• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 20:07:38
+12°

"Қазақ елі - 550 жыл" шығармашылық бәйгесіне! 

(Қазақ тарихындағы сенсациялар топтамасы - Екінші жазба )

Бисмиллахир рахманир рахим!

Бұл тақырыпта қандай мәселе көтеріліп отырғанын оның атауынан бірден аңғаруға болады. Тақырыптың бұлайша аталуының басты себебі, беделді әрі ресми тарих ретінде кезінде әділетсіз орныққан еуропацентризмге деген негізді қарсылықтан туындап отыр. Қарсылықтың мәні біріншіден, еуропацентризмнің жалған дәйектеріне қарама-қарсы және бара-бар жауап қайтаруда болса, екіншіден, оларды жоққа шығарып терістеуде. Тақырып таңдалғандағы басты мақсат та осы болатын. Бұл мақсаттың орындалып, тарихи мәселелерді қарастырғанда «түркіцентризм» ұғымының қолданылғаны ақиқаттың орнағаны болып саналар еді. Ал, ақиқат – әлемдік өркениеттің қалыптасуында түркілердің қатысқандығы. Олардың қатысып қана қоймай өркениет өрілуінде шешуші рөл атқарғандығы. Әрі беріден кейін, Еуропацентризм ұғымы қалыптасқандығының өзі табиғаттың заңына қайшы және ақылға сыймайды. Қандай да нәрсе болмасын оның қозғаушы күші еш жағдайда шетінде емес, оның ортасында болады. Тіпті математикалық-геометриялық жолмен қарасақ та «центр» шетте емес қақ ортада болады. Жердің ядросы да дәл ортада, адамның жүрегі де өзге жерде емес – кеудеде. Еуропацентристік, эгоистік дүниетанымның қателіктерінің өзі ресми орнығып, Колумбтың Үндістанда жүр екенмін деп жаңылысып, Американдық түркілерді үндістер атап кеткен «қате» тұжырымы да ресми қабылданып кеткендігі еуропацентризм ықпалы... Олар тіпті жер-жаһанның кеңдігін тарылтып мәні бойынша «Күнбатыс» аталуы тиіс теңізді де «Жерорта» теңізіне айналдырды. Осы заңдылыққа сәйкес ешбір дәлелсіз-ақ өркениет ошағы құрылықтың дәл ортасында деген формальды тұжырымның өзі жеткілікті. Алайда, формальды түрде бұның рас екені былай тұрсын, шын мәнінде және іс жүзінде де өркениет еуразия кіндігінен бастау алып тұрғаны және оған түркілердің тікелей қатысқаны бүкпесіз шындық болып отыр. Егер еуропацентризм өркениет дамуында еуропа халықтарының шешуші рөл атқаратынын көрсетіп, басқалардың үлесін жоққа шығаратын болса, менің тарапымнан тақырыпта белгіленіп, ұсынылып отырған «түркіцентризм» азияның әдейі еленбей жүрген аумақтары мен көшпенділер үлесін негіздеуге және адамзат жетістіктерінде түркілік іздердің бар екенін дәйектеуге бағытталып отыр. Еуропацентризм түркілер жетістіктерін жоққа шығарған болса, түркіцентризм еуропа халықтарының жетістіктерін жоққа шығармайды, тек тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді көздейді. Өйткені орта, таяу, қиыр шығыс қана емес, қазіргі қағынан жерінген еуропа халықтарының өзегін кезінде түркілер құраған.

sacaeherodot2

Бірінші жазбамда ретроэкскурс жасауда зейінімізді сан тарапқа шашыратып алмау үшін басты науа медицина болсын деп шешкен едік. Байқап отырғандарыңыздай осы тақырып аясындағы мәселелердің медицина мен медицналық құқық тарихына тек жанама ғана қатысы бар. Бұл мақалада қорытындыға келерде көбінесе аксиоматикалық әдістерді пайдаландым. Өйткені, шындығында да жазғандарымның басым бөлігі тіпті дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомалар. Сонымен қатар, орайына қарап бірқатар жайттарды альтернативтік, адекваттық сарында қарастырдым. Қажетіне орай еуропацентристік мәндегі кейбір тұстарға қатысты негационизм мен ревизионизмді қолдана отырып, тіпті оларды жоққа шығарған жағдайлар да болды. Десе де отаршылық рухында қалыптасқан қолдан жасалған тарих өзін өзі сақтандырып қойғандықтан көп жағдайда оның бүкпесіз шындықты, жаңа әдістер мен беталыстарды тануға құлық танытпайтындығы түсінікті. Осылайша, «бекітілген» жалған тарихқа қарсы, еуропацентризмге сын келтіріп немесе кеңестік қатталған тарихтың бұрмаланған екенін көрсету жолымен жасалған жаңа зерттеулерді елеусіз қалдыру үшін қалыпты-номенклатуралық тарихта «фолк-хистори» тіркесі қолданылып, тарихтан ақиқат іздеген зерттеушілерді фолк-тарихшылар санатына қосу үрдісі де қалыптасқан. Өтірікке сенбей шындықты жазғаны үшін оппоненттеріміз аталған тіркеспен Е.Бекмаханов, О.Сүлейменов сынды тұлғарымызды да атап кеткен. Бұндай кедергілерге қарамай алдағы уақытта да адекваттық түркология бойынша зерттеулерімізді жалғастырып, оларды енді жекелеген салалық арнаға бұра отырып зерделеген дұрыс. Түркіцентризм атауы тілімізбен біршама үйлеспегені болмаса, дәл қазіргі сәтте болмысымыз айқындалып, өзге елдер тарапынан «лайықты» тұрғыда мойындалуымыз үшін бұл тіркестің көп қолданылуы таптырмас шешім болып тұр. Осы арқылы тарихтағы ақтаңдақтар бұл күнгі парадигмалар ауысқан шақта лайықты зерделеніп әділ бағасын алатын болады. Ал бұлай болмаса әлі екі жүз, үш жүз жылдан кейін де оппонеттеріміз тарапынан тарихы болмаған 20-шы ғасырдың 90-шы жылдары ғана ғайыптан пайда болған, оған дейін артта қалған, жабайы, варвар, тағы, бұратана, абориген халық болған деген таңбамен сипатталып жүретініміз айдан анық. Түркіцентризм – ғылыми прогресс пен өркениет дамуының өзегін түркілер мен түркі тілдес халықтар құрайтынын уақыт тұрғысынан және кеңістік жөнінен, бұрмаланған деректерді қалпына келтіру арқылы объективті зерттеуге бағытталған ғылымдағы адекваттық-виндикациялық тұжырым, – деген анықтама ұсынар едім. Бұл тұрғыда түркілік фактордың Америкаға, тұтастай алғанда Еуропаға, сонымен қатар  бірінші жазбамда баян етілгендей Азияға: ежелгі шумер, мысыр, араб, парсы, үнді, қытай жеріне деген ықпалы да қамтылады.

Әркім қолында барды ғана жаратады. Басқаның қолындағы немесе одан жасырын тұрған нәрсе, қолында болмағасын белгісіз болып қалады. Салған жерден дәл осы ойды еуропацентристік көзқарастағы ғалымдарға қатысты айтқым келіп отыр. Мәтін арасында бұның мәні өздігінен ақ түсінікті болар деп ойлаймын. Қазақ халқында «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда», деген қанатты сөз бар. Тылда кәрілер мен қарттар, әйелдер мен балалар ғана қалатын болған. Ал ерлер түзде, құла дүзде жүретін. Түз тағысымен бір мағынада сипатталатын ерлер ғұмыры сайын даламен біте қайнасып өрілетін. Сондықтан да жүректерін Атажұрт пен Атамекен сынды қастерлі ұғымдар елжіретіп тұрғанымен қазақ баласының мекені мен бабасының мекенін географиялық кеңістік тұрғысынан қашықтық пен алшақтық бөліп тұратын. Бұл тіпті мына шумақтардан да көрінеді:

Тағдыр айдап Ұрым кеткен Оғланым,

Құрылықты дүбірлеткен Оғланым,

Арғымағын тарпаң еткен Оғланым,

Жат қамалын талқан еткен Оғланым,

Бөтен жұртта бөрілі ту көтеріп,

Түркі даңқын қалқан еткен Оғланым!

Аманат жұрт менде қалған, Оғланым,

Жүрегімді шерге малғам, Оғланым.[1]

Өз тарихымызға келгенде өзімізді уақытпен де, кеңістікпен де шектемеуіміз керек (Мысал ретінде сауал тастасам: Әкеңнің осында жүргені өмір, ал оның әскерде, айталық Иркутскіде, сібірде жүрген кездері өмір емес пе? Атаңның мұнда жүргені өмір ал беларусь пен украин майданында шайқасқаны не? Ол жақта болды ғой, жылдарын сонда өткізді ғой?!). Ата бабаларымыз қай соқпақпен жүрді, қай жерде олардың сүйегі қалса, сол жерде біздің тарихымыздың бір бөлшегі жатыр деген сөз. Бүгін ол жерлер біздікі болмағанымен, сол жерлердің қойнауы біздің тарихымызды жасырып жатыр. Себебі ол жерлерде ата бабаларымыздың іздері сайрап жатыр. Бұл ойымның астарында не жатқанын аңғарғандарыңыз абзал болар еді. Ойымды таратып айтсам біз ешқашан да Қазақ тарихын Қазақстан Республикасының аумағымен ғана байланыстырмауымыз керек. Тек қазіргі Қазақстан Республикасы аумағымен ғана байланысты, оның шегінен қарыс қадам шыға алмайтын, шекарадан тысқары жердің тарихын қарауға именген тарих: тарихты жазушы ғылым докторы, мейлі академик болсын, ол – тарих емес, тарих болса да толық тарих емес, толық тарих болса да, бар болғаны ӨЛКЕТАНУ ТАРИХЫ ғана! Сондықтан да тарихқа келгенде кеңістігімізді үш Алатау[2](Е.Қ.) аралығына сығымдағым келмеді. Ал тарихи уақытты қазір әлі дәріптеліп жүргендей әншейін, «Ресейдің қазақ елін жарылқаған» тұсынан бастағым келмеді.

Қазақ жеріндегі және қазақтар, протоқазақтар мен прототүркілер жүрген жердегі тарихымыз таймыр мен шумер аралығында қатталып жатыр.

Таймыр атауы прототүріктер заманында қалыптасқан. Түбірінде «тамыр» ұғымы жатыр деп түсінуіміз керек. Тамыр біріншіден жердің қиыры, жердің басталуы, жердің тамыры ұғымын білдірсе, екіншіден туыс, туысқан ұғымдарымен төркіндес (Е.Қ.). Пиренейдегі үңгірде қашалып салынған, үстіне тері жамылып, басына бұғы мүйізін қадаған бақсы бейнесі ғалымдар зерттеуі бойынша 20 мың жылдық тарихты сиғызып тұрған кроманьондық кезеңге жатады екен. Бұл кім, бұл кімнің бейнесі? Әрине бұл шаман. Бұл бақсы. Бұл прототүрік. Бұғыны Испания мен Жерорта теңізі маңайындағылар білмейді де, ал оны біз аудармашысыз түсіне алатын сібір халықтары қастер тұтады. Таймырлық протүріктік көш шығысқа да, батысқа да тарамдалып поляр шеңберімен параллель түрде Берингов өткелі, Скандинавия, Гренландия, Атлантида жерлерімен өтсе керек. Таймыр прототүркілердің бір легін – теріскей түркілерін Америкаға өткізген, олардың келесі легін Сібірден Шумерге жеткізген терең тамырлы БЕКЕТ! Бір кездегі жадыраған күн райының суытуы, мұхит суының мойнақты жауып, оңтүстік және солтүстік әлемді екі материкке бөліп тастауы секілді факторлар прототүркілердің шумер өркениетінің негізін қалауына алып келді. Шумер елінің түркілік екені, оның халқы қаңғарлар, яғни киеңкірлер түркі тілінде сөйлегені әр саладағы ғалымдармен әлдеқашан зерттеліп кеткендіктен, сол зерттеулер негізінде сенімді түрде Шумерді түркілер еліне жатқызып отырмын. Бұл орайда тек Шумерден сәл кейін үшінші мыңжылдықта қазіргі Иран елі аумағында қалыптасқан Елам (Элам) елінің негізін түркілер қалағаны жөніндегі болжамымды да келтіре кеткенім жөн болар. Емпілхан (Энпилухан), Ұнташ (Унташ), Хумбан Халташ секілді адам аттары да, Адамдун, Шошан (Шушен), Сыз (Суз) секілді топонимдері де бұл елдің түркілік болмысын айқындап тұр. Тіпті Елам атауының өзінен-ақ түркілік тұрмақ бірнеше қазақы атауды бөліп көрсете аламыз. Олар: «Әлем», менің елім ұғымы мағынасындағы «Елім» (тіпті, «Әлім» руының атауы да осымен үйлесіп тұр). Осылайша протоқазақтар атының тұяғы тимеген жер Таймыр, Сібір, Шумер, Кемер адырларында кемде кем деп айтуға толық негіз бар.

Осы бір қалтарыста елеусіз жатқан таймыр жайын әлдеқандай қылып көтеріп не көрінді дегендей сауалдарға жоғарыда «Таймыр бекеті» тіркесі арқылы жауап берілді деп ойлаймын. Бірінші жазбамдағы «ТТ» деп келтірген аббревиатурамның мәні осы: «Таймыр-Тамыр» болатын бауырлар. Үшінші жазбамда да таймырға басқа қырынан қысқаша тоқталатын боламын. Десе де таймыр һәм тамыр қазақтың болмысын ашып тұр деген тұжырымды келтіргім келеді. Бүкіл ұлт пен ұлыстың мәйегі мен бастауы, яғни тамыры – қазақ! Бәрі де қазақтан бастау алады. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын, феникстей күлден қайта тіріле алатын, оңынан да, теріс те «қазақ» болып оқылатын, құрлықтың қақ ортасындағы өр рухты халқымыз да, қазақ этнонимі де, ұғымы да осы тамырдан бастау алса керек. Көп дәлел келтірмей-ақ аксиоматикалық түрде қазіргі бәрімізге мәлім қазақ этнонимдері қатарына қазақ сөзінің мәні жөнінде және бір, олармен тамырлас болжам ұсынбақпын. Болжам мәні мынада ... Шумермен, тіпті сонау микронезиядағы Индонезиямен, Американдық үндістермен табиғи «тамырлас» қазақ, қазықтайын нық болып еуразияның ортасына «мәңгі ел» іргетасы ретінде қағылған «ҚАЗЫҚ» ұғымынан бастау алады. Міне, кезекті сенсациялық әрі аксиомалық түрде келтірер болжамым осы! Ұлтымыздың атауына қатысты бұған дейінгі болжамдардың мәнін зәредей де төмен түсірмеймін. Тек сол болжамдармен қатар осы оқып отырған жорамалымды ұсынып отырмын. Сонымен: ҚаЗаҚ тереңге кеткен тамырдай, тереңге қағылған ҚаЗыҚ деген сөзден бастау алса керек!

shumer_4

Шумер өркениетіндегі прототүркілер қалыптастырған медицина мен медициналық құқық негіздері тіпті кейін пайда болған антика кезеңінен де алда тұрды. Тұтастай еуропа түтініне тұншыққан еуропацентризм жетегіндегі ғалымдардың көпшілігінің пікірі сын көтермейді. Ойыма эмоционалдық реңк беріп айтар болсам, саналы түрдегі, әдейілеп шығысты мұқату мақсатындағы докриналары анықталған жағдайда, бұл сарындағы бүкіл ғалым атаулыны «Ғылыми сотқа» беріп бүкіл дүмше еңбектерін жойып, ғылыми атақтарынан ада ғылып, марқұм болса да ар жазасына беру керек. Бұндай пиғылдыларды «қылмыскер» атау керек. Мұндай ғалымдар тұтас ұлтқа, ұлысқа, мәдениетке, өркениетке, халыққа, мемлекетке, тұтастай тарихқа қарсы, кешірілмес қылмыс жасап отыр.

Қолында бар деректер арасында түркіге қатысты мәлімет жоқ па – жабайы, тағы;

Оқылуы қиын немесе қосымша білімді талап ете ме – жабайы, варвар;

Арнайы барып зерттеу керек пе, баруға уақыт жоқ – жабайы;

Зерттеуге уақытты және қосымша құралдарды қажет ете ме – жабайы, абориген;

Түсініксіз бе – жабайы;

Түркілік жетістік екені даусыз ба – мейлі, онда арабтарға не парсыларға жазылсын, тіпті болмаса үнді не қытайға жазылып «шығыстық» деп белгіленсін, әйтеуір түркілік деп жазылып кетпесе болғаны;

Жетістіктері бар ма – мүмкін емес, бұлар бұратана халықтар, бұлар жабайылар. Міне, субъективті көзқараста болған ғалымдардың өз ғылыми жұмыстарын ұйымдастыру әдісін дәл осы мысалдарда көрсетілгендей сипаттар едім.

А.Тойнби мен О.Шпенглерден бастап бұл «ғалымдар» күллі әлемге қарсы, күллі адамзатқа қарсы, тарих пен диалектика заңдарына қайшы болғандай әсер қалдырады. Қаншама мүмкін болар дамуды тежеп отыр. А.Тойнби көшпенді түркілердің отырықшыларға қарағанда жоғары тұрғанын, жабайы аңдарды алғаш қолға үйреткенін жаза тұра номадтардға өркениеттер қатарынан орын бермеді. Түркі дүниесін ваккумда қалдырып, есесіне «Африкандық өркениетті» паш еткен ғалымдар барды жоқ, жоқты бар етіп көрсетіп кеткені өкінішті. Шеткері Британия Ұлы аталып, Ұлы дала, Ұлы Азия Орта Азия кейпінде бүгінде. Вольтер секілді еуропацентризмге қарсы шығушы деп сеніп жүрген неміс мәдениет тарихшысы И.Г.Гердердің өзі түркілердің тарихтағы роліне менсінбеушілік танытқанымен қоймай, «Ғасырлар бойы жабайы күйде қалған бұл азиаттар кімге керек? Еуропаға келген жатжұрттықтар кімге керек?»[3] деген жөнсіз сауалдарды алға тартады. Еуропацентризм ғана емес Патшалық Ресей, ал кейіннен Кеңестік идеология тарапынан да түркілік жетістіктер мойындалмай айтулы тұлғалар қатаң санкциялар мен репрессияға ұшырап жатты. "Алаш" қозғалысының көшбасшылары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Түркістан автономиясының көсемі Мұстафа Шоқай секілді арыстар осыған мысал бола алады. Тіпті Үлкен Кеңес Энциклопедиясының (Болшая Советская Энциклопедия) үшінші басылымында түркілер жайындағы мақала мүлдем алынып тасталды.[4]Ал орыстың ақиқатты айтып, түркі халқының мұң-мұқтажын жоқтаған тарихшысы Михаил Худяков болса «Великодержавный шовинизм в русской этнографии» секілді мақалалары үшін НКВД құрығына ілініп атылып кетті. Кеңестік биліктің құрығы жетпейтін шетелдіктердің түркілер мен қазақтар жайында жазған оңды туындыларына еш назар аударылмады. Мысалы, көптеген позитивті ой айтқан зерттеушілер секілді, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің: «…Қазақтың ойлау қабілетінің кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Тіпті балаларының ақылы ерте толысады. …Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес»[5]деген ойлары болды. Бірақ мұндай сарындағы жағымды пікірлер еленбеді.

Бүкіл әлемдік өркениетке, бүкіл ғаламдық прогресс дамуына бірден бір үлес қосқан прототүркілер мен протоқазақтарды мойындамау халыққа ғана емес, бүкіл тарихқа да жасалған қиянат емес пе. Бүкіл ғаламның дамуына бірден бір үлес қосқан бірегей түркі жұртының жетістіктерін мойындамау еш қисынға және еш логикаға сыймайды. Осыған байланысты протоқазақтардың[6] медициналық және құқықтық жетістіктерін ғана сөз етпей, жоғарыда анықтамасын келтірген түркіцентризм идеясын негіздей отырып, еуропацентризмге қарсы дәйек ретінде алдымен түркілердің жалпыадамзаттық жетістіктерін де атап өткенім әділетті болар. Ал, енді соған кіріселік. Бисмиллахир рахманир рахим!

Адам Атадан тараған АДАМДАР қазақ елінде АДАМ деп аталады.

Егер жер бетінде жұмақ болған болса, онда ол Хауа Ананың алғаш алманың, АЛМА жемісінің дәмін татқан жер, алманың отаны Алатау бөктеріндегі – Алматы. Ал, алманың екінші мағынасы бұйрық етістігі түріндегі алуға тыйым салынғандығын білдіретін АЛМА сөзі екенін ескерсек, бұдан да, айталық «бір уыс бидайды алуға болмайды» деген ойды аңғарамыз.

Алматыдан батысқа қарай орналасқан Үңгіртас елді-мекені – жердің энергетикалық ортасы, яғни жердің кіндігі болып саналады.

Адам Атаның қазаны басқа жерде емес, қазақ жерінде, Хан Тәңірінің етегінде (А.Жанғалиев, Е.Омаров).

Адамзат тарихындағы ең алғашқы эпос, яғни «Гильгамеш туралы аңыз» поэмасы Шумерлік протоқазақтар туындысы. Поэмадағы негізгі екі кейіпкердің бірі Гильгамаш болса, екіншісі Еңкейді (Энкиду). Ғалым О.Сүлейменовтың зерттеуінше Гильгамаш Бильгамаш болса керек. Білгемаш (Білгір баба) арқылы бізге жеткен Білге бек, Білге Қаған атауларын еш дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома деп түсінген дұрыс. Бектеміс, Тоқтамыс есімдеріндегі түркілік түбірді негізге алып эпосты бұдан әрі «Білгеміс туралы аңыз» деп атар болсақ еуропалықтар қой деп айта қоймас. Қалай айналдырса да қазақылық самалы есіп тұрған Білгемісті, «Білгемес» дегеннің өзінде де Естемес, Ескермес есімдерімен үндесе қалады. Олай болса ең алғашқы эпос кімдікі?

VII-VI мыңжылдықта Түркілер Шумер өркениетін құра бастады (Misinformative.info сайтының мәліметтері бойынша).

Қазақ елі әлемдік өркениеттердің эпицентрі болып табылады (Амангелді Нарымбаев "Аркаим. Очаг мировой цивилизации, созданный прототюрками").

Ватикан кітапханасында сақтаулы Інжілдің ең ежелгі мәтіндерінің бірі "Псалтырь" түркі тілінде жазылған және V-VI ғасырларда Римге әкелінген. Түркі тіліндегі осы тектес басқа да кітаптар жайында тарихшы Моисей Коганкотваций айтып кеткен.[7]

Протоқазақтар ең алғаш жабайы жылқыны қолға үйретті.

Протоқазақтар алғаш дөңгелекті ойлап тапты.

Конькиді протоқазақтар ойлап тапты (Жезқазған маңындағы қазба деректер).

Олимпиадалық ойындарды протоқазақтар ойлап тапты.

Поло ойынын қазақтар ойлап тапты.

Хоккейді қазақтар ойлап тапты (Қазақ спорт және туризм академиясының президенті, профессор Қ. Х. Закирьяновтың зерттеулері бойынша).[8]

Футболды протоқазақтар ойлап тапты (Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасында сипатталған «тепік» ойыны дәлел).

Тек протүркілер ғана көшпенділік пен отырықшылықты тел меңгерген.

Прототүркілер алғаш ақшаны ойлап тапқан. Теңге атауынан деньги т.б. өзге тілдегі атаулар өрбіген

Прототүркілер алғаш кен өндірген.

Протүркілер алғаш дәрі-дәрмек жасаған.

Үндіс прототүркілері алғаш табак пен кокаинды анестезия ретінде пайдаланған.

Протүркілер қазіргі ас рационының негізін қалаған. Алма ағашы мен жүзімі жайқалған жетісудан қақтар мен мейіздер, жуа, пияз, қамыр, күріш, ет тағамдары әр түрлі вариацияда әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен. Қазы айналдыру – шұжықтар пайда болуына; шалап, қатық, құрт, ірімшік, йогурттар – сүт коктейльдері мен көптеген деликатестердің пайда болуына жол ашты. Шұбат, қымыз, боза әлемнің төрт бұрышына таралғаны соншалықты тіпті ағылшын тілінен де booze сөзі арқылы орын алды. Атақты антрополог Леви Стросс мәліметтері бойынша бүгінгі күні негізгі тағамдық рацион саналатын каpтоп, жүгері, жаңғақ, какао, ваниль, томат, ананас, бұрыш, бұршақтұқымдастар және т.б. азықтар үндіс түркілерінің арқасында әлемге танылды.[9]

Прототүркілер ыдыс-аяқ пен ас пісіру құралдарын әлемге таратқан. Олар алғаш қасық пен шанышқы, шөміш, ожау, қазан, самауыр секілді аc-ауқат құралдарын жасаған (www.bash-portal.ru)

Протоқазақтар Ұлы Жібек Жолына серпін беріп түркілік менеджмент пен маркетинг жүйесінің көрінісі ретінде Әлемдік сауда орталығы Саудакент шаһарын салды (М. Орынбеков. Предфилософия протоказахов. А.1994.)

Қазақтар шын мәніндегі арийлер (Кляшторный, Сұлтанов, Омаров, Ковальская зерттеулері бойынша. Алайда екінші дүниежүзілік соғыс ылаңының кесірінен бұл жөнінде ештеңе айтпауға мәжбүрміз).

Протоқазақтарда ерекше құрылыстар болған. Түркістанда құлует болса, Оты­рар шаһарын өзге қалалармен жалғап тұрған атты кісі жүретіндей етіп жасалған жерасты жолдары мен тоннельдер болған.

Ең алғашқы әлемнің картасын протоқазақтар жасаған.

Ұлықбек бастамасымен прототүркілер обсерваторияда алғаш ғарыш денелерін зерттей бастаған.

Жер-жаһандағы барлық топонимдер мен гидронимдерде түркі сөздерін айтпағанның өзінде, қазақ сөздері молынан кездеседі.

Әлемдегі ең бай кітапхана қазақ жеріндегі Отырар кітапханасы болған, ал Александрия кітапханасы екінші орында болған (Е.Омаров).

Алғашқы қағазды ІІ ғасырда қазақ жерінде, Шу өңірінде Ротати атты протоқазақ кендірден жасаған. Ертедегі қазақтардың ежелден-ақ 28 әрпі, жеті-сегіз жазу тобы болған. V ғасырда Арал теңізінің шығыс жағында Аққағаз деген әйел патшайым болғанын ескерсек қағаздың сол кезде кең қолданыста болғаны шүбәсыз. Яғни, эволюциялық түрде жазулар папирос, пергамент және қағазға жазыла бастаған (ибн Бадис, Мурат Аджи, Е.Омаров).

Алғашқы кітап – «Авеста» прототүркілер жерінде жазылған және Үргеніш шаһарында оның ескерткіші бар.

Тіпті британдық рыцарьлар да қазақ болған деген болжам бар (Говард Рейдтің  «Король Артур – король драконов» кітабы және Қ.Закирьянов зерттеулері бойынша).

Саксондар сақ тайпаларынан шыққан. Саксон сөзін ағылшыншадан тікелей аударсақ: «Сақтың ұлдары» (Saks son, Saks sons) деген мағына береді.

Ғарышпен байланыс алғаш қазақ жерінен – Байқоңырдан басталғаны түсінікті болса керек.

Тек протоқазақтар ғана әлемнің төрт бұрышын жайлаған. Атлант мұхиты мен Тынық мұхиты аралығын алып жатқан Түркі империясы әлемдегі ең алғашқы ірі империя болған.

Қазіргі сәтте неотүркілер 11 млн. шаршы шақырым аумақта өмір кешуде (зерттеуші А. Абдакимов).

Егер Гиперборея елі шынымен болған болса, онда ол жер прототүркілер мекені болған (Е.Қ.).

Егер Атлантида болған болса, онда ол жерде біздің бабаларымыз мекен еткен (Ә. Балқыбек).

Прототүркі номадтар еуропалық отырықшыларға қарағанда дене және рухани даму жағынан да жоғары тұрды. Жер өңдеуге қарағанда жануарларды үйретіп оларды бағындыру жоғары ақыл-ой ғана емес, зерделілік пен үлкен ерік-жігерді талап еткен (Төрт түлікпен қатар, құмай-тазы мен саятшылықты қоса алғанда).

Прототүркілер, оның ішінде қазақтар күнтізбені, жыл санауды ойлап тапты.

Қазақ киіз үйінің бұрышы болмады. Ол домалақ болып шексіздікті білдірді және есігі тек шығысқа қарады.

Бірінші ұстаз Арыстотыұл (Аристотель) – прототүркі.

Екінші ұстаз әл-Фараби – протоқазақ.

Медицина дамуын айқындап берген ибн-Сина – протоқазақ.

Медицинада төңкеріс жасаған Өтейбойдақ – қазақ.

Түркі әл-Беруни Коперниктен 500 жыл бұрын астрономияда ұлы төңкеріс жасап жердің домалақ екенін және жердің күнді айналатынын математикалық түрде дәлелдей отырып әлемнің гелиоцентристік теориясын жасады.

Түркі Мұхаммед әл-Хорезми алгебраның негізін қалады.

Философия, математика, география, астрономия, минералогия, химия, физика, медицина секілді ғылымдар түркі жерінде пайда болды (adji.ru).

Еуропадағы малға жайлы, жайылымды жер Румыния, Хорватия, Болгария, Албания мен Венгрия т.б. аумағы. Еуропаны жаулаған түркілердің сол жерде тұрақтаған себебін түсіну қиын емес. «Барар жерім Балқан  тау, Ол да біздің барған тау» деген дана халқымыздың сөзі ол жерлердің бабаларымыздың мекені болғанын көрсетеді. Балқан таудағы балқарлар, бұлғарлар, болгарлармен түркінің түбі бір.[10] «Қызын Қырымға, ұлын Ұрымға қондырған» бабаларымыз Жерорта теңізінің бойы тұрмақ, теңіздің аралдарына дейін мекен еткен. Кипр аралдары «Алаш аралдары» аталған.[11] Бұл орайда сонау еуропаны түркілер мекен етсе, даласы жайында балбал тастар сыр шертетін шығыс еуропадағы ноғайлар, татарлар, украиндар мекені түркілік болмауы мүмкін емес екендігі түсінікті (artifact.org.ru: Украинцы - не славяне, а ТЮРКИ, za.zubr.in.ua: Украинцы этнически гораздо ближе тюркам, чем к славянам, ru.wikipedia.org: Тюркизмы в украинском языке, narvasadataa.livejournal.com: Укро-тюрки в лицах. Тюркские корни украинцев). Міне бүгінде жоғарыда аталған жерлерді мекен еткен халықтар (албандар, хангарлар, мадиярлар, шеркестер) бұлғарлар мен хазарлардың түркіліктен жаттанып қайта тарихи тамырына үңілудегі ұрпақтары.[12] Егер таратып айтатын болсам, Албанияны албандар құрғаны, Болгарияны дулаттар құрғаны және т.б. мәліметтер тізбектеліп мақала көлемі ұлғайып кетпек.

Дипломат әрі «ең соңғы Рим қолбасшысы» Аиса (Аэций) прототүркі болған (Е.Қ.).

Жарты әлемге билеуші титулдарының атауын айқындап берген Юлий Цезарь прототүркі болған. Юлий Цезарь, ол – Ұлы Қайсар. Қайыс Ұлы Қайсардың латынша жазылуына назар аударыңыз: Gaius Julius Caesar. Бұл еш сәйкестік емес! Мысалы, Ұлы Қайсар есіміне байланысты орыстың: «царь», «кесарь», немістің «кайзер» деген атаулары туындаған (Е.Қ.).

Протоқазақтарда қызмет көрсететін малайлар мен таттар болғанымен, елі құлиеленуші болмаған. Сондықтан Еділ қаған (Атилла) еуропадағы құл иеленушілік жүйені жойып, құлдарға азаттық алып берді.

Топонимдер мен гидронимдерді айтпағанның өзінде Ежелгі Римдегі құрылымдар мен орган атауларынан да түркілік самал есіп тұр. Тек қана: Эдил, Эдилитет, Курульдық эдил тіркестеріне ғана тоқталсақ, эдил – қоғамдық ойындар, храм құрылысы және көптеген салалардағы әділеттілікті қадағалаушы лауазым иесі, эдилитет – жоғары алқалы магистратура, курульдық эдил – сот төрелігін жүзеге асыратын төменгі магистраттар. Магистратураның сот жүйесі екені белгілі болса, ал сот жүйесі – әділет жаршысы. Курульдық ( Curūlis) сөзі: бір жағынан, құрамалы, алқалы, екінші жағынан жиналыс, кеңес ұғымын білдіреді. Осы жерден су қараңғы соқырдың өзі, түркілік екені былай тұрсын, жасырынып жатқан Еділ қағанымыздың есімін айтпағанның өзінде: «ӘДІЛ», «ӘДІЛЕТ», «ҚҰРЫЛТАЙ» деген таза қазақы сөзді көреді емес пе (Е.Қ.)! Осы жерде филологтарымыз бен лингвистеріміздің: -ша, -ше; -ма, -ме; -ба, -бе жұрнақтарын зерттеп шырмауға түскенше, Шумер, Үндіс тілдеріндегі жауһарларымызды тауып, Рим мен Грекияның латын қақпасын ашып, ондағы қазақы алтын көмбені аршып алмай ма деген ой еріксіз туындайды.

Италия түркілер елі (Сақ сөзі парсыша ит және бөрі ұғымын қатар білдіретіні секілді осы аналогияға сәйкес ағылшынша дәл дыбысталатындай Италия – Ит елі, яғни, бөрілер елі. Капитолийдегі бөрі мүсінін де еске түсіріңіз. Е.Қ.)

Кентавр – ат мінген түркі. Өмірі ат мінген айбатты сарбаз көрмеген еуропалық дүниетанымның зәресі қалмағаннан туған қиял.

Протоқазақтардың әскери, соғыс тактикасы мен стратегиясы өте жетік дамыған. Соғыстарда артиллерия (қорған тескіш зеңбіректер) мен тасатқылар (камнемет) қолданған және олардың «Ура» (Ұр, соқ, соққы бер дегеннен алынған) деген ұрандары көптеген елдердің қарулы күштерінде қазірге дейін қолданылады. Бұл тұрғыда Ш.Монтескье «Парсы хаттары» деген кітабында түркілердің Қытайды бірнеше рет жаулап алғанын, Персия мен Московияны алғанын, Азия, Еуропа, Африканы бағындырып, Рим империясын құлатқанын айта отырып, ол аталғандар тек тарихта жазылғандар екеніне назар аударады және тарихтағы ақтаңдақтардың да жоқ емес екеніне назар аударып, енді оларды зерттейтін басқа емес, «түркі» тарихшыларының керек екенін атап көрсетеді.

Протоқазақтарда әскери-теңіз флоты жоғары деңгейде болған. Мәңгі ел құру жолында түркілердің мың қолы Тынық мұхитына шығып Жапония, Корея, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне сәтті жорықтар жасаған. Адмиралдар деп айтуға тұрарлық қарлұқ Қаратай, қаңлы Есудар секілді сардарлар басқаруындағы түркілердің мың қолынан тұратын Құбылай жорықтары әлі де зерттеуді қажет етеді.[13] Американдық түркілерді (үндістерді) айтпағанның өзінде Тынық мұхитындағы Микронезия аралдарының халықтары мен Индонезия халықтарының тіліндегі тюркизмдерге назар салсақ оларды Құбылай Ханымыз жорықтарының бірден бір ықпалы деп түсінуімізге болады. Абылай мен Құбылай есімдірінің үйлесімділігіне де назар сала отырайық. Құбыла атауына байланысты есім иеленген ханымыздың  қазақтың қағаны болмауы мүмкін емес (Е.Қ.)

            Протоқазақтар ғана толерантты және зайырлы болған. Олар өздері басып алған Еуропаны да, Русьті де зорлап дінге кіргізбеген. Мысалы, Өзбек хан болсын, Жәнібек хан болсын орыс князьдіктерінен 10 пайыз мөлшерінде салық ала тұра, халықты исламға күштеп кіргізбек түгілі, шіркеулерді салықтан босатқан және қол астындағы халықтың өз дінінде қала беруіне мүмкіндік берген.

            Протоқазақтар ең алғаш моншаны ойлап тапқан.

            Протоқазақтар еуропалықтарға алғаш іш киім мен шалбар киюді үйреткен.

            Протоқазақтар еуропалықтарға тазалық пен жуынуды үйреткен.

Ирригация жақсы дамыған прототүркілерде су құбырлары мен қалаларында кәріз жүйесі болған.

Прототүркілердің үйлерінде жетілдірілген жылу жүйесі болған. Ошақ пен пештен бөлек бу арқылы жылытатын калорифер тектес радиаторлар болған (www.bash-portal.ru)

ПРОТОҚАЗАҚТАР РЕЗІҢКЕ МЕН КАУЧУКТЫ ОЙЛАП ТАПҚАН СОҢ ШЛАНГАНЫ ОЙЛАП ТАПҚАН. ШЛАНГЫ АТАУЫ ЖЫЛАН АТАУЫНАН АЛЫНҒАН. СҮРГІ, БҰРҒЫ СЕКІЛДІ «ЖЫЛАНҒЫ» СӨЗІ ҚАЛЫПТАСҚАН. БҰҒАН ІШЕКТЕН ҚАЗЫ АЙНАЛДЫРУ ІСІ АНАЛОГИЯЛЫҚ ОЙЛАР БЕРГЕН (ЕҚ).

Тек қазақтар ғана егер тіл меңгерер болса әлемдегі кез келген тілде ешбір акцентсіз сөйлейді (Е.Қ.).

Міне, осы тізбені әрі қарай жалғастыра беруімізге болар еді. Басқа жайттарды айтпағынның өзінде жоғарыда көрсетілген «аз ғана» мысалдардан-ақ, қағылез оқырман өркениет дамуындағы шешуші рөлді – еуропацентризм емес, түркіцентризм атқарғанын біле алады. Осындай жетістіктері бар түркі әлемінің өркениетке қосқан қомақты үлесі қашанға дейін назардан тыс қалмақ?!

Көптеген халықтар жоқтан бар жасай алмай жүргенде, дархан қазақ халқы барды жасырып көрсететін әдетке ие. Бұл әдетіміз осы мақаламнан да көрініс тауып отыр. Осынау ғаламда бар болғанымызды және бар екенімізді айғақтайтын жетістіктер мен иеліктеріміздің тізбесін, көптеген қазақы із сайрап жатқан дәлелдерді тақырып көлемі ұлғайып бара жатқандықтан және олардың тақырыпқа тікелей қатысы болмағандықтан бұл жерде көрсетпедім. Осылайша бұл жетістіктеріміздің «қысқаша» тізбесі осы тақырыпқа тек жанама түрде ғана қатысты, бірақ ол жетістіктер тізбесінің жанама қатыстылығына қарамастан бұл жерден орын алуы өте үлкен маңызға ие. Себебі, бұларға назар аударудағы басты мақсат кімнің кім екенін көрсету! Басқа тілдерде том том сөздікті ақтара отырып сөздер мен тілдер арасындағы ұқсастық пен үйлесімділікті таба алмайтын болса, ешбір ғылыми дәйек келтірмей ақ қазақ тілінде кез-келген өзге елдегі топонимдердің қазақтыкі екенін қарапайым ауызекі тілмен ақ дәлелдеп беруге болады. Айталық, Парагвай - Барақбай, Аргентина - Арғынтина, Бразилия - Бір аз ел деп тізбелей беруге мысалдар жетіп артылады. Бұлар қанша жерден күлкілі, жеңіл әзіл-оспақ сипатында болғанымен олардың ерекше және өте сәтті сәйкестігі таңқалдырмай қоймайды. Әрине, күліп қойып жүре беруге болады. Дегенмен күлкіні тыйып астарына үңілсек шын мәніндегі қазақылықты та, дәлелдеуді қажет етпейтін «аксиоманы» да аңғарамыз. Осы тұрғыда қазіргі сәтте күрделі процестердің шешімін бір ғана нүктені басумен таба алатын автоматтандырылған құрылғылардың, күрмеулі, қым-қиғаш сызбалар мен интегралдық тәсімдерді түсінуге кететін уақытты үнемдейтін компьютерлердің артықшылықтарын айта отырып, ғылымда да «оңтайландырылған» нәтижеге сенімді әрі дәлелді түрде қол жеткізуге бағытталған әдістердің ішіндегі оқырман мен ізденушіні сансыз сілтемелер шырмауына орамай, сүреңсіз тілімен жалықтырмай, мәліметті жеңіл бере отырып, баурап алатын әдіс – аксиоматикалық әдісті кеңінен қолданған өте абзал.

Аксиоматикалық әдіс арқылы дәлелденген жетістіктердің артықшылығы ғылыми ортаның патриархтары мен кардиналдары арасындағы тұйықталылған шеңберімен шектеліп қалмай, көпшіліктің зердесіне жол салуға бағытталатындығында. Аксиоматикалық әдіспен дәлелденген шынайы жетістіктер «монография» титулына ие болмай-ақ, «комитеттік басылымдарда» жарияланбай-ақ, импакт-фактор қуып сарғайып жатпай-ақ бестселлерге бергісіз дүние деп қараларына сенім білдірер едім. Осы тұрғыда таң қалдырар бір парадокс қазақ тарихын тың деректермен жазып, қазақтың атын әлемге мәшһүр етіп, сенсациялық мәлімдемелер жасап, қазақ өркениетін ту қылып ұстап, қазақты жабайы дегендердің өздерін жабайы етіп көрсетушілердің мүлдем тарихшы емес басқа маман иелері екендігі. Әлбетте, кезіндегі Е.Бекмаханов, қазіргі Б.Кәрібаев, М.Қойгелдиев сынды тарихшы ғалымдарымыздың еңбектері өте зор. Дегенмен де, тарихшы болмаса да, халқының тарихына немкетті қарай алмайтын ұлтжандылықтан ерлікке пара пар әрекеттер туындары заңдылық. «Қолынан келетін адамға қарағанда, істегісі келетін адам көп тындырады» деген даналық осындайда айтылса керек. Осы тұрғыда ғалым О. Сулейменовтың: «Өз халқын, ұлтын, тілін қорғаудың орнына тарихшылар өз диссертацияларын қорғап жүр», «Біздің тарихшылар әлі де летаргиялық ұйқыда» деген отты сөздерін келтіре отырып, тарихи шындықты ашудағы өзге маман иелері ролінің де зор екенін айтып кеткен ләзім. Тарихшылардан бөлек қазақты танытып жүрген тұлғалар: инженер-геолог және филолог Олжас Сүлейменов, физик Еренғайып Омаров, энергетик Бекжан Әденұлы, математик Қайрат Закирьянов секілді ерекше азаматтар. Бұл кісілердің еңбектері ойнақы, жеңіл қабылданғанымен, олардың астарында терең мән жатыр. Тіл зергері Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» атты еңбегінің мәні де сілтемеден көз сүрінер еңбектерден еш кем емес. Ғылыми мақалалармен қатар осы мақала авторы да әзіл-қалжың сипатымен біршама «астарлы» туындыларды жариялап көрді.[14]

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір