• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 16:55:39
Алматы
+12°

22 Қазан, 2014 Саясат

Иманғали Тасмағамбетов - Қазақ елінің Бас сардары

Бүгін Қазақстандық БАҚ Ақорда жаққа көп елеңдеді.

Бүгін Қазақстандық БАҚ Ақорда жаққа көп елеңдеді. Таңертеңгілік шыққан ақпарат бойынша Иманғали Тасмағамбетов отставкаға кеткен. Оның орнына мемлекеттік хатшы болған  Әділбек Жақсыбеков тағайындалды.

Иманғали Нұрғалиұлының қызметінен кетуін әркім әртүрлі себепке байланыстырып, оның келесі қызметтік орнын әралуан болжап жатты. Көп адамның пікірінше ол Мемлекеттік хатшы болуы мүмкін делінді. Себебі экс-мемхатшы Марат Тәжин Ресейге елші болып кеткен соң бұл орын біраз уақыт бос қалды. Бұл мансапты уақытша Кәрім Мәсімов атқарып, саясатта тәжірибесі аз Әділбек Жақсыбеков келген болатын. Алайда, жұрт күткендей Тасмағамбетов мемлекеттік хатшы болмады.   Ақорда баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамына Иманғали Тасмағамбетовті таныстырды. Иманғали Тасмағамбетов 2002 жылдың 28 қаңтарымен, 2003 жылдың 11 маусымы аралығында Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы қызметін атқарған. Жұрт Иманғали Нұрғалиұлын Алматы мен Астана қалаларын гүлдендіруші деп біледі.

Қорғаныс министрлігі де басынан көп дау арылмайтын сала. Соңғы жылдары бұл саланың басшылығына қолы іскер ешкім келмей қойды.  Даниял Ахметов істі болып кеткен соң,  Мемлекеттік хатшы болудың алдында бұл қызметті атқарған Әділбек Жақсыбеков те осы министрлікті айтарлықтай алға бастырып жібермеді.

Ақпараттық соғыс өршелене жүріп жатқан, дүние дүрбелеңге түскен мына заманда елдің қорғаныс саласына бас сардар етіп, іскер адам Иманғали Тасмағамбетовті тағайындауы – Елбасының кезекті көрегендігі болар деп сенеміз.

Imangali

Өмірдерек:

Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов — Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының 5-нші Премьер-Министрі, 2008 жылдың 4 сәуірінен бастап, 2014 жылдың 22 қазанына дейін Астана қаласының әкімі.

1956 жылы желтоқсанның 9 Гурьев облысы, Махамбет ауданы, Новобогат ауылында дүниеге келген.

1979 жылы Орал қаласының А. С. Пушкин атындағы педагогикалық институтының география мен биология пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша дипломын алды.

1990 жылы «Дүниетану аспектілерінің экологиялык проблемасы» тақырыбы бойынша диссертациясын қорғап, философия ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. 7 жылдан кейін ол «Транзиттік саяси жүйелеріндегі әлеуметтік саясат» ғылыми зерттеу жұмысын таңдап, саясаттану ғылымдарының докторы болып атанды.

1981 жылдан 1991 жылға дейін КОКП ОК-ң мүшесі, 1990—91 жылдарда Қазақстан компартиясының ОК Политбюро мүшесі болды. Қазақстан Реcпубликасының 12 шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.

Еңбегі мен саяси өмірбаяны сол кездегі жалғыз жастар саяси ұйымы — Қазақстанның ЛКЖО-да басшылық қызметімен байланысты. 1979 жылдан Махамбет ауданындағы ЛКЖО ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, Гурьев ЛКЖО қалалық комитетінің және облыстық комитетінің бірінші хатшысы болды. 1989 жылы ЛКЖО ОК,1991 жылы Қазақстан Республикасының жастар ісі жөніндегі Мемлекеттік комитетін басқарды.

1993 жылы И. Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының президентінің көмекшісі болып тағайындалды.

1995 жылдан бастап ел басқарушы қызметінде жоғарғы орындарды атқарып, Қазақстанның вице-премьері, білім және мәдениет вице-премьер-министрі, Қазақстан Республикасының Президенті әкімшілігінің жетекшісінің орынбасары, Қазақстан Президентінің бірінші көмекшісі, Атырау облысының әкімі, Қазақстан премьер-министрі, Мемлекеттік хатшы, Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі болады.

2004—2008 жж. 1,5 млн тұрғыны бар Қазақстанның ең ірі қаласы Алматының әкімі қызметін атқарып келді.

2008 ж. сәуірдің 4 Қазақстанның елордасы — Астана қала әкімі боп тағайындалды.

ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, «Мәдени мұра» атты Мемлекеттік бағдарламаның қоғамдық кеңесінің төрағасы, ЮНЕСКО ісі жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясының төрағасы, Қазақстан Республикасының оқпен ату Федерациясының құрметті президенті, академик А.Х. Марғұлан атындағы Халықаралық қор басқармасының төрағасы.

И. Тасмағамбетов Моңғолияға, Батыс Қазақстанға және Ресей Федерациясының Астрахан облысына (Каспий: мұнай және мәдениет) және т.б. жерлерге Халықаралық мәдениеттанушылық экспедициялар ұйымдастырған. Соның нәтижесінде 2000 ж. Моңғолиядан Қазақстанға ежелгі түбегейлі Күлтегін тас хатының көшірмесі орнатылды. Қазақ мәдениеті мен тарихының мұраларын жаңғыртып, көпшілікке жеткізуге тағы басқа көп жұмыс атқарған қайраткер.

Оншақты кітаптардың және көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Мәдениеттану, мемлекеттік басқару, әлеуметтік-экономикалық өркендеу проблемалары және саясаттануға байланысты мақалалардың авторы.

«Парасат» ордені (1998 ж)

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» ордені (2004 ж),

Орыс Православиелік Шіркеуінің «Мәскеулік Даниил қасиетті патшасы» ордені,

Ресей Федерациясының «Дружба народов» орденімен

және көптеген алқалармен марапатталған.

Үйленген, үш баланың әкесі.

И. Тасмағамбетов Қазақстан тарихы, этнографиясы, археология мәселелеріне терең көңіл бөліп, Орталық Азия халықтарының қолтаңба өнерінің заттарын жинаумен айналысады. Саяси қайраткер мұраты — Мұстафа Шоқай, Франсуа Миттеран.

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір