• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 00:03:28
Алматы
+12°

20 Қаңтар, 2015 Алаш-Орда

Шу – римдіктер Құдай санаған түріктердің түп қазығы

       «Қазақ елі-550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

       «Қазақ елі-550 жыл» шығармашылық бәйгесіне

Басы Алтайдан шығып, өнер-білімге ерте қол жеткізген түріктер, өз заманында теңдесі жоқ әскери күшке ие болып, Еуразия даласын ат тұяғының дүбіріне толтырыпты.

Б.д.д. XV ғасырда қазіргі Италия жеріне Кіші Азиядан барып, Этруск өркениетін орнатқан халық өздерінің бас құдайын Тұран-жаратушы деп атаған. Оларды гректер Этруск-турск-түрк деп атаған.

shu

Рим қаласының негізін қалаған этрусклер Рим қаласының символы деп екі егіз баланы емізген қаншық қасқырдың мүсінін салыпты. Бұл олардың Тұраннан шыққан түріктер екенін білдіреді.

Солтүстік батыста Еуропаға жетіп, гректердің тілінде кентавр (атқа жабысып қалған адам) деген атауға ие болса, Оңтүстік батыста Мысырды бағындырып, жылқы ұстайтын көшпенді халық-Гиксостар деген атпен әлемге танылыпты. Оңтүстік шығыста «Аспаннан түскен КӨКТІҢ ұлдары» деген атпен Қытайды билеп, теңдесі жоқ керемет пирамидалар салса, Оңтүстікте Индияны мәңгілік мойындатып кетіпті.

Үндінің тұңғыш президенті Джавахарлал Неру: «Еуразия даласында жауынгерлігімен мақтана алатын жалғыз халық бар, олар-түріктер» деп жазыпты. Қазіргі Индия ақсүйектерінің шамамен 40%-і R1a1 гаплогруппа иелері-түріктер. Еуропадан жеткен жалғыз жиһангер Ескендір Зұлқарнайынға өршелене қарсылық көрсеткен үнділер, түркілер келгенде көп қарсылық көрсетпеген. Сондықтан түрік билеушілері Үнді елін оп-оңай бағындырып отырған.

Солтүстікте түріктер б.д.д.IV-III мыңжылдықтардың өзінде қазір «Арқайым-Сынтасты өркениеті» аталған ондаған керемет қалалар салған. Қазақстанға қарасты Оңтүстік Орал және Батыс Сібірдің оңтүстігінен ғалымдар жоғары өркениет ошақтарының орнын тапты.

shu

А.К.Нарымбаева «Арқайым-прототүріктер салған әлемдік өркениет ошағы» атты еңбегінде «Әлемдегі ең көне өркениет-прототүріктік арқайым-сынтасты өркениеті болып табылады. Батыс пен Шығыстың барлық қалған көне өркениеттері осы өркениеттің негізінде пайда болған.» деп көрсетеді.shu

Әбу Райхан әл-Бирунидің «Сувар-и акалим»(Әлем климатының суреті) атты еңбегіндегі деректер бойынша Тұран елінің атақты билеушісі Алып Ер Тоңға (парсыша аталуы – Афросиаб) көптеген ғажайып қалалар салдырған. Солардың біріншісі, Тұран елінің басты астанасы Афросиаб (Самарқан) қаласы болса, екіншісі Ханбалық (Баласағұн) қаласы делінеді. Қаланың Ханбалық (патша қаласы) аталуына қарағанда бұл қала Алып Ер Тоңға патшаның жазғы тұрағы болса керек.

shu

Тұранның басты қарсыласы Мидия (кейіннен парсы) патшалығы. Ол кезде түріктер мен Мидия мемлекетінің шекарасы Амудария өзені арқылы өтетін. Алып Ер Тоңғаның екі астанасы: бірі Ханбалық (Ханның қаласы) аталса, екіншісі Афросиаб деп патша атымен аталыпты.

Енді осы екі қалаға тоқтала кетейік. Екі қала да Алып Ер Тоңғаның астанасы. Бірінші астана Афросиаб қаласы болса, онда екінші салған қаланы Ханбалық-Ханның қаласы атамас еді ғой. Афросиаб деп атап, мемлекеттің бас қаласына айналдырғанына қарағанда және ханның атын бергеніне қарағанда ол қаланы Афросиабтың салдырғаны шындық. Ал бұрынғы астана Ханбалық атымен жазғы орда есебінде қалып қойған сияқты. Алдыңғы Азияда Шумер өркениетін орнатып, алдыңғы Азия халықтарына өркениетті үйреткен, қытай жеріндегі керемет пирамидаларды салған, Орталық Азияда Арқайым сияқты қалаларды салған түріктер қала салу ісін Алып Ер Тоңғадан әлдеқайда бұрын бастағаны даусыз. Б.д.д. VIII ғасырда пайда болған Мидия патшалығы қауіпті жауға айналған соң Алып Ер Тоңға патша Соғдиана аймағынан қала салып, өз атын берген десек ақылға көбірек қонады. (Археолог ғалымдардың дерегінше Самарқан қаласы б.д.д. VIII ғасырда салынған. Тіпті, кей деректерде б.д.д. 742 жыл деп нақты көрсетеді) Ал Ханбалық бұрыннан бар астана. Бұлай дейтін себебіміз, бір патшаның екі астана салдыруы көңілге қонбайды. Әбу Райхан әл-Бирунидің «Алып Ер Тоңға патшаның екі астанасы болды. Бірі Афросиаб, екіншісі Ханбалық» дегеніне қарағанда, Ханбалық бұрынғы астана. Шу өлкесіне салынған бұл Ханбалық қаласы кейінгі кезде Баласағұн деп аталған.

shu

Әлемге аты танылған Тұран елінің патшаларының астанасын Шу өңіріне салуы көп сырды аңғартқандай. Енді осы Шу өңіріне қатысты мәліметтерді қарастырып көрейік:

Алдыңғы Азияға өркениетті үйреткен Шумерлер түрік текті халық екені даусыз дәлелденген. Шумерлер өздерін «Қара бастылар» деп атаған. Қазір ең алғашқы алфавиттік жазуды ойлап тапқан шумерлер деп саналады. Қазіргі күнге белгілі ең көне кітап шумерлердің қыш кітаптары. Шумерлер керемет қалалар салған. Алдыңғы Азиядағы Ассирия, Вавилон, Аккад өркениеттері Шумерден бастау алады.

Тарихшылар Шумерлер солтүстіктен келген дейді. Өздерін солтүстіктегі Шу жерімен байланыстырып Шумер-(Шу-иер)-(Шу-жер)- Шу жерінен шыққан халық деген десек ешкім қарсы бола қоймас.

shu

  • Қазіргі Ресей жерінде тұратын Шуваш халқы түрік текті халық. Олар өздерінің арғы аталары Орталық Азия аймағынан келген, бұрынғы мекендері Шу басы деген жерден шыққандықтан Шубасы- Шуваш болып аталатындықтарын айтады. Бүткіл Еуропаға аты шыққан шығыстанушы саяхатшы, Ресейде қытайтанудың негізін қалаған қытай тілінің маманы- Иакинф- Никита Яковлевич Бичурин(1777-1853) шуваш ұлтының көрнекті өкілі.
  • Шу өңірінде салынған тағы бір қаланың аты-Шу батырдың атымен Шу қаласы деп аталады. Шу батырдың тарихы бұрын белгісіз болып келгендіктен ол туралы кеңірек баяндағанды жөн көрдік.

                             Шу батыр

 

                           Көнеден қалған жол жатыр,

                             Бабалар салған ізі бар.

                             Тарих та терең қатпарлы,

                             Көктемі, жазы, күзі бар.

 

                             Бабалар өскен жерұйық,

                              Ұлы Дала аталған.

                             Болмаған кенде Құт Қоныс,

                             Кең жайлау, байтақ шаһардан.                

                            Досқа адал, жауға қаһарлы,

                             Жауынгер халық аталған.

                             Тарихта қалған қаншама,

                               Елі үшін туған қаһарман

                                                           Б.Бейсенбай

   Біз бұған дейін көне тарихымызды жазба деректері сақталған грек, парсы, қытай деректеріне сүйеніп айтып жүрсек, өз халқымыздың да бірлі- жарым сақталып қалған деректері бар екен.

   Солардың бірі-еркін сақтар мен Ескендір Зұлқарнайынның соғысын баяндайтын «Шу» дастаны. Бұл дастанның толық мәтіні бізге жетпеген. Бұл дастан туралы мәліметтер Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари, Әбу Райхан әл-Бирунидің еңбектерінде, ал ең негізгісі Түркия ғалымдарының еңбектерінде көбірек кездеседі екен.

   Алып Ер Тоңғаның басты жауы парсылар, парсы патшалығы. Ал «Шу» дастанында осы парсы патшалығын жаулап алған атақты грек қолбасшысы Ескендір Зұлқарнайын мен еркін сақтардың соғысын баяндайды. «Шу» дастанының басты кейіпкері- сақтардың жас батыры Шу батыр.

Шу батыр- еңсегей бойлы, қақпақ жауырынды, өткір көзді, түсі суық, шашы ұзын, білектерінде бұлшық еті ойнаған, сақал-мұрты енді ғана тебіндеп келе жатқан бала жігіт ретінде бейнеленеді.

shu

Шу батырдың мекені-Шу өзенінің жағасына орналасқан, әрі байырғы астана Баласағұн қаласының маңына жаңадан салдырған Шу қала-қамалы.

   Бұл кезеңде Соғдиана парсы патшалығының, кейінгі Ескендір Зұлхарнайынның қолында. Парсылар мен түріктер арасындағы шекара шығысқа Сырдария өзені бойына жылжыған. Самарқан- Мараканда- бұрынғы Афросиаб қаласы шекараның батыс бетінде, парсылардың қолында қалғандықтан, бұл кездегі сақтардың астанасы Ханбалық-Баласағұн қаласы.

Кейбір тарихшылар Шу батырды ел билеушісі, қаған деп атайды. Бірақ жырда «Шу батыр» деп атайды. Әрі ол астана қала Ханбалық- Баласағұнда емес, шағын қала-қамалда тұрады.

Грек тарихшысы Арриан өзінің «Александр жорығы» атты кітабында мынандай дерек келтіреді, «(Ескендір Зұлқарнайын мен сақтардың соғысынан кейін) ...жуық арада Александрға сақ патшасынан кешірім сұрап елшілер келді. Бұл бүкіл сақ халқы емес, бір топ қарақшылар мен тонаушылардың әрекеті. Патша болса Александрдың айтқанын орындауға дайын еді. Александр оған сыпайы жауап беріп, оған сенетінін айтты.»

shu

Бұдан көріп отырғанымыздай, Ескендірмен соғысқан сақ патшасының әскері емес, жалындаған жас батырларлардан құралған ерікті жасақ. Басшысы жас ханзада Шу батыр. Ал нағыз сақ билеушісі Ескендірді қауіпті жау санамаса керек, бұл соғысқа қатыспаған да.

Себебі б.д.д.331жылы Гавгамель қыстағы жанындағы Ескендір мен Дарийдің соғысына, парсы патшасының өтініші бойынша екі мың сақ сарбазы қатысқан. Осы соғыста гректердің 60мың әскеріне қарсы Дарий бірнеше есе көп әскермен соғысады. Рим тарихшысы Квинт Курций Руф «Александр Македонский тарихы» атты еңбегінде осы соғыста парсы патшасы Дарийдың 200мың жаяу және 45мың атты әскері және 200әскери орақты күимесі қатысты дейді.

Ал грек тарихшысы Аррианның мәліметі бойынша Дарийде 1миллион жаяу әскер, 40мың атты әскер, 200орақты күйме және 15соғыс пілі қатысқан.

Бар жоғы 60-ақ мың Ескендірдің әскеріне қарсы, осыншама көп әскермен соғысқан Дарийдың жағында 8 мың бактриялық атты әскермен бірге сақтардан көмекке келген 2-ақ мың сақ сарбаздары соғысады. Осы 2 мың сақ сарбаздары 8 мың бактриялық атты әскердің қолдауымен, Ескендір әскерінің оң қанатының тас- талқанын шығарады. Ескендір оң қанатқа сақтарға қарсы қанша әскер төксе де, олар сақтарды тоқтата алмай, қырғынға ұшырайды.

Руф бұл жайлы: «... қарсы ұмтылған қаба сақал, ұйпа- тұйпа шашты, ұзынтұра, әрі денесі шымыр скифтер мен бактриялықтар көзге түседі. жауынгерлер (македондықтар) болса байсалдылықтан гөрі сәл себептерден үрейленеді», - деп бейнелесе;

   Ал Арриан «... кескілескен атты әскер шайқасы басталды. Александр әскерінің қатары көбірек сирей бастады, өйткені варварлар санының көптігімен қыспағын күшейтті, оның үстіне скифтердің өздері де                                         

олардың аттары да темір қалқанмен мұқият қорғалған болатын»,- деп сылап- сипайды.

shu

Сақтар Ескендір әскерінің тылына өтіп кетіп, тұтқындарды босатып жібереді. Олар жаппай қаруланып, грек әскерлерін қыра бастайды. Сақтар одан әрі Ескендір әскерінің азық- түлік, қару- жарақ тиелген керуендерінің талқанын шығарып, патша қазынасын талан таражға түсіреді. Бұған дейінгі екі соғыста (Граникте және Иссыдағы соғыстарда) парсы әскерін оп-оңай ойсырата жеңген Ескендірдің жағдайы тым қиындап бара жатты. Дарий жеңістің аз ақ алдында еді. Ескендірді мұндай қиын жағдайдан өзінің көзсіз батырлығы мен Дарий патшаның қорқақтығы құтқарды.

Жағдайының тым қиындап бара жатқанын сезген Ескендір, оң қанатты тастай сала, өзінің таңдаулы гвардиясымен Дарийдің тура өзіне ұмтылады. Себебі, бұдан бұрынғы Иссыдағы соғыста да Дарий соғыс аяқталмай жатып, Ескендірдің тура өзіне жасаған шабуылынан қорқып, бар әскерін тастап қашып кеткен болатын. Бұл жолғы Ескендірмен үшінші соғысқа (әрі ең соңғы соғысына) Дарийдің дайындығы қапысыз еді. Қаншама көп әскер жиналған болатын. Екі- ақ мың сақ сарбазының кесірінен, өзінің жағдайы өте қиынға айналғанын түсінген Ескендір, таңдаулы гвардиясын өзі бастап, жанын сала Дарийдің тура өзіне ұмтылады. Дарийдің қорғаушылары мен «өлімге бас тіккендері» қанша жанталасқандарымен, Ескендір гвардиясының екпінін тоқтата алмайды. Тура өзіне жанталаса ұмтылып, жолындағысын өрттей жапырып келе жатқан Ескендір гвардиясының екпінінен шошынған Дарий, әлі соғысқа да қатыспаған қанша әскерінің бар екеніне қарамастан, қорғаушыларымен ұрыс даласын тастай қашады. Бұдан кейін де ұрыс біразға созылады. Ақырында патшасы қашып кеткен үлкен әскер бет- бетіне тарап кетеді. Кейбіреулері Ескендірге қосылады. Ал сақтар Ескендір Зұлқарнайынның керуенін талап, еліне қайтып кетеді.

Жүздеген мың әскердің арасындағы екі-ақ мың сақ әскері гректерге осынша ойран салғаннын, Ескендір еш уақытта ұмытпайды.

Әрине, бұл Гавгамель қыстағы қасындағы соғыстың жай жапсары, Қосмүйіз атанған жаулап алушының әскерінің жауынгерлік қабілеті қандай екенін, осы соғысқа қатысқан екі мың сарбаздан, сақ билеушісі естіп білгені анық. Сондықтан да, Ескендір әскерімен ерікті жасақтарымен жас ханзада ғана соғысқан.

Ескендірдің еркін сақтармен соғысқысы келмегенін, Еуропа тарихшыларының өзі де мойындайды. Ескендір алғашқыда, Сырдария өзенінің жағалауына өз атынан бір бекініс қала салдырып, шекараны нығыйтып, оңтүстікке қарай аттанып кетпек те болады. Бірақ еркін сақтарға арқа сүйеген соғдалықтар, қайта-қайта көтеріліске шыға берген соң, ыза болған Ескендір амалы таусылып, өзеннен өтіп сақтарды талқандамақ болады.

Бұл уақытта Сырдария өзенінің оң жағалауына көптеген сақ еріктілері жиналып қалған болатын.

Арриан былай дейді: «Ескендір өзеннен өтпек болғанда, бұған дейін көрсетпеген мінез көрсетіп, қорқатынын білдіріп алды. Ол екі рет сәуегейге бал аштырады. Екеуінде де сәуегей Аристандр бұл өзеннен өтпеуге кеңес береді. «Бұл өзеннен өтіп, сақтармен соғыссаң бір бәлеге тап боласың. Бұл жауынгер сақтарды ешкім де жеңіп көрген емес. Оны Гавгамель түбіндегі ұрыста өзің де көрдің ғой» деп Ескендірді тоқтатқысы келеді».

Бірақ Ескендір «бүкіл Азияны бағындырып келіп, сақтарға Ксеркстің әкесі Дарийдің мазақ болғанындай, оның да мазақ болғанынан гөрі өлгенінің артық екенін айтып» соғысуға бел буады.

Ескендір он екі мың сал жасатып және көптеген мес байлатып әскерін Сырдариядан өткізіп, сапқа тұрғызады.

Одан ары Македондықтар мен сақтардың соғысын Арриан былай деп баяндайды: «Ол алдымен сақтарға қарсы бөтен елдік әскерлердің бір гиппархиясын және сариспен(жеті метрден асатын ұзын найзамен)

қаруланған төрт ил әскерін жібереді. Сақтар оларды қоршап алып қырып тастайды.»

Енді Ескендір атты әскерінің арасына жаяу садақшыларын араластырып, бар әскерімен шабуылға шығады. Сансыз көп парсы әскерін үш рет жеңген Ескендірдің әскері көп болса керек. Оның үстіне сақтар жағында бұл соғысқа барлық патша әскері емес, аз ғана ерікті жасақ қатысқан.

Сақтар бұл жолы өздерінің сүйікті тәсілі қаша соғысу әдісін қолданады. Алысқа ұшатын ауыр садақ- арбалетпен қаруланған Ескендірдің жаяу әскері

артта қалып, Ескендірдің өзі басқаратын атты әскер ұзап шыққан кезде, сақтар кілт бұрылып, қайта тарпа бас салып, грек әскерін қырғынға ұшыратады. Ескендірдің өзі бірнеше жерінен ауыр жарақат алып, қорғаушыларының жанкешті әрекетінің арқасында ғана әзер деп қашып құтылады. Сол күйінде өзеннен қайтып өтіп кетеді.

   Еуропа тарихшылары бұл масқара жеңілісті жасыру үшін түрлі сылтаулар ойлап табады. Грек тарихшысы Арриан «Ескендір патша соғыс кезінде жаман су ішіп қойып, содан «іші өтіп» ауыр жағдайда қайтып оралды» десе, Рим тарихшысы Руф «Ескендірдің ескі жарақаты қатты ауырып, соғысқа жарамады. Сондықтан ол бар әлінен айырылып, күші кетіп лагерге қайтып оралды» дейді. Қалай болған күнде де, бұл соғыста Ескендір

сақтарды жеңбек түгілі, өз жағдайы өте ауыр күйде оралғаны даусыз. Бұдан кейін Сырдың бергі бетіне аяғын қайтып баспайды.

shu

Ал дәл осы оқиғаны түріктердің «Шу» дастанында былай баяндайды:

«Шу» дастанында алдымен оқиға болып отырған өңірдің көз тартатын

ғажайып табиғат көріністері, бау- бақшалар, егістік жерлер, айдынында аққу құстар қиқу салған көлдер, өзен бойында қалың болып өскен қамыс –құрақтар суреттеледі. Кең жазық далада ойнақ салған сансыз көп арқар, бөкен, барыс, арыстан сияқты аңдар суреттеледі.

      Шу дариясы береке,

       Қаз-үйрегі қаптаған,

       Арқар, киік сусындап

       Жағалауда ойнаған.

       Аққу құстар қалықтап,

       Дегелектер ойнаған.

       Қалың қамыс ішінде

       Жолбарыс жатыр жол аңдып,

       Арыстан жатыр аң аңдып.

Байырғы Баласағұн шаһарының маңайынан жас әмірші Шу батыр жаңадан салдырған Шу қала-қамалы суреттеледі. Шу батыр әрдайым, қысы-жазы көктемнің күніндей жайқалып тұратын, өзінің ғажайып бау-бақшасы ішінен, айналасы ат шаптырым, аса үлкен күміс хауыз салдырады. Ол хауызда көптеген үйрек-қаздар, аққулар қысы-жазы жүзіп жүреді екен. Ал Шу батыр қолы босаған сәттерде осы хауызға келіп, ондағы құстарға қарап,терең ойларға шомады. Дастанда Шу батыр осы киелі құстардың қимыл-әрекетіне қарап отырып өз елінің болашағын болжап біледі. Мысалы, дастанда Шу батыр сақтар еліне қалың қолды бастап Ескендір Зұлқарнайын келе жатқанын хауыздағы суға қарап отырып күні бұрын біледі. Алайда жұртты дүрліктірмеу үшін өзінің болжамын ешкімге айтпайды. Ескендірдің әскері Ходжент (Сырдария) өзенінен өтті деген хабар келгенде ғана, Шу батыр, оған

қарсы өзінің қырық нөкерін жұмсайды. Жарты әлемді жаулап алып, талай қанды қырғынды басынан өткізген Ескендір, сақтардың майданға қырық жігітті шығарғанын көріп, өзі де ең таңдаулы қырық нөкерін шығарады.

Шайқастың басында, жекпе-жекке шыққан Ескендірдің бір сарбазын, Шу

 shu

батырдың бір нөкері қас-қағымда, қақ белінен қылышпен шауып тастайды. Сонда өлген гректің кесіліп кеткен былғары белбеуінен, бір уыс алтын жерге шашылып кетеді де, оған әлгі нөкердің қаны шашырап кетеді. Сонда нөкерлер «Алтын қан болды!» деп айқайлайды. Содан сол соғыс болған жер «Алтынқан» деп аталып кетеді.

Сонымен кең жазира жазықта қым қиғаш қанды майдан басталып кетеді.

     Ашуланды Көк Тәңірі

       Бетін бұлтпен бүркеді,

       Қаһарлы даусы гүрілдеп,

       Жарқ-жұрқ етіп от шашты.

       Көлде жүзген қаз, үйрек

       Пана таппай шуласты,

       Бөкен, арқар, киіктер

       Жалтақ-жалтақ қарасты.

       Жолбарыс пен арыстан

       Сүңгіді қалың қамысты.

       Шайқасқа шықты Шу батыр

       Бермеу үшін намысты.

       Лек –лек жасақ тоғысты,

       Аспан мен жер қағысты.

Ал дастанда Ескендір патша өзінің ең таңдаулы қырық нөкерінің жеңілгенін мойындап, Шу батырмен бейбіт келісім жасайды. Тіпті екеуі достасып кетеді.

         Айналаға от жағып,

         Қараңғыны қашырдық.

         Кеше шайқас кезінде

         «Қан ішетін» қорқақты

         Биік таудан асырдық.

         Көктен тілеп күш-қуат,

         Тәңірі бізді қолдады.

         Тізе бүкпей тік тұрды

         Көк бөрінің ұлдары!

Дастанда Шу батырдың алуан түсті жібекпен сәнделген, төбесі көкпен тілдескен, он екі қанат көк ордасы-көк жібек шатыры бейнеленеді. Бұл көк орданың айналасындағы, саф алтынмен апталған биік діңгектер ұшына іліп қойылған әшекейлі құмыра ішіндегі хош иісті май, қараңғы түсісімен лаулап жанып, айналасын жап-жарық етіп тұрады. Шу батырдың он екі қанат көк ордасын он екі салт атты батыр күндіз-түні күзетеді.

Осы Шу батыр салдырған қаланың кейінгі атауын ғалымдар Суяб қаласы дейді. Суяб (Суң йаб-чу суы-шу суы)-дегенді білдіреді дейді.

 

  1. Еуропалықтар сонша дәріптеген Ескендір Зұлқарнайынды сақтардың ерікті жасағының өзі масқара қылып жеңгенін Шу дастаны да, грек тарихшысы Арриан да мойындап тұр. Және жасақты басқарған батырдың атын да білдік. Ол Шу батыр.

 

2) Шу батыр бастаған жалындаған жастардан құралған сақтардың аз ғана жасағы Ескендір Зұлқарнайынның «ішін өткізіп» қуып тастайтын шайқас қазір «Ұлылардың Отаны», «Қазақ өркениетінің алтын бесігі» аталған Отырар өлкесінде өткен.

Алғашқыда Ескендір, Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасындағы Орта Азиядан Ұлы Далаға апаратын өткел бойындағы қорғаныс шебін нығайтып, өзінің Александрия Асхата (Шеткі Ескандерия) атты бекініс қаласын салып, сақтармен соғыспай, оңтүстікке аттанып кетпек болады. Сырдария өзенінің сол жағалауында бұрынғы парсы империясының сақтармен шекарадағы қорғаныс шебін құрайтын жеті қорғанысты қаласы болатын. Олардың бірі Кир салдырған Кирополь қаласы болса, екіншісі Газа қаласы. Қалғандарының аттары белгісіз. Ескендір сегізінші қаланы салып, оны Шеткі Ескандерия деп атайды.           Сырдария өзенінің оң жағалауында атой салған сақ еріктілеріне арқа сүйеген соғдалықтар қайта-қайта көтеріліске шыға берген соң, ыза болған Ескендір өзеннен өтіп, сақтарды талқандамақ болады. Соғыс Сырдария өзенінің оң жағалауында, қазіргі Отырар маңында өткен.

 

1) Шу батырдың туын тіккен ордасы-Шу қаласы Шу өзені бойында, Шу алқабында. Алып Ер Тоңғаның жазғы астанасы, Ескендірдің заманында сақ патшасының да астанасы осында болған. Ерте замандарда батысқа кеткен шуваш халқы өздерінің халықтық атауын Шу басымен байланыстырса, әлемдегі ең көне өркениет иелері Шумерлер де өздерінің халықтық атауын Шу жерімен байланыстырыпты.

   Арада 1800 жылға жуық уақыт өткенде, Қазақ хандығының алғашқы туы осында тігілуі кездейсоқ болмаса керек. Ырымшыл бабалар жаңа хандықтың Ордасын осында тіккенде, «Даңқты бабалар аруағы желеп-жебей жүрсін. Жас хандығымыз даңқты бабалар аруғына сай МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛСЫН!» деген мақсат қойса керек.

Иншалла, аруақты бабалардың тілеуі қабыл болып,

қазіргі ұрпақтары даңқты бабаларына сай болып,

КӨК ТУЫМЫЗ МӘҢГІЛІК ЖЕЛБІРЕЙ БЕРСІН!!!

10.01.2015 жыл

 Beisenbai Bekzhan

Бейсенбай Бекжан Кәленұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір