл бес көзқарастың өзі даулы және басқа да пікірлер қаншама. Бұл жерде Атлантида қашан пайда болды, қашан жойылды, қай жерде болды және т.б. мәселелерді талдау мақсат етіліп отырған жоқ. Тек жоғарыда сөз болған Гипербөрі мен осы Атыланты болғандығының шындыққа жанасатынына және екеуінің де түркілік мәні бар екеніне назар аударуды ғана мақсат еттім. Аңыздардағы көптеген мекендерді адамзат қиялының жемісі деп санауға болады. Мысалы: Солтүстік Америкада болған деп тұжырымдалатын Астлан ғажайып мекені, алтын мен күмістен салынған қала – Эльдорада, Үнді мұхиты мен Тынық мұхиты астында қалуы мүмкін жерұйық мекен – Лемурия, Тибет тауларында болуы мүмкін адам жаны тазарып, бақытқа кенелетін мекен – Шамбала. Бұлардың барлығы да «бос» болмағанымен де қиял және утопия. Ал Солон, Платон, Әлкей, Герадот, алаштық Дидар (Диодор Сицилийский), Үлкен Плиний, Посейдоний, Страбон, Прокл және т.б. тарихи тұлғалар сөз қылғандай Гипербөрі мен Атыланты болғандығы шындыққа біршама жанасады.

Атыланты бәлкім мұхитта немесе Пиреней түбегінде, бәлкім Каспий мен Арал теңізінде. Ол жағы әрине белгісіз. Ол жөнінде біздің басылымдар да үн қосып жатыр. Бір басылымда мынадай ойлар келтіріліпті: «Кезінде гректердің нанымына сәйкес амазонкалар мен кентаврлар мекендеген қазақ даласын ешкім де зерттеген жоқ. Әйтпесе бір емес бірнеше алтын­ адам табы­лып жатқан ұлан-ғайыр далада небір құпия сақтаулы.­ Арал теңізінің табан­ынан бірнеше қаланың орны табылды. Әлі де табылады. Одан қалды, осы теңіздегі «Барсакелмес» аралындағы адам миына сыймайтын тылсым жайттар тағы бар. Бәл­кім, атлантидатанушылардың басын қатырған Атлантида Аралдың табанында жатқан шығар ...».[5]

Атылантының құқықтық жағына келсек бұл елдің он екі патшасы алты жылда бір рет Посейдон сарайында мәжіліс құратын. Олар қабылдаған заңдар алтын мен мыс қоспасынан жасалған ерекше металл – орихалк құймаларында басылып шығарылатын. Сот істері қараларда үлкен рәсім жасалып, он бұқа әкелініп лауазымды тұлғалар ант берген соң оның біреуі құрбандыққа шалынатын. Бұл орайда барлық құлшылық отқа бағышталатын.[6] Бұл жерден отты қастер тұтатын, Тәңірге құлшылық қылған бабаларымыздың болмысымен үйлесетін ұқсастықты аңғаруымызға болады. Ұқсастықтар мен аналогиялар бұнымен ғана шектелмейді. Еуропацентристер белден басып өтіп жатқан топонимдер мен адам аттарының түркілік болғаныны былай тұрсын, таза қазақы екені күмән келтірмейді. Грек атанып жүрген прототүркілер Платон мен Дидар (Диодор) мысыр және эллин тілдерімен мәнін өзгертпегенде барлық атаулардың қазақы екенінде еш шүбә болмас еді. Осылай болғанның өзінде Атылантыдағы «Тартар» жері өзгелерді көп ойларға жетелегенімен түркілер үшін түсінікті. Атлантида кезеңінен аталып бұл күнге дейін Еспания мен Шотландия жерлеріндегі Иберия, Тартесс, Элба, Олбани, Этрурия топонимдерінен де: Ыбырай, Тартыс, Үлбі, Албан, Ертүрік атауларын оңай танимыз. Өзгеріске ұшырағанның өзінде таза қазақы адам аттары бірден көкейге қона кетеді. Атлантида атауының мәні де әлі күнге жұмбақ күйінде. Гипотезалар өте көп және олардың ешқайсысы Атлантида мәніне жақын жуымайды. Біз де ой қосар болсақ біріншіден, Атлантида атауы «атыл» етістігінен алынуы да мүмкін. Атылан түбірі Арсылан, Арыстан болуы мүмкін. Он екі патшаның алты жыл сайын «Ант» беретінін ескерсек, «атыл ант», «асыл ант», «батыл ант» тіркестерінен де құралуы әбден мүмкін. Екіншіден, егер Атыланты Каспий не Арал теңізі түбінде құрдымға кетсе, онда Еділ, яғни Етил, Итил, Атилл, Атилла атауларымен байланысты болуы мүмкін. Үшіншіден, Атыланты атауын Атлас патша есімімен, Атлас тауларымен байланыстырып жүргендер тұрғысынан келсек, онда Атыланты атауы да, сонымен бір мезгілде Атлас тауларының атауы да «Аталас» сөзінен алынуы әбден мүмкін. «Алан» сөзі де жасырын тұруы ықтимал. Ата-бабаларымыз жүріп өткен сүрлеу деп қорытынды жасап отырған Атыланты мекенінің астарында, тіліміздегі қастерлі атаулар: Атажұрт, Ата қоныс, Атамекен сөздерінің бастауы болып тұрған «ата» сөзі жатуы да ықтимал. Зерделер көз болса бұл ойларымнан тиянақты қорытынды шығары анық. Өйткені, екі жарым ғасырға жуық уақытта да архаизмге айнала қоймаған Атлантида, өзіне әлі талай назар аудартады және осындағы қазақша мағынасы да назарда болады. Тіпті, осы ойларымнан көрініп отырған, грек сөзі деп айтылып жүрген негізгі мағынасы үлкен, көне, ескі дегенді білдіретін «архи» (архив, архиепископ, археолог, археология т.б.) түбірсөзінің (приставкасының) өзі «арғы» деген қазақ сөзі екені кімді ойлантыпты? Атылантылықтар есімдеріне зер салсақ та қазақы бояуды аңғарамыз: Атлас (Аталас), Уран (Ұран), Гадир (Қадыр) және т.б. Осы тұста он екі патшаның бірі Қадыр (Гадир) аса жоғары қызығушылығымды туғызғаны жасырын емес. Испанияның оңтүстігіндегі Кадис қаласы мен осы аттас тайпа бар екені назар аударарлық болғанымен, қызығушылығымды оятқан нәрсе мүлдем басқа еді. Ол Солон мәлімет қылып келтіргендей «қойдың егесі» ретінде түсіндіріледі. Осы жерден қазақы дүниетанымдағы қойдың пірі Шопан атаны да көргендей боламыз. Зерттеуші О. Гуцуляк Атлантида жайындағы бір еңбегінде «Курьер ЮНЕСКО» (1990 ж., №7) журналындағы Хосе М. Сатрустеги деген этнографтың деректерін негізге алып Пиреней түбегінің баск халқының аңызын мысал етіп келтіреді. Ол аңыз бойынша жалғыз көзді, аяғы қисық бір малшы күн райының қаталдығына шамданып, наурыз айына тіл тигізіпті. Бұған назаланған Наурыз кек қайтармаққа бекінеді. Алайда айдың соңғы күні болғандықтан, ол Сәуірден екі жарым күнді сұрап алып, дүлей дауыл соққызған екен. Дауылды бораннан жылғалар толқып, өзендер арнасынан асып бір көзді шопанның бүкіл отары қырылып қалады. Ең болмағанда соңғы тұяқ қалсын деп жармасқандағы, үрке қашқан қой мүйізі тиіп шопан жалғыз көзінен де айрылады.[7] Ойланып көретін болсақ біз үшін сонау жердің бір қиырындағы баск халқындағы қой отары мен Наурыз айы жөніндегі аңыз және оның Атлантидамен байланысты болғаны таза қазақы дүиетаным болмысымен үндесіп тұрғаны таң қалдырмай қоймайды. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы – наурыз айына қарата, қазақ та «Сәуір болмай тәуір болмайды» деген. Оның үстіне басқа ай емес, наурызда бақ-берекетін арқалап келетін Қыдыр Атаның, Қызыр Атаның (Қадыр) Пиреней мен Атыланты жақта жүргені қалай? Бұл жайттың өзі ғана Атылантының сөзсіз арғы қазақтардың мекені болғанынан хабар беріп тұр. Атыланты өркениеті бәлкім Наурыз дауылынан жойылып кеткен шығар. Арғы тегі қазақы болған герман тайпаларындағы аңыздардан да Қадыр есімін байқаймыз. Сондай аңыздың бірінде Один (Отын) деген шаман құдайдың Ходре атты ұлы Бальдр (Балдыр) деген құдайды өлтіретіні айтылады. Ходренің көзі көрмейтіні және ол кезде оттың қастерлі болғаны да айтылған.[8] Олай болса Один – от беретін Отын, Ходре (Хёдра) – Қадыр, ал Бальдр – Балдыр емес пе! Атыланты мұхит десек, Балдыр суда – мұхитта, ал аңыз Атлантидамен байланысты. Оттың қастерлі болғанынан, аңызда шаман-бақсы жүргенінен тәңіршілдік элементтерін байқаймыз. Наурызда Қызыр келеді деп от, шырақ жағатын жоралғының қазақта әлі де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ежелгі кельттер мен финн халықтарында да Аэд деген қаһарман бар. Бұл жердегі Аэд (aed) сөзі «от» деген мағынаны білдіреді екен. Ендеше, дүниетанымымыз да тіліміз де басқа халықтарға эталон болып тұр емес пе. Қадыр бейнесі даниялықтар тәмсілдерінде де Хаддинг деген бір көзді ақсақал кейпінде айтылады. Бұл жерде Хаддинг бір көзін даналыққа айырбастап алған деп көрсетіледі.

Ақиқат екені айқын бұл жолдардан тілдерін мың бұрап келтіре алмаған еуропалықтардың қазақтың Қадыр есімін мың құбылтып: Кадис, Ходре, Хёдра, Хёдр, Хаддинг, Гадир дегендері үшін сөкпей-ақ қоялық. Себебі, өзіміздің де Қыдыр, Қызыр, Қадыр, Қадір есімдерін қолданатынымыз рас. Бұл жерде Ислам діні ең кейінгі дін болғандықтан Қадір түніне байланысты жайларды келтірмей отырмын. Бұл жалғыз мен емес, үлкен ғылыми институт назар аударуға тұрарлық мәселе болуы керек еді.

Қадыр есімімен үндес кейіпкерлері бар аңыздар Мысыр елінде, Жапонияда, Теріскей түркілерінде де (американдық үндістерде) кездеседі. Мысырда, Қадыр Атлант аталып көкті құлатпай тіреп тұрған Атлас тауы кейпінде сомдалады. Жапон аңыздарындағы Ходери мен Хоори жайына келсек, Ходери «маздаған от» – балықшылар мен теңіз құдайы болса, Хоори «отты сөндіруші» - аңшылық пен таулардың құдайы болыпты. Аңызда Хооридің Ходериді жеңетіні айтылады. Бұл жерде алдыңғы сілтемедегі еңбектің авторы, Хоориді Атлант, ал Ходериді Гадир (Қадыр) деп жорамал жасайды.

Қалай болғанда да Гипербөрі де, Қызырлы мекен Атыланты да қазақы-түркілік мекен. Ал Атлантының қалай құрдымға кеткенін айтудың бұл жерде маңызы аз. Себебі, бұл тақырыптарды қозғаудағы мақсатым есте жоқ ескі заманда да қазақы-түркілік іздер болғандығынан хабардар ету ғана. Ал алдыңғы бөлімде бұл ойларым еуропацентризмге қарсы тұрудан туындаған адекваттық қарама-қарсы қадамға алып келгендігін айттым. Дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалық жайттар бола тұра, әу баста жоспарланған қысқаша тарихи жайттар ұлғайып бара жатқандықтан, бұл жағдай авторды алдағы уақытта арнайы жеке кітап дайындауға жетелей отырып, тарих тұрғысындағы мәліметтер бұл жерде ықшамдалып берілуде. Осылайша, Атыланты жайлы ойларымызды аяқтай отырып ол жөнінде кезінде оралымды ойларымен бөліскен замандасым, артына тұщымды дүниелер қалдырып кеткен тұлға Әмірхан Балқыбектің[9] ойларын да ортаға сала кетейін. Ә. Балқыбек Атылантының құрдымға кетуіне топан су жүруі, зілзала мен жанартау атқылауы себеп болуын жоққа шығармай, өз пайымдарын Тәурат жазбалары мен Құран сүрелерімен негіздейді: «Оларға апат әмiрiмiз келген сәтте, ол жердiң үстiн астына келтiрдiк. Сон­­­дай-ақ үстерiне ерекше әзiрленiп қыздырылған тас жау­­дыр­дық», - деген һұд сүресін мысалға келтіреді. Атыланты сөзіндегі Ат не Ад түбірлерін негізге ала отырып, грекше аталуы өзгеріске түсуі мүмкін екендігін көрсете отырып Атыланты тұрғындары Құранда көрсетілген «Ғад» қауымы болуы мүмкін екендігін де көрсетеді. Ә. Балқыбек ойларындағы назар аударуға тұрарлық салыстырмалы дерек: ұзын бойлы деп сипатталып жүрген атылантылықтар болмысының Құранның «Ағраф» сүресінен көрініс табатыны: «Сол уақытта Алла сендердi Нұх қауымынан кейiн орынбасар қылып, әрi тұлға жаратылысында да артық қылды». Құранда айтылған Ғад қауымын тарихи шындықтан іздей отырып Ә. Балқыбек құранның ақиқат екендігіне көз жеткізеді. Ол Ғад қауымын – б.д.д ХҮIII-ХII ғ.ғ. ғұмыр кешкен, Грекия мен Мысырдың зәре құтын қашырған адуынды мемлекет Хат (Хэт) мемлекетi болуы мүмкін деген батыл қорытынды жасайды. Ә. Балқыбектің бұл байламдарының да қисынға келетінін атап өтсек болады. Ғылыми басылымдарда Хэт империясының түркілік болғаны жөніндегі дәлелдер бірненше мәрте жарияланды. Автор да осы пікірде.

Перу халықтарының бір аңызы бойынша Алла-сюйу жеріндегі Качапукара мүсінге табынып кеткен Ямквисапа тұрғындарының бейберекет кетуінен долданған Тонапа құдай мүсін мен төбені де жермен-жексен етіп олардың жерін үлкен көлге айналдырып, халқын суға кетіріпті-мыс.[10] Бұл да Атыланты жойылуы жайындағы бір миф. Бұл жерде аңыз желісінен бөлек ондағы атауларға назар аударып отырмын. Тонапа, Качапуқара, Алла-сюйу (Алланы сүю, бәлкім Ала сай) атауларының қазақы-түркілік екені сезіліп-ақ тұр.

Міне оқырман тек қана еуропацентристік көзқарасқа тосқауыл қойып түркіцентристік идеяны негіздеуге бола айтпақ болған бір ғана ойым басқа да төркіндес ойлар туындатып отыр. Тарихи шындықты адекватты түрде зерделеу тұрғысында жазылып отырған бұл пайымдарым ресми, ғылыми тарихқа аз да болса көмегін тигізіп жатса – бұл тарихи әділеттіліктің салтанат құруы фактілерінің бірі болар еді.

Осылайша 12 мың жыл бұрын, бәлкім одан бұрын ізін жоғалтқан Гипербөрі мен Атыланты атты прототүркілер өркениетінің тамыры сең жібіп, мұз құрсауынан босап шыққан соң қайта өзек жіберіп, жайқалып барып, еуропацентризмнің қою бұлты тұмшалаған соң қайта сола жаздағандай еді.

Гипербөрі мен Атыланты құрдымға кетіп қайта түлеген ПРОТОТҮРКІ өркениетінен: ПРОТОқазақ, БАСқазақ, АТАқазақ, АҒАқазақ, БАБАқазақ, АЛҒЫқазақ, АРҒЫқазақ, АРХИқазақ, ТҮПқазақ, ТҮПКІқазақ, ТҮРКІқазақ өркениетінен қалған бір жұрнақ болса, ол екінші жазбамда көрсеткенімдей, сөзсіз ТАЙМЫР атауы болса керек. Таймырдан өрбіген бір бұтақтан поляр бойлай жағалай жүрген прототүркілердің бір бөлігі Пиреней тұсына келсе, теріскейге қарай жайылған бұтақ өркенін Америка құрлығына жіберсе керек-ті. Негізгі өзекті бұтақ Еуразия төрінде, үш Алтай көгінде жайқалған. Осылайша, бұл кезеңде, бәлкім 22 мың жыл бұрын Теріскей түркілері (Американдық үндістер) жаңа қоныстарына орнықса, Сібір[11] мен Шумер түркілері қос өзен маңына орналасады.

Таймыр жайында қысқа ғана жазып отырғанымның мәні осы бір ғана сөз арқылы бүкіл түркі болмысының айқын болып тұрғандығында. Таймыр сөзі біріншіден, қазақша «ТАМЫР» мағынасын білдіреді. Бөрілі мекен мен Арық (Арктика) жағасынан тереңге бойлай бастаған қазақы-түркі алып бәйтерегінің тамыры бұл. Екіншіден, денемізге қан жүгірткен қан «тамыры» мағынасын білдіреді. Үшіншіден, Арықтыға тоғысқан арықтардың (өзендердің) Жер Ананың «қан тамыры» екендігін көрсетіп тұрған қазақы-түркілік атау. Тамырдан өрбіген негізгі екі бұтақ жайын Алла қаласа төртінші жазбада өте қысқаша сөз етпекке ниеттімін.

[1] ru.wikipedia.org

[2] Поспелов Е. М. Географические названия мира: Топонимический словарь. — 2-е изд., стереотип.. —М.: Русские словари, Астрель, АСТ, 2001

[3] subscribe.ru: Исторические следы загадочных гипербореев

[4] www.historiar.ru: Происхождение и гибель Атлантиды. Датировка существования и гибели Атлантиды

[5] www.halyk-gazeti.kz: Құпияға толы Атлантида қайдасың?

[6] www.redov.ru: Льюис Спенс .Атлантида. История исчезнувшей цивилизации

[7] atlantida.livejournal.com: Олег Гуцуляк. Тайна имен атлантов

[8] atlantida.livejournal.com: Олег Гуцуляк. Тайна имен атлантов

[9] Ә. Балқыбек. Қасқыр құдай болған кез. А. «Тұран». 2008

[10] www.redov.ru: Атлантида. История исчезнувшей цивилизации

[11] Сібір мен Шумер үндестігін О. Сүлейменов зерттеулерінен біле аласыздар

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір