03 Желтоқсан, 2014 NEWS
Жетімнің қалтасына қол салған тәрбиешінің "қылмысы"
(Балалар үйінен кімдер шығып жатыр?
Білім және ғылым министрлігінің деректеріне қарағанда Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан әрбір балаға мемлекет жыл сайын 1,5 млн. теңге төлейді екен. Аз емес. Алайда сол ақша толығымен баланың өсіп-өнуіне жұмсалмайтындығын түрлі тексерістер анықтап отыр. БАҚ-тарда Балалар үйі директорларының ұрлық қылғандығы туралы талай рет жазылды. Олардың кейбірі бала асырап алушыларға да түрлі кедергілер жасайды екен, өйткені жетімдерді шетелдіктерге асырудың өздері үшін тиімді жолдарын тауып алыпты. Бас прокуратураның деректеріне қарағанда Балалар үйі мен қамқорлыққа алу органдарындағы лауазымды адамдардың кесірінен 1858 жетімек асырауға бару құқынан айрылып қалған. Ал балалар құқын қорғау жөніндегі халықаралық ЮНИСЕВ ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің сауалнамасына қарағанда Балалар үйіндегі жеткіншектердің 50 пайыздан артығы түрлі зорлық-зомбылықтарға ұшырайтындықтарын айтқан. Соның көбі балалардан емес, тәрбиешілер тарапынан болады екен. Осындай келеңсіздіктердің нәтижесінде Балалар үйінен шыққандардың тек 10-15 пайызы ғана өмірде өз орындарын табады. Қалғандары қылмыс жолына түседі, соның ішінде қыздардың 40 пайыздан артығы жезөкшелікпен айналысады. Түлектердің 60 пайыздан артығы тіпті Балалар үйінен шыққан жылы-ақ қылмыскерлер атанады екен. Сонда, Балалар үйінде кімдерді тәрбиелеп, кімдерді өсіріп жатырмыз? Ал онда бүгінгі күні 34 мыңға жуық тәрбиеленушілер бар. Жыл сайын 1,5 мың адам жаңадан қосылады.
Міне, осындай фактілерді айта отырып, Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов премьер-министр Кәрім Мәсімовтың атына сауал жолдады. Онда жетімдерді Балалар үйінде тәрбиелегенше отбасылық патронаттық үйлерді көбейту мәселесін көтерді. АҚШ, Ұлыбритания, Израиль секілді дамыған елдердің бәрінде Балалар үйі деген болмайды екен. Біздің халқымыздың ділінде де жетім балаларды жеке тәрбиелеу деген жоқ. Ендеше, кеңестік тиімсіз практикадан кетіп, патронаттық үйлерді неге көбейтпейміз? Бүгінгі күні патронаттық тәрбиемен айналысушылар бізде өте аз. Бар-жоғы 1900 бала ғана осындай үйлерге алынған. Ал асырап алуға тек 3 мыңнан артық бала ғана алынады. Бала асырап алғысы келетін отбасыларға мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау да шамалы. Бар болғаны әрбір бала үшін 18 мың теңге ғана беріледі. Салыстыру үшін айтар болсақ, АҚШ-та бала асырап алғысы келген әрбір адамға 10 мың долларды бірден және ай сайын 900 доллар, Испанияда 2500 еуроны бірден және ай сайын 600 еуро төлейді.
Сондықтан ондай жандарды мемлекет тарапынан материалдық қолдауды жақсартып, отбасылық балалар үйлерін көбейтудің жолдарын қарастыруды ұсынамын делінген сауалда.
Марина КАКИМАКИ, журналист
Сурет: altaynews.kz
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір