04 Қараша, 2014 NEWS
Батыс сарапшылары: Қытай экономикасының әлсіреуі әлемге әсер етеді
«Ассошиэйтед Пресс» сарабы: Қытай экономикасының қарқыннан жаңылуы ғаламдық экономиканы қансыратуы мүмкін.
«Ассошиэйтед Пресс» сарабы: Қытай экономикасының қарқыннан жаңылуы ғаламдық экономиканы қансыратуы мүмкін.
Соңғы он жылдықтарда қарқынды дамып, күрт көтерілген Қытай экономикасы Азияның экономикалық атойшысы Жапонияны артқа тастап, Еуропадағы белді ұйым-Еуроодақты басып озып, әлем экономикасының алпауыты АҚШ-ты әупірімдеткен болатын. Дегенмен соңғы кездері алып көршіміздің экономикасы ентіге бастағанын әлем елдері айтып жатыр.
«Ассошиэйтед Пресс» сарапшыларының зерттеулерінше, жақынғы жылдары қуат алған Қытай экономикасы өзімен қоса, әлемнің өзге елдерінің еңсе көтеруіне есе қосыпты. Үлкен нарық иесінің, әсіресе, дамушы елдердің темір рудасы, мұнай сияқты табиғи байлықтары мен Еуропа елдерінің автокөлік және жоғары сапалы тауарларына сұранысы арта түсті.
Алайда, Қытайдың ғаламдық қозғалтқыш(двигатель) болу рөлі оның экономикасының сыр бере бастауымен бірге әлсірей түсуде. Осыған байланысты, біраз мемлекеттер мұнан туған зардапты сезіне бастады дейді шетелдік экономистер. 30 экономистің сараптамаларын ортаға салған «Ассошиэйтед Пресс» олардың 57 пайызы Қытай экономикасының әлсірей бастауы Бразилия, Чилиден тартып, Австралия және Оңтүстік Корея елдері экономикасының ақсауына әкеп соғатындығын пайымдаған.
Қытай экономикасы жылдың үшінші ширегінде 7,3 пайызға өскен, ал, бұл 2009 жылдан бергі ең баяу өсім дейді аталған Американдық ақпарат көзі. Негізінде, 7 пайыздық өсім көптеген негізгі салалар экономикасы үшін армандаған меже. Алайда, отыз жыл бойы еселенген екпінмен өсіп келе жатқан Қытай экономикасы үшін бұл жолғы өсімнің құлауы өте алаңдарлық жайт. Ал, алдыңғы аптада өткен арнаулы бизнес тобының конференциясында 2020 жылға дейін Қытай экономикасының өсімі 4 пайызға дейін төмендейді деп болжанған-ды.
«Қытайдың әлсіреуі әлемге ықпалы болады»,-деген пікірді ортға салған «Ассошиэйтед Пресс»: «Қытай әлсіресе, Бразилия мен Австралия өздерінің темір рудасының экспортын азайтып алады, Чили мысын өткізе алмай мысы құриды, ал, Индонезия пиломатериалдар мен мұнайынан келетін кірімді азайтып алады. Оған қоса, Оңтүстік Кореяның электроникалық экспорты да құлауы мүмкін, себебі, Жұңго экономикасы әлсіреген жағдайда, олар смартфондарды азырақ сатып алады немесе өздерінің арзан отандық өнімдерін қанағат тұтуы мүмкін»,-деп ескертіп отыр.
Қытай қазір қатал анти-коррупциялық операция жүргізуде. Ал, мұның өзі де Еуропалық дизайнерлердің брендеріне қауіп төндірген. Калифорния Штаты Университеті Экономика Мектебінің экономисі Сун Вон Сонның айтуынша, бағалы Швейцариялық сағаттардың үштен бірі Қытайға экспортталатын көрінеді. Оған қоса, Қытай қазір Mercedec-Benz және BMW үшін де ең қырқынды сұраныстағы нарық.
Оның үстіне, осы жаздан бастап мұнай бағасының 25 пайызға дейін құлауына ішінара себептің бірі болған Қытайдың мұнай қолдануды азайтуы мұнайға деген ғаламдық сұранысты кемітіп отыр.
«Қытай өте үлкен нарық. Таяуда немесе кейінірек біз оның әсерін сезетін боламыз»,-дейді Калифорния Штаты Университетінің профессоры Сун Вон Сон. Оның пікірінше, жүрісінен жаңылған Қытай экономикасы Құрама Штаттарғада әсер етуі мүмкін.
Т. Шаншарбек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір