• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 18:47:18
Алматы
+12°

Қазақстан егемендік алып, көк туын көк аспанда желбіреткеніне биыл 16 желтоқсанда 23 жыл толады. Осы 23 жылда бейресми дерек бойынша, Қытайдан 80 мыңға жуық адам(Қытайлардың дерегі бойынша 45 мың адам) Қазақстанға қоныс аударып, байтақ Қазақстанның түкпір-түкпіріне ірге көміп, күл төкті. Қазақстан үкіметі Қытайдағы бір жарым миллионнан астам Қазақтың Шинжаңда қоныстанғанын және олардың Пекин, Шаңхай сияқты қалаларға барып виза аштыруының қиындығын ескеріп, Үрімжі қаласынан «Қазақстан Республикасының Қазақстан теміржолына қарасты паспорттық, визалық орнын» ашты. Әрине, Шинжаңнан бірде бір елге консул аштырмаған Қытай елінің рұқсатын алып, Үрімжіден паспорттық, визалық орнын ашу да оңай жұмыс емес, мүбәдә, Қытай-Қазақстан екі ел басшыларының достығы мен екі елдің тату көршілік қатынасы болмаса, Қытай Қазақтары жергілікті тілде «консул» деп атап кеткен «паспорттық, визалық орнының» ашылуы қиын еді. Бүгін де сол шағын жұмыс орнының өнімді қызмет істеуінің арқасында виза мәселесі өз шешімін тапты. Әрине, виза сұраған адамның көптігі, паспорттық, визалық орнындағы ішінара себептерге байланысты кезек созылып, делдалдар көбейіп, «консул төңірегінде шу-шұрқанның шыққаны» да рас. Бірақ Қазақстан үкіметінің баса назар аударуында және Қайыржан Кеңес, Ерлан Ибырагим сияқты ұлтжанды азаматтардың арқасында бұл келеңсіздіктерге де нүкте қойлып, виза ашуға барынша жеңілдіктер жасалды. Кезек алу, кесте толтыру, визаға тапсыру сяқты жұмыстар арнаға түсірілді. Міне сондай өнімді жұмыстар істеп, Қытай Қазақтарының ықласына бөленген Ерлан Ибрайым жақында жұмыс мерзімінің толуына байланысты Қазақстанға қайтты. Біз осы орайда паспорттық, визалық орнында 4 жылға жуық қызмет істеген Ерлан мырзаны сұхбатқа шақырып, көші-қон, виза алу сяқты мәселелер төңірегінде ой бөліскен едік.

unnamed

Ереке, Үрімжідегі Қазақстан Республикасының Қазақстан Теміржолына қарасты паспорттық, визалық орнында 4 жылға жуық қызмет істедіңіз. Бауыр басып қалған ортаны қиып кету де оңай емес шығар?

– Әрине, алғаш Үрімжіге келгенде тосырқағанымызбен, кейін үйреніп кеттік. Осындағы азаматтармен араласып, дос болып, сырласып, сыйласып жүрдік. Осыларды ойласам Үрімжіні қимайтыным рас. Бірақ, жұмыс талабы солай, шарт бойынша мерізім толды, енді елге қайту керек болды. Осы арада қызмет істергендердің арасында ең ұзақ істегендердің бірі менмін. Оның үстіне, Үрімжі мен Астананың арасы алыс емес, ұшаққа 2 сағаттық жол. Әлі талай келіп-кетіп, мұндағы ағайыннан алыстамаймын.

Мүмкін «ұзақ істегеніңіз» сіздің жұмыстың үддесінен шығып, қызметті жақсы атқарғанығыздың арқасы шығар?

– Олай деп айтсақ, мақтанғандық болар. Деседе, тәуелсіз Қазақстан үшін, қандастарым үшін барымды салдым деп айта аламын. Өз елімнің тапсырмасын толық орындаумен қатар, осындағы қандастарымызға қолымнан келген мүмкіндікті түгел жасауға тырыстым. Әрине, паспорттық, визалық орын болғаннан кейін кейде құқық көлемің шектеулі, жұмыс тәртібің сызулы болады, соған қарамастан Қазақстанның Қытайдағы бас консулына, Қазақстанның Сыртқы Істер Министрлігіне жағдайды айтып, өтніш жасап, Шинжаңдағы қандастардың виза алуына көптеген қолайлылықтар жасадық. Мәселен, арнаулы сайт ашып, біз туралы, Қазақстан туралы, оралман мәселесі, виза мәселесі жайында халықты хабардар етіп отыруға құлшындық. Ауылдан келген қандастарымызға кесте толтырудың да белгілі қиындықтар туғызатынын, кесте қате толтырылса, виза алуға салқынын тигізетінін ойлап, кезек алу, кесте толтыру, виза өтініш етудің жұмыс тәртбін ыңғайладық. Жалақы беріп, кесте толтыратын адамдар орналастырдық. Виза жапсырылған паспортты почтадан салу тәртібін қалыптастырдық.

Сөзіңіз аузыңызда, өткенде Қазақстандағы бір басылымнан «Кесте толтыру үшін ақша алады, кезек күту керек, делдал бар» деген мазмұндағы мақала оқыдым. Айып көрмесеңіз осы жағын ашалап айта кетіңізші.

– Оны мен де білемін. Бір-бірлеп жауап берейін. бізге виза алу үшін әр түрлі адамдар келеді. Жалған құжат дайындап келетіндер де бар, соның алдын алу үшін жеке куәлкті компьютерде растайтын жүйені іске қостық. Әрине, ол жүйеге кез-келген адам қосыла алмайтындықтан, біз осы жақтың азаматтарынан 5 адамға жалақы беріп, азаматтық куәлікті растауға және кесте толтыруға орналастырдық. Кестені толтырып, бәрін дайындап беру үшін 20 юуан ақы алады. Оның үстіне бұл ақы жұмыс орнының қазынасына емес, жаңағы 5 адамның еңбекақсына беріледі. Өз басым бұған наразылық танытқан бірде бір адам көрген жоқпын, қайта «дұрыс болған екен» деп ризашылығын білдіріп жатады. Міне осыны түртпектетіп жүрген адамдар бар. Қазақстан Респубилкасының заңы бойынша Қазақ азаматтарынан виза үшін ешқандай ақы алынбайды. Ал, кезек мәселесіне келсек, кезектің кейде ұзарып кететіні рас. Әсіресе, мамырдан қазанға дейін виза өтініш ететіндердің санының көбейуіне байланысты кезек күрт ұзарады. Біз сайтта және басқа амалдар арқылы визаны ертерек өтініш етуге болады деп қанша жар салғанымызбен, оны ескеретін қандастар аз. Бәрі сапарын жазға туралап әрі сол кезде келетіндіктен, шілде, тамыз, қыркүйек айларында адам күрт көбейеді. Ал желтоқсан, қаңтар, ақпан, наурыз айларында кезек аз, кейде тіпті күнбе-күн нөмір алып, визаға беріп кетуге де мүмкіндік болады.

Бұрын виза 3 ай, көп мәртеге берілетін. Бұл Алтай, Тарбағатай, Іле сияқты өңірлерден келетін қандастарымызға қолайсыздық тудырып ғана қалмай, біздің жұмысымызға да салмақ түсіреді. Осы бір жағдайы ескеріп, қандастарымызға қолайлылық жасау үшін Қазақстанның Сыртқы Істер министрлігіне қайта-қайта өтініш жасап, Қазақтарға виза мерізімін бір жыл көп мәртеге ұзарттық. Демек, қазір виза Қазақтарға бір жылға көп мәртеге беріледі. Қазақстанға барам деген ағайындар ерте қамданып, жыл басында ескерсе, мүмкін жазда ұзын-сонар кезек болмауы ықтимал. Қазір біз күніне 375 адамға(қазақ) виза береміз. Шұғыл жағдаймен(туысқаны қайтыс болғаны жайлы анықтама қағазы барлар, оқуға баратын оқушылар) Қазақстанға баратындар және басқа ұлт азаматтары мұның сыртында. Бұларды қоссақ күніне 450 ге жуық адамға виза беріледі. Олардың құжаттарын қабылдап, виза беру бізге де оңай соқпайды. Түстен бұрын қабылдасақ, түстен кейін қатысты жұмыстарын істеуіміз керек, кейде тіпті, қарбаластап кеткенде сенбі, жексенбі күндері үстеме жұмыс істейміз. Сұрастырп көрсеңіз болады, басқа ешбір елдің консулы мұндай жұмыс істемейді, бәрі түске дейін істейді де түстен дейін демалады, аптасына үш-ақ күн істейтін консулдар да көп. Біз консул болмағанымызбен, біздің жұмыс тәтібіміз консулдың тартібіне бойсұнады. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының Қазақстан Теміржолына қарасты паспорттық, визалық орнындағы қызметкелердің жұмысы ауыр деп айтуға болады. Бірақ оны біздің қандастар түсіне бермейді, кейде «осынша көп адамды кезекке тұрғызып қойып, түстен кейін дем алғаны несі, бір жерде иіргенше, Алтай, Іле, Тарбағатайдан бөлмшесін ашса болмай ма» деп кінәлап жатады. Мүмкін түсінбеген соң айтатын шығар, бірақ бұл айтуға оңай болғанымен, барысы қиын жұмыс екенін әр бір азамат білуі керек.

Дұрыс айтасыз, «Алтай, Іле, Тарбағатайдан да консул ашса» деген күңкіл көп айтылып жүр.

– Қазақстан Республикасының Теміржол өкілдігіне қарасты Үрімжідегі паспорттық-визалық орны 1995 жылы Қаңтарда жұмыс бастағаны мәлім. Қазақстан жақтың өтінішімен, Қытай  үкіметінің мақұлдығымен іске кіріскен бұл орын алғашында Қазақстан әуекомпаниясының қарамағында болса, кейін теміржол окілдігінің қарастығылына өтті. Қазір Үрімжіде ешбір елдің консулы жоқ, тек Қазақстан мен Қырғызстанның паспорттық-визалық орны ғана бар. Мұның өзі Қазақ халқына жасалған үлкен жеңілдік. Егер Үрімжіде паспорттық-визалық орын болмаса, онда біздің қандастарымыз Пекинге немесе Шаңхайға шақпылаушы еді. Бұл қандастарымызға қолайсыз болып ғана қалмай, қалтасына да үлкен салмақ. Жаңағы сіз атаған жерлерден паспорттық-визалық орын ашуды біз де білеміз. Бірақ оған Қытай үкіметінің мақұлдығы керек. Меніңше, Қытай үкіметінің Үрімжіден паспорттық-визалық орнын аштыруының өзі біздің қызметімізге үлкен қолдау көрсеткендігінің нәтижесі. «Жақсыға сөздің басын айтса, аяғын өзі түсінеді» дейді, демек, бұл мәселені тәптіштеп түсіндірмесек те, аңғарлы ағайындар арғы жағын бірден түсінеді деп ойлаймын.

Біз де бұл жақтағы ағайындарға бар жеңілдікті жасауға күш салып жатырмыз. Виза жапсырылған паспортты почта арқылы жіберіп, қандастардың кезек алып бір, виза аштырып екі, паспорт аламыз деп үш келетін барысынан бір жолды, яғни соңғы жолды қысқарттық. Виза өтініш еткенде мекен-жайды толық жазса болғаны сол мекен жайға виза жапсырылған паспортты салып жібереміз. Ал қазір жоғарыдағы екі жолды тағы да ықшамдау үшін біз кезек алуды интернет желісі арқылы жүзеге асыру жағын ойласып жатырмыз. Яғни бұдан былай ағайындар кезек алу үшін Үрімжіге келуінің қажеті қалмайды. Өзі тұрған орыннан біздің жаңа жүйемізге тіркеліп, паспортын және азаматтық куәлігінің сканерленген нұсқасын желіге жүктеп, қатысты мәліметтерді жазса болғаны, біз шекті мерізім ішінде оған жауап қайтарып, қашан келетінін ұқтырамыз. Айтылған күні келсе болғаны виза беруге қабылдаймыз. Бұл жоспарымыз іске асса, 3 аймақтың қазақтары неше жүз шақырым жол басып, шаршап, шығындалмайтын болады. Бұл жобаны бастап істеп жатырмыз, жүйесін жасап та болдық, бұйрса көп ұзамай жаңа басшылар ресми іске қосады деп ойлаймын.

Кезекке тұрғанда кейде қандастарымыздың шу шығарып, күзет қызметкерлерін «ренжітіп» жататыны қалай?

– Оның да әр түрлі себебі бар. Оған бола өз халқымды, өз ұлтымды сөкікім келмейді. Бірақ біз қазақ деген текті халқпыз. Үлкенді құрметтеп, кішіні аялайтын асыл қасиетіміз бар. Кейде атамекенге жетуге асыққан ағайындар осы жағын ескермей, орнысыз кимелеп, «біз қазақпыз, жұмысымызды тез бітіріп бере қоймадыңдар» деп қазақтығын бұлдап жатады. Мүмкін алыстан келген соң, шұғыл жұмысы бар болған соң сөйтетін де шығар, бірақ, менше, барлық жерде қазақтығымызды бұлдай беретін жағдайды қоятын кез жетті. Кейбір ағайындар Қазақстанға барып заңды бұзып тұрып, «қазақпыз ғой, кешіре салыңызшы» деп айтатыны қазыр тәмсіл боп кетті. Қанға тартқан, ұлтыңа бүйрегің бұрылғаны дұрыс. Бірақ бұл да жөнімен болса игі. Қазақ деген жай халық емес, өзінің мемлекетті бар, әлемнің 40 тан астам елінде өмір сүріп жатқан өркениетті халық. Меніңше, осы бағамызды білуіміз керек. Мәдениетімізді әйгілеуді, Қазақстанның, қазақтың мәдениетін жоғары өреге көтеруді әр Қазақ өзінің басынан бастауы керек. Кезінде кезек ұзарып кеткенде, қарттарға, екіқабат әйелдерді кезексіз қабылдадық. Екі күннен кейін жұмыс орнымыздың алдын қалтылдаған қарттар мен екіқабат әйелдер басып кетті де, бұл тәртіпті де доғаруға тура келді.  Әсілі бір отбасындағы бір нопостан бір адам келсе жеткілікті. Қарттарды, науқастарды сүйіреп, екіқабат әйелдерді, балаларды әкелудің түк те қажеті жоқ... Әрине, мұның бәрі кішікентай істер. Бірақ біздің ұлттық сапамызды көтеру осындай кішкентай істерден бастау алады деп ойлаймын.

Қазақстанның азаматтығына өту үшін, ықтияр хат алу үшін қандай құжаттар керек?

– Қазақстанға барған азаматтар ең әуелі 5 күн ішінде уақыттық тіркеуге тұруы шарт. Егер 5 күн ішінде жергілікті орынға барып тіркеуге алғызбасаңыз, заң бойынша айып салынады. Сонымен бірге, шекті мерзім ішінде шекарадан шығарылуы мүмкін. Егер Қазақстанға барғанда уағында тіркелмей, заң бұзғандар болса, кейін қайталай виза аштыруына да әсерін тигізеді.

Уақыттық тіркеуге қонақүй немесе таныс-білістеріңіздің үй кітабына тіркелу арқылы тұруға болады. Шетелден келген қандастарымыз көбінде таныс-білістерінің үй кітабына тіркеліп жүр.

Қазақстанда тұрақты тіркеуге қатысты заңдар да көп өзгерді. бірер жылдың ішінде көп өзгерістер болды. Менің білуімше, бұрын тұрақты тіркеуге тұру үшін міндетті тұрде оралман куәлік алуы қажет болатын. ал оралман куәлік алу үшін паспорт, нопос сияқты жеке басты анықтайтын құжаттардың көшірмесі және куәндырылған(натористалған) нұсқасы, кеуденің(өкпені) қара қағазы, қан тексерткен қағазы керек. денсаулыққа қатысты қағаздарды Қазақстанның шипаханасынан алады. Егер жоғары білімі болса, дипломын растатып бірге тапсыру керек. Оралман куәлік алғаннан кейін оралман куәліктің көшірмесін, уақыттық тіркеудің көшірмесі, арты ақ 4 дана фотосурет(өлшемі 3*4 ) керек. Сонымен қатар, Қытай азаматтары үшін Қытайдағы нопосынан шықты деген анықтама мен сотталмады деген анықтама керек. Нопостан шыққан қағазды Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне апарып анықтату керек. Міне осы құжаттарды көші-қон сақшы басқармасына апарып тапсырады. Олар 3 айдан кейін тұрақты тіркеудің шыққан, шықпағаны жөнінде жауап береді, егер жауабы шықса, ықтияр хатқа жинауға мүмкіндік бар. Әрине, мен бұл жұмыспен айналыспағаннан кейін кейбір түйіндерін толық біле бермеймін, үлкен барысы осылай. Қазақстанға барып, тұрақты тіркеуге тұрамын деген қандастарымыздың ашалап сұрап, ішкерілей ұғысып барып жұмыс жасауын үміт етемін.

Заң көп өзгерді дегеннен шығады, Қазақстанда Қазақ азаматтарының азаматтық алу мәселесі төңірегіндегі саясат та қырық құбылды-ау деймін.

– Иә, біраз өзгерістер болды. Басында Қазақстанға барған Қазақ азаматтарына 4 жылдан кейін азаматтық беру жөнінде қаулы алынған. Кейін бір жыл ішінде азаматтық беруге өзгерді. Қазір 6 айда азаматтық беріледі деген сөз бар. Үкіметте бұл жағы қарастырылып та жатыр. Демек, мейлі қалай болса, Нұрсұлтан Назарбаевтың қандастарды Қазақстанға шақыру саясаты өзгермейді. Алдағы жаңа жылда Қазақстанда көші-қонға қатысты жаңа жарлық шығады. Ел ішінде де үлкен қошы-қон болуы мүмкін. Яғни оңтүстіктегі еңбеккүш тығыз орындардағы жастарды солтүстікке орналастыру жағы қарастырылып жатыр. Шетелден келген қандастар Қазақстанның Астана, Алматы қалаларынан басқа қай жеріне барса да ерікті. Егер адам аз солтүстік өңірге барса, көп тиімділіктер жасалатынын қандастар да ескеруі керек. Жер берілуі, үй берілуі, қызметпен қамтылуы мүмкін. Меніңше, Қазақстанға қоныс аударған қандастар осы мүмкіндікті толық пайдалануы керек деп есептеймін. Қандастарымыздың жер берсін, баспана берсін, қызмет берсін деп, сонда барамыз деп талап қойғаны орынды шығар, дегенмен, қандастарымыздың «алуды» ғана ойламай, ата жұртына беруді де ойлағаны дұрыс. қазіргі халықаралық жағдайды ескеруі керек, «көп қорықытады, терең батырады» деп атамыз қазақ бекер айтпаған ғой, қазақтың санын көбейту, кең байтақ жерге ие болу әр қазақтың парызы. Қазір Қазақстанның оқу орындары шетелдегі қандастарымызды қабылдауға да үлкен ықлас танытып отыр. Жастар осы орайды пайдалануы керек. Оқуға бару бір жағынан білім алуға мүмкіндік берсе, енді бір жағынан, ортаға үйлесуге де пайдалы деп ойлаймын.

Қазақстанда магистратураға тапсыру үшін қандай құжаттар дайындау керек?

– Диплом және қосымшасы, оқыған оқу орынының «оқыды» деген анықтама қағазы және оқыған сабақтарының нәтижесі, сағат саны керек. Бұл құжаттар бастысы, диплом анықтатуға керек. Диплом анықтау дегеніміз оқу куалігінің шын-өтірігін анықтау деген сөз. Ол әдетте 6 айда анықталып келеді. Сонымен бірге, қан тексертуі, кеуденің(өкпенің) қара қағазы және 4 дана фото сурет(өлшемі 3*4 ) керек. Бұларды аудартып, куәландыру қажет.

Ал магистратураға тапсыру үшін ең әуелі шетел тілінің өткелінен өту керек. Оның формасы тест формасында. Ал үлкен жағы сіздердің қытай тілі деңгейін сынау емтиханымен ұқсайды. Егер шетелден келген азаматтар азаматтықа әлі өтпеген, ықтияр хатпен жүрген болса, шетел тілі ретінде қазақ тілінен емтихан тапсыруына болады.

Қазақстанға көшу үшін қандай құжаттар керек?

– Кететін кезінде бәрін айтқызып алайын деп жатырсың-ау деймін, білгенімше айтайын. Бұрын көші-қон шақыруы деген шақыру болған, қазір ол шақыру жоқ, заңдық негізінің әлсіз болуына байланысты күшінен қалдырылған. Туысшылау визасымен көшіп жатқандар көп, көшке көп кердегі жоқ. Жүк өткізу үшін оралман куәлігі болуы керек деп естимін, мотоцикл, машина сяқты техникаларға заң бойынша алатын бажысы бар, бұрын 17٪ болатын, ал қазір 30% төңірегінде бас салығын төлейді. Жалпы бұл жағында Қытайдағы қазақтарға толық ақпарат беруге біз де құлшынып жатырмыз. Елге қайтқаннан кейін жоғарыдағы түйіндерге қатысты жаңа жарлықтар, заң-түзімдер шықса, дер кезінде сіздерді құлағдар етіп тұруға тырысамын.

Қысқасы, «біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп хакім Абай айтқандай, әр қазақ өз басын күйіттемей, «жұдырықтай жұмылғаны» жөн.

Әңгімеңізге рқымет. Тасыңыз өрге домаласын!

– Рахмет!

2014 жыл, Үрімжі

Сұхбаттасқан: Қ.Ағыланов

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір