• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:36:03
Алматы
+12°

19 Қараша, 2014 NEWS

Өте алмай, кете алмай, жете алмай...

Өзге елді қайдам? Бір жылда қоңсы Қытайдағы 100 мың қазаққа Атажұртына келуге виза беріліпті. Бұл ресми мәлімет. Соның ықпалы болса керек, биылғы жазда...

Өзге елді қайдам? Бір жылда қоңсы Қытайдағы 100 мың қазаққа Атажұртына келуге виза беріліпті. Бұл ресми мәлімет. Соның ықпалы болса керек, биылғы жазда Алматыға жаңбыр емес «қазақ» жауды. Отбасымен келді, бауырымен келді, қарындасымен келді. Туысын іздеді, жақынын тапты, құшақтар айқасты, көңілдер жайланды. Мына бейнекөріністегі Пәтіқан Айжақсы ақсақалда біраз күн Алматының тұрғыны болды. Көп сөйлемейді, тіпті сөзі аз. Сөйтсек, бұл кісі күйдің иесі екен. Домбырасы бар ортада қос ішекті бебеулетіп жібереді. Біз «Мәңгілік елміз» деп мақтандық ақсақалға. Бұл кісі ләм-миім деген жоқ. Домбыраны алып, «бұл менің «Мәңгілік сағыныш» деген күйім» деді. Шерте жөнелді...

http://youtu.be/yksQxPF7nas

Өте алмай, кете алмай, жете алмай... Өте алмай, кете алмай, жете алмай... Күйдің әуені осы сөзді қайталағандай болды. Өте алмай, кете алмай, жете алмай...

Шошақ бөркін шоқшитып, Оспан батыр желдің өтінде тұрғандай, төрт сайлы киіз қалпағын киіп, Есенгелді би шекараның шетінде тұрғандай... Көзінен сорасы ағып, Қажығұмар ақсақал тізесімен жорғалағандай... Ақыт қажы азан айтып, Таңжарық тауды жаңғыртқандай... Әйтеуір, тепсінген ел, оқыранған тұлпар, ентіккен бала, шапқан ат... Жақындайды, екпінмен келеді, елжіреп келеді, езіліп келеді, боздап келеді... Өте алмайды, жете алмайды. Қайта қайтады... Сосын зарлайды. «Өте алмай, кете алмай, жете алмай».... Сағынады, сарғаяды, ұшып өткісі келеді, қанаты қайырылады. Кесіп өткісі келеді, кете алмайды. Айланып өткісі келеді, аттатпайды...

Атам өткен жол еді, анам өткен жол еді... Неге жабылды? Артынып-тартынып ақсүйек, атысып-шабысып батыр өткен тар соқпақ... Тарс жабық.

Зар, зар, зар... егілу.  Өзімді сақтадым, көзімді сақтадым, сөзімді сақтадым... Бабамды жерледім, анамды жерледім... Зираттар қимайды, зираттар қинайды... бәрі де сақталды, бәріде ақталды... тапталды. Жұтып барады... Сіңіріп барады.... Құтқар!!! Текті азайған, тепкі күшті... Қара орман – жетім. Желбіреп көк ту тұр. Тізгінге жабысасың, шылбырды сілкисің, жүгенді бос қоя бересің... шап, шап, шап. Тас. Қазандай қара тас. Соғыласың, қайтасың... Соғыласың, қайтасың.

Беу, зар заман! Анам қалсын аңырап, атам қалсын боздап. Ағам қалсын қия алмай, қарындас қалсын көз жасын тия алмай.... Балам өтсін, балам кетсін. Ет жүрегім жетсін, көкірегінен итерме, кеудесін баспа! Көтере алмайды. Құл емес, күң емес!!!

Білдің бе ей, көрдің бе ей, сездің бе ей, сендің бе ей... Зарлатпа, жылтпа, зарлатпа, жылатпа. Бір түйір топырақ, бір тамшы мөлдір су... Шақырды, кетемін. Шақырды, жетемін. Өтемін, кетемін...

Білдің бе ей, көрдің бе ей, сездің бе ей, сендің бе ей...

Ерлан Төлеубай

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір