• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:08:09
Алматы
+12°

16 Қазан, 2014 Ұлы көш

Шетелден оралған қандастарымыз атажұртымызды гүлдендірсек деп келеді

Қазақ елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап...

Қазақ елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап кеткен бауырларымыз бен олардың ұрпақтары, егемен ел болып, көк байрағы желбіреген өз Отанына орала бастады. Шет елден оралып жатқандардың дені -  жастар. Олардың әрқайсысы әр отбасының арқа сүйер азаматы, аяулы қыздары. Олар - ұзақ жылдар атажұртына оралуды аңсап жүрген біздің қандастарымыз.

Осылай, 1990 жылдары бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап, «елім», «қазағым» деп ағылуда. Оларды ұрпағым ұлттық тілмен сусындасын, ата-баба салты мен әдет-ғұрпынан нәр алсын, атажұрттың бір уыс топырағы бұйырсын деген тілек жетелейді.

Ресми мәліметтер бойынша тәуелсіздік жылдарында 1 миллионнан аса қандастарымыз атажұртына оралған екен, бұл әрине, аз көрсеткіш емес.

«Елге ел қосылса - құт» демекші, қатарымызды толықтырып, халық өсімін көбейтіп жатқан қандастарымыздың тілінен, салтынан, жалпы болмысынан жат елдің әсері жиі байқалады. Бөтен ел, бөтен болмыс, әйтсе де, олардың бойынан қоғамды тануға, білімге деген құштарлықтары басым. Басқа елден келген адам қашанда жасқаншақтау келетіні, жалтақтап төңірегіндегілерден мейірім, жылы сөз, жылы қабақ, күтетіні, ақыл-кеңес берер адамды қажет ететіні белгілі. Әлеуметтік ортаға еркін бейімделіп кетуіне кедергінің бір ұштығы осында. Ет жүректері елжіреп, адал ниеттерімен туған жерім деп келген қандас бауырларына қазақ жеріндегі жастар да бауырмалдық танытып, моральдық жағынан демеп жүрсе, қандай керемет болар еді! Өкінішке орай, әттеген-ай көп кездеседі..

Екінші себеп - тікелей тілмен байланысты, яғни алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырластарымыздың орыс тілін білмеуі. Оралман жастар жаңа ортаға бейімделу кезеңінде біздегі әліпбиді танымағандықтан, жазу, оқу қиындық тудырады. Иран, Түркия, Қытай мемлекеттерінен келген жастар сауаттарын өзге әліпбимен ашқандықтан, өз жеріне келген соң бірден орыс, қазақ тілдерінде ақпарат ала алмай қиналады. Сондықтан, қандастарымыздың елге оралуы мен тіл мәселесіне атүсті қарамағанымыз абзал. біздегі әліпбиді танымағандықтан, жазу, оқу қиындық тудыратыны рас.

«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап ана тілін тұншықтырып, көміп тастасақ – ол кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл – біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс», - деген еді Елбасы Н.Назарбаев.

Мемлекетті құлатпай ұстап тұратын мықты діңгекті босаңсытпай жетік білу қандай міндет болса, сол тілде дұрыс, сауатты, қатесіз жазу да сондай міндет. Бұл тек оралман жастарға ғана қатысты емес, жергілікті жастарға да міндет.

Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған да әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінде білім алып жатқан шәкірттерімізді оқыту мен жаңа ортаға бейімдеудегі кейбір тілдік мәселелер. Елге оралған бауырластарымыз, олардың ұрпақтары демографиялық жағдайымызға игі әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар салт-дәстүріміз, тіліміз, діліміз жаңа деңгейге көтеріліп, ғылым, білім салаларына да жаңа буын, жаңа толқын легі келіп қосылуда.

Жыл сайын жаз айларында өрімдей жастар атамекендеріне, еліне деген сарғайған сағыныштарын, тебіреніс пен толғаныстарын арқалап келеді. Олар – бүгінгі таңда ұмытыла бастаған, тіпті, кейінгі кезде көрінбейтін қос бұрымды, қолаң шашты, биязы мінез қаракөз қыздар мен қазақы қалпын сақтаған өр мінезді, қажымастай қайратты қазақтың өрімдей жас жігіттері. Жастардың басым бөлігі Қытай Халық Республикасынан. Қазақстанға олар білім алу үшін, жоғарғы оқу орнын бітіру үшін келеді. Аталмыш елден келген жастар ұлттық тілімізге, дінімізге, дәстүрімізге еш нұқсан келтірмей, көзінің қарашығындай сақтап келген десем артық болмас. Олар атамекенімізде білім алсақ, елімізбен қауышсақ, атажұртымызды көркейгеннің үстіне гүлдендірсек, ұлттық жадымызды жаңғыртсақ деген патриоттық ниет пен сезімде келеді. Ұзақ жылдар ата-баба топырағынан жырақта жүрсе де, ана тілін, ұлттық дәстүрлерін ұмытпаған. Бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып-біліп отырғанымыздай, ҚХР-дағы қазақ диаспорасы қағажу көріп отырған жоқ сияқты (қазақ тілінде радио, теледидар, баспасөз бар). Дегенмен, елге оралған қандастарымызды ойландыратын да, толғандыратын да мәселелер жоқ емес. Біріншіден, басқа болмысты қабылдаған бала бөтен елде өмірінің 19-20 жылын өткізді, бұл – аз уақыт емес. Мекен еткен жердің ерекшелігі кімге болса да әсер етпей қоймайды. Екіншіден, қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртып, жаңартып, басқа да ұстанымдарын толықтырып жатқан оралман жастарды мазалап та, қиындық туғызып та отырған әліпби, жазу мәселесі.

Атажұртым деп жалындап, жанып келген жастардың көптеген қиыншылықтарға, психологиялық кедергілерге кездесетіні жасырын емес, әсіресе, құжат тапсыру кезеңінде, себебі, құжат атаулының бәрі орыс тілінде екенін білесіз. Ресми тілді білмегендіктен еркін ақпарат ала алмайды. Бұл кедергі олардың қоғамға тез араласып кетуіне кері әсерін тигізеді. Кімнің болса да білім алудан бұрын алдында тұратын мәселе – жүрген ортаның тыныс-тіршілігімен танысып, қалыптасу болып табылады. Сырттай қарағанда ұсақ-түйек қана қиындық болып көрінеді, дегенмен, жергілікті жастармен етене араласып кеткенге дейінгі аралықта алшақтық, тосырқаушылық сезімдерінің туындауы даусыз. Бұл кедергіні де ескермеуге болмайды.

ҚХР-да қазақша оқыған бала ана тіліне жетік, сөздік қорлары бай, шыны керек, таза қазақшасы жергілікті баладан асып түспесе кем емес. Оны көріп, біліп, естіп жүрміз. Сауатын өзге әліпбимен ашқан балаға бірден орыс, қазақ тілдерінде дәріс тыңдап, сабақтастарынан қалыспай жазып та қабылдап кету оңай емес. Төселіп, үйрену үшін уақыт қажет. Шет елде өмірге келіп, өздері мекен еткен елдің салт-дәстүрін қабылдауға мәжбүр болған жастардың тарихи Отанына келгеннен соң, бастарынан психологиялық кедергілер өтетіні айтылды.

Жаңа ортаға келген жастың осы есейген шағына дейінгі қалыптасқан дүниетанымын, болмысын бір сәтте түбегейлі ысырып тастап, бейімделіп кетеді деу айтуға оңай.

ЖОО-ның студенті болудан бұрын дайындық факультетіне қабылданған жастар 8-9 ай көлемінде жергілікті тыңдаушы жастармен етене араласып оқиды. Осы ретте, ҚазҰУ-дың ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің берері мол, көмегі зор. Неге десеңіз, оқудан бұрын әр бала осы жерде жаңа ортаның тыныс-тіршілігімен араласып, қалыптасу процесінен өтеді, үйренеді. Дайындық факультетінің ерекшелігі сол – оқыту процесі күрделі, қиыны мен қызығы да мол, сонысымен маңызды.

Оқыту барысында, оқу-тәрбие үрдісінде инновациялық технология әдіс-тәсілдерінің ең тиімді жолдарын қолданып атқарылып жатқан іс-шаралар өз алдына бір тақырып. Ұстаздарға жүктелетін жауапкершілік те, қойылатын талап та аз емес. Әрбір ұстаз әр баланың бітім-болмысын біліп, жүрегіне жол таба отырып, бойындағы жақсы қасиеттерінің ашыла түсуіне ықпал етіп, қызмет етеді. Ұстаздық шеберліктерін аямайды. Жүрек жылуымен демеп, аялы алақандарын созады. Ынта-шынтасымен беріле еңбек етеді. Күрделі мәселелердің оңтайлы шешімін тауып, жүзеге асуына мұрындық болатын да басты тұлға – ұстаз.

Мақсатымыз білім мен тәрбиені ұштастыру болса, ұлттың тағдыры білімге де байланысты екенін ескерсек, бұл мәселе бізге үлкен жауапкершілік артады. Әр баланың мінез-құлқын, қабілетін, жалпы адами болмысын бақылай отырып, оның болашақ таңдайтын мамандығына, жеке басының тағдырына да алаңдайтын сәттеріміз болып жатады. Алдыңдағы шәкіртіңнің ата-анасы жырақта екенін естен шығармай (білім беру өз алдына), әуелімде қас-қабағына қарап, күнделікті қимыл-әрекеті мен жағдайын сұрап-біліп, бақылайтындай тұстар да болады. Өз балаңдай көріп жаның ашып, қамқорлық танытып, жан-дүниесіне үңіліп, сұхбаттасып-сырласатын кездеріміз де болады. Ұстаз-Ананың мақсаты - алдындағы шәкіртінің жаутаңдаған жанарынан көкейіндегісін түсініп, көңіліндегі күдікті сейілтіп, жақсы қасиеттерін ашу. Ақырында, сеніміңнің ақталғандығын көргеннен асқан қуаныш жоқ. Ұстаз үшін бұл бір бақыт!

Егер бала өз ұлтының рухани уызына қанбаса, салт-дәстүрін жете білмесе, толық игермесе болашақта ол жастан қандай азамат, қандай ұлтын сүйер еліне, жеріне жанашыр тұлға қалыптасатынын ойлап көріңізші?! Оралман жастар, әсіресе, Түркия, Қытай, Иран, Ауғанстаннан келгендер бес уақыт намазын оқиды, салауатты өмір салтын ұстанады. Имандылық жолын ұстанған адам, жаман әдеттен әсте аулақ жүреді. Бізді осы қуантады. Имандылыққа бет бұрған жастардың әрекеті әсіресе, қазақи тәрбие үлгісінің тұнып тұрғандығы сүйсіндіреді. Тәрбиеліліктің бір ұштығы – осы имандылықта жатыр. Иманы бардың - ұяты бар. Бірақ...

Қазіргі таңда, кей жастарымыздың (бәрі емес әрине) ойынан да, бойынан да қазақы болмыстан гөрі «европаланған» Батыстың мәдениетіне еліктеушіліктің басым екендігі мәлім. Өзіміздің төл мәдени мұрамыз солғындап, ұлттық тәрбиенің діңгегін босаңсытып алғанымыз байқалады. Ащы да болса, бұл - шындық!

Бірнеше жылдар бойы ұстаздық тәжірибемді саралай келе, оралман шәкірттерімізбен етене араласып жүргендіктен, олардың бойынан көргенім мен ойыма түйгенімді орайы келгенде ой тастағанды жөн көрдім. «Ырыс  ауысады, ақыл жұғысады» демекші, оралман жастарымыз өз Отанында өмір сүріп жатқан жастармен етене араласып кетуінің қандастарымыз үшін де, жергілікті жастар үшін де ескеретін пайдалы тұстары бар. Осы ретте айтарым, тәрбиелеудің осы тұстарын назарда ұстасақ зияны болмас. Факультетте түрлі тақырыптар бойынша тәрбие сағаттары, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер, әр түрлі кездесу кештері және т.б. өтіледі.

Білім кілті – шығармашылық ізденісте. Оралман шәкірттеріміздің сөз байлығы, сөздің майын тамызып, құлақтың құрышын қандырып салатын әні кімді болса да елең еткізбей қоймайды. Факультетімізде оқыған аз ғана уақыт ішінде осы балалар әр түрлі тақырыпта өтілетін іс-шаралардың басы-қасында жүріп жүргізеді. Оқыту процесінде олардың білімге, ғылымға деген құштарлықтары, мәдениет, әдебиет, өнерге деген ықыластары, еңбексүйгіштіктері, ізденімпаздықтары байқаған адамды тәнті етеді. Осы қасиеттер әрбір жастың бойынан табылып жатса (қайдан келгені маңызды емес) тебіреніп қуанасыз ғой! Ақыл ауысқаны деген осы емес пе!

Әр елді мекен еткен жастар бойынан сол елге тән ерекшеліктерінің қалыптасқанын айтуымыз керек. Мысалы, ҚХР-дан келген жастар шетінен шебер, техникаға әуес, әр түрлі бұйымдар жасауға бейім, ал қыздар жағы аспаздық өнерге, іс тігуге, кесте-көрпе тігуді жақсы меңгерген. Дайындық факультетінде білім алған оралман шәкірттеріміздің сыр-сұхбаттарынан үзінділер келтіре кетсем.

   ҚХР-дан келген шәкіртіміз Қанатхан Шәкерхан: «Қытайда қостілді орталау мектепте оқыдым. Орташа көпбалалы отбасында өстім. Отбасымызбен жылқы бағумен айналыстық. Жылқы малының қыр-сырын жақсы білемін. Атажұртқа келуді армандадым. Ендігі мақсатым – тиянақты білім алу. Қазіргі заманда энергия тапшы ғой, соған байланысты төрт адамдық автокөлікті: 1. күн нұрымен;  2. ауырлық күшімен;  3. жел энергиясы арқылы жүргізуді ойлап таптым. Қытай елінде бұл тәжірибемді қуаттады. Бұл жобаның ұтымды жағы сол - жанармайды үнемдеу;  ауа, қоршаған ортаны ластамау. Екінші жаңалығым – құрылыста пульт арқылы терезені жерде тұрып тазалау құрылғысын ойлап таптым», - дейді үлкен мақтаныш сезіммен болашағынан үміт күттірген жас құрастырушы.

Иран Ислам Республикасынан келген Фатима Ескелді: «Менің туып-өскен жерімде мүлдем қазақ мектебі болған жоқ, парсы тілінде оқыдым. Үйде отбасында ғана қазақша сөйлейміз. Қазақстанға келуді көп жылдар бойы армандадым. Бастапқы кезде анам рұқсат бермеді. Кейін анам да, туған-туыстарым да ризашылығымен ақ батасын беріп, шығарып салды. Өз ана тілімде таза сөйлегім келеді. Арманым – сәулет өнерін меңгеріп, Қазақстаныма, еліме қызмет ету. Иранда қазақша кітап, газет-журнал дегенді көрмедік, үйренетін тілдік материалдар да болған жоқ. Ана тілімізді ұмытпауға тырыстым. Елге келгелі қазақша таза сөйлеу үшін әрекеттеніп жатырмын, қиыншылық та, кедергілер де жоқ емес, бірақ, үлкен мақсатпен келген соң шыдауым керек», - дейді ұзын қара шашы ақсары өңіне жарасқан қазақ қызы.

Сөз соңында айтарым, газет беттерінен оралман қауымы туралы жағымсыз ақпараттарды көзім шалып қалады. Осындайда ойға қаласың, бұл қазақ бауырлар жерім деп келген жерлесін, қаным деп келген қазағын шеттегенше, оралман деп оқшауландырмай-ақ, қандасым, бауырласым деп бауырына тартса моральдық тұрғыдан үлкен демеу болар еді.

«Қазақты жамандама, қазақ бала!

Халық қой қазақ деген аз-ақ қана!

Мәңгілік

Ай астында,

Жер үстінде

Қазақтың жанашыры - қазақ қана!» (Күләш Ахметова)

 Аз болсақ та, бір-бірімізге адал болайық! Қандастарымыз қай елден келгеніне қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сезім бүкіл қазақты біріктіреді. Ұлы сезімге сызат түспесін! Санамызда ұлтымызға деген адалдық болса, салтымызға қанық болсақ, бойымызда намысымыз болса ғана бірлігіміз жарасқан мәңгілік ел боламыз!

 

Рыскен ӘБІШЕВА

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы,

филология ғылымдарының кандидаты.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір