14 Қараша, 2014 NEWS
Болат Бопайұлы. Қазақ халқының мал пірлері туралы ұғымы
Қазақта «Ер қанаты – ат», «Жылқы – төрт түлік малдың төресі», «Аттың сырын мінген біледі, жолдың сырын жүрген біледі», «Аттың сынын атбегі біледі, құстың сынын...
Қазақта «Ер қанаты – ат», «Жылқы – төрт түлік малдың төресі», «Аттың сырын мінген біледі, жолдың сырын жүрген біледі», «Аттың сынын атбегі біледі, құстың сынын құсбегі біледі», «Атың шабандаса бабына қара, досың жамандаса ағына қара» деген мақал-мәтелдердің арасында ат тақырыбы туралы мың бес жүзден астам мақал-мәтел айтылады екен. Осыған қарағанда, қазақ халқы атқа, ат шаруашылығына еш уақытта енжар қарамаған, нағыз атқұмар, атбегі халық екенін түсінуге болады.
Ол ғана емес.
Ерекше жылқыға жақын, жылқының қыры мен сырын жете меңгерген ұлы халық екендігін тіпті де дәлелдей түсуге болады. Қазақ:
Жылқы пірі – «Қамбар ата»,
Түйе пірі – «Ойсылқара»,
Сиыр пірі – «Зеңгі баба»,
Қой пірі – «Шопан ата»,
Ешкі пірі – «Шекшек ата» деп біледі.
Ал қазақ халқы бұл ұғымды қайдан алды? Қай ғасырдан бері мал пірлерін осындай атаулармен атап келді? Оны кім біледі? Осы сұрақтар төңірегінде айтылатын қандай аңыз-әңгімелер бар? Бүгін осы тақырыпқа соғып көрейік.
Жә. Қазақтың бергі тарихы саналатын сармат, ғұн, қаңлы, алан, үйсін дәуірлерінде де мал пірлері туралы осы атаулар бар еді. Ел ішінде, жұрт ұғымында осылай қолданушы еді. Сол кезде ата-бабаларымыз төрт түлік малды әбден қолға үйретіп, шу, асау арғымақтарды ауыздықтап, кең сахара төсінде көшпенді өмір сүріп келді, төрт түлік малдың қыры мен сырын қанық білді. Менің айтқалы және жазғалы отырғаным ол емес. Төрт түлік малдың пірлерінің ең алғашқы бастау алып, тараған ұлы аңыздық тарихы...
Иә. Сен оны қайдан білесің, кімнен естідің?- деп сұрайтындар да болар.
1969 жылы қоңыр күз айы болатын. Мен тоғыз жаста едім. Ол кезде біздің үйіміз Қытайдың Алтай аймағы, Көктоғай ауданы, Дүре ауылындағы Жалаңашжар деп аталатын шағын қыстақта болатын. Біздің көршіміз Тұрахан деген ақсақал бар еді. Оның кенже ұлы Ағзамхан екеуміз әрі дос, әрі сабақтас, әрі көрші едік...
Біз тұрған шағын ауыл жартылай мал, жартылай егін шаруа-шылығымен шұғылданатын. Даланың жазық жерлері жазды күні жап-жасыл егістікке айналады. Бұл керемет егіс алықпатарына жергілікті қазақ диқандары бидай, тары, күріш, құма, арпа, бұршақ, күнжіт, күнбағыс, жүгері, қауын, қарбыз, басқа да толып жатқан көгөністерді егуші еді. Егіс айналасы бұта-бүргенді болып, сұрша тал, ақ терек, көк терек, қара ағаш, жыңғыл, жиде сынды қылқанақты өсімдіктер мен көмкеріліп тұратын. Қыстақ пен егіс атызының арасын зәулім нар қамыстар алып ұзақтан ұзаққа созылып жататын. Бұл бір сұлу өлке еді. Оны суреттеуге әлі күнге тіл жетпейді...
Көктем келісімен-ақ, көк дүркіреп тез көктейді, жаңбырлы маусым басталады, жылы үйектен сыңсып ұшып, сансыз жыл құстары келеді. Қоңыр қаз, сарыала қаз, қара үйрек, ала үйрек, аққу, тырна, бірқазан, көкқұтан, құрқылтай, сандуғаш, бұлбұл торғайлардың сан мың құбылтып сайраған үнін тыңдап, осынау ғажайып сұлу өлкенің көркем төсіндегі көк төбеде отырған адамда дәл сол сәтте тарыдай тамшы арман болмаушы еді. Жәннат төрінде отырғандай рахаттанып, сезімі сетерленіп кететін...
Ауылдың тұла ту сыртын жатаған үнсіз жоталар қоршап жататын. Сол жон-жоталардың әрбір сайынан арудың мөлдір көзіндей тұп-тұнық болып ақ бұлақтар сыңқ-сыңқ күліп, сылдырап ағып жататын. Кең аңғарлы сайлары әр алуан гүлдесін шөп текті, нәрлі, дәрі өсімдіктер толып өсетін. Ол төрт түлік малдың құнарлы да шұрайлы жайылымы еді. Осынау тынысты жайылымда жібек жалды жылқылар, екі өркеші баладай, екі көзі танадай аруана түйелер, желіні қазандай мама сиырлар, тегене құйрықты қора-қора қойлар, мүйізі найзадай, мыңғырған ешкілер жайылып, даланы тіршілік қайнар көзіне тұндырып тұратын. Одан ары қарай құмды өлкелерге ұласып, кең сахара, жалпақ бауырын ерен қабырға тауларына қарай созып жататын. Сол құтты далада қарақұйрық, арқар, бұғы, құлан сынды қоңыр аңдар жорта жайылып жүрсе, түлкі, қарсақ, борсық сынды жыртқыш аңдар да белден белге асып, сол қоңыр аңдарды аңдып жортатын. Қыстақтың алдыңғы жағындағы алты шақырымдай жерде ерке Ертіс өзені кілкіп ағып жататын. Өзен суында құндыз, сутышқан сынды терісі бағалы су жануарлары өмір сүруден сырт, балықтардың жүзден артық түрі жүзіп жүретін. Алабұғы, ақ қайран, қара балық, сазан, табан, жылан балық, алтын балық, шортан, қазанбас балық, жаңқа балық деген балықтардың түрін біз сол бала кезімізде жақсы білуші едік...
Иә. Мұны ерінбей жазып, жалықпай айтып отырғаным, адамның бір мінезі туған жеріне тартады емес пе?!
Бұл өлкеде не іздесең бәрі-бәрі де табылады. Жерде жорғалап жүрген жәндіктердің түрі мен түсін, сірә, айтып тауыса алмаспыз. Білетіндерін атасақ, жылан, оқжылан, сұржылан, айыржылан, ала жылан, қара жылан, қысқа жылан, кесіртке, бүйі, өрмекші, қара қоңыз, мәйке қоңыз, бұзаубас, шаян, айырқұйрық сияқты жәндіктер жерде жорғаласа, маса, шүршіт, шіркей әуеде айналып, тынысыңды алғызбайтын кездер де болады. Біз бәріне қызыға қарайтынбыз. Әр қайсысының сырын білгіміз келетін. Иә, осы жолы бізге төрт түлік малдың пірі туралы білудің орайы кезді, сәті түсті.
Жалаңашжар аталатын шағын қыстақтың күз айлары, күзді күндері сап-сары атыздар мен өсімдіктердің жапырақтарының сары ала тартуымен өзгеше әсем түске енетін, салтанатын тіпті асырып жіберетін. Құстар қайтатын, егін жиналып, қырмандалып, қызылданып, қамбаға толатын, өрістен күлдір-күлдір кісінеп жылқылар, азан-қазан мөңіреп сиырлар, маң-маң басып боздаған түйелер, улап-шулап маңыраған қора-қора қойлар қыстаққа қарай келе жатқанда оның алдынан дыр-ду болып ауыл балалары жүгіре жарыса шығушы едік. Осы жолы досым Ағзамхан екеуміз сол келе жатқан малдардың алдынан қатар жүгіріп, бірге шықтық. Қыстақтан жарым шақырымдай жерге дейін жарыса жүгіріп бірге бардық. Арық жағасына жеткенде тортөбел аттың үстінде үңірек көзді, ат жақты, шақша сақалды Тұрахан ақсақал тұр екен:
- Екі жүгірмек, қайда барасыңдар? Өрістен қайтқан жылқылар басып кетеді, тез бері келіңдер, маған жақындаңдар,- деп Ағзамхан екеумізді қасына шақырып алды. Мен досым Ағзамханның әкесі Тұрахан ақсақалға:
- Ассалаумағалейкүм,- деп сәлем бердім.
- Уағалейкүм әс-салам. Әлім жетсе, бас салам,- деп әзілдей сәлемімді алды да:
- Мынау әлгі менің құрдасым – мал пірі, Бопайдың ұлы Болат емес пе? Екі боқмұрын, неге сонша ентігіп жүгіріп жүрсіңдер, үйге қайтыңдар,- деді қабағын сәл шытып. Мен әкемді «мал пірі» деп атағанына іштей шамырқанып қалдым. Әкемді малға теңегені несі, бұл қай қорлағаны деп ұнжырғам түсіп тұрып қалып едім, көпті көріп, көнекті тескен қария сезе қойып, маған қадала қарап алды да:
- Өй, боқмұрын, сен не білесің? Бопай екеуміз бір жылдың төліміз. Дан құрдаспыз. Құрдастың құдайы бір, жібектің түйіні бір. Ол мал дәрігері болғандықтан оны мен «мал пірі» деп атаймын. Малдың киесін мал пірі дейді. Сенің әкең де сол малдың пірі,- деп қарқ-қарқ күлді. Менің ашуым одан ары ширыға түсті.
- Ата, айтыңызшы, адамды «мал» деп кемсіту дұрыс па?- дедім ашуға бой алдырып. Дәл осы сәтте өрістен құйрық-жалы жібектей сусылдап төгілген Тұрахан ақсақалдың қара айғыры да арқырап алдына тақап келіп қалды.
- О, бәле. Міне, «Қамбар ата» келді. Сенің әкең Бопай да осы менің қара айғырымдай нағыз «Қамбар атаның» өзі. Болғанда да аумаған өзі,- деп одан ары әкемді қара айғырға ұқсатып теңеді. Қасымда тұрған баласы Ағзамханды атының артына міңгестіріп алды да, қара айғырын айдап үйіне қарай тартты. Мен тұрған орнымда біразға дейін сілейіп, үнсіз ойланып тұра бердім.
Мына досымның әкесі менің әкемді біресе «мал пірі», біресе «Қамбар ата» деп аузына келгенін айтып малға балап кетті. Ертең достарым естісе, олардың бәрі мені малдың баласы деп мазақ етеді-ау деп ызадан жарыла жаздап үйге оралдым. Есікті қатты ашумен жұлқа тартып, айқара ашып, табалдырықты аттап тұрып қалдым. Әкем төр алдындағы дөңгелек шай тақтайына бір қора кітапты жайып салып, біреуін қолына алып шұқшиып оқып отыр екен. Есіктің сықыр етіп қатты ашылғанынан секем алған әкем көз әйнегінің үстінен есік жақта тұрған маған тесіле қарады да:
- Балам-ау, ұлым, есікті сонша қатты серпіп ашқаның не? Есікте құт пен бақыт тұрады. Есікті олай ашса, үйдегі құт құсы үркіп ұшып кетеді. Сонша кімге ашулысың?- деді жай ғана қоңыр үнмен. Мен ол кезде әкемді «ата» деп атаушы едім. өйткені ұлы атамыз мен жоқта, тумай тұрғанда, әкемнің жас шағында дүниеден озған екен.
- Ата, «мал пірі», «Қамбар ата» деген не? Адам ба, мал ма? Маған соны түсіндірші,- деп тіке сұрақ қойдым. Әлі төрге шыққам жоқ,. Есік жақта қаққан қазықтай қадалып тұрмын. Екі көзім жасқа толып, аушдан жарылардай күйде тұрмын. әкем маған біразға дейін үнсіз мейірлене қарап отырда да, «бері кел, құлыным» деп қасына шақырды. Мені одан ары ашу қысты. Әкемнің мені «құлыным» дегені малға ұқсатқаны ғой. Тұрахан ақсақалдың да қара айғырының төлін құлын дейді емес пе? Әкем «айғыр» болса, мен «құлын» болғаным болды ғой. Бұл не деген мазақ деп төрге шықпай тұрып алдым.
- Ата, мен мал емеспін, құлын емеспін,- деп шәңк-шәңк еттім. Осы кезде әкем менің бір нәрсегні түсіне алмай ашулы тұрғанымды сезді де, орнынан жылдам көтеріліп, адымдай басып, қасыма келді. Мені «әуп» деп көтерген бойында үйдің төріне алып шықты.
- Ұлым, маған өзің айтшы, кім сені ашуланжырды? Неге ашуландың?- деп сұрады.
- Ана досым Ағзамханның әкесі, Тұрахан ақсақал сені «мал пірі», «Қамбар ата» деп малға ұқсатты. Ал сіз мені «құлын» деп малдың төліне ұқсаттыңыз. Сіз де, мен де мал болғанымыз ба?- дедім.
- Е-е, балам, балам-ай, Тұрахан менің құрдасым, әкесі құрдастың баласы құрдас деуші еді. Сені сол шамдандырған екен ғой. Менің кәсібім мал дәрігері болған соң ол мені мал пірі деп қалжыңдап жүреді. Онда тұрған не бар? доңызға ұқсатпаса болды деді.
- Ата, маған түсіндірші. «Қамбар ата» деген кім?- деп қадала сұрадым.
- Е-е, балам, жарқыным, айтайын, айтайын. Менің дәл сендей жасымда мен де әкем халел марқұмнан дәл осы сұрақты сұрағаным бар еді. Менің ұлыма да ой қуып, осы сұрақ көшіп келген екен. Әкем Халел төрт түлік малдың пірі туралы керемет аңыз айтып берген. Саған да айтайын, зейін сал, назар аудар. Сонда барып мал пірінің қайдан шыққанын ұғасың, шамданбайтын боласың,- деді сәл жымиып. Сосын қоңыр үнмен маржанда й әдемі дауысымен аңызды аңыратып айта бастады. Мен мұқият тыңдадым. Аңыз айтылған сайын ашуым тарқап сала берді. өзімді бір сәтке ұмытып сол ұлан ғайыр дала төсінде мал пірлерімен бірге жүргендей тәтті қиялғңа б\еріліп кеттім. Аңыз айтылып аяқтаған соң, ұмытылып қалмасын деп, ертесіне қағазға көшіріп, хатқа түсіріп қойдым. Бұл 1969 жылы күз айы еді. Содан бері тұп-тура 45 жыл уақыт өтті. Бұл аңыз менің қолжазба қорымда сақтаулы жатты. 2005 жылы бұл аңызды көшіріп, қайтадан ретке келтірдім. Баспа бетіне жариялауды жөн санадым. өйткенді жаһандасу дәуірінде төрт түлік малдан алшақтап барамыз. Мал пірлері туралы ғымның астарында талай-талай қазақы дәстүр мен салт, ырым-жырым, ғұрыптар бар. оның үстіне жуық күннің бірінде «Алматы» арнасынан жас азамат телефон шалып: «Болат Бопай аға, қазақтың «Қара жорға» биі туралы мамандармен сұхбат өткізгелі жатырмыз. Соған этнограф ғалым ретінде келіп, ой-пікір бөсіліп бересіз бе?» деп қолқа салды. Артынан хабарласпай үнсіз кетті. Содан барып, осы 45 жылдың алдындағы жазып алған естелігім есіме түсті. Рас-ау, «Қара жорға» биі туралы да осы аңызда дәлелді, дәйекті, бейнелі көріністі пікір айтылатыны бар емес пе? Сондай-сондай тарих сонысына үңіліп жүрген, жастардың бәр кәдесіне жарап қалар деген оймен аңызды жариялауға бірден бекідім.
Төрт түлік малдың
пірлері туралы аңыз
Баяғыда жыл санаумыздан бұрынғы ықылым замандарда адам баласы төрт түлік малдың атын білмейтін, қолға үйретпеген кезде, топ-топ болып орманды, тауды, өлкелердегі үңгірлерді мекен етіп, ағаш, тастардан әр алуан құралдар жасап, сол құралдың көмегімен аң аулап, құс қулап, тіршілік етеді екен. Жуас, бейуаз, қоңыр аңдардың етін қорек етіп, терілерін тәндеріне жамылып күн көреді екен. Сол замандағы алғашқы жабайы адамдар осылай топтасып өмір сүрмесе, бірігіп тіршілік көрмесе, жалғыз жарым, жалқы қалғандарын аю, жолбарыс, арыстан, қабылан, қасқыр сынды жыртқыш аңдар жәркемдеп жеп, жеміне айналдырады екен.
Сол жабайы адамдардың арасында да ғажайып батыр, балуан, шешен, көсем, тапқыр, айлалы кісілер болыпты. Сондай адамдар бытырап жүрген топ-топ тайпалардың басын бір жерге қосып, ұйымдастырып өмір сүреді екен. Сөйте-сөйте жиналып, үлкен қауым елге айналған бір топтың басшысы «Қазғақ» деп аталады. Қазғақ жеті ағайынды екен. Жетеуі де бірінен бірі өткен батыр екен. Олар Қазғақ, Қамзақ, Қамбар, Ойсыл, Зеңгі, Шопан, Шекшек деп аталады екен. Жетеуі жеке жүріп те жыртқыш аңдарды аулай береді. Жетеуінің денесінен бір түрлі иіс шығып тұрады екен. Сол иісті жыртқыш аңдар алдын ала сезіп, бұл жеті ағайынды жүрген жерге жоламайды екен.
Қазғақ жеті өнерді меңгерген, ақылды, көреген, данышпан болғандықтан жиналған көп тайпаны сол билеп-төстеп тұрыпты. Қалған алты інісі Қазғаққа мықты қолғанат рөлін ойнапты. Қалған тайпалар оларға уыздай ұйып, қазғақтың айтқанын істеп, жұмсағанын ақтарып күн көріпті. Түндер өтіпті, күндер өтіпті, айлар аунап, жылдар жылыстапты. Сөйтіп жүргенде тайпаға тайпа қосылып, қауымы да көбейе беріпті. Жалпақ жұртқа айналыпты. Мекендеген жерлері ұлғая беріпті.
Қазғақ бір күні жатып алып түс көріпті. Түсінде қызық іс көріпті. Түсіне Адам ата кіріп, Қазғаққа ақыл-кеңес беріпті.
- Әй, Қазғақ, сен расында батырсың, ақылдысың, данышпансың, алты інің сенен де өткен батыр. Сенен де данышпан, білгір. Тайпаң көбейді, жерің үлкейді, мекен-жайың кеңейді. Енді сен жалғыз басқаруға шамаң келмейді. Қол астыңдағы адамдар бұдан да көбейеді. Көбейген сайын бөлінеді. Сен содан бұрын алты ініңді тәрбиелеуің керек. Ол үшін оларға дымды да білдірмей алтауын алты жаққа ай далаға апарып тастасаң, олар бір таңғажайып кереметті жаратады. Сол кереметтен кейін алты інің бөлінетін тайпаны басқарып, сенің мәртебеңді асырады,- депті. Қазғақ оянса, көрген түсі екен. Бұл тәңірдің берген аяны. Мен мұны орындауым керек. Бірақ қалай орындаймын деп ары ойлап, бері ойлап алты інісін қаңғыртып жіберуге қимай, қиналады. Ақырында алты інісі ағасының қаңғыртып жібергенін білдірмеу үшін бір сұмдықты ойлап табады. Оның алты інісінің сусынына «ұйықтатар» деген шөптің нілін қосып беріп, алты інісін ұйықтатып тастайды. Бұл шөптің нілін ішкен адам жеті күн, жеті түн ұйықтайды екен. Алты інісі ұйықтап жатқан орайды пайдаланып, қол астындағы батыр азаматтарын жұмсап: «алтауы бірін бірі таба алмайтын алты бағыттағы алыс жаққа апарып тастаңдар, өлтірмеңдер, тиіспеңдер, құрал-саймандарын қастарына қойып, кетіп қалсаңдар болды» деп бұйырады. Қол астындағылар Қазғақтың айтқанын бұлжытпай орындайды.
Ал енді ай далада қаңғып қалған әңгімені Қамбардан бастайық. Қамбар сол ұйықтағаннан мол ұйықтап, жеті күн, жеті түн өткен соң есін жиса, күн арқан бойы көтеріліп қалған екен. Оның құлағына таяу маңнан шуылдап, шұрқыраған жабайы жылқылардың дауысы естіледі. Ол сол дауыс шыққан жаққа қарай бір басып, екі басып жүріп, бір белді асса, сол белдің етегінде жарқырап, жайнап жатқан көл көрінеді. Көл сағасында жібек жалдары төгілген қалың жабайы жылқылар су ішіп, шұрқырасып тұрады. Қамбар жеті күн, жеті түн ұйықтағандықтан дене қуаты әлсіреп, әбден сусап қалғанын енді еске алады. Бар қайратын бойына жиып, ептеп көл сағасына да жетеді. Көл суынан қанып ішіп зарығын басады. Бір ғажабы Алланың қалауымен әлгі жабайы жылқылар Қамбардан үркіп қашпайды. Сол жылқылардың арасынан бір қаба жалды қара айғыр келіп, Қамбарды айналып жүреді. Ара-тұра осықырынып-осқырынып келіп, Қамбарды иіскеп-иіскеп кетеді. Қамбар өзінің бұл жерге қалай келіп қалғанын ойлап-ойлап ой түбіне жете алмайды. Біресе көкке, біресе көлге, біресе жылқыларға, біресе орқаш-орқаш созылып жатқан тауларға ұзақ қарап отырады. Қаба жалды қара айғыр Қамбардың қасына қайта-қайта келіп оқыранып, ойлаған ойын бұзып, назарын аудара береді. Көп нәрсеге көзі жетпеген Қамбар ақыры қасында айналып жүрген қара айғырға назар салады. Ол да Қамбарды бұрын танитындай, оған бір нәрсе айтқандай сезіле береді. Арада осылай бірер жұма да өте шығады. Қамбырдың да жалғыздыққа бойы үйреніп қалғандай болады. Қамбар енді жалғыз емес. Қасында жолдастары бардай сезіледі. Қарны ашады. Ағаштан, тастан құрал жасап алып, қоян, қарақұйрық сынды қоңыр аңдарды аулап, етін жеп, терісін төсеніш етіп, сусынға көлдің суын ішеді. Маңында шұрқыраған жылқылармен бірге дана өмірін бастайды. Күндер өтіп жатты. Күз айының салқыны да басталды. Қамбардың бойындағы қасиетті иістен жыртқыш аңдар да сескеніп, жылқыларға жолай алмайды. Осыны сезгендей жылқылар да Қамбарды тастап, алысқа кетпейді. Қамбар қара айғырдың құйрық-жалын тарап, сауырынын сипап, ағасы Қазғақты сағынғанда қара айғырдың мойнын құшақтап жылап-жылап алатын да болды. Қара айғырды қолға үйретіп алды. Аң терілерінен арқан жіп жасап, қара айғырдың басына адам қолымен алғашқы ноқта салды. Ақыры арқасына желден басқа тимеген қара айғырдың үстіне Қамбар бірінші болып адам баласында аттың арқасына қонды. Қара айғыр арқырап, ары мөңкіп, бері мөңкіп сайын даланы жосылта шауып, даланың шаңын аспанға көтерді. Жылқының мұндай мөңкитінін Қамбар бірінші рет көрсе де, бойындағы қасиетімен тақымының тастай беріктігімен қара айғырдың үстінен ауып түсіп қалмады. Таңнан мөңкіп, түске жеткен, түстен мөңкіп кешке жеткен қара айғырдың да арыны қайтып, болдырып, айналып көл жағасына келіп, қара айғыр да, Қамбар да қатарынан құлады. Қамбар бір жұмадай қара айғырды осылай мөңкітіп жүріп, тақымында үйретті. Басын қалай бұрса, солай жүргізетін халге жеткізді. Осыдан кейін Қамбар қара айғырмен сайын даланы жорытты, бел асты, су кешті, қалған жылқыларды қайырды. Жылқы үстінде аң аулайтын болды. Ағаштан иіп, қайыстан байлап, иіп садақ жасап, жебе тартып, аң аулайтын болды. Ұшқан құспен жарысып, соққан желмен айдарынан жел есіп, жалғыз болса да, кереметтей көңілді өмір өткізді. Қамбар адам баласына сөйлемегеніне, адам пендесін көрмегеніне жылдар өтті. Іші әбден пысты. Сонымен оның досы, сырласы – жабайы жылқылар болды. Күндер өтіп жатты. Қамбар:
Жылқылар неге кісінейді?
Неге оқыранады?
Неге пысқырады?
Неге құлақтарын қайшылайды?
Неге езулерін жымырады?
Жерге жата қалып неге аунайды?
Аунап тұрғанда не үшін сілкінеді?
Мойындарын жел жаққа қаратып неге созады?
Неге көздерін алайтады? – деген көптен көп сұрақтарға жылқы бойынан жауап тапты. Мұның бәрі жылқының тілі деп білді. Сөйтіп қамбар адам баласындағы тұңғыш рет жылқы тілін игерген, жылқыны қолға үйреткен жылқышы болып шыға келді. Далада жайбарақат жайылып жүрген жылқылардың арасындағы айғыр жылқы шетіне шығып, қатты-қатты осқырынып, арлы-берлі шауып, байыз таппай, арқырап, кісінесе, не алдыңғы екі аяғын көкке көтеріп, азан-қазан арқыраса, онда таяу маңда жылқы үйірін торуылдап, шабуылға өткелі жүрген жыртқыш аңдардың бар екенін хабарлағаны. Осыны сезген айғыр үйіріне есткерту жасап, «беталды шашырамаңдар» деп қатаң дауыспен ескерткені. Осыдан кейін жылқы үйірі де бір-біріне жақындап жинала береді, қашып құтылуға дайындалады немесе жауына қарсы тұруға ыңғайланады.
Жылқылар бір-біріне жақындағанда бірін-бірі ауыздарымен тістеп, қайта-қайта оқыранса, онда бірін-бірі ұнатып, жақсы көріп қалғандығын түсіндіреді не достасқанын білдіреді. Айғырлар биелерге жақындағанда оқыранып, қасына шақырса, ол биені ұнатып, жақсы көріп қалғаны.
Жылқы бір шырмауға түсіп, қамалып қалғанда арлы-берлі тоқтамай жүріп, шиыршық атса, тоқтаусыз кісіней берсе, «мені мына қамаудан құтқарыңдар» деп жәрдем сұрағаны, «босатыңдар» деп айқайлағаны, өтінгені, сырттан көмек сұрағаны, мұқтажын айтып шағынғаны.
Жылқылар жерді тарпып, оқырана берсе, онда ол жылқының жайсыз нәрсеге ашу шақырғаны, жағымсыз нәрсені ұнатпай, ұрсып тұрғаны, ашу-ызаға бой алдырғаны.
Жылқылар бөлек-бөлек, бет-бетімен жайылып жүрген кезде, бір-біріне қарап кісінесе, күлдір-күлдір етіп оқыранса, «қасыма кел, мына жердің шөбі шүйгін, шұрайлы, жұғысты екен» деп шақырғаны. Жалғыз қалған жылқы жерді тарпып оқыранса, ішінің пысқаны, зерігіп, жалыққаны. Жалғызсырап, мұңайғаны.
Жылқы тұмсығын желге тосып, көзін жұмса, рахаттанғаны, өзін жайлы сезінгені. Желден ләззат алып, құзырланғаны. Жылқының жер тарпып, одан соң құйрығын қайта-қайта көтергені айбар шеккені, ашуланғаны, жатырқағаны. Айғырлар осылай істесе, онда үйіріндегі биені қорғап, басқа жат айғырлардан қызғанғаны. «Менің үйірімдегі биелерден аулақ кет» деп көрсеткен сесі.
Жылқы жерге аунап, тұрып сілкіне берсе, ол жылқының өзі туған жерін көксегені, шұрайлы жайылым аңсап, жол алуға ыңғайланғанының белгісі. Жылқылар бірін-бірі көргенде құлақтарын жымырып, бірін-бірі тістеп, теуіп, қастарына тұрғызбаса, жатырқағаны, жерігені. Ұрсысып, соғысып, төбелескені, ұнатпағаны.
Биелер айғырды көргенде, құйрықтарын бұтына қысса, ол айғырды сыйлағаны, әдеп көрсеткені, ұялғаны. Ал езулерін жымырғаны айғырдан қорқып, жасқанғаны. Жылқының қасына адам баласы тақап барғанда көзін алайтып, құлағын жымырса, езуін жыбырлатса, онда оның жатырқап, жақтырмай, тебуге, тістеуге дайындалғаны. «Мен сені танымаймын, аулақ жүр» дегені, жатсынып, жатырқап, бөгде мінез көрсеткені.
Жылқы қасына адам баласы кенет жетіп барғанда оқыс оқыранса, денесін діріл басса, оның қорқып, үрейленгені, шошығаны. Жылқы секемшіл мал. Өзі секем алған барлық нәрсеге осындай әрекет көрсетеді.
Жылқы тоқтаусыз пысқырса, онда ауа райында өзгеріс болады, жаңбыр жауып, жел тұрады.
Жылқы түнде жусағанда, тұмсығын қай бағытқа созып жусаса, сол бағыттан жел тұрады. Жылқы өзін бағып жүрген иесін келіп иіскесе, ол иесіне разы болғаны. Иесін көргенде мойнын созса, иесінен бір нәрсе сұрағаны, қажет еткені. Қамбар жылқылар арасында ала жаздай жүріп, күз болғанша жылқылардың осынша көп қыры мен сырын игеріп, тілін біліп алды.
Қамбар қара айғырды ноқталап мініп, сайын дала төсінде ұшқан құстай заулады, артында құйындай шаңдар қалдырды. Жұлдыздай ақты, адыр-адыр таулардан, үнсіз шөгіп жатқан жота жолдардан зақпынын тасындап заулап өтті. Жалғыз көңілін ай далада көтерді. Аңдарды қас қағымда қуып жүріп, аулап алып жүрді. Даланың басқа да жабайы жылқыларын шұрқыратып айдап, біріне-бірін қосты. Жылқылардың бірінен соң бірін үйретіп мініп, аттың сырын одан ары игерді. Соның ішінде қара айғырдың жүрісіне ерекше назар аударды. «Аяң», «жорға», «қой жорға», «су жорға», «су шайқалмас жорға», «майпаң жорға», «сиыр жорға», «шабыс жорға», «қос аяқ жорға», «алды шауып, арты жорға», «шабыс», «желіс», «шоқырақ» деген түрлерін білді. Жылқының аталықтарын – айғыр, аналықтарын – бие, төлдерін – құлын, тай, құлыншақ, қулық деп атап жүрді. Түстерін қара ат, сары ат, көк ат, шабдар ат, құм ат, боз ат, ақ бақай деп түрлеріне қарай өзінше ат қойды. Бәрінен Қамбарға ұнағаны қара айғырдың жорғасы болды. Қамбар қара айғырды тақымдап мініп, кең далада ары жорғалатып, бері жорғалатып, оның жорғасына рахаттанып, ат үстінде ары ырғалып, бері ырғалып, «Жорға» биін шығарды. Қазақтың осы күндегі той салтында билеп жүрген «Қара жорға» биі Қамбардың қара айғырдың үстінде отырып билеген биінен қалды.
Қамбар аттың қызығына сонша беріліп кетсе де, күндер өте келе, айуанның аты – айуан, адам баласына қайдан жетсін, бірге туған бірге өледі деп ақыры Қамбар алдындағы ағасы, артындағы бес інісін ойлап, сағынды. Сонымен өзі бағындырған жылқыларды алдына салып айдап, оларды іздеуге жолға шықты. Күн жүрді, түн жүрді. Жеті таудан, жеті өзеннен, жеті белден асып, жеті күн жүргенде алдынан екі өркеші баладай, екі көзі танадай, құйрығы қамшыдай, шудасы жамшыдай аруана түйелерді алдына салып Қара бураға мініп бара жатқан бір адамды көрді. Жақындап барса, өзінің бірге туған інісі Ойсыл екен. Ол өзі жылқыны қалай бағындырса, Ойсыл да түйелерді солай бағындырып, туыстарын іздеп келе жатқан беті екен. Екеуі бірін-бірі көріп, әбден сағынысып қалғандары сонша, ұзақ жылап тұрып амандасты. Ойсыл түйелерін, Қамбар жылқыларын айдап, жолға шықты. Жеті қырқаны асса, қызыл бұқаны мініп, мүйіздері сояудай-сояудай қалың жабайы сиырларды айдап бара жатқан біреуді көрді. Ол інілері Зеңгі екен. Үшеуі жылап тұрып ұзақ амандасты. Сөйтсе Зеңгі жабайы сиырларды қолға бағындырған екен. Енді үшеулеп бағындырған түліктерін айдап, алға қарай жеті қырқаны асса, шығырық мүйізді қой мен найза мүйізді ешкіні алдарына салып, серкеш пен қошқарға мінген екі адамды көрді. Жақындап барса, Шопан мен Шекшек болып шығады. Бесеуі қуана-қуана бас қосып, төрт түлік малды бағындырып, ауылдарын іздеп жолға шығады. Жеті қырдан асса, бір қолында қыран бүркіті бар, бір қолына қаршығаны қондырған, құс қулап, аң аулап жүрген адамның қарасын көреді. Бесеуі жақындап барса, өздерінің ағасы Қамзақ болып шығады. Енді алтауы бірігіп, ауылдарына тартады. Аң мен құсты бағындырған Қазғақтың алты інісі кең даланы дүбірлетіп өздері мекен еткен жердің шетіне де жетеді. Қазғақ қаптап келе жатқан қалың жабайы төрт түлік малды көріп, қол астындағы тайпаларына қару-жарақтарын беріп: «Мына қалың малдың алдын тосыңдар, таптап кетіп жүрмесін»,- деп тосқауылға жібереді. Қаптаған қалың жаяу адамдар малдың алдынан шықса малдардың бәрі жұп-жуас. Адамдар тосырқап тұрып қалады. Қазғақ та малды айдап келе жатқан өзінің інілері екенін танып, ұзақ жылап амандасады. Осыдан кейін Қазғақ жылқыдан көк қасқа тайды, қойдан ақсарбас қойды, түйеден ақ түйені, сиырдан атан өгізді, ешкіден атан серкені құрбан шалып, той жасайды. Қазақтағы қонаққа, тойға, асқа мал шалу салты содан қалады. Той салты үстінде Қазғақ алты інісіне алты түрлі өнер көрсетіп, қайран қалдырады. Қазғақ алты інісі айдап келген төрт түлік малды қол астындағы қалың тайпаларға теңдей үлестіреді, бөліп береді. Қазақтағы «енші бөлу» салты содан қалды. Той үстінде Қамбар жылқылардың, Зеңгі сиырлардың, Ойсыл түйелердің, Шопан қойлардың, Шекшек ешкілердің, Қамзақ қыран құстың сырын айтып таныстырады. Жабайы аңдарды қалай бағындырғаны, ерлік туралы әңгімелерін елі естіп разы болады. Қазғақ жылқыларды бағындырған інісі Қамбарға қарап отырып, «Сен жылқы пірі – Қамбар ата бол» деп былай батасын береді:
Жылқы пірі – «Қамбар ата»,
Болмасын батамда ешбір қата.
Асқар тауды тұрақ ет,
Ағынды суды суат ет.
Жаз жайлаудан кеткенде,
Жазық жерді қыстау ет.
Жүйрік пен жорғаны
Таңдап мініп, көлік ет.
Алыс жерді жақын ет,
Бөтен елді таныс ет.
Қазы менен қартаны,
Жалы менен жаяны
Өмір бойы азық ет.
Қымызын сусын ет,
Терісін илеп киім ет.
Қайын жұртты сағынсаң,
Сағымнан да бұрын жет.
Қалыңдығыңды көргенде,
Бәріне де сабыр ет.
Жоламасын басыңа,
Еш уақытта қасірет.
Батадан кейін Қамбар қара айғырды Қазғаққа тарту етті. Қазақтың «ат мінгізу» салты осыдан бастау алады. Қазақтағы «жылқы пірі Қамбар ата» деген сөз осыдан қалған.
Қазғақ енді інісі Ойсылға қарап былай дейді:
- Ойсыл, бауырым, сен түйелерді бағындырдың. Түйе пірі – «Ойсыл қара» бол. Атағыңды мен бердім. Тәңірі қабыл қылсын.
Түйе пірі – «Ойсыл қара»,
Бата берейін, маған қара.
Екі өркеші баладай,
Екі көзі танадай.
Шудасы бар жамшыдай,
Құйғыры бар қамшыдай.
Жатқан жері даладай,
Басқан ізі шанадай.
Маң-маң, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Қара қосты артқанда,
Биік-биік бел асқан.
Түйені айдап келіпсің.
Түелердің бар сырын
Ішіңе бүгіп біліпсің.
Жүк қалмасын жолыңда,
Салмақ қалмасын қолыңда.
Қырық күн шөлде жүрсе де,
Құм жазираны кезсе де,
Арымасын түйелер.
Алыстамасын киелер.
Сол киенің иесі –
Мына отырған бауырым,
«Ойсыл қара» біліңдер.
«Ойсыл қара» деп түйені
Өмір бойы айтыңар,- деп бата беріпті.
Батадан кейін Ойсыл қара қара бураны Қазғаққа сыйлады. Қазақтағы ат мінгізіп, түйе жетектету салты осыдан бастау алады.
Қазғақ енді бұрылып, Зеңгі інісіне қарады.
- Інім, Зеңгі, сен мүйізін күнге шағылыстырып, мама сиырларды айдап келіпсің, сен сиыр пірі «Зеңгі баба» бол,- деп былай батасын берді:
Сиыр пірі – Зеңгі баба,
Сөзімді ұқ, бері қара.
Желіні бар қазандай,
Дауысы бар азандай.
Бұқалары әукелі,
Шүйделері білеудей.
Аяқтары тіреудей,
Құйрығында шоғы бар.
Жапалап тастары тағы бар,
Мүйіздері сояудай.
Жүні қысқа, бояудай.
Аша тұяқ мал екен,
Буындары сыртылдақ,
Мүйіздері жылтырақ
Сиырды айдап келіпсің.
Бар сырын ұғып, біліпсің,
«Зеңгі баба» аталып,
Өмір бойы қаласың.
Кең жайылымды аласың,
Сиырды мәңгі бағасың.
Бақытыңды содан табасың.
Батадан кейін Зеңгі ағасына қара бұқаны тарту етті. Қазақтың тойға өгіз шалу салты содан қалады. «Сиыр пірі – Зеңгі баба» деген ұғымы осыдан қалады.
Қазғақ енді бұрылып, інісі Шопанға қарады:
- Шопан, сен мүйізі шығырықтай етіп қойларды айдап келіпсің, енді сен «Шопан ата» аталасың,- деп:
Қой пірі – «Шопан ата»,
Бата берейін, маған қара.
Ай мүйізі шақпақтай,
Шүйделері тоқпақтай.
Тегене құйрық қошқарлы,
Тұяқтары ашалы.
Қойды айдап келіпсің,
Бар сырын ұғып, біліпсің.
Ақсағаннан ақсаған,
Қозысы өлсе қақсаған.
Аппақ сары сүті бар,
Шағаладай «құты» бар.
Моп-момақан жануар,
Бабын тапқан жан бағар.
Қой бақпаған құр қалар.
Қойдың сүті қорғасын,
Қойды қырған оңбасын.
Шопан ата аталсын,
Ел аузында жатталып,
Өмір бойы сақталсын.
Батадан кейін Қазғаққа сарыбас қошқарын тарту етті. Қазақтағы ақсарбас қой шалу, қой малына «Шопан ата» деп ат беру салты содан басталады.
Қазғақ енді інісі Шекшекке бұрылып қарады:
- Шекшек, мүйіздерін найзадай етіп, бақыртып-шақыртып, ешкілерді әкелдің, бұл кебенекті бағындырдың, енді сенің атың «Шекшек ата» болсын.
Ешкі пірі – «Шекшек ата»,
Қолыңды жай, менен бата.
Сойса саны қалақтай,
Сауса сүті бұлақтай,
Айдағанда өрегенін қайтерсің,
Бөрі бақыр келгенде,
Көрегенін қайтерсің.
Құйыршығын артына,
Қыстырғанын қайтерсің.
Бөрі ұстап алғанда,
Бақырғанын қайтерсің.
Қойға көсем бастаған,
Өткелден еш саспаған.
Ешкі баққан артына,
Жүгіре-жүгіре қақсаған.
Қарағай мүйіз серкелі,
Жалды-қылды желкелі.
Ешкіні айдап келіпсің,
Бар сырын түгел біліпсің.
Шекшек ата аталып,
Ел көкірегінде жатталып,
Жұрт көкірегінде қаласың.
Батадан кейін Шекшек қара текені ағасы Қазғаққа тарту етті. Осыдан кейін қазақтағы нағашысының «жиеніне қырық серкеш беру» салты мен ешкі пірі Шекшек ата деген ұғымы кейінгілерге жалғаса берді.
Қазғақ енді інісі Қамзаққа мойын бұрды:
- Қамзақ, сен аспанның еркесі, құстың қыранын қызыл қолыңа қондырып бағындырдың, құс патшасы «Құсбегі» бол,- деп:
Әй, Қамзақ – «Құсбегі»,
Ендігі кезек сенікі.
Қыран құс ойнап қолыңда,
Болмасын жамандық жолыңда.
Қанжығаң майлы болсын,
Жүрген жерің жайлы болсын.
Қыран қанды ауыз болсын,
Қораң малды болсын.
Атың «Құсбегі» болсын,
Айналаңа досың толсын.
Құс топшысы талмасын,
Басыңнан бақ таймасын,
Қанды көз қыран түскенде,
Тағының жанын жалмасын,
Пайдалы аңнан қалмасын,
Пайдасызын алмасын.
Батадан кейін Қамзақ қолындағы қанды көз, қанды балақ қыранын ағасы Қамзаққа тарту етті. Қазақтың аңшылық, құсбегілік жолындағы қыран құсты сыйлау, «қалап сұрап алу» салты осыдан бастау алады.
Қазақтағы төрт түлік малдың түрлері осылай қалыптасты. Қара айғырдың үстінде отырып, жорға биіне еліктеп билеген «Қара жорға» биі осыдан қалды. Сыйлы қонаққа, алқалы топқа ат үстінде атпен сыбағалы «табақ тарту» салты да осыдан бастау алады. Қазақтың «бата беру» салты да содан жалғасқан. Бұл жеті ағайынды «Қазғақ, Қазғақ» деп жүріп «қазақ» атанып кеткен. Қазақтың шығу тегі содан басталады. Жетеуіндегі қасиетті иіс жеті балаға сабақталғандықтан қазақтың жеті ата дәстүрін ұстау салты да осыдан қалған. Жеті аталық туыс жалғасып, қыз алыспау заңы да осыдан жалғасқан. Бұл бойындағы ғажайып иіс сол алғашқы адамдардың таза қанының сыртқа бұрқырап шығып тұрған, қайнап тұрған буының иісі деп аңыз етіседі...
- Иә, балам, Болат, бұл аңыз. Бірақ аңыз түбі ақиқат. Бүгінгі шындық ертең аңызға айналады. Баяғыдағы мал пірлері малды бағындырған адамдар болған. Тұрақан ақсақал мені «мал пірі» дегенде жаман нәрсеге ұқсатып отырған жоқ. Қазақ халқының күні бүгінге дейін мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын қатар алып жүргенінің түбі сонау алыста жатыр. Мұндай мифтік аңызды жете түсінген адам жолдан ешқашан адаспайды. Әр нәрсенің, әр заттың осындай түбі болады. Сол түп ұғымдардың бәрі осындай киелі аңыздардан табылады,- деп әкем әңгімесін аяқтады...
Болат Бопайұлы Жота Қажы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір