• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:39:16
Алматы
+12°

17 Қараша, 2014 NEWS

Өз тілімде сөйлеп «ұлтшыл», намаз оқып «уахабист» атандым

Ата-бабам жүрген сара жолды ұстанамын деп естімеген сөзді естідім. Мен үшін бұдан өткен қорлық жоқ шығар, сірә. Ішіме симай, мақала қылып шерімді тарқатқым...

Ата-бабам жүрген сара жолды ұстанамын деп естімеген сөзді естідім. Мен үшін бұдан өткен қорлық жоқ шығар, сірә. Ішіме симай, мақала қылып шерімді тарқатқым келді. Дәл қазір менің жанымды жегідей жейтін екі мәселе бар бұл елде. Бірі – дін мәселесі болса, енді бірі – тіл мәселесі.

 

 Тілім үшін күрескен ұлылардан емеспін. Арманым – бабам қалдырған аманатқа қианат етпей, тілімді, дәстүрімді, жалпы рухани байлығымды сақтап қалу еді. Қазаққа қазақша сөйле деп дәріптеп жүргенім де жоқ. Жалғыз ғана жазығым – өз тілімде сөйлеп, өз тілімде ғаламтор желісінде қазақша "паблик" (ВК желісіндегі топ) ашқаным болды. Бұл топқа тіркелген адам саны шамалы ғана еді. Соған қарамастан жазбалардың асты пікірге толы болды. Топ оқырмандарының бірі маған топ атын орысшаға ауыстыруымды ұсынды. Мен еш ойланбастан «ауыстырсам, тек қазақ тіліндегі сөзге ауыстырам» деп жауап бердім. Сол екен-ақ, өзіміздің қара домалақ бауырларымыз бен қаракөз қарындастарымыз «сен ұлтшылсың» деп сала берді. Орыс орысша сөйлесе ұлтшыл емес, қытай қытайша сөйлесе ұлтшыл емес, жалғыз қазақ қазақша сөйлесе ұлтшыл атанатып отырғаны ішіме қалай сыйсын? Жарайды айтқандарындай мен-ақ ұлтшыл болайын. Сонда орыстың тілін бірінші орынға қойып, ана тілін қор санаған қазақтың кім болғаны?

   «Бес уақытта бес намаз, біреуі қаза қалмасқа» деген Бұқардың ұрпағы емеспіз бе? Бабамның жүрген сара жолы дінмен ұштас болғанын мойындамайтын кім бар? Жаратқанның жалғыз екеніне иман етіп, мұсылманға парыз болған намаз бен ораза өтеудің несі айып?

   Бүгінгі таңда намаз оқитын адам көрсе халық дүр ететін болды. Орта білімді тамамдап, жоғары оқу орнына түсіп, Алматыға келіп едім. Басқалармен тез тіл табысып, араласа бастадым. Бірақ бұным ұзаққа бармады. Кеше ғана жап-жақсы араласып жүрген адам, намаз оқитынымды білісімен көзқарасы бірден өзгеріп, араға қашықтық қойып қана араласатын болды. Діни ұстанымдарым да бар еді. Қарсы жыныспен беттен сүйіп амандасып, қоштаспаймын; ішіп, шекпеймін, түнгі қыдыратын орындарға бармаймын. Оқу орнымдағы таныстарымның көбі баратындықтан мені бөлектеніп жүр деп ойлады. Жалпы харекеттерімнің бәрін қорта келе маған «уахабист» деген ат қойды. Қандай дінді қабылдап, қандай ұстанымда болуы адамының өз еркінде деген заң Республикасының конституциясында бар емес пе?

Түймедей ғана мәселені түймедей етіп көрсетіп отырған болуым мүмкін, сіз үшін. Бірақ бұл мәселе жеке менің ғана басымда емес, патриот болғысы келген кез-келген азаматтың басында бар екені рас. Осындай менталитетте қалған қазақ елін қалай құтқаруға болады? Дін мен дәстүрді дәріптейміз бе, әлде жараның орнын қарайтып қалдыра береміз бе?

Тұран Мұралұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір