• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 16:11:19
Алматы
+12°

18 Қыркүйек, 2014 NEWS

Мемлекеттік тілде жұмыс істегісі келмейтін Үкімет пен Парламент таратылсын!

«Қамшы» порталы  «Тілдер туралы заңының» 25 жылдығына орай, Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы бұған дейін

«Қамшы» порталы  «Тілдер туралы заңының» 25 жылдығына орай, Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру туралы бұған дейін мақала жариялаған болатын. Сайт поштасына  «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының атаулы датаға байланысты қатаң мәлімдемесі келіп түсті. Мәлімдемені назарларыңызға ұсынамыз, әрі Ресми Ақордадан өнімді жауап күтеміз!

***                       ***                            ***

Kazak tili

2014 жылдың 22 қыркүйегі күні, қазақ тілінің заң жүзінде мемлекеттік мәртебе иеленгеніне 25 жыл толады. Алайда бұл заң әлі күнге өз деңгейінде толық  іске асқан жоқ. Қазақ тілі шынайы мемлекеттік тіл биігіне көтерілмеді. Орыс тілі әлі де Кеңес Одағы кезіндегідей, зор үстемдікке ие. Тәуелсіз мемлекет үшін бұл – үлкен олқылық, бодандық санадан арылмағандықтың белгісі.

       Қазақстан Республикасы кешегі Кеңестер Одағының құрамында болған мемлекеттердің ішінде, өзінің ұлттық тілін қомсынатын, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында – билік жүргізуде, заң шығаруда, саясатта, экономикада, ғылым мен білімде, ұлтаралық қарым-қатынаста өз рухани қуатын кеңінен  қолдануға  қол жеткізе алмаған бірден-бір әлжуаз, намыссыз мемлекет саналады. Ащы да болса ақиқат осы. Қазақтар Республика халқының   65 пайызын құраса да, өзара орысша сөйлесетін әдеттен арылмай келеді. Билік мемлекеттік тіл туралы заңды сыйламаған соң, бір-бірімен қазақша тіл қатыспаған соң, жиындарын орыс тілінде өткізген соң,  қарапайым халық қандай жолмен жүрсін?! Билік басында жүрген қаншама қазақ басшылардың балалары, немерелері өз ана тілінде сөйлеуді ұят санаса не үміт, не қайыр?

      ҚР президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша республика халқы 2020 жылы 100 пайыз қазақ тіліне көшуі тиіс. Жиырма бес жылдағы жағдайымыз белгілі, ал алты жыл уақытта оның орындала қоярына  кім сенеді?

      Мемлекеттік тілді орнықтыру үшін қатаң түрде  мемлекеттік талап  қойылуы керек. Жоғарыдан басталған көзбояушылық, өзіңмен-өзің  қазақша  сөйлес деп алдарқату, жалпақшешейлікке салыну, татулық пен тұтастықты сылтауратып, өзгелердің ығына жығыла беру, басқа елдердегі, мәселен Украинадағы, дүрбелеңді тілге телушілік сияқты  әрекеттер алысқа апармайтыны, мақсатқа жеткізбейтіні айқын.

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебесімен қатар ұлтаралық қатынас тілі болуы тиіс. Бұрыннан қойылып келе жатқан талаптың – орыс тілінен «ресми тіл» деп  аталатын қосақтаманы алып  тастаудың  дұрыстығын  өмірдің өзі  әлдеқашан-ақ дәлелдеді.

Былтырғы 2013-2014 оқу жылынан бастап, ағылшын тілі  мектептерде бірінші сыныптан бастап оқытылады. Бірақ Мемлекеттік тілді үш тілдің бірі ету – бұл қазақ тілін әлсірету және орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде заңдастыруға бағытталған Үкіметтің қитұрқы саясаты деп білеміз. Үштілділіктің басы балабақша мен бастауыш сыныптан басталады. Тіпті бұрынғы Кеңестер Одағының өзінде балаға шет тілді бастауыш сыныптап кейін үйрететін. Ал Жапонияда бала 12 жасқа дейін тек өзінің ана тілінде тәрбиеленіп, бірінші кезекте ана қуатын бойына сіңіреді. Мұнан кейін 100 тіл меңгерсе де өз еркі. Осылай еткен жағдайда ғана бүлдіршін санасында елдік, ұлттық, патриоттық сезімдер берік орын тебеді. Әлем ғалымдарының зерттеуінше де солай.

Қазақ мектептері сапалы  білім бермейді деген  сыңаржақ көзқарастан арылатын мезгіл  жетті. Оқулықтардағы, оқытудағы кемшіліктерді жедел түзету, қазақ тілінде сабақ өтетін  мамандарға  жүктелер  жауапкершілікті арттыру, мемлекеттік тілдегі балабақшалардың санын едәуір арттыру арқылы оңды бетбұрыс жасауға болады. Соңғы кездері құпия ұсталып келген бір мәселеге тоқтала кетелік. Астана қаласында қазақ балаларының 47 пайызы, ал республика бойынша 37 пайызы орыс мектептерінде білім алуда. Масқара емес пе? Егер жағдай керісінше болсын десек, Білім және ғылым министрлігі өз саясатын түбегейлі өзгертуі қажет.

Еліміз тұрақты түрде қарқынды дамуы үшін ел телевизиясының ұлттық тұғыры да мызғымас берік болуы шарт. Қалай айтсақ та телеарналар коммуникативтілігі жағынан барлық ақпарат құралдарынан асып түсіп, қоғамдық ойды қалыптастыратын негізгі құралға, тіпті ұстазға айналды. Қазіргі буын түгелдей сол көгілдір экранның тарататын хабар, бағдарлама, филъмдерінің т.б. негізінде бой түзеп өсіп келеді. Таң азаннан қара кешке дейін кез келген үйде ата-әже, ата-ана емес, тәлімгер – теледидар. Қазіргі бала – ертеңгі ұлт болашағы екенін тереңнен түсінсек, бүтін халық болашағын тәрбиелеп жатқан телевизияның көрсету мәдениетін қадағалайтын, реттеп отыратын мемлекеттік мекеме қажет.

       Осы уақытқа дейін тек екі заңды ғана мемлекеттік тілде дайындап, қабылдаған республика Парламентін тәуелсіз ел мүддесін көздейді деп айта алмайсың.

Мемлекеттік тілдің тағдырына алаңдаған Республикалық «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы, тіл жанашырлары мен ұлт зиялылары мемлекеттік тіл төңірегіндегі әлі күнге шешімін таппаған мәселелерге алаңдай келе, билік басындағыларға мынандай талаптар қояды:

1. Қазақстан Республикасының Парламенті Мемлекеттік тіл туралы жаңа заңды қазақ тілінде дайындап, қабылдасын. Сол заңда мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мемлекеттік тілді білуге міндетті деп көрсетілсін! Мемлекеттік тілде жұмыс істегісі келмейтін үкімет пен парламент таратылсын;

2. Бүгінгі таңда Қазақстанның ақпарат кеңістігін Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары он-он бес есе басымдықпен жаулап алғаны ешкімге құпия емес. Ел аумағына тарайтын 5 мыңнан аса Ресей газет-журналдарымен қоса толып жатқан спутниктік арналар  экспансиясының  салдарынан мемлекеттік тіл өрісіне кері әсер  жүріп жатыр. Қазақстанның  ақпарат кеңістігін  басқа елдердің  идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берілмесін, ресейлік интернеттік ақпарат тасқынына  шектеу қойылсын, отандық, қазақ тілді кітаптарды сататын  кітап дүкендері мен кітапханаларды  ашу ісі мемлекеттік деңгейде жүргізілсін;

3. «Телерадио хабарларын тарату туралы» заңда көрсетілген 50 де-50 мөлшеріне бағынбаған  телеарналар көп. Олардың кейбірі, тіпті мемлекетті де, заңды да мазақ етіп келеді. НТК, КТК арналары «Тек күлкі үшін» дейтін қазақша атауы жазылған, бірақ қазақша бір ауыз да сөз қоспайтын шетелдік «мақау» сайқымазақ көріністерді көрсетуді әдет етуде. Қазақстанның экспансияға ұшыраған ақпарат кеңістігін өз ұлтының рухани құндылықтарын насихаттайтын дәрежеге көтеру кезеңі әлдеқашан жетті деп білеміз. Сондықтан отандық телеарналардың барлығында жартылай қазақша, жартылай орысша, дүбәралықты насихаттайтын дүниелерді таратуды тоқтататын кезең жетті. Осындай арамза қулыққа барған  телеарналарға айып салынсын. Халықтық руханияттан бастау алған шығармалар телеарналарда, радиода, басылымдарда жиі беріліп жатса ғана өскелең ұрпақтың бойында ұлттық рух қалыптасатыны хақ;

4. «Қазақстандық ұлт» саясаты «Ел бірлігі» доктринасынан алынып тасталғанымен, ол қоғамға сыналай ендіріліп жатыр. «Қазақстандық  ұлт» саясаты қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауымның жіті назарында болғандықтан, оны ендіруге бағытталған кез келген  шара республика  аумағында тағы да қарсылық тудыратындығын ескертеміз;

5. Елбасының өзінен бастап үкімет басшылары мен лауазымды қызмет иелері барлық отандық, шетелдік ресми кездесулерде мемлекеттік тілде сөйлеуге  міндеттеліп, республика көлеміндегі мемлекеттік  іс-шаралар мемлекеттік тілде жүргізілсін. Республика министрліктері, мемлекеттік органдар, департамент, басқармалардың іс-қағаздары толықтай  мемлекеттік тілге көшуі керек. Мемлекеттік  тілді білмейтіндер ілеспе аударма  қызметін пайдаланатын болсын.

«Мемлекеттік  тіл» қоғамдық қозғалысы атынан бұл ұсыныс-талаптардың кейбіреуі бұдан бұрын да  биліктің  алдына тартылғанмен, «баяғы жартас сол жартас күйінде»  қалып келеді. Ерте ме, кеш пе, мәлімдемеде  көтерілген мәселелер тиісті орындарда талданып, нақты заң жобаларымен  міндеттелетін  шешімдер шығады  деген  үміттеміз.

«Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір