• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:38:49
Алматы
+12°

08 Желтоқсан, 2014 NEWS

Сабыр Қасымов: «Желтоқсаншыларды» аяусыз жазалағандар халықтың алдында басын иiп кешiрiм сұрауы керек!

-Сабыр аға, Сіз конституциялық сотта атышулы "Желтоқсан ісінің" қозғалуына мұрындық болған адамсыз. Бұл қадамға қалай бардыңыз?

SONY DSC

-Сабыр аға, Сіз конституциялық сотта атышулы "Желтоқсан ісінің" қозғалуына мұрындық болған адамсыз. Бұл қадамға қалай бардыңыз?

– Қазақстанның отарлануы тарихын оқығанымда қылмыскер басқыншы жүйенiң ұлтымды қалай қорлағанын терең түсiндiм. Осыдан кейiн мемлекеттiк алып машинаның әр нақты кезеңдегi қылмысын әшкерелеп, бет-пердесiн сыпыруға бел шеше кiрiстiм.

Желтоқсан көтерiлiсiнiң анатомиясын жақсы бiлемiн. Қазақ ұлтының бос­тандық талап еткен бас көтеруiн қалай басып-жаншу керектiгi және көтерiлiске қатысушыларды қалай қудалау қажеттiгi жөнiндегi құпия құжаттарды түгелге жуық парақтап шықтым. Сондықтан да қолын қанға мал­ғандарды соттау үшiн халықаралық стандарттар мен нормаларға сүйенiп, ең болмаса бiр рет заңды жауапкершiлiкке шақыру үшiн “Кiшi Нюрнберг процесiн” жоспарлап, дайындадым. Алайда, бiрiккен зұлым күштер бұл жолы да әдiлдiк пен шындықтан басым түстi. Нәтижесiнде тарихи шешiм шығаруға негiз боларлық дәлелдер, тал­қыға салу үшiн жүйелi түрде дайындалған iс ашық жария етiлмей, жабулы күйiнде қалды.

 – Кеңес одағының жоғары шендiлерi, мәселен Берия сталиндiк репрессияны iске асырғаны үшiн жазаланып, ату жазасына кесiлдi. Ал ендi Желтоқсан көтерiлiсiнен кейiн қуғын-сүргiн ұйымдастырған шенеунiктердiң үстiнен ең болмаса қылмыстық iс қозғалып көрді ме?

– Жөн сұрақ. Өз ұлтын қанға бояған қылмыскерлер түптiң-түбiнде жауап­кер­шi­лiкке тартылады. Өкiнiшке қарай, сталиндiк жендеттердiң барлығы бiрдей қылмыстық жауапкершiлiкке тартылған жоқ. Сол тұста Кеңес одағыныңда жоғары қызмет атқарғандар мұны мәселе етiп көтертпеуге тырысты. Өйткенi олардың өздерiнiң қолы қанға былғанған болатын. Ал Берияның ату жазасына кесiлгенiне келсек, бұл – Сталиннiң мұрагерлерi арасындағы билiкке, таққа талас-тартыстың нәтижесi.

 Қазақ КСР-i Жоғарғы Кеңесi президиумы комиссиясы қорытындысы бойынша бiз көтерiлiстi қатiгездiкпен басып-жаншыған, қуғын-сүргiн ұйымдастырған Кеңес одағы мен Қазақстанның қырықтан астам басшысын отставкаға жiберiп, жауапкершiлiкке тартуды талап еттiк. Бұлардың көпшiлiгi басқа жұмысқа ауысып кеттi немесе көз ету үшiн ғана қызметiнен шеттетiлдi. Комиссия қорытындысының 7-тармағында қылмыстық iс қозғамауға болмайтын дәлелдердi өз қолыммен тiзiп жаз­ғанмын. Бiрақ, бiрде-бiр қанаушыны, бiрде-бiр сатқынды қылмыстық жауап­кершiлiкке тартпады. Ақырында қылмыстық iс қозғалмады, бiрдi-екiлi iс қозғалғанымен, жерiне жетпей, тоқтап қалды.

 Оны айтасыз, тiптi бiрдi-екiлi бел­сендi қызметте жоғарылап, бiршама уақыт жауапты қызмет атқарды. Мәселен, Әдiлет министрiнiң орынбасары И.Тетеркин. Ол желтоқсаншылардың заңсыз сотталуын, үкiмнiң заңсыз шығуын ұйымдастырған соң қызметi жоғарлап, Қазақстанның жоғарғы арбитражды сотының төрағасы қызметiне жайғасты.

ҚазМҰУ-дiң ректоры Е.Ерғожин – алаңға шыққан жастардың жер-жебiрiне жетiп, олардың одан әрi саяси тұрғыда қуғындалуына жол ашып бердi. Сол адам әлi күнге дейiн ғылыми мекеменi басқарып отыр. Мұндай қаралаушылар мен сатқындарға болған оқиғаны сол күйiнде айтын берудi, Жармахан Тұяқбай секiлдi өз халқынан кешiрiм сұрауды әрқашанда олардан талап етiп келемiн. Мұндайлар өте көп, егер олар халықтың алдында басын иiп кешiрiм сұрамаса, күндердiң-күнiнде бәрiнiң атын атап, түсiн түстеп беремiн.

– Желтоқсан көтерiлiсi десе, көпшiлiк Шахановты, бiреулер Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанованы еске алады. Бiр анығы, Желтоқсан көте­рiлiсi туралы пiкiр сан тарапқа бөлiнiп кеткен сияқты. Бұл ненiң салдары?

– Оның себебi бiреу. Бiздiң мемлекетте Желтоқсан көтерiлiсiне тарихи-саяси баға берiлген жоқ, көтерiлiске қатысқан жастардың жаппай батырлығы, ұлтшыл-азатшыл халықтың көтерiлiсi ретiнде бағаланған жоқ. Нағыз батырларымыздың атын әлi атағамыз жоқ. Сондықтан да қарапайым халық Желтоқсан көтерiлiсiне қатыспаған, сол тұста Қазақстаннан тысқары жүрген, бiрақ депутатат ретiнде (басқалар үнiн шығармай отырғанда), Мәскеудегi съезде бiздiң елдегi жағдайды әлемге әйгiлеген, Қазақстан Жоғарғы Кеңесi президиумы комис­сия­сын басқарған, көтерiлiс хақында айтып та, жазып та жүрген М.Шахановпен байланыстырады. Қ.Рысқұлбеков, Л.Асанова, Е.Сыпатаевқа және басқа да азаматтарға басымызды июге тиiспiз, бiрақ олар – көтерiлiске қатыс­қан ондаған мың қаһарманның бiрне­шеуi ғана. Өкiнiштiсi сол, бұлар жұмбақ жағдайда қаза болды. Бiз әлi шындықты айқындаған жоқпыз. Қ.Рысқұлбековтың өлтiрiлуi арнайы қызметтiң тапсырысы бойынша жоспарланғанына және iске асырылғанына қарамастан, бiз әлi де мұның басында кiм тұрғанын анықтай алмадық. Бiздiң билiктiң жа­уапсызды осында, жастардың жаппай батырлығын, әсiресе, қыздардың батылдығын бағалаудың орнына, жекелеген адамдарды қолдан қаһарман жасап шығарды. Сондай-ақ, көтерiлiске халықаралық саяси сипат беру iсi де аяқсыз қалды.

 – Бұған дейiнгi ұлт-азаттық көте­рiлiстердiң барлығы да қазақ ұлтының азаттығы үшiн болды. Ал ендi 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсi Кеңес одағы құрамындағы елдердiң тәуелсiздiк алуына түрткi болды деп жүрмiз. Сiз осымен келiсесiз бе?

 – Мұнымен келiсiп қана қоймаймын, қосымша айтарым да бар. Жиырма жылдан астам уақыттан берi жасаған баяндамаларымда, мақалаларымда Желтоқсан көтерiлiсi соңғы елу жылда жаппай жарнамаланған, “Кеңес одағында ұлттық мәселе түбегейлi шешiлген” деген кеңестiк саяси және ғылыми доктринаның быт-шытын шығарды. Екiншiден, кеңстiк империя құрамындағы өзге де ұлттардың намысын оятып, Балтық жағалауы мен Қапқаздағы елдерге түрткi жасады. Үшiншiден, демократияның кемесiн шайқаған “соцлагерь” деген ұғымды жерлеп, әлемдiк күштер таразысын бiр теңшеп қойды. Бiз Батыс елдерiнiң танымал саясаттанушылары мен тарихшыларын шақырып, Қазақстанда ауқымды ғылыми конференция өткiзудi бiрнеше рет ұсынғанбыз. Әлемдiк саясатқа өзгерiс енгiзген қазақ жастары екенiн бәрi мойындауы тиiс.

 – Көтерiлiстен кейiн қуғын-сүргiнге ұшырағандардың жапа шеккендердiң саны туралы әрқилы дерек бер. Сiз не дейсiз?

 – Әлдекiмдер айтып-жазып жүргенiндей жүздеген, мыңдаған адам қаза болған жоқ, әрине. Бiрақ, бiр нәрсе анық: қуғындалғандардың бәрi, жапа шеккендердiң бәрi, көз жұмғандардың бәрi анықталмады. Бұларға байланысты қылмыстық iс қозғалмады, тергеу амалдары жүргiзiлмедi.

– Желтоқсан құрбандарын “саяси қуғын-сүргiн құрбандары” деген сипаттамамен бiржақты атау көтерiлiстiң тарихи һәм саяси бағасын алуына кесiрiн тигiзiп жүрген жоқ па?

– Бұлар – тек қана саяси қуғын-сүргiн құрбандары ғана емес, қазақ ұлтының құтқарушылары, партиялық-полицейлiк кеңес өкiметiне тайсалмай қарсы шыққан нағыз қаһармандар. Сондықтан да мұның себебiн басқадан iздеген жөн.

 – Жұрт арасында көтерiлiстiң ұйымдастырушылары болды деген пiкiр бар. Яғни құпия ұйым, белгiлi бiр топ, жоғарыдағы шенеунiктер түрткi жасады деседi. Егер сiз барлық құпия құжаттармен таныс болсаңыз, мұны бiлуге тиiссiз. Оның үстiне мыңдаған адамды сұрадыңыз, белсендi қатысушылармен әңгiмелес­тiңiз, билiк өкiлдерiмен, күштiк құрылымдармен байланыста болдыңыз. Тiптi Мәскеу мұрағаттарындағы құжаттармен танысып, Қазақстанға жауапты болған шендiлермен де сөйлескен көрiнесiз...

 – Бұл сұрақ маған бiрнеше мәрте қойылған. Әлi де қойылатын шығар. Сондықтан мұның басын ашып алғанымыз жөн. Ол кездегi саяси жағдай қандай едi? Сяси күштердiң ара салмағы қандай болды? Мұндай нәрсенi ұйымдастыруға кiмдердiң күшi жеттi? Оған не түрткi болды? Ұйымдастырушы кiм? Оның мақсаты не едi? Билiк пен арнайы қызмет өкiлдерi “алқаштар мен нашақорлардың тобын ұйымдастырғандардың аты-жөнiн әне-мiне атаймыз” деп даурыққанда ненi көздедi?

 Жалпы, Кеңес одағы компартиясы орталық комитетi мен мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi үшiн көтерiлiстiң дәл Қазақстанда бұрқ ете қалуы күтпеген жағдай болды. Ол кезде мен Мәскеуде тұрамын, орталық комитеттiң қоғамдық ғылым академиясында оқып жүргем. Партия қызметкерлерiмен, ғалымдармен әңгiмелестiм. Академияда бұрын орталық комитеттiң идеология саласында қызмет еткендер де аз емес едi. Бұлардың бәрi де Қазақстанды “екiншi Ресей”, “ұлттар достығының лабораториясы” санайтын. Қазақстанды толықтай орыстанған, Алашордашылар сияқты ұлтшылдарының көзi түбегейлi жойылған бейшара ел санайтын. Барлық жауапты қызметтерде, жекелей алғанда ОК-нiң бiрiншi хатшысын, КГБ, IIМ-нiң басшыларын, басты идеологтарын ұзақ уақыттан берi Мәскеу тағайындады. Олар Мәскеуге берiлген адамдар болды. Сондықтан да Кеңес одағы басшылары Қазақстандағы жағдайға өздерiн кiнәлi санаған жоқ. Кiнәнiң бәрiн Дiнмұхамед Қонаевқа және оның айналасындағыларға артқысы келдi. “Жеке бас мүдделерiне бола құпия ұлтшыл ұйым құрды, бас көтерулер ұйымдастырды” деп айыптамақ болды. Мұндай алыпқашпа әңгiменi арнайы қызмет өкiлдерiнiң өздерi таратты. Бұл жаппай қуғын-сүргiн жасау үшiн қажет едi.

 Сол себептi болмашы нәрсенi сылтау етiп Асанбай Асқаровты, Дүйсетай Бекежановты, Андрей Статениндi, Хасен Қожахметовтi, Әркен Уақовты, Мырза Акуевтi және тағы басқаларды тұтқындады. Тiптi сол тұстарда Қазақстанда “кiшi 37-жылды” ұйымдастыру жоспарланған. Бүкiл қазақ халқына ұлтшылдығы үшiн қылмыстық iс қозғалған. Өзгелерге сабақ болуы үшiн. Осыдан кейiн орталық комитетте “Қазақ ұлтшылдығы туралы” деген қаулы қабылданды. Қылмыстық iс аясында бүкiл Қазақстанды қамтыған материал жиналды. Зиялылар мен патриоттар қармаққа iлiндi. Барлық мұрағаттарды астын үстiне келтiрдi, тiптi Алашордашылар мен олардың ата-бабалары туралы мәлiмет жиналды. Ұлтшылдардың соңына шам алып түстi.

Қазақ жастарын оқуға көптеп тарт­қаны үшiн ҚазМҰУ-дiң бұрынғы ректоры Өмiрбек Жолдасбековтi, кадр таңдаудағы ұлтшылдығы үшiн Қуаныш Сұлтановты, әдебиеттегi түркiшiлдiгi мен ұлтшылдығы үшiн Олжас Сүлейменовтi, қазақ ұлтының рухын көтеруге еңбек еткенi үшiн Ақселеу Сейдiмбектi, Болат Нұрғазиевтi, Сафуан Шәймерденовтi, Сәбетқазы Ақатайды, Мұрат Әуезовтi, Мақаш Тәтiмовтi, басқа да танымал азаматтарды (жазушылар, ғалымдар және тағы да басқаларды) қылмыстық жауапкершiлiкке тарту жоспарланды. Бұл тiзiм өте ұзақ болуа тиiс едi. Тiптi үш мәрте Социалистiк еңбек ерi, Мәскеудiң дегенiнен шықпаған Дiнмұхамед Қонаевтың өзiн “қызмет бабын асыра пайдаланды” деп қылмыстық жауапкершiлiкке тартуды сұрап, Колбин Горбачевке құпия хат жазған. Ол хатында Колбин бұған “қоғамды дайындап қойғанын” тек жоғарыдан рұқсат керектiгiн айтқан. Мұны мен қазiргi саясаткерлерге сабақ болсын деп айтып отырмын. Империя өз мүддесi үшiн ешкiмдi аямайды. Тiптi өз адамдарын да.

 Егер тарихтың тегершiгi керi айналмағанда, орталық комитетке халық­аралық ұйымдар қысым жасамағанда, отызыншы жылдардағы қуғын-сүргiн тағы да қайталанатын едi.

 Қонаевтың айналсы да, Қазақстан Компартиясы орталық комитетi бiрiншi хатшылығына үмiткерлер де, өзгелер де жастарды көшеге шығару түгiлi, басымен қайғы болып кеттi. Олардың қызметiн қалай сақтап қалуды ойлауға, ретi келгенде жаңа билiкке бұрынғы билiктi тiлi жеткенше жамандауға ғана шамасы жеттi. Ол кездегi тәртiп, адамгершiлiк, шенеунiктердiң психологиясы, жалпы саяси жағдай қазiргiмен салыстыруға келмейтiндей едi.

Осыдан келiп ерекше құбылыс (феномен) болды. Көтерiлiстi қарапайым адамдар ұйымдастырды. Ұйымдастырушылар мен шешендердiң рөлiн кәдiмгi белсендiлер, патриоттар мойнына алды. Бұлар халықты қасық қаны қалғанша шыдауға үндедi. Мәселен, фабрикада жұмыс iстейтiндердiң жартысын, жатақханадағылардың түгелге жуығын көшеге ертiп шыққан азаматтарды бiлемiн. Мiне, осылар ұлттың намысы үшiн көтерiлiстiң ұйымдастырушылары болды. Көтерiлiстi бiр жерден басқару болған жоқ. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Д.Қонаевтың орнына қайдағы бiр Колбиндi отырғыз­ғаны туралы мәлiмдеме қазақ ұлтын дүр сiлкiндiрдi.

 – Желтоқсан көтерiлiсiне дейiн және одан кейiн де бiзде зиялы қауым деген топ болды. Әлi де бар. Бiрдi-екiлi зиялылар болмаса, жалпы зиялы қауым сол тұста неге үнсiз қалды?

 – Бiздiң бүгiнгi зиялы қауым отаршыл кеңестiк жүйе сiңiрген ұғымның тұтқынынан шыға алмай қалған. Мұндайлар өз ұлтының мүддесiн сатуды, қорқақтықты ақылдылық деп түсiндiргiсi келедi. Бiзде ұлттық идеология, ұлттық стандарттар жоқ. Сол себептi нағыз қаһармандар мен сатқындарды ажырата алмай жүрмiз. Заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов айтып кеткендей, бiз ақыл-есiн жоғалтқан, моральдық деградацияға ұшыраған мәңгүртпiз.

 – 16 желтоқсан сiз үшiн қандай күн?

 – Бұл күнi менiң кеудемдi қуаныш кернейдi. Мақтанышқа бөленем. Бi­рақ, әп-сәтте мұңайып, езiлiп, қаралы күй кешем. Неге десеңiз, бұл күнде жастарымыздың өмiрi қиылды, мыңдаған адамның тағдыры тәлкекке түстi. Демек, бұл – мен үшiн қуанышты да, қаралы да күн. Бiр сөзбен айтқанда әрқилы сезiмдер шарпысатын күн.

Жалпы 16 Желтоқсан – Каһармандардың күнi. Азаттық, Тәуелсiздiк үшiн, қазақ жерiн сақтау үшiң күрескен Батырлардын күнi!

 «Араша-ақпарат»

14 Желтоқсан, 2012

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір