• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:51:58
+12°

12 Қаңтар, 2015 NEWS

Сұлтан Тәукей. Арпалыспен өткен алты ғасыр

Монғолдың ұлы империясының шаңарағы шайқалып, 1368 жылы Юань хандығы тұсында күлдіреуіші күйреп, тарих сахнасынан бір жолата жойылуы Кіндік Азияны мекенденген...

Монғолдың ұлы империясының шаңарағы шайқалып, 1368 жылы Юань хандығы тұсында күлдіреуіші күйреп, тарих сахнасынан бір жолата жойылуы Кіндік Азияны мекенденген көшпелі көне түрік тектес тайпа, рулардың жаңа бірлестігіне жол ашты. Содан бері міне алты жарым ғасырдан астам уақыт озған екен. Шын мәнісінде Қазақ хандығына қарасты тайпа, рулардың одақтасу талпынысы сол кезден басталды деуге болады.Тарихи бұл кезеңнен соң бір ғасыр өткенде Ұлы империяның бір «отауы» Алтын орда ыдырап, Қазақ атты хандық әлемге келді. Міне, бұған да алты ғасырға жуық (Бес жарым ғасыр) уақыт болды. Сол алты ғасырдың барлығы арпалыс, талас тартыс, күреспен өтті. Бабаларымыз ел болып, ұлыс құру үшін бір күн де тыныш ұйықтаған жоқ. Бала ұйықтап, байтал жусайтын мамыражай күнді жақындату үшін, бүгінгі ұрпақтарының тыныштық ғұмыры үшін, елдің елдігі үшін жансебіл күрес жүргізді. Ұлы күрес бүгін де жалғасуда. Күрессіз жеңіс жоқ. Әрі де жалғаса бермек!... Алты ғасырдың арқалаған арманы-тек Тәуелсіздік еді. Оған да қол жетті-ау, әйтеуір! Ел азаматы үшін елдік деген ұлы мұрат, аса ауыр жүк. Тарихтың осынау ауыр жүгін арқалаай алмағандар бірлігінен, елдігінен айрылып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Жұмыр дүние шыр айналғалы әлемге талай ұлт ұлыстар келіп, талай хандықтар іссіз-тозсыз құрып кеткені тарихтан әмбеге аян. Оның дәлелі ретінде Б.З.Б. 3000 жылдарғы Месепотами даласындағы Вавилондар, ерте ғасырдағы Ассирия, Византия, Македония, Месоамерик заманында дәуірлеген Маялықтар, мың жыл бұрын дүйім дүниені дүр сілкіндірген Монғол империясы, XX ғасырда өз көзіміз көрген Фашистік Германия, Коммунистік Кеңес сияқты айдарынан жел ескен елдердің ыдырап, жойылуын атауға болады. Қазақ атты ұлт, ұлыс тарихи әр қилы кезеңдердің тепкісін көріп, талқысын басынан кешіп, сын сағаттарда мың жығылып, мың тұрса да елдігінен айрылған емес. Тек сол үшін ұлы бабалар алдында бүгінгі ұрпақ-біздер қарыздармыз. Бабалар салған сара жолдан ауытқуға, адасуға еркіміз жоқ!

Қазақ халқы көне бабаларының көшпенділік өркениетін отырықшылдық мәдениетімен ұтымды үйлестіре білген, тәңір текті, ұлы халықтардың бірі. Сонау Сақ, Хүн (Ғұн) сынды ұлыстардың ұрпағы, алтынның сынығындай, қамқаның қиығындай ұлағатты із басарлары. Қазақ хандығы 40-тан астам тайпа, рулардың одақтық бірлестігінен құралып, ынтымақ бірлікті ар ұжданындай көріп, елдігін қорғап қалды.

Алты ғасырға жуық азаттық үшін арпалысқан халқымыздың басынан баз кешіп, арқасы жауыр болғанша көтерген жүгі де, қабырғасын қайыстырған қайғы қасіреті де, жанын жегідей жеген мұң мен зары да аз болған жоқ. Оған айнала көшкен Алтай мен Алатауы, аспаралы көлі, ата суы, айдынды өзені, Ертіс пен Еділді жалғаған байтақ сайын даласы, Сарыарқасы куә! Бұған төмендегідей уәжі айтпақпыз:

Бірінші: 1470 ж.ш. қазақтар «Масаншы» деп атаған Ойраттың Тогоон тайшысының мұрагері Есен тайшының (1416.ж.ш. туған) шабуылынан бастап 1755 жылы Давач ноян Чин патшалығына қолды болып, Жоңғар хандығы құлағанға дейінгі 284 жыл бойғы қалмақ пен жоңғарлардың қанқұйлы шабуылынан қанды қырғынға ұшырады. Осы жылдары қазақ халқының 800000 адамы қырылғаны жөнінде Мұқтар Мағауин ағамыз белгілеген көрінеді. Бұл әрине, ресми статистикалық мәлімет болмаса да орынсыз есеп дей алмаймыз. 1919-1920 жылдардағы азамат соғысы, 1930-шы жылдарғы аштықтан 3,0 миллион қандастарымыз өліп, миллиондаған қазақтар қуғын-сүргінге ұшырап, жат жұртқа қоныс аударып, Дүние жүзілік екінші қанды қырғында миллион қазақ азаматы қаза тауыпты. Елден ел бөліну-еттен ет кескенмен пара пар. Егер осындай өлім-жітім, қуғын-сүргін болмаса бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы қазақ ұлтының саны өсімімен есептегенде 30,0 миллионға жетерліктей деген болжам жасалады. Ұлттық ең ауыр қасірет-елден ел бөліну, ұлт ұрпақтарының азайып жойылуы болмақ.

Екінші: Қазақ хандығы шаңарағын көтерген күннен бастап оны жөргекте үнін өшіру үшін көзі қан талап ұмтылған ел Жоңғар ғана емес. Еділдің Қалмағы, Оралдың батысындағы Орыстардың көзінің құрты қазақ даласына бағзыдан бері түсіп, қарапайым халықты қанды балақ етті. Орта жүздің Керей, Уақтарын, Арғын, Найманның, Кіші жүз бен Татар, Башқұрт, Қарақалпақтардың кейбір руларын батыс Сібірден тықсырып, 300 жылдай тыныштық көрсетпей, ақыры Зеңбіректің оғымен үркітіп, Еділ, Орынбор, Омбы, Тобыл, Қорған маңындағы ежелгі мекенінен қуып шықты. Шығыстан Манж Чин патшалығы қысық көзінің қиығын қазақ сахарасынан бір сәт те аударған емес. Қазақстан жерінің тағы бір бөлігін «Мақта өсіру» желеуімен Кеңестік жүйе Өзбектерге аударып берді. Жерден жерді жырымдау-жүректі қанжармен тілімдеумен бірдей. Егер осы жырымдау, басқыншылық, отарлау саясаты болмаса бүгінгі Қазақстанның жер көлемі 3,0 миллион кв.км-ден әлде қайда асып түсері даусыз ғой. Менің жоғардағы екі уәжімнен қайсы біреулер «терістікке» жалтақтай қарап жүрегі шайлығар, әлде «Өткенді қазбалап несі бар» деп жайып шуатын шығар. Неғылса да мұнда тарихи шындықтың ізі жатқаны құпия емес. Тек бүгінгі Украинаның киген кебін қазақтың тағдырына жазбасын деп жалбарынайық. Ұлы империялардың бір тырнағы қашанда ішінде болатынын ұмытпайық...

Үшінші: 1920-1930 жылдарғы Қазақ халқының тағдыры ел бастайтын көсемсіз, сөз бастайтын шешенсіз, қол бастайтын батырсыз қалуға жақын еді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, М.Жұмабаев сынды арыстар Сталиндік нәубаттың ажал оғына ұшырады. Батысқа бас сауғалаған М.Шоқай сынды көсемді Гитлер жендеттері Кеңес үкіметіне қарсы қойды. Оның ұшығы қазақтарға да оңай тисін бе?...Алдыңғы топ-арыстардың соңынан С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет, өнер қайраткерлерінің көзін жойды. Ұрық жұрағатын қудалады. Ұлт зиялыларының тікелей жалғасы М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, Б.Момышұлы сынды ардагер ұлдар қудаланды. Қазақ халқы тағы сүрінді, жығылды, бірақ, қара боранға қарсы тұрып қайта ұмтылды. Мың өліп, мың тірілді! Ұлы бабаларымыз «Ел болып ер туғызбай тұралмайды», «Еріне қарап елін таны» деген қағиданы бізге ескерткен-ді. Елі үшін еңіреген ұл мен қыздар 1986-шы жылғы желтоқсанда да елдіктің туын құлатпай көтерілді. Тәңірім қазақ халқынан ар намысы биік ұл мен қызды аяған жоқ. Оған да шүкіршілік,тәуба-тәуба!!!. Қазақ халқының басынан кешкен қасіреттің қайсы бірін айтып түгесеміз. Әйтеуір тәуелсіздік таңы атып, арайлап күні шықты. Қазақстан әлемдегі елдердің қатарына қосылып, халықаралық аренадан лайықты орнын алды.

Қазақстанның болашағы зор, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының белгілегеніндей «Мәңгілік ел» екеніндігін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру ұлағатты іс болуға тиісті. Қазақстан саяси демократиялық жүйені мұрат тұтқан, жаңаша мемлекеттік құрылымы бар, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың тең құқықты мүшесі, дүние жүзілік аренада өз орнын ортасынан ойып отырып иеленген, ЕврАзияны жалғаған әлемге әйгілі ұлыс. Оның экономикалық қуаты, жер асты мен үстіндегі байлығы, табиғи артықшылығы, көп ұлттық ынтымақтас халқы, қайталанбас мәдениеті мен салт дәстүр, ұлттық ерекше өнері, зиялы ұрпағы сол мәңгіліктің куәсі болмақ. Ұлт, ұлысты әлемге машһүр болдырған Керей мен Жәнібектей хандарды, әз Тәуке мен Абылайдай алғыр қолбасшыны тудырған, Абайдай ойшыл ақын, Құрманғазыдай жалынды күрескер күйші, Мұқтардай кемеңгер жазушы, Қаныштай ғұлама ғалым, Қажымұқандай күш атасы-алып, Бауыржандай ұлт жанды батыр, Шара Жиенқұловадай буыны жоқ биші, Күләш пен Роза Бағлановадай күміс көмей, жез таңдай бұлбұл әнші, Нұрсұлтандай көреген көсем... тағы тағыларды дүниеге әкелген, әлемдік өркениет жетістігіне сүбелі үлес қосқан елді «Мәңгілік» деуге неге болмас?! «Еріне қарап елін таны» деген осы!

Батыры бар ел-жаудан қорықпайды,

Шешені бар ел-даудан қорықпайды,

Төресі бар ел-ханнан қорықпайды,

Төбесі бар ел-таудан қорықпайды

деген ұлы бабаларымыздың ұлағатты ғахлиясы бар. «Төре» мен «Төбе» деп отырғаны ел бастайтын көреген көсемді меңзегені болар. Қазақ халқы батыр мен басшы-бағланнан, шешен мен көсемнен кенде қалған жұрт емес. Сол ұлылардың заңды із басарлары, бүгінгі күндері Лондон, Харбард, Токио, Париж университеттерін үздік бітіріп, еліне елеулі, халқына қалаулы бола бастаған, елін келешекке жетелейтін жеттік мамандары өсіп келе жатқан елдің келешегі зор, мәртебесі биік боларына күман келтірудің өзі күна деп ойлаймын. Әубәкір мен Талғат ұшқан ғарыш ұшағының жылдамдығымен Қазақ елі ғарыштай берсін?! Қандас ағайындаға «Торқалы той құтты болсынды» айтумен қатар, мерейлеріңіз үстем болуын тілеймін?!

СҰЛТАН ТӘУКЕЙҰЛЫ (Монғолия. Улаанбаатар.)

sultan taukei

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір