• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 15:55:25
Алматы
+12°

06 Қазан, 2014 Әдебиет

ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АҚ ШАҒАЛАСЫ

(Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» жыр жинағы туралы)

(Ақұштап Бақтыгерееваның «Ақ шағала» жыр жинағы туралы)

Ұлттық поэзияны «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Ақ қанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Белокрылая» (орыс тілінде), «Ақжелең», «Сүмбіле», «Ақ шағала» сынды жыр жинақтарымен байытқан Ақұштап Бақтыгереева – қазіргі қазақ поэзиясының белді өкілдерінің бірі. С.Капутикин, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тілінде сөйлетіп,  көркем аудармаға үлес қосқан ол – көптеген ән өлеңдердің авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақынның бұған дейін жазылған жыр жолдарын көпшілік оқырман сүйіп оқығаны белгілі. Сондықтан біз оның соңғы жинағы жөнінде сөз етпекпіз. А.Бақтыгерееваның 2001 жылы жарық көрген «Ақ шағала» атты жыр жинағы – ХХІ ғасыр поэзиясына қосылған соны үлес. Жинаққа енген жырларды оқып отырып, ақын өмір сүрген қоғам, оның өмір жолы туралы бірсыпыра мағлұмат алуға болады. Ақұштаптың әкесінің қызы да, ұлы да болып өскенін бұған дейін жазылған «Әкеме» атты хрестоматиялық, антологиялық және «Өмірбаян» атты өлеңдерінен білетінбіз. Осы өлеңдегі қамшы мен асау құлынға үйірсек болған лирикалық кейіпкердің қалтаға асық жинамай өскендігі оның «ұл» болып тумағандығынан хабар берер деталь. Алайда ақын әкесінің «ертең балама келіншек алып берем» деп жүргенде, оның арқасына қос бұрымның төгіліп сала бергенін табиғаттың жаратылысымен түсіндірген болатын.

Қолымыздағы жинаққа енген бірсыпыра өлеңдер ақынның өмірбаянын тағы бір қырынан толықтыруға қызмет етеді. «Ауылдың тентек ұлдары» өлеңінде «Әр үйдің бір-бір нәні едік, Ақылға өзге көнбейтін. Бәріміз онда бала едік, Ұл-қыз деп ешкім бөлмейтін» дейтін өлеңдер лирикалық кейіпкердің сонау балалық шағынан бастап сөз етеді. Әсіресе оның өз анасын әжесіне еріп «келін» дейтіні ауылда ата-әжесінің бауырында өскен қара домалақтардың қылығын елестетеді. «Әжем «келін» дегенге Мен де жүрдім «келін» деп» келетін жыр жолдары қазақ халқына ғана тән әдет-ғұрып пен салт-сананың бір көрінісі, ұлттық болмыстың айшығы болса, «Он екі жыл жүріпсің Өз қызыңды сүйе алмай» деген жолдары ата мен ене алдында әдеп сақтаған қазақ келіндерінің инабаттылығын толықтыруға қызмет етеді. «Ерке өстім, көргенім жоқ азап кешіп» деген өлеңінде ақын тіршілік, өмір заңының ғажап екендігіне көңіл аударады. «Бір кезде құндағыңа сыйған сәби Үйіңе сыймай кетсем, кешір, анам» дейтін өлең жолдары қыз балалардың жат жұрттық болып жаралғандығынан хабар берсе, қыздар поэзиясының басты ерекшелігі табиғат сырын аша білуінде екендігін баса айтқан жөн. Тұлымшағы желбіреп, қалаға білім іздеп бара жатқан қызына «Тіліңді ұмытсаң оралма» деген ана үкімі лирикалық кейіпкердің өміріне азық болғанын жыр жолдарынан көруге болады.

Қыздар поэзиясына тән тағы бір ерекшелік – әйел-аналардың құпия сырларына үңілу, жұмбақ жандардың жан жарасына шипа іздеу болса, Ақұштап поэзиясынан да осындай сырларды аңғару қиын емес. Осылайша, өзінің тумысын мойындаған ақын: «Әйел ол – тіршіліктің бәйтерегі, Лайықты балғын жырдың қай теңеуі? Япырмау, Адам ата ұрпақтары Өмірде сен болмасаң қайтер еді?» деп, өлеңдерінде әйел-ананың бейнесін ашуға ұмтылды. Ұлттық  әдебиетте қазақ қыздарының арғы-бергі тарихын жырға қоспаған ақын жоқтың қасы. Ақын қазақ халқының тарихына шегініс жасай отырып, «Дала қызы» атты лирикалық дастанында қыз баланың өмірі туралы сыр шертті. ХХ ғасыр басында қазақ топырағына келген жаңалықтың бірі – қазақ қыздарының бас бостандығын алып, өнер-білімге бет бұруы болса, ақын осы жайды Қарашаш өмірі арқылы суреттеді. «Қалыңдық берген төрені» Қарашаштың менсінбей, қалаға білім іздеп кетуі мен алып қашып барған жерде басына орамал салдырмай кетіп қалуы – қазақ ортасында болмаған жат құбылыс болса, осындай жаңалықтардың ел өміріне енуімен қазақ қыздарының өсіп-толығуын көрсетті. Оған Қарашаштың білім алған соң өз ауылына келіп ауылдық совет кеңесін басқаруда сіңірген еңбегі мен соғыс жылдарындағы қайсарлығы мысал. Ақын «Алмайтын болды ел жігітті Осы әйел бастық орнына» деген екі тармаққа қазақ қыздарының ерге бергісіз ерен еңбегін сыйғызды.

Оның аңызға құрылған «Ана жүрегі», «Ана махаббаты» атты жырлары қазақ әдебиетіндегі ана бейнесін толықтыруға қызмет етеді. Біріншісінде сүйгеніне анасының жүрегін алып келе жатқан жігіттің сүрініп кеткенін көрген жүректің баласына мейіріммен тіл қатуы, екіншісіне екі ана ортасында өскен баланың анасы кім екенін білмек болған ханның үкімі арқылы анасын білгені арқау болған. Хан «Екі сарай салдырып екеуіңе жігітті бөліп берем» дегенде бірі келіссе, екіншісі «Мен үшін бөле көрме жер бетінде Құлыным аман жүрсе болды маған» деп көз жасына ерік береді.  Ақын осы оқиғадан «Өлшеусіз мейірім мен махаббатың Өзгеден бөлексің-ау, ана жүрек!» деген тұжырым жасайды. Аналар бейнесі осылайша аңыз арқылы да толыға түсті. Аңызға құрылған жырларының қатарын «Сәби мен жылан», «Қыранның тұяғы», «Аңшының зары» толықтырады. Біріншісінде сәби мен жылан арқылы адамзатқа адалдық пен зұлымдық туралы ой тастаса, екіншісінде қыран құстың ісі арқылы намысы оянбаған пенделерге ой салады.  «Аңшының зарында» марал терісін жамылған ағасын байқамай атып салған жігіттің қасірет шерін домбырамен жеткізгеніне кезігеміз. Осы оқиға арқылы өмір туралы «Бір-ақ күнде ошақ басын ойрандап, Бір-ақ күнде таясың-ау қайран бақ» деген тұжырым жасайды. 

Akushtap bak

Ана туралы осындай жырлардың қатары ХХІ ғасырда тың ойлармен толықты. Бұл жылдары жазылған ақын жырларында ана туралы өлеңдер молынан кездеседі. Лирикалық кейіпкер бірде анасымен сырласса, енді бірде анасына мұң шағады. «Ана сыры», «Аналық ауыр парыз атқардың да», «Анама бірінші хат», «Анама екінші хат», «Анаға хат», «Апа, сенде Тәңір бар, Жасаған бар», «Ол жақта қалай, апа, жылы ма екен» деген өлеңдері қазақ поэзиясындағы ана бейнесін толықтыратын жырлар. «Ана сыры» жалғыз ұлының үйленуін жиырма бес жыл күткен қуанышының белгісіндей әсер берсе, «Адрессіз балада» анасына қаладағы тұрғылықты мекен-жайын бермеген бала туралы «Мейірімді ананың жалғыз ұлы Мейірімсіз болғаны жұмбақ маған» деген ой тастайды. Бұл – ана қадірін білмеген жандарға ой салар ғибрат өлең. Баласын іздеп келген ананың қолында  мекен-жайы болмай, үлкен қаладан баласын таппай, шарқ ұрып қиналуы әрине аянышты. О дүниеде жатқан ата-анасына «Баласы әй-кәпірдің» деп айтқызатындарды қара жердің көтеріп жүретіні өкінішті. «Апа, сенде Тәңір бар, жасаған бар, Ал біздерде алаяқ, асаған бар... Мейірімнен айрылған ортада, апа, Көз жасқа да көп адам селт етпейді» деп, қазіргі замандастарымыздың ниет-пиғылының бұзылып бара жатқанынан хабар береді. Ал, біздің аналарымыз барды қанағат тұтқан, «жаным арымның садағасы» деп ар мен ұятты бойына жинаған ибалы да иманды жандар. Осындай аналарымыздың бүгінде, яғни ХХІ ғасырда арамызда сиреп бара жатқаны өмір заңы.

Қазақ қыздарына өсиет айта білген ақын өмір гүлін сындырғандарға: «Қарғыс айтам жігітке ар таптаған, Қызға да айып аяулы жар таппаған. О, Көктемгі мәңгілік қызғалдақтар, Қайғыларың сендердің ортақ маған», – деп лағнет айтады.

Ақынның соңғы жылдары жазылған поэзиясынан туған жер туралы өлеңдердің алатын орны ерекше. «Жайық – Анам, Жайық – Елім, Отаным, Құшақтағым, аймалағым келеді» дейтін Жайықтың ақ шағаласына айналған ақынның туған жер туралы «Ақ Жайық, сенсің әр кез сыйынарым», «Ақ Жайық, тасы, төгіл», «Ақ Жайықтың айдыны», «Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді», «Ақжайық арнаға түс арындама», «Туған жер», «Туған жер деп өлетін ала құмда» сынды өлеңдері бірінші көзге түседі. «Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым» дейтін ақынның туған жер туралы өлеңдері жетерлік. «Ғашықпын гүл тербеген алаңға әсем, Жүрмесем ғашық болып жана алмас ем» деп, қоршаған ортаға, табиғатқа, адамдарға бәріне де ғашықтық сезіммен қарай біледі. Сондықтан да ол елін де, жерін де шын ғашықтарша шынайы сүйеді. Анасының «Қолыңнан келсе, құлыным, Мінезін үйрен далаңның», әкесінің «Сүйгендер, балам, даланы Қорықпас болар қатерден» немесе «Айрылу туған жерінен Қайғысы болған бабамның» деген өсиетімен өскен Жайықтың ақ ерке қызы қайда жүрсе де туған жерін сағынумен болады. Оның себебін «Гүл екеш гүл де ұзартады екен ғұмырын Тамыры жатса туған жерінен нәр алып» деп туған жердің құдіретімен таныта білді.

Akushtap

Ақұштап Бақтыгереева соғысты көрмегенмен соғыс салған қасіретті көріп өскен ақын. Сондықтан да оның поэзиясынан 40-жылдардағы ауыр бейнетті арқалаған аналар мен жастайынан жесір қалып жалғыздықтың тақсіретін тартқан жесірлер бейнесі көп орын алған. Бауырынан келген қара қағазды оқымай отқа жағып жіберген анасының өмір бойы жолға қарап өткенін «Қараймыз жұрт аяғы басылғанша, Ал таңда бәрі қайта басталады» деп шынайылықпен нанымды бейнелейді. Себебі, бұл сол тұстағы бірдің емес жүздің, мыңның, миллиондардың қасіреті еді. Ақынның «Сонау соғыс жоғалтқан бауырларды Іздеудеміз жар салып әлі күнгі, Жүрегіміз жоқтаудан әлі мұңды» деп жырлауы да із-түзсіз кеткен жандардың көптігін еске салады. «Тотыққан білектерің күнге күйіп Шөп шауып, өгіз айдап, егін ордың» деп, өз анасы арқылы сол тұстағы қазақ әйелдерінің ауыр бейнетінен сыр шертті. «Жар мұрасы» атты өлеңінде жеңгесінің ғұмыр бойы жарынан келген үшбұрыш хатты орамалға орап, сандықта сақтағанын көрген лирикалық кейіпкер:

Көнімді еткен қайсар тағдыр ісіне,

Ергізбеген сөзге, 

                     өзге кісіге.

Төзім берген тал бойына таусылмас

Қуат берген осы хаттың күші ме?!, - дейді.

Өмірден алған осындай шынайы оқиғалардың қазақ әдебиетіндегі қырқыншы жылғы келіншектердің бейнесін толықтыруға қызмет етері даусыз.  «Ағалар» атты өлеңі жастығын майданға беріп, Отан қорғаған ағаларға арналаған:

Қару алып қас жауыңмен беттесіп,

Ал өздерің он сегізде от кешіп,

Оралдыңдар аға болып ауылға

Жауырынды, алақанды оқ тесіп...

«Шаңырақ» атты жырында жары майданда, одан қалған жалғыз тұяқтың аяғы шықпай шейіт болу қасіреті жас өмірін мезгілсіз қартайтқан нағашы жеңгесінің өз шаңырағын жауып, жалғыз қалған кемпірдің қолына кіруі арқылы соғыстың салдарынан талай шаңырақтардың есігі жабылғанын еске салса, «Сағыныштан сарғыш тартып жүзі де» өлеңінде  соғыс салған жазылмас дертті былай бейнеледі:

Мола қанша жапқан мәңгі гүл бетін,

Сақтап әр үй жас солдаттың суретін.

Отыз жылда әкесін бір көрмеген

Жер бетінде әлі қанша жүр жетім.

 

Не шара бар жүйрік уақыт тапса емін,

Жұбанышы болса әйелдің ақ сенім.

Әр бір үйде отыр бүгін әже боп

Жиырмасында жесір қалған жас келін.

«Бар сырымды саған ашық айта алам, Тек сендегі мейірімнен жай табам» дейтін ақын «Көз бояу жалған көңілмен Күлімдеу саған жат дедің. Өзіңнің маңдай теріңмен Өзіңе бақыт тап дедің» деген ана өсиетін өміріне азық ете білді. Адамгершілік мұраттарын арқау етіп, моральдық құндылықтарды «Жақсылық – арыңның кіршіксіз ақ гүлі, Жақсылық – жаныңның жайдары пәктігі» деп, жырға қосты. Осы тармақтағы әдемі әуез бен үйлесім, қайталаулардың өзара үндестігі ақынның көркемдік шеберлігін толықтыруға қызмет етеді. «Азамат» атты өлеңінде азамат атанудың не екенін «Азамат атану – бір рет серт беру, Тірлікте пасықтық, күңкілді жек көру» деп түсіндіреді.

 «Өмірге келсем қайта мен Махаббат жайлы жазамын!» дейтін ақын Махаббаттың нәзік сырын шертуде сыршылдығын танытты:

Арна болшы, толқындайын, соғайын.

Миуа болшы, саялайын, қонайын.

Бұлақ болшы, мөлдіреген тұп-тұнық,

Шөліркесем сусындайын, қанайын.

 

Жартас болшы, секірейін еркелеп,

Маған сенің жылылығың мол керек.

Соға көрме дауыл болып қапыда,

Соғар болсаң ескертіп қой ертерек.

Махаббаттың тылсым күшін ғана емес, оның қуанышы мен қайғысы тең екенін «Тәттілігі сезімнің қанша болса, Сонша оның қайғысы, азабы да» деп бейнеледі. «Құдірет бар ма тең келер Әйелдің махаббатына» дейтін ақынның әйел махаббатын жырлауы ерекше. Ана мен бала арасындағы махаббатты «Ана сыры» атты өлеңінен көруге негіз бар: «Ана үнсіз. Налиды ұл, күйреп келін. О Махаббат, сен де бір бейнет пе едің?!».

«Инженер бала», «Немере», «Солдат сыры» балладаның жақсы үлгілері. Аталған балладалардың бәріне соғыстың бір оқиғасын арқау еткен ақын тарихилыққа мән берді. «Инженер балада» әкесін соғысқа беріп, анадан жастай қалған баланың инженер болып жетілген шағына кезіксек, «Немереде» соғыстан аман келген солдаттың екі баласы мен жарынан айрылған мүшкіл халіне жолығамыз. От ішінен алып шыққан жетімекті бауырына басқан жанның содан туған немерені алданыш етіп отырғаны да өмір шындығы. От ішіндегі сол оқиғаны ақын: «Жұлдыз біткен қарғағандай бұл түнді Ай да көктен безінгендей бір түрлі. Шырылдаған даусын естіп сәбидің Жанып жатқан үйге қарай ұмтылды» деп жырлайды. Әкені баладан, баланы әкеден айырған сұм соғысқа табиғат ананың өзі лағнет айтып отырғанын ақын осылай шынайылықпен жеткізе жырлады. «Солдат сырында» жарадар солдатты ажал аузынан арашалап қалған қыздың өжет ерлігі мен ел мен жерді жаудан қорғауда жанын оққа тіккен жауынгерлердің Отаншылдық рухына тәнті боламыз. «Қарлығаш» атты жырында мысықтың тырнағына ілінген қарлығаш туралы айта отырып, уақыттың емші екенінен хабар береді. «Қасқырда» кең сахараның тыныштығын бұзғандарға қасқырдың ісі арқылы «Қорыған шығар, мүмкін, бөлтірігін Жоқ әлде кең даласын қызғанды ма?...» деген ой салады.

Қазақ поэзиясындағы арнаудың қатарын ақынның «Ақын Сара ауылында», «Билер жүр Жиенқұлға сертті байлап», «Сол заман қыздар үшін қатал заман», «Махамбетке», «Батыр» (Әлия Молдағұлова), «Көш басы» (Мариям Хакімжановаға), «Жеңеше» (Мариямға), «Арнау» (Әбіш Кекілбаевқа), «Ерлікті көзбен көрген күн» сынды Жұбан Молдағалиев пен «Бабаның сазы» атты Мұхит Мерәліұлына арнаған топтамалары толықтырып тұр. Ақын Сараның Жиенқұлға қор болғанын сол тұстағы заман қасіреті ретінде суреттейді: «Қыз сорлы мал бергеннің олжасы боп Күңдікке кете берген күңіреніп... Солардың көз жасынан жүрексіздер Киіпті түлкі тымақ, иық ішік». Қазақ поэзиясына бір топ сіңлілерін ерте келген Мариям Хакімжанованың ақындығын «Зергерсің сөзден соққан асқан өнек, Шеберсің өлең құйған дастан өңдеп. Жыр көшін өзің батыл бастамасаң, Мүмкін біз бұл өнерден жасқанар ек» деп жырлаумен арнаудың жақсы үлгілерін жасады.

Ертегі ізімен жазылған «Бүркіт пен қарғаның» тәрбиелік мәні зор. Бүркіттің: «Өлексе жеген үш жүзден Отызым артық түлкі алған», – деген шешімі талайларға ой салары анық. Ақын ертегіні тірілту арқылы бүркіт пен қарға өмірінен мысал келтірген.

«Домбыра», «Киіз үй», «Жүйрік», «Асау құлын»,  сынды жырларын этнографиялық өлеңдер қатарына жатқызуға болады. ХХІ ғасырдағы ақын лирикасы ғибрат өлеңдермен толығуда:

Қыранға құздан келген,

Сай оғаш сезіледі.

Ұясын бұзған жерден

Қарлығаш безінеді...

 

Жаманмен өткен ғасырдан,

Жақсымен өткен күн артық.

Сүйместің берген асынан,

Сүйіктің берген у артық...

 

Ерте өскен гүлден қорқамын –

Аязға ұрынады-ау деп,

Мезгілсіз жұлынады-ау деп.

Меңіреу түннен қорқамын –

Жанарлар жұмылады-ау деп,

Аңқаулар жығылады-ау деп...

Әр ақынның өз ортасын жырға қосатынын ескерсек, Ақұштаптың да бүгінгі қоғамның қасіретін жасыра алмауы заңды. Ақын анасымен сырласа отырып «Жүректі сен сыйлаған қансыратты Тонаған адамды адам мына ғасыр», «Мейірімнен айрылған ортада, апа, Көз жасқа да көп адам селт етпейді», «Базарда қайыршы ана қол жаяды, Білмедім ұл-қызының қайда екенін», «Ал бізде әйелдер жүр арақ сатып, Білмедім ерлерінің қайда екенін», «Тастандылар үйі бар сәби толы Бүгінгі махаббаттан жеркенемін» деп, бүгінгі күннен хабар береді. Әсіресе, «Ішкіш әйел» өлеңіне кеңестік дәуірде де, тәуелсіздік тұсында да шешімін таппай жүрген қоғам дерті негіз болған. «Көз ашқалы көргені – тесік қалта, Өмір сүрген мекені – жатақхана» деген жолдар үміттен де, достан да, туыстан да көңілі қалған жанның өмірдің дауылдарына төтеп бере алмай, белі бүгілгенін байқатады. Өмір бойы тырбанып тірлік еткен жанның дұрыс баспанасы болмауы, соның салдарынан ішімдікке әуес болып өз өмірін тәркі етуі жеке адамның емес, бүкіл қоғамның қасіреті. Бүгінде ана мен бала денсаулығына мемлекет тарапынан көңіл бөлініп отырғаны белгілі, алайда олардың әлеуметтік жағдайын ескеріп жатқан жан жоқ. Еңбек ақысы күнделікті тіршілігінен артылмайтын жандардың үлкен қалалардан пәтер ала алмауы, бар ғұмыры жатақханада өтуі әрине өкінішті. Ақын жанын мазалаған осындай қасірет үкімет басындағы отырған басшылардың назарын аударып жатса құба-құп. «Некесіз туған сәби» – қазіргі таңда балалар үйі мен тастандылар қатары көбейіп бара жатқанынан хабар берер өлең. Міне, осындай келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмаған ақын «Жақсылықтан үмітті едім» өлеңінде «Жақсылықтан үмітті едім, Не көрмедім анажан» дей келіп, кері кеткен кер замандағы арақ ішіп жарын сабаған жігітке, абыройсыз аруға, байлыққа бас ұрған жанға, даңқты сатып алатын қуыс кеуде пақырға, ақырған билікке, орашолақ әйелге, шаласауат әкімге, қыз іздеген шалға, мінбеде бос мылжыңдаған «шешендерге» лағнет айтады.

Akushtap ba

 Ақын поэзиясында ана туралы жырлармен бірге анамен сырласу басым. Ол бүгінгі өмір туралы да әрдайым анасымен сырласып «Енді, апа, көрмегенің дұрыс шығар Ауыздық, жүген киген асауыңды» дейді. Мұның өзі ақынның заман дертін жасыра алмай, оған қарсы күресуге даяр екендігін байқатады. «Шаршаймын ой сандығын ақтарумен», «Тербетіліп бұйра толқын жалында», «Самал сүйіп, Толқын тербеп жатырмын», «Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан Мен, апа, секілдімін ақ шағала», «Ақ сазан үркіп кеткен Жайықтаймын» деп өзі айтқандай, бүгінде Ақұштап Бақтыгереева Ақ Жайықтың ғана емес, қазақ поэзиясының ақ шағаласына айналды.  Ол – қазақтың Фаризасы атанған ақын апасының артынан ерген ерке қыздардың бірі де, бірегейі. Ақжайықта дүниеге келген ақын апаларына барша қаламгер сіңлілері ұлттық поэзияның көкжиегінде қарыштап самғар қанатыңыз талмасын деген тілек білдіреді.

Гүлжаһан ОРДА, М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтының

бас ғылыми қызметкері, филол.ғ.д.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір