15 Қазан, 2014 Ұлы көш
Мырзатай Жолдасбековтің сөзі ұлт бірлігін бүлдіре ме?
Қазанның тоғызында Baq.kz сайтында «Мырзатай Жолдасбеков: Түгел көшіп, атажұртты тастап кетпеңдер» атты материал
Қазанның тоғызында Baq.kz сайтында «Мырзатай Жолдасбеков: Түгел көшіп, атажұртты тастап кетпеңдер» атты материал жарияланды. Онда Мырзатай Жолдасбеков: «Мен бұрыннан айтып келе жатырмын. Тарихи отанымыз Қазақстан екен деп осында үдере көшіп келуді доғарыңдар. Мынау Моңғол жерінде отырған қандастарымыздың басым бөлігі керейлер, наймандар. Өзіңнің ата жұртың шырағым. Сен ол жерге еш жерден көшіп барған жоқсың. Ол жерде Тоғыз Оғыз дейтін мемлекет болған моңғолдан да бұрын. Ол Керейлердің мемлекеті. Қыпшақтардың бәрі Сегіз Оғыз мемлекеті болды. Сегіз Оғыз мемлекеті ол Найманның мемлекеті. Бұл кім – бұл қазақ құрған мемлекеттер. Моңғолияда бір қандасымыз 37 мың сиырым бар дейді. Бірақ атамекенге көшкім келеді дейді. Сенің 7 атаң, түп атаң сол жерде жатқан жоқ па? Керек болатын болса Шыңғыс ханды да моңғол деген жоқ. Шыңғыс ханды Хан көтерген құрылтай. Құрылтай деген моңғолдың сөзінде жоқ меніңше. Қият, Керей, Найман, Жалайыр көтерген жоқ па оны Хан қылып. Неге көшесіңдер дедім. Сол сияқты Қытайдан да үдере көшудің қажеті жоқ. Алтай, Іле, Тарбағатай ол қазақтың жері. Бабаларың жатқан жер. Мәселен Қытайдан үлгі алмайсыңдар ма? Сол Қытай қазір Америкадан өздерінің кварталдарын ашып тастады», - дейді.
Мырзатай Жолдасбековтің қазақ көші жөнінде айтқан осы сөзіне байланысты, өзінің қаламдастарының, көші-қон мәселесін жиі көтеріп жүрген қоғам қайраткерлерінің лебізін білген едік:
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның халық жазушысы:
Мырзатай Жолдасбеков жасы сексенге таяп қалған ақсақалдың бірі ғой. Бірақ мына айтып отырған сөзі ақсақалдардың сөзіне емес, алжыған біреулердің сөзіне ұқсайды. Оның басты кемшілігі рушылдығы. Бір кезде Қытайдың осыдан 12 ғасыр бұрын өткен Ли Баи дейтін классик ақынына таласты, Үйсін екен, руы Дулат екен деп. Одан кейін Найманның Ақтамберді жырауына таласты, сүйегі Ошақты екен деп. Осының бәрі елді ірітуге апарған, ақыры абыройсыздықпен аяқталған нәрселер. Осы жолғы сөздерін оқыдым. Онда шетелдегі, әсресе Шыңжаңдағы, Моңғолиядағы қазақтар келмей-ақ қойса болады дейді. Жай қазақтар демейді, ондағы Наймандар мен Керейлер келмей-ақ қойса болады, өйткені олардың атажұрты сол жақта, сол Алтайда, Жоңғарияда дейді. Олар сол жақта тұра беруі керек дегенді айтады. Бұның астарында Найман мен Керейдің бізге керегі жоқ деген сөз жатыр. Бұдан рушылдықтың исі мүңкіп тұр. Содан кейін айтады, Қытайдан үйренуіміз керек қой, қытайлар шетелде тарап жүр. Кейбір елде, Америкада, басқада өздерінің кварталдары бар, үлкен қалаларда өз аудандары бар дегенді меңзейді. Осындай логика бола ма? Осындай қисын бола ма? Қытайдың жалпы саны 2 миллиард. Өз мемлекетіндегі бір жарым миллиардтан басқасы шетелде жүр. Қытайлар өз азаматтарын шетелге әдейі жібереді. Мен оны зерттегенмін. Қытайдың шетелге ағылған бөлігін «қара тасқын» деп атайды. Қытайдың бұл мемлекеттік саясаты - шетелді, маңайдағы көршілерді оқсыз, соғыссыз басып алу деп аталады. Ал енді, шеттегісі бар, осындағысы бар 15 миллионға толмайтын қазақты қытаймен салыстыруға бола ма? Білетін адам, өзін ғалыммын деп жүрген адам осындай сөз айта ма? Қытаймен біздің жағдайымыз бірдей ме екен? Осыны қалай айтып отыр, осындай дүмшелік жұртты шатастырады. Мырзатай бар, сол сияқты кейбіреулер бүгінге дейін бір-бір жүздің ғана идеологы болып келе жатыр. Оған ғалымдар бар, басқалар бар тойтарыс беру керек. Бұндай пікір ұлттың бірлігін бүлдіреді. Ұлттың мүддесіне қайшы пікірлерді ешкімнің де айтуына жол бермеу керек.
Несіпбек Айтұлы, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
Мырзекең бұл сөзді Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен Халықаралық өнер фестивалінде айтқан. Ол кісі өз сөзінде «қандастарымыз көп қоныстанған елдердегі, Моңғолия қазақтарының, Қытайда отырған қазақтардың өзінің қоныс тепкен жерінде мәдениетін дамытып, салт-дәстүрін ұмытпай отырғанын айтады. Ол жерлер - белгілі бір тарихи жағдайларға байланысты шекараның сыртында қалып қойған атам заманғы қазақтың жерлері» дейді. Бірақ, қазақтар ұлттың мәйегін сақтап отырған сол елдерде қазақ ұлтының диаспора ретінде өмір сүруіне жағдай бар ма, сол мемлекеттер қазақтың мәдениетінен айырылмай өмір сүруіне жағдай жасай ма? Қазақстанда басқа ұлттарға жасалатын сый-құрмет, ұлттық мәдени орталық сияқты ерекшеліктер шетелдегі қазақтарға да диаспора ретінде қолдау көрсетіле ме? Бұл енді басқа мәселе. Мырзекең бұны ескермей айтты. Мен келесі бір жиналыста, қытайтанушы Дүкен Мәсімханның елу жылдығына байланысты өткен ғылыми конференцияда сөйлеген сөзімде Мырзекеңе қарата қытайдағы жағдайды айттым. Алайда, Қытайдағы қазақтардың жағдайы қазір өте мүшкіл, ана тілінде оқытатын мектептер түгелдей жабылды. Олардың басты күнкөріс көзі болған мал шаруашылығының ары қарай өрістеуіне де мүмкіндіктер қалмады. Қазақтың иелігіндегі жайлаулардың бәрі қытайға туризм, басқада түрлі сылтаулармен өтіп болды. Барлық қазақтарды ауылға әкеліп, тауықтың ұясындай үйлерге отырақтастырып жатыр. Сондықтан өте-мөте қытайдағы қазақтар алдағы уақытта қазақ болып жан баға алмайды. Осы себептен оларды тездетіп елге әкелу керек. Мырзекең Қытайға жақын уақыттарда барған жоқ, мүмкін ол кісі Қытайдағы қазақтардың қазіргі жағдайынан хабарсыз шығар. Ол жақта ұлттық дәстүрді сақтап қалуға, тілді дамытуға еш мүмкіндік жоқ.
Қаржаубай Сартқожаұлы. Тарихшы, профессор:
Бұл кісі кейде олай, кейде бұлай сөйлеп қоятын адам. Мен бұл кісімен бұрын оншақты жыл бірге істеген едім, туған ағамдай болып еді. Соңғы кезде қартайып бара ма білмеймін, ой түйсігі де, көз қарасы да, түсінігі де өзгеріп барады. Ол кісінің сөзіне байланысты айтарым: Совет үкіметінің тұсында санының аздығынан, биліктің қысымынан қазақтар не көрмеді. Орыстар басқыншылық та жасады, тонау да жасады, зорлықты да істеді, қазаққа әбден қорлықты көрсетті. Осы қиыншылықты Мырзатайдың әкесі де көрді, атасы да көрді, бабасы да көрді, туған туысы да, өзі де көрді. Ол қиыншылықты Мырзатай қанша жасы ұлғайса да ұмыта қойған жоқ шығар деп ойлаймын. Сондықтан Мырзатай ағамыз бұндай сөз айтпау керек еді. Дұрыс қартаю деген болады, ағамызды мен сыйлаймын, кейінгі жастарға күлкі болмай үлгі болып, өзінің Мырзатай биігінде қартайса екен деймін. Мүмкін ол кісі ауырып та жүрген шығар, кешіре біліңдер. Естімедімге салыңдар.
Рахым Айыпұлы, қоғам қайраткері:
Мен Мырзекеңді қазақтың мұңын, қасіретін түсінбейді, бұл сөзді білмей айтып отыр деп ойламаймын. Ол кісі 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайының басы-қасында болған, қазақтың көші атамекенге қарай керуен тартуына ықпал еткен адам. Сырттағы қазақтардың шерін, атамекенге сағынышын, сырт мекенде қалай өмір сүріп жатқанын өте жақсы біледі. Соған қарамастан ондай сөздерді айтуы мені қатты таңғалдырды. Ол кісіні жаңылып айтты, білмей айтты деуге болмайды. Ел алдында жүрген кісінің осындай сөзін қандай оймен, қандай пиғылмен айтқанын түсіну ауыр. Ол кісі ғалым адам, қазақтың арғы-бергі тарихын жақсы біледі. Ол кісінің өзі зерттеген сонау Күлтегіндерден, Түркі қағанатынан қалған тастағы жазбаларда «Түркілер бірлігін сақтағанда ғана үлкен, қуатты ел болатыны» туралы жазылған. Түркі қағандарының айтып кеткен бірлік туралы сөзін Мырзекең біле тұра, осындай сөз айтты дегенді қабылдай алмаймын. «Шеттегі қазақтар елге келмей отыра берсе» деген сөзді айтуда Мырзекеңнің ниеті түзу деп айтуға менің аузым бармайды. Шынын айту керек, Қытайдағы қазақты сол жерде отыра берсін дегені оларды мүлдем сол жерде жоқ боп кетсін деген сөзі ғой. Қытайдың шетелдердегі кварталдары туралы айтқаны мүлдем күлкілі жағдай. Шетелдің өзін адам санымен Мырзекең айтқандай жаулап алғысы кеп отырған, адам саны территориясына сыймай отырған Қытай өзінде отырған қазақтары жұтып жібермейді дегенге кім сенеді.
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге барады дегендей, Мырзекеңнің айтқан сөзін біраз адамдар басқаша ойлап қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан бұл кісінің сөздері онсыз да ақсап тұрған ұлттық көшке, мемлекеттік саясатқа салқынын тигізеді. Бұл себептен Мырзекең ел-жұрттан кешірім сұрап, өз сөзін халыққа түсіндіріп беруі керек деп санаймын.
***
Қазақстанның тәуелсіздігінде маңызды орын алатын билік саясатының бірі әрі бастысы - Елбасының шетелдегі қазақтарды атажұртқа шақыруы болатын. Биылғы есеп бойынша көші-қон саясатының арқасында елге келген қандастарымыздың саны миллионға жақындаған. Соңғы жылдары ақсап қалған қазақ көшіне пәрмен беру туралы Президент биыл да, 6 тамызда өткен үкіметтің жалпы отырысында айтты. Депутаттар да аракідік Үкіметке қарата сауалдар жолдап, шетелдегі қазақ диаспорасын елге әкелу және оларды орналастыру мәселесіне күйінуде. Елбасының өзі бастама болған, қазақ халқы аса мүдделі болып отырған бар қазақтың басын қосу, әлемде тарыдай шашылған қазақты елде ұйыстыру процесі елдің іші-сыртындағы қаңқу сөздерге бола тоқтамайды деп сенеміз.
(Суреттер: azattyq.org, ortcom.kz, adebiportal.kz, myrzatay.kz)
Нұрғали Нұртай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір