• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:57:57
Алматы
+12°

08 Қараша, 2014 Алаш-Орда

Есболат Айдабосын. АМАНАТ(әңгіме)

(“Қазақ елі – 550 жыл” шығармашылық бәйгесіне)

(“Қазақ елі – 550 жыл” шығармашылық бәйгесіне)

Бұл шығарма қазақтың қайраткер ұлы

Болатхан Тайжанның рухына арналады!

Таң құланиектеніп атқаннан бесінге дейін құлқынның қамымен дала кезетін кәрі құзғынның денесі бүгін дел-сал. Шау тартқанның белгісі болар, тәбеті қайта бастапты. Бұрындары тоқты-торымның өлігін бір отырғанда қылғыта салатын өңеші құрғыр тарылып қалған ба?  Әлгінде өзен жағасында жатқан өлген бұзаудың етінен ауыз тиді де өзгелерге орын босатып, кейін шегініп кетті. Мекеніне де бірнеше мәрте аялдама жасап, сүйретіле жетті. Солығын басқасын қарсы беттегі жартасқа барып, жалп етіп жайғасты. Күнде кешкілік осылайша отыратын ежелгі дағдысы. Тойымсыз көзін төңірекке қадап, қызарып бататын күнге қызыға қарайды. Ол үшін бұдан жайлы, бұдан биік жер жоқ. Етектегі қой тастар мен қырқа-қырқадағы серке шоқылар алақандағыдай көрінеді. Бұрындары соның арасында балгердің құмалағындай шашырап, төрт түлік өріп жүруші еді қазір шанда бірі кездеседі. Үнемі тұман тұншықтырып тұратын алып шахардың адамдары көбейген сайын малы азайып кетті......

Басында бұл қала емес, кішкене ғана елді-мекен болатын. Бір-екі мәрте құлаш ұрғанда о жағы мен бұ жағына жетіп барушы еді  анажылы күн шыға кеткеннен сәскеге қарай бірақ оралды. Қанаты талғанда  қонақтап солығын басып алатын бәйтеректерде  азайыпты-ау. Оның орнына көкке қарай көк түтін үрлеп тұратын  мұржалар көбейген. Қапталында аяққа тіреу боларлық бұтағы болмағасын ұшар басына қона кеткен еді бірінің, қолқаны атар иіске қақалып, әзер қашып құтылды. Содан бері құзғын олай қарай аттап басуды қойды, қанша ашықса да төңіректі түртпектеп, талғажау іздейді.

Қартайғандыкі болар, соңғы кездері уайымшыл боп барады. Қарап отырып қамығатынды шығарды. Қызыл асап, қызық қуған күндерді сағынады. Адамдардың өзара қырық-пышақ боп соғысқан кезін ұмытар емес. Әне бір беткейден сайға дейін созылып жатқан жыпырлаған зираттар сондай оқиғадан қалған жұрнақ. Басында сарытышқанның іні секілді азғана төмпектер еді,  қазір екі таудың ортасын алып жатқан шағын қалашыққа айналды.

Құзғынның көз алдында алып шахар тұрғындарының біразы осында жерленді. Жерлене берсін-ау, бұл халықтың жері көп, бірақ улап-шулап мүлгіген тыныштықтың шырқын бұзатынын ұнатпайды-ау солардың....

Самарқау ғана адамдар тұрағына көз салды. Буалдыр тұманға оранған қаладан тауға қарай жыланша ирелеңдеген тас жол жатыр. Соның үстінде жалғыз ноқат қарауытады. Қимылдайтын секілді, бері қарай ілгерілеп келеді. Қияндағыны шалатын қырағы жанары да суалайын деген ау, аң ба адам ба айыра алмады. Қаңғыған есек пен жылқының бірі болар. Адамдар бұл маңда жеке-дара, жаяу-жалпы жүрмейтін....

* * *

Талайды бауырына басқан қабірстан мен қаланың арасы он шақырымдай жер. Бел-белесі, бұрылысы көп тас жолда күздің қарасуығына қарамастан жеңіл киінген жігіт келеді. Демікпемен ауыратын, деміл-деміл ауа жетпей алқынып, талықсып отырып қалады. Дәретін ұстай алмай жүгіріп барып, жүрелей кеткен адамша ілгерілегеннен кідіргені көп. Бірақ  қалайда межелі жерге жетіп жығылуды көздеген түрі байқалады. Өкпесі өшкеніне қарамастан өршеленіп келеді.

Ол бұл жаққа осымен екінші рет келе жатыр. Бірер жыл бұрын қаскөйлердің қолынан қаза тапқан қайраткердің жаназасына қатысып, ел қатарлы топырақ салған. Тау ортасына орналасқан зираттардың көптігіне таңғалған сонда. Қасында тұрған тақиялы қарияның айтқан сөзі әлі есінде: «Екінші мұнда тірлігімде келтіре көрме құдай» деп еді, түр-тұлғасы  қаланың зиялысынан көрі баяғының билеріне келінкірейтін ақсақал. Неге екенін білмейді бұл да сол сөзді ішінен айтты, тезірек қаралы жиыннан аулағырақ кетуге асықты. Енді сол жерге жете алар емес.

Артына қарап еді, алып шахар алақандағыдай көрінеді екен, бірақ  бір түрлі тұнжырап тұр.  Қала үстіне қою түтін тағы да мініп алыпты,  күннің көзін көрсетпеймін дегендей көк көрпесін қымтай жауып, тұмшалап тұншықтырып тұр, кейбір тұманы сиректеу жерлерден көше шамдары  өлген тауықтың көзіндей сығыраяды. Солар ғана Алатаудың бөктерінде бейбіт жатқан жұрт барын, аспан әлеміне хабарлап тұрғандай.

- Қайран халқым деп күбір етті, алып шахарға аянышты көзбен қарап. Қашанға дейін, ішіңнен булығып, төбеңнен төнген түнекті көрмей, осы қала құсап тұншығып жатар екенсің. -Көшпенділер» романындағы генерал Генс дұрыс айтқан екен-ау. «Қазақ дарынды халық, батыр халық, әттең бақытсыз халық» демеп пе еді. Шынымен де бақытсыз болғанымыз ба?!

Қайта қозғалды. Қарсы алдынан еңгезердей үш көлік құйғытып өте шықты. Ішіндегі адамдары да еңгезердей біреулер секілді. Бейуақытта бейсауат жүрген бұ кім дегендей ежірейіп қарады бәрі. Бұл да көзімен ұзатып салды. «Мейлі мен ақ жынды болайын сендер саусыңдар, мен ақ ез болайын сендер ерсіңдер» деді ішінен. Ойына осыдан бірер жыл бұрын дүние салған селдір шашты ғалымның газет бетінде «Мен қорқақпын сендер батырсыңдар» деген сұхбаты оралды. Сол бір шалдыр мінезді шатақ шалды жақсы көруші еді бұл. Турашылдығын,   адалдығын бағалайтын. Қайтыс болғанда бара алмады соған өкінеді әлі.

* * *

Таудың жықпыл-жықпылына қою қараңғылық еркін еніпті, аздап елегізейін деді.  Топ-топ шеңгел, жыңғылдардың арасынан әлдебір жыртқыш атып шығып, бас салатындай қорқынышты. Бойын олардан аулақ салып жолдың тура ортасына түсіп, ілгерілеп келеді. Ертеңгі күнді күтпей, бейуақта жолға шыққанына осы кезде аздап өкінді. Бағанағы көзілдірікті шілмиген қараның «өлетін бала молаға қарай қашады» деген сөзі қамшы болды ма? Әлде бір  жарым млн тұрғыны бар қаладан, сөзін тыңдар бір адам таппады ма? Әйтеуір өлілер мекеніне ықыласы ауды да тұрды.

Қоңыр-салқын күз болатын. Оқушылар жаңадан партасына жайғасып, тағы бір оқу жылын бастаған шақ. Мемлекеттік тілді қолдау  туралы митинг өтеді дегенді есітті. Асыға күтті. Барды, қатысты. Өзінің осы бір тарихи оқиғаның ортасында жүргеніне мәз боп, масаттанып марқайып қайтты. Сол күннен бастап бұның өзі де сөзі де өзгерді. Кейіннен мұндай басқосулардан қалмайтын болды. Жастар арасынан кім сөйлейді дегенде бірді-екілі микрофон ұстап ақтарылғаны бар. Осындай сәттерде атқа мінген адамдай айдарланып кетуші еді. Талайлардан мақтау естіді. Бірақ солардың арасында арқадан қағып тұрып, аяқтан шалатындар барын ойламапты...

Бастығы шақырғасын барған. Көзілдірік таққан бір шілмиген қара отыр. Ұлтын айырып болмайсың. Көзі көкпенбек. Атасы «өзі сары көзі көк адамзаттың сұңқары өзі қара көзі көк адамзаттың сұмпайы деп» отырушы еді. Тұздай көзінен мұздай ызғар еседі екен тіксініп қалды.

Бір жерден көрген адамы. Тура осы көзқарасты ана жолы тәуелсіздік күніне орай   болған  жиналыста астаналық ақын ағасының «Мен ұлтшылмын ба» деген өлеңін оқыған кезде байқаған секілді еді.  Суық тер бұрқ ете қалды. Бәрі белгілі болды. Бастықтың ақылы бойынша, өз еркімен жұмыстан шығу туралы арызын жазды.

* * *

Қысқа күнде қырық құбылатын алып шахардың ауа райы бірде көл, бірде шөл. Жаңа ғана тыныш сияқты еді, аспанды бұлт торлап, жұлдыздар көміскілене бастапты. Бір жұлдыз құбыла бетке қарай құлдилай ағып, қою түнекке сіңіп кетті. «Жұлдызым жоғары» деп жарыса жамырайтын мұндай кезде ауыл балалары.

Талмаурап жеткен таныс иіс сезілді. Топырақ иісі... Жаңбыр «ә» деп басталған кезде өрісте жүрсең алдымен жусан иісі бірінші болып танауыңды қытықтайды, ал тақырлау жерде осы топырақ иісі бұрқ ете түсуші еді. Шамасы тау басында нөсер басталған болу керек, келер сәтте еңістеп етектің шаңын қағып кетуі ғажап емес. Тездетпесе болмас, енді ентіксе де екпінді үдете түсу керек.

Автокөлік жолымен қатар жатқан жалғыз аяқ сүрлеумен сүйретіле біраз жылжыды. Өз есебінше мына қолтықты айналса қорымдардың да төбесі көрінуі тиіс. Жауын себелей бастады. Таудың ызғарлы желінен екпін алған өткір тамшылар тыз-тыз еткізіп балғын денені бізбен түйрегендей түршіктіреді. Бала күнінде жаңбыр жауса алақайлап жүгіретін, қанша малмандай су болса да жаурамаушы еді, мынаның сұсы қатты. Көктің көз жасы белгілі емес пе? Әуелі себелеп сосын нөсерлей құяды. Арқырап-күркіреп, өкіреді, найзағай ойнатып қахарланады.

Жайдың оғы жалғызға, аттың жалы, адамның шашына үйір болады деуші еді, күртешесін шешіп басына жауып алды. Аяғының астын ғана бағдарлауға шамасы келеді, сырт-сырт соққан тамшымен жарыса кеудесі де сырылдап келеді. Қос аяғына қуат берсін құдай. Әзірге бәрі қалыпты секілді, бірақ бара-бара өкпесі өшеді, тәлтіректеп жығылады. Үйреншікті жағдай, талай рет сөйткен. 9-сыныптан бастап жолдас болған демікпе бүгін бір кеңшілік жасамаса тап солай болуы тиіс.

Тумысынан дімкәс боп өскеніне сан мәрте опынып, сансыз түнді «ах» ұра, аласұра өткізді ол. Әсіресе көше балалары ауыл шетінде аладопты қуалап жүргенде, жүгіріп барып араласа кеткісі келетін. Бірді-екілі сөйтемін деп ауруханадан бірақ шыққаны бар. Содан бері «ақырын жүріп, анық басуға» дағдыланды, сәл тынысы тарылса болды қай жерде болмасын отыра қалып, тыныстайды.

Бүгін де тай шаптырым жерге жету үшін талай аялдама жасап келеді. Әлсірей бастаған секілді. Жаңа туған төлдей бұты-бұтына шалынысып, аяғы ырқына көнер емес. Жаңбырға шыланып, жылпылдап тұрған саз балшықтан тайып кетті, тәлтіректеп қайта тұрды, көз алды тұманданып барады. Аялдауға болмайды, неде болса жетіп жығылу керек. Қолын алдыға ербеңдетіп, ұмсына түсті, ұмтыла берді. Ұмтыла берді.

Тынысы тарылып барады. Біреу тұншықтырып жатқандай,....бағанағы көзілдірікті қара секілді, мазақтап күледі тексіз. Ауа жетпей барады. Дүниеде сатылмайтын тегін дүние ауа, бірақ қыбырлаған мақұлық пен қылтиған өсімдік үшін ең зәру, ең қымбат қазына да осы ауа екен ау... А, құдайым ауа берші маған деп айқайлағысы келді. Бірақ үні шығар емес.

Бірер мәрте құлап тұрды. Жығылуға болмайды жаумен жағаласқанда, «мейлі сенің тәнің әлсіз болсын, бірақ рухыңды биік ұста» деп біреу құлағына сыбырлағандай болады. Бұл сөзден қуат алып, орнынан тұрайын десе көзілдірікті қара жолын кес-кестейді. Кеңірдегінен қолын алар емес, буындырып жатыр. Сақылдап күледі нақұрыс. Бұл одан сайын өршеленіп, ентелей түсті. Етпеттей құлады, қайта тұрды. Осылайша қанша алысқаны белгісіз, қанша жер жүргені де беймәлім, бір сәт қолы қабырғаға тірелгені, соны жағалап әлде үй, әлде қораға кіргені еміс-еміс есінде.

* * *

- Астапыралла!!!

Өз-өзіне келіп, кеудедегі сырыл саябырсып, санасы сергігенде көрді, көртопырақты құшақтап жатыр екен. Атып тұрды. Күбірлеп дұға жасады. Кімдікі болса да бала-шағасы бақуатты біреудікі болуы керек. Бұл жалдап тұратын пәтер мынаның жанында тауық қорадай боп қалады. Ақырын шешініп, киімдерін сықты. Жаңбыр қалаға қарай еңістеп барады екен. Далаға шықты. Жауынды еңіске айдап салған өкпек жел есіп тұр екен, өңменінен өтіп барады. Көзі қараңғылыққа үйренген. Ту сыртынан өзіне қадалған жанарды байқады. Жалт қарап еді жүрегі су етіп, жалпасынан түсе жаздады.

- Үйіме баса көктеп кірген бұл қай тентек, дегендей біреу қасқайып тұр. Біреу емес, мелшиген  тас мүсін. Мүсін болғанда да өлісі тұрмақ тірлігінде алдына баруға именетін, тек теледидардан көрген әйгілі жазушы. Ескерткішін айнытпай-ақ салған екен, әлденеге ашулыдай айналасына маңғаз қалып танытады. Жүресінен отырып, тағы да құран оқыды.

Зират маңайы сарытопырақ. Жауын суымен шыланып ми батпаққа айналған. Бұ кісінің қабырстандағы көршісі де осал адам емес. Белгілі ақын. Ал анау инженер-ғалым. Тас мүсіндер менің жанымда сен кім едің дегендей бірімен-бірі бой таластырып тұрғандай көрінді. Ақырындап зираттарды аралай бастады. Мына екеуін көргенде мырс етіп күліп жібере жаздады да айылын жиып алды. Екеуі тірлігінде ойлады ма екен өлгенде қатар жатамыз деп. Жер басып жүргенде бір-біріне амандасу тұрмақ бірі келе жатса екіншісі теріс айналатын екі қиқар шалға қатар төсек салып берген хақ-тағаланың құдыреті ай деді ішінен.

Іздеген адамын таба алар емес. Қап, сұрап алмай бағана біреулерден, ешкімге айтпай тауға қаша жөнелгеніне өкінді. Ұялы телефонын қосып еді, тау арасы болған соң ба байланыс жоқ екен. Өшіріп қайта жүрді. Осылайша түні бойы сандалды.  Ақыры әлгіндегі үйреншікті зиратқа айналып келді.

-Қонағым кешіктің ғой дегендей, тас мүсін жылышырай таныта қарсы алды бұ жолы.

* * *

Әбден қалжырап шаршапты, зираттың қабырғасына сүйкеніп отыра кеткені сол еді, бірден көзі ілінген. Түс көрді. Дөңгелек үстелдің басында көп адам мәжіліс құрып отыр. Сөзі салмақты ақын-жазушы, қайраткер, саясаткерлердің көбі  келіпті. Ортада бүгін өзі іздеп жүрген Болат ағасы.... Барып амандасайын деп еді, иін-тірескен көпшіліктен өте алмады. Әрі ашулы тәрізді. Қолын сермеп-сермеп,  бірдеңелерді айтты да жиналысты тастап шығып кетті. Бұл тұра сала артынан жүгірді. Бұрылып қарар емес. «Аға» деп айқайласа, сәл кідіргендей болады да қайта жеткізбей жүріп кетеді.

Ағалап жатып оянып кетті. Бастырылып қалыпты. Талай жылдан бері жолдас қылған көкжөтел мені ұмытайын дедің бе дегендей қайта-қайта келіп, көмейін жыбырлатып тұр. Аунақшып жатып, көз іліндірді. Тағы түс көрді. Бұл жолы Болат ағасы атқа мініп алыпты. Қасында ақ сақалды үш қария бар. Үшеуінің астында тұрпаты бөлекше жаралған, үш тұлпар. Түрлері таныс құдай-ау қайдан көрген адамдары бұлар. Аздап шырамытты. Астанада үшеуінің қатар отырған ескерткіші бар емес пе, дәу де болса солар деп топшылады. Болат ағасының жол сілтеуімен, тау бөктерлеп қалаға қарай келе жатыр. Ақсақалдар бірде бас шұлғысып, разы болғандай кейіп танытады, бірде керісінше сұрланып қалады.

Қалаға кіре берісте әлгі шалдардың аты кілт тоқтап, жүрмей қойды. Қариялар қылқұйрықтарын борбайлағысы жоқ, марғау қалып танытады. Тек, Болат ағасы әрқайсысын бір жетелеп жүгіріп жүр. Жарықтық жануарлар аяғын басар емес, жатырқап тұрған секілді, қасқыр көргендей қалшылдап кетіпті тіпті. Әлгінде ғана жайдарылық танытып келе жатқан шалдардың да бет-әлпеті әлем-тапырақ. Дырау қамшыларын қос бүктеп ұстаған күйі, қолдарын біресе шығысқа, бірісе терістікке сілтеп Болат ағасын кезек-кезек сөгіп жатыр. Дауыстарын ести алар емес. Бір кезде қариялар  келген ізімен желе-жортып Алатауды асып кетті.

Сонда байқады қыр басында жер қайысқан жауынгерлер тұр екен.  Есікпен төрдей атқа мінген біреу ойқастап шауып жүр. Анықтап қарағанда байқады басы жоқ. Бассыз кеуде. Үстіндегі ақберен сауыты күнге шағылысады, қолындағы алдаспанын ары-бері бұлғап тыным табар емес. Ол ойқастап шапқан сайын қалың әскер тау ішін жаңғырықтырып ұран салады.

- Алаш!!! Алаш!!!

- Абылай!!! Абылай!!! деген дауысты анық естіді.

Бір кезде таудың батыс жағынан тағы бір басы жоқ батыр шауып шықты. Бірақ қолына қылыш емес, шоқпар секілді бірдемені ұстап алған. Қалың топқа жақындағанда таныды, домбыра екен. Ұрандаған аламандардың алдына жете бере, домбырасын сабалап әлдебір азалы күйді тарта жөнелді. Оның күйі жауынгерлерді онан сайын рухтандырғандай, қалың қол «Аттан» деген ұран шықса, нені болсын жайпап өтуге дайын тұр.

Болат ағасы басы жоқ екеуге қарап, мелшиіп қатып қалыпты, қамшылар жақтан қасына тақаған бұған жүзін де бұрмады. Екі көзге ерік беріп, жылап тұр....

- Бабаларымыз ренжіп кетті бізге, деді әлден соң. Олар кімдер деп сұрап үлгермеді кел мінгес деп үзенгіден аяғын ұсынды. Сонда байқады әппақ киім киіп алған ағасы жалаң аяқ екен. Астындағы торы ат тықыршып болар емес. Бұл екі рет ұмтылып еді ауыздығымен алысқан жануар ұршықша үйіріліп жолатпады.

- Өй сені атқа мінуге жарады ма десем әлі бөскөтен екенсің ғой. Айтпақшы мені неге іздеп жүрсің. Одан да бар! Қызмет қыл...Біз істей алмаған шаруалар сендердің мойындарыңда.

Бұл жауап берместен, бұртиып төмен қарады.

- Ана қариялар неге қапалы білесің бе? Біз олардың аманатына қиянат жасадық....Ал сен әлі атқа міне алмай жүрсің.....

Ұялғанда беті ду ете қалушы еді. Қызарған жүзін көрсетпейін деп одан сайын тұқшия түсті. Басын көтергенде Болат ағасының орнын сипап қалды. Ары-бері жүгіріп іздеді, таппады. Шалынып жығылғандай болды, оң қолы шымырлап барады. Оянып кетті, оң жақ қапталы тұтастай ұйып қалған екен.

* * *

Таң бозарып келеді... Далаға шықты. Түні бойы шарқ ұрып іздеген зират көптен оқшаулау жерде екен, тез тапты. Тумысынан қарапайым кісінің зираты да басқалардыкіндей емес, елеусіздеу көрінді. Ол Болат ағасының осындай қарапайымдылығын, даралығын жақсы көретін. Құран оқып, бата жасады. Бастапқыда қаладан молаға қарай бет алғанда, ағасына бір алқаусыз ақтарылсам, іштегі шемен боп қатқан шерді тарқатсам деген ойынан айнып қалды. Түндегі түсінде сөйлескені жеткілікті секілді.

Бірақ үш қария қайдан келіп, қайда кетті? Басы жоқ кеуделер кімдікі? Олардың аманаты не? Өз түсін өзі жоруға болмайды деуші еді. Тез арада үйіне жетіп, көрші тұратын ақынды тауып алу керек. Аздап қырсықтығы, «ынжықсың» деп бұны сөзбен қажайтыны болмаса, алып шахарда одан жақын ешкімі жоқ.   Ол қабірстаннан қалаға қарай бет алды. Ойында түндегі түсінен қалған зілбатпан міндет болғанмен бойында бір жеңілдік сезіледі. Ентіксе де екпінді үдетіп, ылдилап келеді. Шығыстан атқан күн алып шахарға нұрын шашып тұрғандай көрінді....Біздің  де күніміз туар деді ішінен.

Тап осы мезетте талай жылдан бері тірілерге лағнет айтып, өлік аңдыған кәрі құзғын да жантәсілім еткен еді.

20131006547

demeixiler
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір