• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:52:16
Алматы
+12°

Жезқазған өңірінде, қасиетті Ұлытау төрінде, Әулиебұлақ жағасында Елбасының хабар арнасына берген эксклюзивті сұхбатынан үзінді. Президент өз сөзінде: "Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр. Ал енді тарихын, болашағын қазақпен бірге деп санамайтындар бәрібір кетеді. Оған біз тыйым сала алмаймыз", -деді.

– Біздің халқымыздың руханиятында діннің орны қандай маңызды болса, тіл де сондай маңызға ие. Сіздің қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге байланысты ойларыңызды біле отырсақ?

 – Мемлекеттік тілдің қолданылуы, оның өркендеуі үшін барлық жағдай жасалды. Конституцияға «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп жазылды. Солай ғой? Ешкімге қазақ тілінде сөйлеме деп, кедергі жасап отырған бір адам жоқ. Өзіміз қазақша сөйлеуіміз керек. Қандай мінбеден қазақша сөйлесең де, ешкім «тәйт, былай тұр» деп айтпайды. Қанша адам отырса да, соларға арналған аудармасын беріп, қазақ тілінде сөйлеуге болады. Біз тілімізді құрметтей білуіміз керек. Ешкімге анау сөйтпеді деп уәж айтудың жөні жоқ. Мен бәрін білемін, біздің жазушыларымыз, мәдениет өкілдері «Біздің тіліміз жетімдік көріп келеді, тәуелсіздіктің жиырма жылы ішінде байғұс тіліміз жетімдіктен шықпай жүр» деп айта береді. «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады, «тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады. Қай-қайдағыны, ақырзаманды басқа орнатпай, «Тіл туралы заңды» қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек. Әйтпесе, жыл сайын 100 мыңнан астам бала мектеп бітіреді, соның 80 пайызға жуығы қазақ тілінде оқыған. Қазір орыстыкі болсын, басқаныкі болсын, барлық мектептерде қазақ тілін оқыту міндетті болып саналады. Қай мектепке барсаңыз да, 6-7 сыныптағы қай баланы кездестірсеңіз де, ол қазақша, орысша, ағылшынша сөйлеп тұрады. Міне, біздің тілге деген қамқорлығымыз осы. Мүмкін, жұрт «біздің Президентіміз неге қазақша сайрамайды, ылғи да біраз сөйлеп келіп, орысшаға ауысып кетеді» деп ойлайтын шығар. Мен мұның бәрін білемін. Біз тәуелсіздік жариялағанда Қазақстандағы қазақтың саны 40 пайыз болатын. 40 пайыз! Басқалар «Сендер азсыңдар мына мемлекетте, қайдағы тәуелсіздік сендерге?» деп айтпайтын ба еді? Дегенмен елге соның бәрін түсіндіріп, күресе жүріп, біз тәуелсіздік жарияладық. Қазір, міне, қазақтың саны 65 пайызға жетті. Қазақстан халқының саны сол кездегіден азайып, біразы көшіп кетті ғой. Ресейге көшті, еврейлер көшті, немістер көшті, анау көшті, мынау көшті... Осы тұста халық 13-14 миллионға жуық болған еді. Қазір 4 миллиондай халық қосылып, 17 миллионнан астық. Тіпті Кеңес Одағы кезіндегіден де көбейіп барамыз. Құдайға шүкір, жыл сайын халқымыздың саны артуда. Оның ішінде қазақтың саны көбеюде. Ал жарайды, бәрін тыйып, қазақ тілінен басқа тілді заңмен жауып тастап, ауыздарыңды ашпаңдар, сөйлемеңдер десек, онда Украина сияқты боламыз. Қазір қазақтың бәрі мұны түсінген шығар. Солай етіп, жұрттың басынан соғып отырып, қазақ тіліне әкеліп, қантөгіс қылып, тәуелсіздіктен айырылу керек пе, әлде ептеп-ептеп амал қолданып, мәселемізді шешу керек пе? Әңгіме сонда. Ал таңдайық, қайсысын аламыз? Сондықтан мен бұл жерде де сабырлылық керек деп ойлаймын. Болашақ біздің қолымызда. Болашақ бізге бетін бұрып тұр. Қазақтың саны көбейіп, тілдің ауқымы кеңейіп келеді. Көп облыстарда барлық іс қағаздары қазақ тілінде жүргізіледі. Оған ешкім кедергі жасамайды. Қазағы көп аудандар қазақша жүргізеді. Оның ішінде қазір қазақша сөйлейтін басқа ұлттың азаматтары қаншама? Көріп отырсыздар, барлық жерде бар. Оларды теледидардан көріп жүрсіздер. Журналистер арасында да, қарапайым адамдар арасында да бар. Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі баласына қазақ тілін үйретіп жатыр. Ал енді тарихын, болашағын қазақпен бірге деп санамайтындар бәрібір кетеді. Оған біз тыйым сала алмаймыз, салып та отырған жоқпыз. Сондықтан өз халқымыздың сана-сезімін үйретіп, өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек. Мен қазақтың тілін ғана білемін, басқасы құрысын деп жүргендердің кім екенін алып қарайықшы. Ол – не орыс тілін жөнді білмейтін адам, не ағылшын тілін мүлде білмейтін адам. Оқуға мойынсұнбайды, сөйлегісі келмейді. Солар: «Қазақтың тілі ғана жақсы, қазақтың тілінен басқа сөз жоқ» дейді. Сонда біз мына өркениетпен қалай жалғасамыз, айтыңдаршы? Орыс тілін алайық. Ол да белгілі. Бізге орыс елінің тізесін батырып жіберген кезі болды. Сол орыстың тілін үйренеміз деп қазақ тілінің қолданысы азайды деген мәселеге тіреледі ғой. Кейбір ұғымдарды орыс тілінен енген деген желеумен біржақты аударуда. Дүние жүзіне ортақ сөздердің қазақша баламасын тауып жатыр. Мен талай жазушылармен, композиторлармен сөйлесіп жүрмін. «Пианино», «пиано» деген халықаралық термин. Оны біз «күйсандық» дедік. Ешқандай жанаспайды. Сандық пен күйдің арасына пианиноны қосуға бола ма? Мысалы, композиторды дүние жүзінде композитор дейді. Біз «сазгер» деп жүрміз. «Саз» деген басқа мағынаны береді. Мұның бәрі неден шығып жатыр? Өйткені орыстың тілінен арылу керек деп ойлаймыз. Біресе түріктен, біресе арабтан, біресе парсыдан аламыз. Сөйтіп, бұзып жүрміз. Тілді байыту керек! Оған халықаралық ұғымдарды енгізсек, тіліміз дамиды. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұдан қорқып, шошудың қажеті жоқ. Тіліміз өркендеп, өсіп келе жатыр дей аламын. Қазір ешқандай қауіп жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тілдің болашағы зор. Дүниеде 6 мың тіл бар. Жыл сайын оның 10 пайызы жойылып отырады. Қажет еместері... Оны қолданатын адамдар аз, ауқымы тар. Солай болып жатыр. Ал мына ағылшын тілін дүние жүзі халқының 70 пайызы қолданады. Неге оны қолданады? Ол – ғылым мен білімнің, ақпарат құралдарының, интернеттің, медицина мен мәдениеттің тілі. Ағылшын тілін білмей-ақ өмір сүреміз деуге болады. Әрине, болады! Бірақ онда ағылшын тілі арқылы тарап жатқан ілімді білмейсің. Оны білмесең, өркендеп өсуіңе жол ашпайсың, болашағыңа балта шабасың. Сондықтан біз мемлекетімізді алға сүйреп, экономикасын көтеріп, өркендеп-өсіп, озық отыз елдің қатарына қосыламыз деп отырғанда, халқымыз, жастарымыз ағылшын тілін білмесе, қалай болады? Мысалы, 1 жарым миллиард халқы бар қытай елі қытай тілін құрметтеп отыр ғой. Бірақ барлық элитасы, бизнесі ағылшын тілінде де сөйлейді. Жапондардың бизнес элитасы, ғылым-білімі ағылшын тілінде. Бір миллиард халқы бар Үндістан тәуелсіздігін алған кезде ағылшын тілін доғарып тастады да, 5-6 жылдан кейін қайта оралды. Сингапурда да, Малайзияда да солай болды. Мына бізді отарлаған елдің тілі құрысын деп қолданыстан алып тастап, керек болған соң қайтып келді. Сондықтан үш тілді – мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілін игергеніміз өте дұрыс. Соның ішінде біздің мемлекеттік тіл қатар келе жатыр. Біз соны неге ойламаймыз? Біз осылай үштұғырлы тілді қолдансақ, түбінде біздің жолымыз ашық болады. Осыны түсіну керек. Бұл жерде асығыстық жасамау керек. Сабырлы болған жөн. Біздің көпұлтты болып отырғанымызға ешкім кінәлі емес. Тағдыр солай болды. Өзге халықтардың да ешқандай жазығы жоқ. Орыстардың, украиндардың, белорустардың, ұйғыр, шешен секілді халықтардың не кінәсі бар? Осылай болды, тарих бізді көпұлтты етті. Бәрінің басын қосып, Қазақстанның бірлігін сақтап, төзімділік танытып, экономикамызды өркендетіп, өсе беретін болсақ, келешек қазақтың қолында болады.

(Үзінді Президенттің ресми сайтынан алынды.)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір