• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:04:22
+12°

14 Қаңтар, 2015 NEWS

«Гаи» Құдай болды, халық қурай болды...

«Гаи», «Маи» деп аталып жүрген жол сақшыларымыз осы күндері «жалаңдап» кетті. Бір атамның сөзімен айтсақ, өз халқын «жауша» талап жатыр. Олардың түсінігінше,...

«Гаи», «Маи» деп аталып жүрген жол сақшыларымыз осы күндері «жалаңдап» кетті. Бір атамның сөзімен айтсақ, өз халқын «жауша» талап жатыр. Олардың түсінігінше, түсінде көруінше дейміз бе, Қазақстанның жолы мен көлігі әлемдік стандарттан да асып кеткен сияқты. Әйтеуір тәртіптері қатаң, тәбеттері жақсы. Екі-үш мысал келтірейік.

  1. Өткен қараша айында Алматы қаласында өзі қауіпсіздік белбеуін тағынбаған жол полициясы  жүргізушіні тоқтатып, қауіпсіздік белбеуін талап еткен. Оны қойшы, көлік жүргізгеніне 5 жыл болсада бірде бір рет жол ережесін бұзбаған, бірақ байқамай «сақтандырудың» уақытын өткізіп алған жүргізушіге 37 мың теңгені мойынына артып береді. Жүргізуші көлігін жаңадан алғанын, бір жылға 110 мың теңгеден сақтандырылғанын, тек көрсетуге арналған «страховка» қағазының уақыты өтіп кеткенін айтсада, полиция мырза ол сөздерді құлағына ілмеген. Сондай-ақ, хаттаманы орысша толтырып, қол қоюды талап еткен. Ал жүргізуші болса мән-жайды түсіндіріп, «хаттамамен келіспеймін» деп қол қойып берген. Нәтижесінде базадан  «сақтандырудың уақыты өткеніне» байланысты 37 мың теңге айыппұл көрсетіпті. Сонда «ременге» тоқтатқан жолполдың мұнысы несі? Әлде жүргізушінің «хаттамамен келіспеймін» деп жазып бергені еш жерде қаралмай ма?43339_n
  2. Ал мына әңгіме Алматы мен Талғардың ортасында жүрген кез келген жүргізушіге әбден таныс болса керек. Талғар трассасы – арлы-берлі екі көлік қана жүре алатын тар жол. Алдыңызда «сынып» келе жатқан көлік немесе 40-пен жүруді әдетке айналдырған «әдемі келіншек» кетіп бара жатуы мүмкін. Сіз 20 километр бойы «алдыңғы арба» қалай жүрсе, солай жүру керексіз. Басқа жол жоқ. Ал айналып өтпекші болсаңыз, көлігіңіздің соңында «полиция шырағын» жақпаған, ақырын ғана дендеп келе жатқан жол полициясы сап ете қалады. Немесе жол шетіндегі ағаш пен үйлердің қалқасына тығылған қызыл таяқтар жарқ ете қалады. «Бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылатыныңызды» ескертеді. Сосын қалай болсада, құтылуға тырысасыз. Әйтеуір құтылып шығасыз. Бірақ қалтаңыз «тесіліп қалады».
  3. Жақыннан бері көліктегі балалар орындығы жөнінде дау ушығып тұр. Баласы жоқ, әуелі келіншек алмаған бір жүргізушіні тоқтатқан жол полициясы балалар орындығы әрбір көлікте болуы керектігін, баласы жоқ болса, «багажға» салып жүруі керектігін айтқан. Сасып қалған жас жігіт жолполдың «жолын» беріп құтылыпты. Ертесі ғана Қытайға заказ беріп, балалар орындығын алдырған көрінеді.

 Мұндай мысалдар шаш-етектен. Соңы қайырлы болсын дейміз. Тіпті осылай «жауша талаудың» арты әлеуметтік араздық тудырып, халықтың Елбасы мен Үкіметке деген сенімсіздігін күшейтуі бек мүмкін.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы Қазақстанда 36 мың адам көлік жүргізу құқығынан айырылған. Ал қанша жол полициясының жемқорлықпен құрықталғанын ешкім білмейді. Есесіне біздің елде «пара алмайтын жол полициясы жоқ» деген қалыптасқан түсінік бар. Бұл не сонда? Тіпті соңғы кездері жұрт арасында «Гаи» Құдай болды, халық қурай болды, сынасың, күйесің» деген мақал пайда болыпты.

 Сіз не дейсіз, оқырман?

Хазірет Әбділда

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір