• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 18:07:52
Алматы
+12°

13 Қараша, 2014 NEWS

Шыңғыс Ергөбек. Ресей халқы өз Үкіметінен басқа ешкімді кінәлай алмайды

Соңғы уақытта Ресейде белең алып келе жатқан ұлыресейлік шовинизм көрші мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Украинадағы дағдарысты пайдаланып...

Соңғы уақытта Ресейде белең алып келе жатқан ұлыресейлік шовинизм көрші мемлекеттерді ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Украинадағы дағдарысты пайдаланып, Қырымды алу, яғни «Қырым ежелгі Ресей территориясы» концепциясы мен көрші елдердің «мемлекеттігінің болмауы» тұжырымдамасы бүгінгі Ресей билігіне қосымша ұпай беріп отырғандай көрінеді. Путиннің Ресейдегі рейтингісінің өсуі – ұлтшылдыққа арқа сүйеген «шовинизмнен» шығатындығы аңғарылуда. Дегенмен шовинизм ешқашан жеңіске жетелемеген бағыт екендігі тарихтан аян. Бүгінгі Ресейдің де саясаты ұзаққа апармасы айқын.

       

  Бүгінгі Ресейдің шовинизмі мен тарихи Ресейлік шовинизм арасында үлкен айырмашылық жатыр.

         Ресейдің ұлы еуропалық империя ретінде қалыптасуы І Петрдың империялық амбицияларынан көрініс тапты. Ол кезеңдегі Ресей Еуропаның ең артта қалған елдерінің қатарында еді. Тіпті Швед корольдері және тарихи негізгі қарсыластардың бірі болған Поляк корольдері Ресейді өзінің шығыстық провинциялары ретінде қарастырғаны белгілі. Швед королі Карл ХІІ тіпті Ресейге ауыр қару кіргізбестен, атты әскермен-ақ 3 ай көлемінде Ресейді басып алуға болады деген тұжырымдаманы ұстанғандығы белгілі. Оның бабалары Густав-Адольф Ресей ешқашан Ливония мен Балтық теңізі жағалауын басып ала алмайды деген тұжырымдаманы ұсынған болатын. Алайда, І Петр орыс халқының бойындағы күш-жігерді оята білді. Ол Ресейді тежеуші факторлардың барлығын жойып, жаңа «еуропалық» мемлекет құру идеясын жүзеге асырушы тарихи тұлға. Швециямен соғыс Ресей мемлекеттігінің бұл кезеңінде «мемлекеттілік» үшін күрес ретінде қарастырылып, халық арасында қолдауға ие болды. Әрине І Петрдың бұл реформалары халықтың барлық топтарынан бірдей қолдау таппады. Атақты «сақал көтерілістері» осының негізгі айғағы. Дегенмен «мемлекеттілік» ұғымы дәстүршілдік ұғымынан басым түсіп жаңа бастамаларға жол ашты.

         Ұлыресейлік шовинизмнің екінші кезеңі І Александр императордың тұсында болды. Наполеон Бонапарт секілді қатерлі жауды жеңу Ресей империясын ең қуатты мемлекетке айналдырды. Мұның өзіндік себебі де бар. Наполеон Бонапарт әскерлерінен 3 рет жеңіліс тапқан Ресей Тильзит шартына қол қояды. Шартқа сәйкес, Ресей француз императорының экономикалық саясатының негізі болған «континенталды блокадаға» қосылуға мәжбүр болады. Бұл Ресейдегі барлық әлеуметтік топтарға кері әсерін тигізген күрделі жүйе болатын. Себебі ол кездегі Ресей экономикасы экспортының негізгі бағыты Ұлыбритания болатын, импорттың негізгі бөлігін де Лондон қамтамасыз ететін. Тарихи құжаттарға үңіліп қарайтын болсақ, аталмыш кезең ең ауыр экономикалық дағдарыс жылдарының бірі болғандығына күмән тудырмайды. Яғни Наполеон Бонапартқа қарсы соғыс бүкіл халықтың қалауы мен ниетіне арқа сүйеген соғыс болатын.

         Ұлыресейлік шовинизмнің шырқау шегі екінші дүниежүзілік соғыста Кеңестер одағының жеңісімен байланысты. Сталиннің атақты «ұлы орыс халқы үшін көтерейік» деген сөздері шовинизмнің жаңа қуатқа ие болған кезеңін белгіледі. Бірақ бұл кезеңдегі шовинизмнің арқауы, бірінші кезекте, Германия әскерлерінің соғыс жарияламастан басып кіруі болатын. Яғни билік халық арасында қолдау тапса да, таппаса да «отанды қорғау» идеясы бүкіл халықты топтастыра алды.

         Бүгінгі ұлыресейлік шовинизм бұрынғы мазмұнға ие емес. Біріншіден, І Петр, І Александр немесе екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағыдай Ресей мемлекетінің территориясына ешкім басып кірген жоқ. Саяси дағдарыстың негізгі себепкері Ресейдің өзі. Қырым аннексиясы, Шығыс Украинадағы сепаратистерді қолдау саясаты, Еуропалық әріптестеріне қырғиқабақтық таныту секілді әрекеттердің барлығы Ресей тарапынан жүзеге асырылуда. Яғни сыртқы жау факторының негізгі қайнар көзі - Ресей саясаты.

         Екіншіден, экономикалық санкциялардың басым бөлігі Ресейдің тарапынан жасалуда. Ресейдің экономикалық тұрғыдан оқшаулану ниеті Еуропа мемлекеттерінің санкцияларына үйлесуі өзінің теріс нәтижелерін беріп үлгерді. Санкциялардың мазмұнына қарар болсаңыздар, Батыс Еуропа елдері мен АҚШ санкциялары бірінші кезекте қалың халыққа емес, Ресей элитасына қарсы бағытталған. Яғни, Батыс Еуропа жекелеген тұлғалар мен ресейлік ірі банктердің әрекеттеріне шектеу қойып отырған болса, Ресей нағыз халыққа ауыр тиетін санкциянларды өзі қолдануда. Халықтың тұтынуына бағытталған тауарлардың барлығы Ресей тарапынан шектеулерге ұшырады. Нәтижесінде, бүгін мұнай өнімдерінің құнынан бастап, тамақ және ауыл шаруашылық өнімдерінің барлығы қымбаттау үстінде. Бұл халықтың тұтыну қабілетін төмендетуде. Өз кезегінде бұл мемлекеттің әлеуметтік қолдау төлемдерінің көбеюіне, демек шығындардың ұлғаюына әкеледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік кірістің көлемін ұлғайтуға итермелейді. Ал мемлекеттің негізгі кіріс көзі шикізат екендігін ескерсек, әлемдік нарықтағы шикізат құнының құлдырауының өзі Ресейге кері әсерін тигізері анық. Бұл жағдайда Ресейдің жергілікті халқы өз Үкіметінен басқа ешкімді кінәлай алмайды.

         Үшіншіден, І Петр, І Александр да Путинге қарағанда реформашыл тұлғалар болып келсе, Сталин тоталитарлық қатаң жүйенің негізін қалаушы. Оның үстіне жоғарыда аталған реформаторлардың әрекеттері өздері дүниеден өткеннен кейін саябырсып, тіпті тоқтап қалды деуге болады. Ал Путинде жоғарыдағы кейіпкерлер секілді реформаторлық та, қаталдық та, қатаңдық та жоқ. Әрине жекелеген реформаларды симуляциялау болғанмен, Путин Ресейге жүйелік өзгерістерді де, реформаларды да алып келмеді. Яғни уақыт өте келе, Путиннің әрекетіне баға беретін кез-келген тұлға бұл эпоханың тұралау заманы болғаныдығына көз жеткізері анық.

         Жоғарыдағыларды саралай келе мынадай қорытындыға келуге болады. Ресей шовинизмнің арқасында қысқа мерзімді жетістіктерге қол жеткізуі мүмкін, дегенмен ұзақ мерзімді идеологиялық қарсылық үшін өзгеше дайындық керек. Бұл қарсылық Ресейді жаңа тығырыққа тірері сөзсіз.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір