• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 19:04:30
Алматы
+12°

26 Қараша, 2014 NEWS

Қазақстанда орысша білмеу өлімге әкеліп соғуы мүмкін

Қазақстан Республикасында негізінен екі тіл қолданылатынын баршамыз білеміз. Осы мемлекеттік тіл - қазақ тілі мен орыс тілін бәріміздің меңгеруіміз керек-ақ....

Қазақстан Республикасында негізінен екі тіл қолданылатынын баршамыз білеміз. Осы мемлекеттік тіл - қазақ тілі мен орыс тілін бәріміздің меңгеруіміз керек-ақ. Өз басым, екі тілді шебер меңгеруді кейбір кәсіп иелеріне заңмен міндеттеу керек деп санаймын. Мысал ретінде «Жедел жәрдем», «Төтенше жағдай» қызметінің диспетчерлерін атар едім. Ойымды тарқатып түсіндіріп көрейін: қазір қоғамымызда тек қазақ тілін ғана білетін азаматтар бар және олардың саны біртіндеп көбейіп келеді. Себебі, бір жағынан Атамекеніне оралып жатқан қандастарымыздың легі толастар емес, таяу болашақта олардың қарасы көбеймесе, азая қоймас. Екіншіден, қазақы ортада тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алып жатқан балалар өте көп. Олардың орыс тілін білу деңгейі мен ағылшын тілін білу деңгейі шамалас деп айтуға болады. Осы орыс тілін біліңкіремейтін адам қатты сырқаттанып жедел жәрдемге хабарласа қалғанда телефонның құлағын қазақ тілін шебер меңгерген маман көтере қалса жақсы. Ал егер сырқат жанмен қазақ тілін шала білетін медицина маманы сөйлессе әртүрлі келеңсіз жағдай орын алуы мүмкін. Мысал ретінде, болған бір жайтқа қатысты арызды назарларыңызға ұсынамын (мәселе нақты бір оқиға жайлы емес, жалпы, медицина мамандарының тіл білуі жайлы болғандықтан ешкімнің есімін атамауды жөн көрдім.

«... жедел жәрдем станциясы» бастығы ...-ге ...-ден

А Р Ы З

Мен, ... сағатта ... ұялы телефонымен ұлым ...-ның үтікке күйгені туралы хабарлау үшін 103-ке қоңырау шалған болатынмын. Телефонды көтерген жедел жәрдем диспетчері (аты-жөні белгісіз) қазақша айтқан хабарды дұрыс түсініңкіремегесін, оған орыс тілінде барынша болған оқиғаны хабарладым. Осыған қарамастан шақырылған жедел жәрдем күйікке қарсы көрсететін дәрі-дәрмексіз, яғни тиісті дайындықсыз келді. Келген жедел жәрдем бригадасы бұны диспетчер оларды күйік оқиғасы бойынша емес, басқа сипаттағы жарақатқа көмек жасау үшін жібергенін айтқан. Сөйтіп, тап сол жерде және тап сол кезде көмек жасайтын дәрі-дәрмегін болмағандықтан, тек ауырсынуды басатын егісін жасағаннан соң олар баламды анасымен бірге жедел жәрдем машинасымен Облыстық балалар ауруханасына алып кетіп, алғашқы медициналық көмекті тек сол жерде жасауға мәжбүр болды. Содан соң баланы анасымен бірден үйге жіберіп, олар кеш уақыт болғасын артық шығындалып үйлеріне таксимен жетті. Дәрігерлер осы көмегін үйден науқасты әрі-бері сүйреп әуреге салмай, науқастарды материалды шығынға ұшыратпай және ең бастысы барынша тезірек жасауы тиіс еді. Бұндай сорақы оқиға жедел жәрдем станциясында мемлекеттік тілді жетік білмейтін мамандар жасайтын болғандықтан мүмкін болып отыр. Қазір баланың өміріне қауіп төніп тұрмағанымен өзге науқастар осындай жағдайдың салдарынан бұдан да қауіпті жағдайларға ұшырамас үшін Сізден келесі шаралар қолдануды сұраймын; 1. Сол күнгі, яғни ... күні ... сағатта кезекшілікте болған маманды анықтап, оған қатысты нақты әкімшілік шара қолдануды, сонымен бірге аталған азаматты (азаматшаны) халыққа қызмет көрсетумен байланысты емес жұмысқа ауыстыруды, 2. Кезекшілікте болашақта мемлекеттік тіл – қазақ тілін толық меңгерген мамандардың отыруын қамтамасыз етуді, 3. Сол күнгі кезекшілікте болған азаматшаның толық аты-жөні және атқаратын қызметі туралы маған жазбаша қайтарылатын жауапта көрсетуді. Менің осы арызым бойынша толыққанды шаралар алынбаған немесе арыз жауапсыз қалған жағдайда, жоғары тұрған орындарға немесе сот органдарына арызбен үгінуге мәжбүр болатынымды мәлімдеймін» Жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар, жоғары медициналық білімді маман, оның үстіне қосымша мамандығым - аудармашы ретінде жоғарыда айтылған арыз иесінің жанайқайын жақсы түсінемін. Және өзім де осы ортада жүрген жан болғандықтан, бұндай түйткілдің бар екенін жоққа шығара алмаймын. Мысалы, ауырсынудың түрі көп: сырқырау, түйілу, бүру, шаншу, суыру, солқылдау, т.с.с. Және бұлардың әрқайсының өзіндік диагностикалық құндылығы бар. Ал орысша біліңкіремейтін адам осы сиптомның қай-қайсысы жайлы тек «болит» деген бір сөзбен ғана шағымдана алады. Тиісінше, оны қабылдап отырған қазақша біліңкіремейтін дәрігер үшін бұл «болит»-тің диагностикалық берері аз. Сөйтіп, өте маңызы мәселе барынша тез диагноз қою ісіне нұсқан келеді. Қызмет көрсету сапасының тілдік белгіге байланысты төмен болуы тек медицинада ғана емес барлық салада кездесіп тұрады. Мысалы, дүкенге жүгіртіп жіберген балаларым қазақша білмейтін дүкеншіге тап болып, саудасын шала жасап келіп жатады. Бірақ, сауда мен медицина саласын салыстыруға болмайды ғой. Халыққа қызмет көрсететін мамандардың ішінен, ең әуелі, «жедел жәрдем» диспетчерлерін атап отырғаным да сондықтан. Осыған орай, төмендегіні ұсынамын: 1) Алдағы уақытта жедел жәрдем қызметіне қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген маманды ғана алу 2) Қазір жұмыс істеп жатқан жедел жәрдем қызметкерлеріне екі тілді меңгеру міндеттеліп, бұл үшін оларға белгілі бір уақыт беру. Аталған қызметкерлердің тіл меңгеруіне қажетті жағдай жасау. Медицина қанша жерден жоғары дамып, қанша жерден қымбат техникамен жабдықталғанымен, ол анамнез (сырқатпен сұхбаттасу арқылы диагноз үшін керек мәлімет) жинаудың орнын ауыстыра алмайды. Сондықтан, менің бұл пікірім-ұсынысым көкейлеріңізге қонып жатса белсенді түрде қолдап, мәселе шешімін табу үшін тиісті орын-органдардың алдында көтерулеріңізді сұраймын.

Сәдір Нұрлан Қуанышұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір