• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:30:30
Алматы
+12°

11 Желтоқсан, 2014 NEWS

Сараптама: 2014 жылғы Ресей. Әлсіз әлін көрсеткісі келеді...

«Ит лақтырылған таяққа қараса, арыстан оны лақтырған адамға қарайды». Бұрындары оқыған бұл мақалды түсінбей жүр ем... Міне, бір жылдай болды, ұғындым. Сөйтсем,...

«Ит лақтырылған таяққа қараса, арыстан оны лақтырған адамға қарайды». Бұрындары оқыған бұл мақалды түсінбей жүр ем... Міне, бір жылдай болды, ұғындым. Сөйтсем, бұл – өзіміздің  ақпарат әлеміміз екен. «Империалистік державаның» ақпарат-таяғын кеміріп, түсініп әлек болып жатқанда, оның шынайы келбетіне мән бере қоймаған иттің халінде екенбіз. Берген ақпаратына біреуіміз сеніп, біреуіміз ызаланып отырсақ та, әйтеуір, жеп жатырмыз. «Тасмағамбетовтың қорғаныс министрі болуы да жай емес» деп, «ұлы» ойларды қозғап та жүрген жайымыз бар. Не деуге болады?! Орысқа жақ, орысқа қас деп екіге бөлініп келе жатқан қазаққа тастаған таяғың тиді, Ресей!

Менің айтайын дегенім, кейбіріміз секілді Ресейді жамандап, балағаттап, орыстың оңбағандығын есептеу емес. Я болмаса, кейбіреудей ісін ақтап, мақтап, жақтауды да көздемеймін. Мен тек Ресейдің бір жыл ішінде жеткен «жетістігіне» шолу жасағым келді. Косылушылар бар ма? Олай болса, Ресей-Украина-АҚШ, ЕО байланысын саралап көрелік!

ek1

Ресейдің сәуірден тамыз айларына дейінгі Қырымға кеткен бюджеттік шығысы (зейнетақыны қоспағанда, тек жалақы, жылу беру т.б) 67 млрд долларды құрады. Бір жылға - 150 млрд болмақ. Қырым бір бөлігін өзі өтейді-ау деген мөлшерін алып тастасақ та, Ресей 130 млрд доллардай шығынға түсіп отыр. Жоспарсыз, үлкен сомадағы шығынға. Оның ақысын - білмей жүрген, білсе де, білдірмей жүрген Халық төлеуде. Ресейдің 2020 жылға дейін өзінің 5 университетін әлемнің топ - 100 ЖОО-ның тізіміне қосамын деген бағдарламасы болған. Кейінге шегерілді. Зейнетақы қорынан ақша алу, келер жылдары салынбақ аурухана мен мектептердің санын азайту, қорғанысқа бөлінген қаржыны қысқарту, 1 курс студенттеріне алғашқы экзаменге дейін стипендия төлемеу  – шығысты өтеуге жұмсалып жатқан шаралардың бір бөлігі ғана. Жақында 2015 жылы зейнетақы қорын қатырып тастау туралы үкімі де жарияланды. Бұның салдары ЖІӨ-нің екі есе кемуі мен кредиттің өсуіне әкелетінін билік басындағылар түсініп отырған шығар, бірақ, амал нешік?!

Ендігі бір келелі мәселе – рубль бағамының төмендеуі болды. Валютаның төмендеп, инфляцияға ұшырауы – тауар бағасының өсуіне әкелді. Баға жоғарыласа да, зейнетақы мен жалақысы көтерілмеген  ресейліктердің (экономистер алдағы жылдары да көтеріле қоймас деп болжауда) атар таңы, көрер күні әлі алда... Бірақ, бұл жағдай Ресей үкіметі үшін уақытша тиімді болып тұр. Себебі, Ресейдің федералдық бюджеттік кірісі доллармен, шығысы рубльмен есептеледі (Мұндағы, басты назардағы сөз – уақытша, рубль төмендеді деп, Ресей үкіметі байи қоймас). Ал, бұның барлығы – үлкен ақымақтықтан, Қырымды қосып алудан басталды. Ал, әр ақымақтық үшін қомақты қаржы "төлеу" керек. Бұған шовинистік көзқарастағы билік басындағылар жол берсе де, оны Ресейдің 86%-ы қолдады. Не деуге болады? Құдайға шүкір, қалған 14%-ының оймақтай ойы, "бармақтай"  миы  бар екен.

Күнде келетін, тозбайтын ақпарат – санкциялардың енгізілуі. Санкция – шетел инвестициясының тартылмауы ғана емес, екі ел арасындағы байланыстың үзілуі, ірі, орта және шағын бизнестің дамуына кедергі жасауы (Бізге осындай оңтайлы мүмкіндікті пайдаланып, өз тауарымызды Ресейге молынан экспорттауға болар еді, бірақ, өйткеніміз жоқ. Кінәлі кім?). АҚШ пен ЕО Иранға бағыттаған санкцияларын Ресейге де қайталауда. Әрі олардың саны күннен-күнге өсуде. Міндетті түрде санкциялар жайында интернеттен біліп алыңыздар. Осындайда болмаса, экономикалық біліміміз қашан өспек? Ал, білеріміз әлі мол. Мысалы, АҚШ пен ЕО-ның Ресейден басқа тағы да 30 мемлекетке санкция жариялағанын білесіз бе? Африканың дамыған мемлекеттерінің қатарында болған Зимбабве санкциядан кейін жершарымыздағы ең кедей елдерінің қатарына енді. Керісінше, 2013-ке дейін шектеуде болған Мьянманың бір жылдағы шетелдік инвестицияларының саны 60 есе өскен. Ресей аталған елдердің қатарына ене қоймас, бірақ, мықты дамып кетеді деп те айта алмайсың. Тамыздан бері импорттық тауарға шектеу қойылған азық-түліктің бағасы қарашада орт. есеппен 7% көтерілді. Ресейдегі бидайдың бағасы соңғы аптада 8-12% аралығында өссе, жақын арада макарон мен күріштің бағасы 25% жоғарылайды деп күтілуде. Алайда, аталған көрсеткіштер тым мардымсыз болса керек, халықты онша алаңдатпады. Олай демегенде?! Халықтың 73%-ы санкциялардың қойылуына қарсы емес екен. Әлде, мәселе идеологияда ма?! Не болса да, халықтың  экономикалық сауатсыз болғаны қиын (ішінде өзіміз де бармыз). Әйтпесе, Ресейдің пысық экономистері бір жылдың ішінде әр азаматтың, егер жалақысы 30000 рубльден төмен болса – 21600 рубль, егер жалақысы одан көп болса – 34080 рубль жоғалтқанын есептеп те қойыпты.

Еуропа елдерін былай қойғанда, бір Жапонияның өзі Ресеймен бірлескен ғарышты игеру, инвестициялық серіктестік туралы келісімшарттарын кейінге қалдырды. Ресей үкіметі қазанның соңында ЕО, АҚШ, Норвегия санкцияларынан кейін азық-түлік тапшылығына тап болғанын мойындағаны да бар. Әрине, Ресейді де осал серіктес деп айтуға болмайды. Мойындау керек, АҚШ пен ЕО-ның да жоғалтқаны бар (бірінші орында газ тапшылығы: Иран, енді Ресей). Бұл жағдайда, АҚШ пен ЕО – періштелер, Украинаны жебеп жүр деуге де болмайды. Олардың да көздегені басқа. Бірақ, АҚШ, Украина көзқарастарын кейінірек жеке талқылармын. Бүгінше, тақырып – Ресей. Сол Ресейде тек қазан айының өзінде 151000 адам жұмыс орнынан айырылды. Таң қаларлық жағдай емес. Жұмыссыздардың саны әлі де өсері сөзсіз.

1410796663_1

Мына бір жайтпен бөліскім келеді. «Мурманск балық комбинаты» Жоғары сотқа үкіметтің азық-түлікке қатысты санкцияларының кей тұстарына шағым берген. Арызда комбинат басшылығы өнімін АҚШ, Еуропа, Аустралия және Жаңа Зеландия елдеріне  экспортқа шығаруға рұқсат сұраған (Ресейдің «ответный» санкциясы ғой, бәленің басы). Себебі, серіктестерің жоғалтқан шаруашылық есепсіз қарызға батып, жұмыскерлері де табысты еңбек көзінен айырылып отыр.

Ресей «ақымақтығын» мойындамаса да, қай жағдайда да шешім табуға тырысады. ОПЕК-тың соңғы кездесуінде Қытаймен 17 келісімшартқа қол қойғаны белгілі. ТМД-мен де жақсы қарым-қатынаста. Осындай «керемет» ақпараттардың берілуінен орыс халқының 53%-ы санкция оң әсер етеді деген сенімде болуы - қалыпты жағдай.  Әрі халықтың жартысы «үкіметтің 2018-ге дейін зейнетақыны көтермейді» деген экономистер болжамын естімеген болуы керек. Әлде, халықтың есігі тек жақсы жаңалыққа ашық па екен? (Бірақ, Ресей экономистерінің ашықтан-ашық «зейнетақы қорын жеуде, зейнетақы енді өспейді деуі» – жақсы екен. Әйтпесе, біз зейнетақы қорындағы ақшамыздың жайын толық біле алмай жүрміз ғой). Қоса кету керек, орыс елінде шенеуніктердің де жалақысы жақын арада өспейтіні белгілі болды.

Менің айтайын дегенім осы еді.. Алайда, бұл да негізгі мақсат емес...

Негізгі мақсат – сіздерді дұрыс ақпараттандыру болды. Жириновский «былай» деді, Путин «Назарбаевқа дейін қазақ елі болған жоқ» деді деп, елді дүрліктіру - қателік. Путин қазақ елінің 550 жылдық тарихын біледі (басты серіктестігінің тарихын білу – міндет), Жириновский болса – ол қара PR-дың адамы. Думада өзіндік сөзі, елінде айтарлық орны жоқ Жириновскийдің ешқашан да ақылға салмай, бос сөйлей беретіні мәлім (әйтеуір, соны тыңдайтын құлақ табыла қалатыны қызық). Керісінше, Ресей «империялық мықтылығын» дәлелдеп, осындай «махинациялар» арқылы бізге де сыртқы «алтын ерлігін» көрсетіп қалмақ. Осындайда, «Солтүстік аймағымызды басып алады» деп іріткі салып жүрген кейбіреудің көзін ашқым келеді. Бабалардың терімен, қанымен келген жерімізді бермек кімді көрдің?! (Қайта күмәнданған адамды сабау керек, нағыз бірлікті бұзушылар – солар). Одан да Ресей Қырымның қаржылық жағдайын шешіп алсын. Іші түтін Ресейдің әлі қаншаға шыдайтыны белгісіз, бірақ, әлі де бізге «таяғын» тастай береді. Ол өзінің осындай әлсіз кезеңінде әлін көрсеткісі келетіні анық.

Алайда, біздің  Ресейден қол үзе алмайтынымыз - аксиома.Себеп тек геосаяси жағдайда емес. Бұл ретте Ресейдің біз үшін жақсы серіктес екенін түсіну маңызды. Балтық елдері тәріздес АҚШ-тың айтқанымен жүргенше, Ресейді әурелей берейік. (Осы жолда Елбасымыздың ұстанған саясатын құптаймын. Ресей, Қытай, Америкамен жақсы байланыс ұстап тұрғаны – ерлікпен пара-пар). Ал, орыстар кезінде ата-бабамызды өлтірді, жойды деп кектене берсек, онда Кененің басын кесіп берген (қандай жағдайда!) қырғыздарға да сұстанайық. Онда Германия, Моңғол елімен де қарым-қатынасты бұзған абзал болады. Ойлаңыңыздар! Неге Африка мемлекеттері өздерін бұдан да қиын бодандықта ұстаған Франция мен Англия елдерін жек көрмейді? (Ал, олар, әлі де болса, артта қалушы материк, үшінші әлем). Әлде Қытай Жапонияны? Әлде, Үндістан Ұлыбританияны? Қытай мен Үндістанның да азаттық жолындағы күресі ауыр болды емес пе?! Дұрыс түсініңіздер, мен тарихымызды, ерлерімізді ұмытайық демеймін. Жоқ, одан да барлығын ақылмен саралап, шешімді дұрыс қабылдай білген жөн. Қате ақпараттың құлдығынан құламай, «орысшыл», «орысшыл емес» деп бөлінбей, татулығымызды сақтайық. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді қазақ. Тегі, қате айтылмаған болуы керек.

P.S. Иә, айтпақшы, Ресей, енді, Қырымнан бас тартпайды. Осыншалықты қиыншылықтардың барлығы халықтың көзімен «империя үшін», «Қырым үшін» болмап па еді?! Ресей одан бас тартса, дәл сол күні халық көтеріліске шығар... Бізге ақымақтық боп көрінген бұл тікетірес жағдайды Ресейліктердің қаһармандыққа балауы... Иә, идеологияның күші мол.

Құралай Исаева

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір