• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:14:40
Алматы
+12°

29 Қазан, 2014 NEWS

Оралмандарға азаматтық алты айда беріледі

Шетелден келетін қандастарымызды ҚР Үкіметі тегін пәтермен қамтамасыз етеді. Ал, азаматтықты алты айдың ішінде алуға болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті...

Шетелден келетін қандастарымызды ҚР Үкіметі тегін пәтермен қамтамасыз етеді. Ал, азаматтықты алты айдың ішінде алуға болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және миграция комитетінің төрағасы Аслан Қаржаубаев мәлімдеген.

Baq.kz сайты хабарлағандай, Комитет төрағасы өз сөзінде: «Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін оралмандардың көшіп келу квотасы тоқтатылған болатын. Осыған сәйкес қаржылай көмек беру де тоқтатылды. Ал, азаматтық алу құқығы 4 жылға қалдырылған еді. Квота тоқтаған 2012 жылдан бергі статистикаға қарасақ, 2012 жылы 39 мың ағайындар көшіп келді. 2013 жылы 35 мың ағайын келді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының мәліметтеріне сүйерсек, 7 мың қандасымыз көшіп келген», - деп шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың статистикасынан хабардар етті.

Сондай-ақ комитет төрағасы: «Көшіп келу деген оңай нәрсе емес. Сондықтан Үкімет тарапынан оларға көмек керек екені белгілі. Үкімет осыны ескеріп жаңа қабылданған заңға өзгерістер енгізді. Заңға сәйкес, ағайындар Қазақстан аумағының қай өңіріне келсе де өзі таңдайтын болады. Елімізге келісімен «оралман» мәртебесін алады. Тұрақты тұруға рұқсат үшін төлем қабілетін растамайтын болады. Тұрақты тұруға рұқсат алысымен азаматтық алуға өтініш бере алады. Былай қарасаңыз жарты жылдың ішінде Қазақстан азаматы атануға мүмкіндік бар», - деп бар қазаққа сүйінші хабарды жеткізді.

Қаржаубаевтің сөзінше, қандастарымыз үшін материалдық жағдай да жасалмақ. Олардың ең басты проблемасы баспана мәселесі де шешімін табатын болды.  «Үкімет белгілеген мекендерге келген ағайындарға көшіп келу шығындарын төлейді. Міндетті түрде қызметтік пәтермен де қамтамасыз етіледі. Бұл қызметтік пәтерді олар 5 жылдан соң меншігіне алуға құқылы. Енді осындай жағдайлар жасалып отырғанда шетелден келетін қандастарымыздың саны артады деп ойлаймын. Шетелден келетін қазақтар үшін Қазақстанның есігі әрдайым ашық. Кейбір азаматтардың жаңсақ ақпарат таратып «шетел қазақтарына Қазақстан тосқауыл қойды» деген сөз дұрыс емес. Осыны әрбір қазақ біле жүргені жөн. Шетелден қазақ осы уақытқа дейін көшіп келді. Алдағы уақытта да көшіп келе береді», - деді Аслан Қаржаубаев.

Биыл сәуір айында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова шетелден келетін қандастарымызға барлық жағдайлар жасалатынын, олардың азаматтық алуына байланысты құқықтық кедергілер алынып тасталатынын хабарлаған болатын. 6 тамызда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қандастарымызға жағдай жасаңдар» министрліктерге тапсырма берген еді. Алайда Парламент қабырғасында әлі күнге «көші-қон заңына» өзгерістер енгізу туралы мәселе көтеріле қоймады. Тарыдай шашылған қазақтың басы бір шаңырақ астына жиналып, алаштың айбарланғанына мүдделі барша қазақ баласы Парламенттің тездетіп заң қабылдауына елеңдеп отыр.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір