• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:51:42
+12°

03 Қаңтар, 2015 Алаш-Орда

Шынай Рахметұлы. Абылай Әмірсананы не үшін "паналатты?"

«Қазақ мемлекетіне-550 жыл» шығармашылық бәйгеге

«Қазақ мемлекетіне-550 жыл» шығармашылық бәйгеге

Көшпенділердің ежелгі мекен-жері, бір өзіне кішігірім мемлекет еркін сиятын Орта Азиядағы ұлтанды, құйқалы өңірдің бірі Шығыс Түркстан аумағы Тарбағатай еді. Дәурендеп тұрған шағында бұл өлкеде ойраттар аз жыл тұрақтаған. Бетегенің астында паналап, бетінде оттап шелдене семіретін суыр атты момақан аң қойша өретін өңірге Тарбағатай (суырлы) деген атауды кейін солар қойды. Әлмисақтан ойрат жұрты тайгада тіршілік етіп, төрт түлік малдан бұрын аңшылықты кәсіп етіп, бас түлігіне айналған суыр етімен қоректенетіндіктен Тарбағатайдың шығыс алқабын қусаң да кетпестей тұрағына айналдырған. «Балапан басында, тұрымтай тұсында», қазақ пен қалқаны, асса Азияны жаулап, жалмап жібере жаздап жанталасқан Жоңғар жойылып, Цин империясының табанына түскеннен бастап Тарбағатай иен қалып, туси бастаған еді.

«Ашынғанның алдына келме», Жоңғарияның жаралы жыртқыштай ақырғы қармауымен анталаған шағын күші өзінен айбыны асып түскен Қазақ Ордасымен қол қосып лап қойса, Цин қол астындағындағылардан да оларды қолдайтындар аз емес-ті. Осы қатерден хауіптенген еженхан Цянь Лүң (1736-1795) бірден қолға түскен Жоңғарды уыстан шығармау, Қазақты өз шекарасынан аттатпау саясатын мұқият ұстанғанымен «жер құдайдыкі» деп білетін көшпенді қазақ үшін тежеу жоқ, тоқтау бермей ендеп, ірге жайып келе жатты. Екінші жағынан нешеме ғасыр бойы өзара жаға жыртысып, қан төгісіп ата жауға айналған қазақ пен ойраттың аяқ астынан әмпей бола қалғаны Цин империясын аңыртып барып, апшысын қуыра ойжады етті. Ойраттардың ақырғы қуатты тобын соңынан ерткен алғыр Әмірсана Жоңғар оңбай құлаған күннің өзінде бодан болған халқынан бедел тауып, ондағы қалқа Чінгүнжап, ішкі моңғол нояны Себдінбалжыр, дінбасы Жабзындамбылармен ымыраласып қарулы майдан ашуға қауырт дайындалды. Абылаймен одақтасып, Ер Жәнібек, Байтайлақ, ақ тулы Қожаберген (туы қазірде сақтаулы) батырлармен иықтасып, кейде қыз алып, ұлын тарту етіп қазақпен жайы жарасып алды. Жер-жерде Цин басқыншыларына қарсы ереуілдер бас көтерді. Басшыларын тарпа бас салып жойып жіберсе үлкен өрт кетеді,, сондықтан бұтарлап құрту жөн деп тапқан. Әрине қараша халық еркіндігі мен күнкөрісі үшін, ал билеушілер мәнсап үшін бет жыртысып жанын сала арпалысатыны мәлім. Көшпенділердің қанына сіңген осы осал тұсын дөп басқан еженхан «күллі ойратты басқарып жеке тоғайсың, патшадан барып шен-шекпеніңді қол тапсырып ал» деп алдап Себдінбалжырды Бейжіңге алып барып, тұншықтырып өлтіре салды. Цин империясының Да Хүрээ, Қобдамен деңгейлес сыртқы Моңғол жеріндегі ірі әскери орталығы Улиастай еді. Осы орталықтың әмірі оларға «шын жүрегімен берілген» Сенгүнжапты айдап салып Чингүнжапты аспақтап өлтірді. Дінбасы Жабзындамбыға жансызы арқылы у ішкізіп, оның қазасына «қатты қайғырып көңіл айтқан» шабармандар келтірді ат өксітіп. «Жоңғардың бас билігіне енді сен лайықсың. Қалған ел-жұртыңның тыныштығын ойласаң мәмлеге келейік, нені қаласаң соған келіселік» деп Әмірсанаға шақыру келісімен ол «мақұл» деп келісе кеткен жоқ, еженханның елшілерін табан астында тапап тастап, қарсы көтерілді. Көтеріліс жойқын күшке айналды. Жоңғария дерлік толық бодан болған 1755 жылғы қыркүйектің соңында басталған осы шапқыншылық үш жылға ұласты. Жоңғардың шаңырағы ортасына түскен еді, қалайша қайта тірілді? Иә, олар күйрегенімен қалғандарының қолдаушысы Қазақ Ордасы болатын. Қазақтың түбіне жеткен осы опасыз ойраттар емес пе еді, қазақ не үшін оларды қорғамаққа шыр-пыр болды?

Көне қытай топырағында 300 жыл дәурендеген Маншың яғни Цин династиясын арғы тегі Алтай тармағына жататын, тілі мен салт-санасы моңғолға жақын көшпенділер әулеті, Ғұндарға соққы беріп қуаттанған Дунху империясының иесі тұңғыс халқы құрған. Тұңғыстың бір руы манж-зүрчидті қазақтар шүршіт демек. Дегенмен ұлының аты ұлы, отарлаған екі ғасырда олар толық қытайланып кеткендіктен жаппай «Қытай» атанды. 1624 жылы мәнжі Нұрхаш батыр мемлекет негізін қалап, оны Чинь яғни Цин деп атаған. Моңғол Цахар өлкесінде тұрған Лигден хан мәнжі билеушісі Абахаймен соғыста жүз мың қолымен шегініп Хөхнорға жеткен 1632 жылы ол індеттен көз жұмғандықтан Шыңғыс хан мирасқорлары Моңғода Қазақтың ақырғы ханы Кенесарыдан 215 жыл бұрын сарқылған. Шыңғыс империясының ыдырауы, «ақсүйектер» тұқымының биліктен кетуі де шенталастан және басқаны басып алуға ынтыққан ындыннан болғаны айтпаса да түсінікті.

Мин империясы сыртқа көз алартпай бейбіт жатты. Шүршіттен оларды Лигден қорғап тұрған. Ал ол өлген соң 1636 жылы моңғол тайпалары Абахайды хан көтеріп, Құбылай ханнан қалған гауһар таңба соның қолына тигендіктен ол өзін Шығыс Азияның заңды қожайыны санап, Алтын яғни Цин династиясын жария етті. 1644 жылы көкек айының ақырында шүршіт Ли Цучэннің көтерілісшілері Бейжіңді басып алғанда қытай Мин династинасының патшасы отыз алты жастағы Чун Чен ағаш бұтағына жібек арқан тастап жіберіп асылып өлгенде сексен мың қызметкері өздерін өлтіріп «отаншылдық» танытқан. Цин патшасы Кан Си (эзэн хаан-хан ие, еженхан) қытайды 1684 жылы толық иемденді. Сонымен қытай шекарасында қалған моңғол Ішкі Моңғол, енбей қалғаны Сыртқы Моңғол, ал ойраттар Артқы Моңғол атанған. Шыңғыстың боржығын руы қалқа тайпасына жатады. Қалқа қазақпен ешуақытта жауласпаған, қалқа мен ойрат арасында бітіспес қантөгістер болған және қалқа жұрты Циннің қоластына ойраттан бұрын енген, отаршылдық бұғауын үзіп 1911 жылы Сыртқы Моңғолдың тәуелсіз мемлекетін де қалқа құрған.

Ойраттарды моңғол (мың ұғыл) ұлтына бертінде жатқызатын болған. «Қырық түмен моңғол, төрт түмен ойрат» деген сөз ресми жазбада 1991 жылға дейін қолданылып келді. Орманда өрбігені үшін «ойн ард» (орман жұрты)-ойрад атанған. Ойрат көсемі Құтқабек Шыңғыспен құдаласып, оның төрт ұрпағы мыңбасы болып, төртеуі бірігіп Моңғолдың сол қанат (зүүн гар-жоңғар)-ына бөлініп хандық құрып оны Жоңғар атаған. Қалмақ қосақ арасындағы шағын ру болғандықтан бүкіл «ойрат» мағынасын бере алмайды. Жоңғар мемлекетін құрып, оны жиһангер империяға айналдырған ойраттың негізгі төрт тайпасы шорыс, қойт, торғауыт, қошуыт болғанымен әр кезеңде өз ішінен бас билікке таласа азайып, молаюмен 1487 жылы төрт Ойрат одағы өлет, барғы, буриад, шорыстан құралса; дүрбет, байыт, торғауыт, қойттар ағалаған кезде қуатты держава деңгейіне көтерілген.

1640 жылы тамызда Тарбағатайдың «Ұлан бұрасында» киіз туырлықтылардың игі-жақсылары ойрат Батыр құңтайшының бастамасымен мәслихат құрып Шыңғыстың «Ұлы өкім» заңы үлгісінде «Моңғол-Ойрат заңын» қабылдағандығы ұлт болып ұйысып, қуат алуына қамшы болды. Қалқа ойратпен нақпа нақ бірігер болса Моңғол империясын қайта сергітуі мүмкін еді, өйтпеді. Батыр өлген соң оның ұлы Сеңгі 1665-тен алты жыл таққа отырғанымен өз туғандарының құрбандығына шалынды да, оның інісі Тибетте оқып жүрген Ғалдын 1671 жылдан таққа отырып, Кіндік Азияның біршама жерін жаулап алды. Кан Си патша оған 1678 жылы «хан» атағын, Тибет далай ламасы 1679 жылы «бошғыт» (құтты) шенін сыйлады. Сөйтіп ол «ұлт біріктіру» мақсатында отыз мың қолмен қалқаға тиісіп берді. Ал қалқа-Сыртқы Моңғол «Ғалдынға бағынғанша» деп, Ішкі Моңғолдан соң елу жыл араға салып, 1691 жылы мамыр айында Долоннорда құрылтай шақырып, Кан Сидің алдында тізе бүкті. Бұл қорлыққа төзбеген Ғалдын содан он бір күн өткенде қалқа мен шүршіттің елу мың қолымен текетіресіп, оңбай күйреді. Соғыста ханымы опат болды. Өз қасында қалған бес жүздей жасағының екі жүзі оны тастай қашты. Ордасына қайтпақ болып еді, хан тағын, бала-шаға, мал-мүлкімен Сеңгіұлы Себенрабдын тартып алғанын естіп ашынған Ғалдын 1697 жылы 13-наурызда у ішіп өлді. Осы хабар он күнде құлағына жеткен қазақтар бірталайдан ұмыт болған наурыз мерекесін «Тілеу көже» деген атпен қайта тойлайтын болды. Алайда бошғыт атанып атағы жер жарған өз нағашы атасы, мүйізі қарағайдай Ғалдын екеш Ғалдынды қағып тастаған жас құлжа Себенрабдынға желік бітті. «Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады», ол өзіне астыртын тұзақ құрған Бейжіңге арқа сүйеп, Санкт Петербургтен де қолдау тауып, мылтық, зеңбірек тәрізді отты қарумен жарақтанып, Қазақ жеріне қырғидай тиді. Қазақ халқы ойратпен болған екі жүз жылдық соғыстың ең зілмауыр кезеңі «Ақтабан-шұбырынды» қасіретін бастан кешірді. Жендет Себенрабдын қазақты түбірімен отасам деген арманына жетпеді, өз қандастарының қолынан зауал тауып, орны толмас өкінішпен кетті, дегенмен келесі 1728 жылы қол біріктірген қазақ батырларының ауыр соққысынан алғаш рет беті қайтқан қырсық айқасты көрмей, айбыны өзінен асқан Абылай атты ақылды да айлалы, азулы билеуші шыққанын білмей өлудің өзі ол үшін «бармақтай бақ» еді.

Екі ұлы державаның мемлекеттік шекараны білермендікпен бөліп еншілеп алғаны туралы жаңсақ айтылып жүр. Олардың шекара белгілеп, көшпенділерді қотқа алғысыз тастауы 1860 жылдардан емес Қияқтыда 1727 жылы 31 қазанда жасалған шарт болатын. Себенрабдын бұдан да бейхабар кетті. Әйтпегенде құтырып өлер еді. Өз жақындарының қолынан ажал табу олар үшін әдеттегі «ақ өлім». Осы дәстүрді ұрпақтары жалғастыра беретініне де шүбәланбаған.     Абылаймен шекісіп барып бекіскен Ғалдынсерінді бірде Бейжің, бірде Санкт Петербург қолдады да өз ішіндегі іріткі доғарылып, назары сыртқы дұшпанмен алысуға бағытталғаны оның ілдебайлап жаласыз өлуіне себепші болды. Осы орайда айтар жайт, баласы Шарыш батырды жекпе-жекте жер қаптырған Абылайды оның ақыл-парасатына бола азат ете салу рас та шығар, ал ең нанымдысы-қолынан алуды үміт етіп, қолынан бермесе сес көрсетіп жолынан алудың тәуекелімен қарулы қол аттандырған, Абылайдың орнына өз ұлы Әбілпейіз сұлтанды кепілдікке берген Әбілмәмбет ханның орны айрықша. Перзентін жау қолына кепіл еткен, өз ықтиярымен алтын тағын бөгдеге түсіп берген ондай мәрт хан тарихта нешеу болды екен?

Нендейбір қырсық-қедергінің өзі оңтайлы мүмкіндік береді деген рас сөз, Абылайдың Жоңғарға қапыда тұтқындалуы, соның нәтижесінде жасалған бітім Ғалдынсерін өмірінің соңғы жылдары алаңсыз өтуіне, екі жақтың біршама уақыт бейбіт өмір сүруіне ықпал етті. Алайда Ғалдынсеріннің беті ары қарасымен қайсыбіреуі Абылайға арқаланып, ойрат ханзадалары ортасында тақ тартысы қайтадан бас көтерді. Ғалдынсеріннің орнын он бес жасар Себендоржнамжилы басты. Бірақ ол ел басқара алмады деп тізгінді әпкесі Ұлымбайыр ұстады. Әпкесін ол абақтыға жауып өлтіріп, сыбайлас бектерін қырып салды. Жас ханды ағасы Ламдаржа тарпа бас салып бауыздап тастап таққа отырды. Онымен атасы бір, анасы екі бөлек Дабашы өзінің досы Әмірсанамен бірлесіп оны «күңнен туған» деп құлатып, орнына Ғалдынсеріннің және бір баласын хан көтермек болып жүргенде Ламдаржа ол баланы тірілей көміп, әлгі екеуіне дүрсе қоябергенде Дабашы мен Әмірсана Қазақ Ордасына барып жан сауғалады. Ол жақтан жасақ ерте келіп Әмірсана Ламдаржаны өлтіріп, Дабашыны хан көтерді. Бірақ оны қуып шығып дүрбіт нояны Немікжырғыл тақты тартып алып еді, екі дос оны да қапы жібермей кәлласын қағып алды. Енді екі дос өзара жүз шайысты. Дабашы отыз мың қолмен Әмірсананы ығыстырғанда ол Цин қол астына тығылды. Сөйтіп олар Жоңғарда қалған мықты күш Дабашымен аяусыз алысатын Әмірсанадай мықтыны қолға қондырғанына қуанып оған уаң лауазымын беріп Орхан бойындағы аз елді билетті де Жоңғарды біржолата қаратып алмаққа елу мың жасақпен аттанды. Үш топтан құралғын бір тобын Әмірсанаға бастатты. Жоңғарды оп-оңай басып алды, қашқан Дабашыны қолға түсірді. «Жабайыларға қарсы130 жыл бойғы жорық осымен тынды!» деп 1755 жылдың қазанында жеңіс тойына қарбалас дайындық үстінде жатқан Цин династиясының төбесінен жай түскендей болды, Әмірсана бастаған қарулы көтеріліс бұрқ етті. Ойраттар оған жан-жақтан келіп қосылды. Сыбайласы Чінгүнжаптарды жоғалтқанымен айдаһардай алып мемлекеттің шамасы Әмірсанаға жетпеді. Өйткені арқатұтары Абылай хан еді. Абылайдан Цин неге қаймығады, оған әлі қаптал емес пе еді? Ата жауы ойраттан шыққан Әмірсананы Абылай неге қызғыштай қорыды? Міне гәп осында. «Абылай 1756 жылы өзін Богдыханның вассалы деп мойындап бекзада атағы мен жылпарақ алады» деген дерек бар тарихымызда. Сөйте тұра қытайдың «Хан сарайы жылнамаларындағы» жазба деректер Цин патшалығы Абылайға өз бағыныштысы ретінде қарамағандығын, айтқан сөз, берген тапсырмасы оған өтпейтінін дәлелдейді. Ханның 1757 жылғы тоғызыншы ақпандағы жарлығында: «Абылай Әмірсананы ұстап берейін дегенімен бұл Дардаканы алдағаны болып шықты. Осыншалықты алдану! Тікелей тап беріп Абылайды қолға түсірсе оны Әмірсанамен ауыстыру оңайға түспес пе» десе, сол жылғы тоғызыншы қыркүйекте Абылайға жолдаған хатында: «Ойраттың біраз бөлігі сіздерге қашып барды. Билеушілерін бізге беріп, өзгесі өз қарауыңызда қалуын ұйғардық» десе, және сол жылы он алтыншы қарашада Абылайдың елшілері арқылы жолдаған жауап хатында ежелгі мекеніміз еді деп сұраған Тарбағатайды берейік, қолымызға Әмірсананы берші деп жыларманға жеткен. Бабаларымыз қысылсаң астыңдағы атыңды, қойныңдағы қатынды бер, бірақ тәңір сұраса да жеріңді берме деп еді, Абылай соны біле тұра Әмірсананы қалайша қимады, неліктен?

Әмірсананың руын тарихшылар қотғойт я қойт деп жаңсақ пікірде келеді. Шындығында ол Шыңғыстың інісі Қасырдан өрбіп, кейін ойрат одағына келіп қосылған қошуыт еді. Қошуыт нояны Гуіштен Төрбайх, одан Лхаузан. Лхаузаннан Ғалдынданзан. Әмірсана соның баласы деуге келеді. Ал Әмірсананың шешесі Себенрабдынның қызы Бұталаны Ғалдынданзын айттырғанымен оны әкелуге өзі мұрсасыз болып, нөкерлерін жібереді. Шәкәрім шежіресінде жазылғандай: «Қызын қыстыгүні ұзатқан екен» дейді. Олар бұрқақта адасып, батырлықпен жол тосып Алатауда жатқан ұлы жүз Төлекиге жолығып, жалынып тұрып қалып, жаз шыққанда кетіп, «сонда қыз Төлекиден буаз болып барып Әмірсананы тапты». Ойраттар мұндайды білсе де мән бермейді. Абылай тұтқында болған кезінде Әмірсана мен Дабашымен таныс болғаны рас, азат болуына олардың да көмегі тиді мүмкін. Ал ойрат тарихи дерегінде, Лхаузанды Себенрабдын өлтірген, соған кектескені үшін оның немересі, өз күйеубаласы Ғалдынданзынды өлтіріп, қызы Бұталаны қойт нояны Үйзінге берген. Үйзін өлгенде Ғалдынсерін хан оның мұрагері болуға тиіс Әмірсананы шет көріп, қойт ноянына өз ұлы Шагдарды тағайындап, Әмірсананы ауылбасы дәрежесімен Ілеге жібереді. Сол үшін де Әмірсана ішіне ызғар сақтап қазаққа бүйірі бұрылса керек, Абылай хан осы орайды қалт жібермеген. «Қарағай бойы қар жауса қалғымайды сауысқан, қанды қалпақ кисе де айырылмайды туысқан». Десе де оның бойында өзінің қаны бары үшін ғана қорғаған жоқ, Әмірсана қасында болса, қалған ойратты ғана емес жалпы моңғолды құтқарып, мәңгілік одақтасына айналдырса қуаты арта түскен болар еді. Қазақ пен ойрат ғана емес, бір кезде дүниені дүр сілкіндірген көшпенділердің қуатты мемалекеттері бірлікке келсе жеңіске жетіп, бөлініп-жарылса бөріге талатып талай зардап тартқанын ол пайымдаған. «Таспен атқанды аспен атып» артына өшпес өнеге, мәңгілік ел қалдырған ақыл кені айналайын Абылай! Әр ұлттың, мемлекеттің мызғымас үшін ұстанар төр қағидасы да осы береке-бірлік..

Циннен іздеушілер келе жатқанда Абылай Әмірсанамен ақылдасып, «Сені ұстап берген болайын. Сен құтылып шығып Ресей жеріне барып бас сауғалай тұр. Орайы келсе көмек сұра» деп оны қолына салып бере отырып, түнде қашып шығуына мүмкіндік жасаған. Сараң бай мен бәйбішесінің ортасында жатқан қарындағы майды алып кететін тазша бала ертегіне ұқсас уақиға. Алайда амал қанша, Тобылға жеткенінде патша шенеуніктері саған көмек беріледі деп Әмірсанаға тосқауыл қойып, оның отыз бес жасындағы жазатайым өлімін шешек індетіне артып, жылы қымтап салған. Әмір, Гендін, Чойбалсын, Цедінбал сынды берегіректегі моңғол билеушілері Ресейге жақпағаны үшін Мәскеуге шақырылып барып қаза болғаны осы болжамды айқындай түседі. Ал Әмірсана ойрат жұртынан аттанарында «Мен қашан да бір қайта ораламын» деген екен. Ойраттар сол сөзді жадында ұзақ сақтап, «өлген адамның жаны өзге біреуге қонады» деген буддалық наныммен Әмірсананы жүз елу жыл бойы сарғая күткен. 1800 жылдардың аяқ шенінде «Мен сол Әмірсананың жалғасты бейнесі едім» деп Патшалық Ресей тыңшысы лаңкес «Жалама»-Дамбижансын Қобда өлкесіне еніп келгенде ойраттар оған имандай сеніп қарулы қолына айналған еді. Ол бүлік салғанда бірігуге дәрменсіз, бөлінуге бейім азғантай қазақ қауымы 1912 жылы естен кетпес ауыр азап шеккен. «Жаламадан да жан қалған» деген сөз содан қалған. Жаламаның басын 1922 жылы халықтық өкімет алған. Зәудеғалам сол тұста қазақ үш-төрт тарапқа бөліне қашпай қол қосса жендетті өз қолымен өлтірер еді!..Ойрат орталығына айналған Қобда шәрінде Әмірсананың атты ескерткіш мүсіні тұр... Ой артынан ой туады, өткен тарихтар сорабына жетелейді-Аққорым жайлауынан қойшылар кеше ғана «Бисмилла...» деген араб жазулы қылыш тауып алды. Бұл өңірмен Ер Жәнібек, Арқалық, Мырзаш батырлар жүріп өткен, солардан қалған ба екен?..Жалаң жалқы қылыш қай қазақтан болса да ұлт мүддесі жолындағы жорықта қалғаны анық, ал не заман өткенде өзгеге емес қазақ баласының қолына тигені қандай жақсы ырым!

Бөлшектенбеу, бірігу ұғымы, оның маңызы жадымызда қалды ма? Әй қайдан, бұрын ұлт, ру, тап болып, жіктелуші едік, енді ғой саяси партия, топ болып, бай, кедей, анау елдік, мынау елдік, оралман, отырықты қазақ болып татулыққа селкеу түсіп, еркіндік желеуімен «есіктен ергенек, иттен әдеп кетіп» барады. Әділет азып, әсіре демократия (анархиясүрей) белең алған. Батыс саясаткерлерінің «әлемдік бұқара» насихаты тамыр жайған сайын кіші халықтар бұзыла бастағанын аңғарамыз. «Япырау мұндай қағида біздер үшін емес солардың бас пайдасы үшін екен-ау!» деп кейде секем аламыз. «Еруге жүк артқызба, көшкенге от жаққызба» демейтін бе, көшжөнекей жүгі ауса бейнетін еру ел шекпейді. Болдым, толдым деген ақылшы ел шынымен жаны ашыса жұмыссыздықты былай азайт, халық тұрмысын былай жақсарт деп ақыл, көмек берер еді. Олардың жол-жоба нұсқағанындай мемлекеттік ұйымды жойып, орнына бұқаралық ұйымды қоя берсек, жалған өсек, жат ағымдарды бетімен жіберсек еркіндік құрыққа шығып, ырықтан кетеді. Иә, мәңгі салтанат құруы үшін қайсы ел болмасын өзгенің аярсып азғыруымен емес, өз ар-намысымен, өз ақылымен болса өкінбейді!...

ЕГЕМЕНДІ ЕЛ ІРГЕСІ БЕРІК, ШАҢЫРАҒЫ БИІК, ЖАҢА ЖЫЛ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚЫМБАТТЫ АҒАЙЫН!

shnai rahmet

Шынай Рахметұлы, журналист. Моңғолия. Баян-Өлгий.30.ХІІ. 2014 ж.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір