• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:59:10
Алматы
+12°

24 Шілде, 2014 Әдебиет

"Келісіп айтысады" деген Ринатпен келіспей-ақ айтыс өткіздім

«Министрім сауатсыз деп айтыпты, Одан менің кемімейді мерейім, Оралмандар шынында да сауатсыз, Мен өзім-ақ, тізіп айтып берейін.

«Министрім сауатсыз деп айтыпты, Одан менің кемімейді мерейім, Оралмандар шынында да сауатсыз, Мен өзім-ақ, тізіп айтып берейін.

Оралмандар тіл жағынан сауатсыз, Өзге тілді қаперіне ілмейтін. Шала тілді адамдардан үлгі алып, Ана тілде міңгірлеуді білмейтін.

Оралмандар махаббатқа сауатсыз, Өзге ұлтпен бола алмайтын ете-ене. Орыстармен отау құра алмайтын, Немістермен тұра алмайтын некеге.

Оралмандар саудаға да сауатсыз, Сондықтан да ете алмаймын мен мақтан. Біз шетелге бала сатып жатқанда, Сол шетелден баласымен кеп жатқан.

Оралмандар тәрбиеге сауатсыз, Балаларды топырлатып таптырған, Дайын тұрған садиктерге жібермей, Үйде отырған шал-кемпірге бақтырған.

Оралмандар саясатқа сауатсыз, Ашылмайтын терезені қағатын. Азаматтықты ала қойшы десең де, Төрт, бес жылдай жүріп әрең алатын.

Оралмандар өнерге де сауатсыз, Көштен қалған көзқараспен талдайтын. Даладағы айтыстарға жүгіріп, Сарайдағы концерттерге бармайтын.

Оралмандар мәдениетке сауатсыз, Сексендегі шалдың өзін билеткен. «Харлем шейкке» қарық болып жүргенде, Қайдағы бір «қара жорғаны» үйреткен.

Министрім ойласаңшы дұрыстап, Жеткізіңдер Жақсылықтың сәлемін, Сауатсызды сауатсыз  деу үшін де Сауаттырақ болу керек дәлелің.»

Жақында, Астанада өткен айтыста, Мұхтар Ниязовпен сөз сайыстырып, оралмандарды сауатсыз деген министрге жоғарыдағыдай «сәлем» айтқан, айтыс ақыны Жақсылық Орынбасармен сұхбаттасудың сәті түсті.

Соңғы кездері айтыстың сахнасына  жаңадан қосылып, Жүрсіннің жүйріктерін толықтырған өзіңіз хақында аз – кем әңгімелеп берсеңіз. Отанға қашан оралдыңыз?

- Менің өмір есігін ашқан өлке кезінде ұлы Үйсін қағанаты ордасын тіккен, сол арғы заманнан қазірге дейін қазаққа құтты қоныс болып келе жатқан  Іле алқабы. Сол Іленің қиыс шығысындағы Текес ауданында дүниеге келіппін. Қазір көптеген дау-дамайға арқау болып, қазақтардың қолынан тізгіні кетуге шақ қалып, Қытайлардың көзін қызартып отырған атақты Қаражон жайлауында тай мініп - тайраңдап өскен қарапайым ауыл баласымын.  Отбасындағы бес ұлдың кенжесімін. Жастайымнан домбыраға өте әуес болып өстім. Өнерге деген сол махаббатыма, азды-кем талантыма қарап бірталай кісілер әкеме: «балаңызды өнерге беріңіз, түбінде жақсы өнерпаз шығады»- дейтін. Бірақ әкем  о бастан менің өнер жолына түсуіме қарсы болды.  Арғы бетте жүргенде  үлкен сахнаға шықпадым, ондай мүмкіндік те болған жоқ. мектепті бітіре сала атажұртқа ат басын бұрдым. Сол 2006 жылдан бері атажұрттың ауасымен тыныстап келемін. Аллаға мың шүкір, оқуға түстік, отбасын құрдық, өзім сүйетін өнер көшіне де аяңдап ілесіп келемін. Алты алашқа аты мәшһүр атақты тұлға болмасақ та, Алланың бергеніне мың шүкір. Елге келіп ең құнды екі асылдың қадырын білдім.  Бірінші, асыл дініміз исламды түсініп, Алланың хақ жолына түстім. Екіншісі, еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадірін білдім. Осы үшін де Аллаға сансыз шүкірліктер.

Айтыс өнеріне қалай келдіңіз?

- Негізі, мен басында күйге бейім болғанмын. Дегенмен өлеңге де қаражаяу емес едім. Мектепте жүрген кезде каникулда ауылға келе қалсам болды той-томалақ, беташар күтіп тұратын. Сол ақпейіл ағайынның қуанышына атсалысып жүріп ақындық қырым елге көріне бастаған болар, аға-іні болып жақсы сыйласатын Әбілтай, Әділ   деген ағаларым  отыра қалған жерде өлең айт деп, айтыс деп домбыраны жиі ұсына беретін. Сосын, мені туған ұлымен тең көрмесе кем көрмейтін, кейде тіпті досы сияқты сырласатын Кәдек деген кісі бар. Өзі күйші, мерген, құсбегі. Бір сөзбен айтқанда қазақтың бар  болмысын бойына жиған адам. Мен оқудан  қайтып барғанымды ести сала үйге жетеді. Қасына ертіп жүріп күй тартқызады, өлең айтқызады, аңшылыққа ертіп шығады. Таңды таңға жалғап  небір қызық әңгімелер айтады. Осындай жанашыр адамдардың арасында жүріп өнерге деген махаббатым одан сайын арта берді. Кейін Астанаға келген соң ұстазымыз Серікзат Дүйсенғазинның ұйтқы болуымен жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратын қалалық айтыстарға қатысып жүріп, Астанадағы ақындармен араласып бірімен дос, бірімен аға бауыр болып кеттік. Солармен араласып, пікір алмасып жүріп айтыстың қыр-сырын меңгере бастадық. Осы баспалдақтармен біртіндеп республикалық, халықаралық айтыстарға қатыстым. Бірақ, бір әттеген-ай дейтін жайт тура біз үлкен сахнаға шыға бастағанда айтыс эфирден кете бастады. Соңғы бірнеше жылда қатысқан айтыстарым не экранға, не болмаса интернетке де шыққан жоқ. «Нұр отан» партиясының қолдауымен енді-енді қайтадан халықпен қауышып жатыр.

 Қытайда айтыс жиі болып тұратынын естіп едік. Өзге елдің шаңырағында қазақтың төл өнерін асқақтатып жүрген, айтыстың қытай қазақтары арасындағы көшбасшысы -  Құрманбек Зейтінғазыұлы еді. Ол кісінің ізін жалғап  келе жатқан өзіңіз сынды айтыскер ақындар. Жалпы, Құрманбек мектебінің  бүгінгі аяқ алысы қандай?

- Құрманбек марқұм  Қытайдағы қазақ айтыс өнерінің өрісін кеңіткен  ақын ғой. Суырып салмалықтың хас шебері еді.  Біз кішкентай кезімізде радиодан сол Құрманбек, Жамалқан, Бердіқан қатарлы аға буын ақындардың айтысын тыңдап өстік. Солардың мектебінен тәлім алып Еркін, Қайрат, Әбдіғани, Шәкен қатарлы ағаларымыз шықты бір кезде. Бірінен-бірі өтетін жүйріктердің өнері бізге өнеге болды. Осы буынның өлеңдеріндегі табиғилық, қарапайымдылық сол Құрекеңдердің стиліне жақын еді. Ал, 2000 жылдардан бері қарай ол жақтағы айтысқа Қазақстан ақындарының әсері көп болды. Сол кезде дүркіреп тұрған Оразалы, Мұхамеджан, Бегарыс, Балғынбек, Дәулеткерей қатарлы ақындардың орындаушылық шеберлігі, ойды жеткізу тәсілі, жауаптасып айтысуы арғы беттегі ақындардың өнерін тағы бір биікке көтерді. Осы тұста қос елдің мектебін қатар игеріп, жаңа буын ақындар адуындай келе қатарға қосылды.  Ержанат, бізге жақсы таныс болып кеткен Жамиға, Нағыман, Қалихан қатарлы ақындар осы Құрманбек, Жамалқандардың мектебі мен біздің қазақ елі  ақындарының мектебінен тең үлгі  алған, былайша айтқанда екі енені тең еміп, тел өскен құлындар. Енді, осы Ержанаттардан кейінгі буынмен аса таныс емеспін, өзім жақсы білетін Ерлан Аманқожа, Анаргүл Бәделханқызы, Арзыгүл Қайыңбекқызы қатарлы бірнеше ақындар жақсы көтеріліп келеді. Ол жақтағы  айтыс өнерінің дамуы өте жақсы, біздегідей сөз бостандығы, ой еркіндігі болмағандықтан ғана азды-кем ақсап тұр. Себебі ой еркін болмаған жерде кең көсіле алмайсың. Бос сөзбен айтыс жасап, біреудің мұрны пұшық, көзі көк екенін жырлап отырсаң қазіргі халық қабылдамайды. Әзілдің өзі саяси астарымен болса өткір әрі өтімді. Мысалы Оразалының:

«Жазамды беремін деп түк бермейсің, Мен саған қарап тұрсам елеп, қысап. Беремін - беремін деп түк бермеген,

Кәдімгі ауылдарға көмек құсап»,- дейтін жауабы астарында үлкен саяси ажуа жатқандықтан да халыққа өтімді болды. Ал, Қытайда саясатты айту түгілі осындай астарлы сөзге де жолай алмайсың. Осыған қарамастан айтысты жанрлық тұрғыда дамытып келе жатқан ақын қандастарымыздың еңбегін жоғары бағалау керек.

Кейбір айтыс жанкүйерлері «Қытай қазақтарының айтысы қызу әрі тартысты  болады. Олардың тілі өткір әрі ұйқастардың түйіні де қорғасындай салмақпен өріледі. Дегенмен, біздегі айтыскерлерден қалыс қалып жататын жағы – ой жүйріктігі секілді», - деген пікір айтады. Бұған не дейсіз?

- Менің бұл пікірді қолдайтын жағым да бар, қосарым да бар. Мен жаңа айттым, Қытайдағы ақындарда қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған табиғи нәрі бар деп. Олар осы жағымен ерекше. Өлеңді жіпке маржан  бен тізгендей ғып айтады. Арасында жай айтылып кететін кейбір сөз, тіркестердің өзі түйеден түскендей. Ер Жәнібек батырдың 300 жылдық тойында Анардың айтысынан да жұрт осы ерекшелікті байқап, бас шайқап отырды. Олардың айтысы айтыстан гөрі поезияға ұқсап кетеді көбінесе. Марқұм Еркіннің өлеңі де тура осы сипатта еді ғой.бірақ, керісінше тартысты, қызу өтетін айтыс біздің ақындардың айтысы деп ойлаймын. Олардың біздегі ақындардан үйренетін жағы ойды жеткізу мен өткізу. Біздегі ақындар көрерменнің көңіліндегісін дөп тауып, өлеңнің соңына тоқсан ауыз сөздің түйінін тастап айтады. Бұл өлеңнің өтімді болуына, көрерменнің ақынның ауызын бағып, не айтар екен деп қас қақпай тыңдауы үшін тиімді. Ал, өлеңді көркем етемін деп ел түсінбейтін ауыр сөздерге бара берсе, ой шашыраңқы болса көрермен шаршайды. Бұл жағында біздің ақындар көрерменнің көңіліндегі нысанаға дәл тигізіп, «іздегенге сұраған» етіп жеткізеді. Мысалы, ол жақта осы қасиетті өн бойына қатты сіңірген ақын Жәмиға. Осы ерекшелігімен ол арғы беттегі айтыста алдына қара салмай тұр. Бір анығы соңғы бес, он жыл көлемінде жаңадан жарқырап шыққан ақындардың көбі дерлік Оразалы, Бегарыс, Айнұрларға еліктеп, солардың стилін меңгеріп жүріп жетілді. Бұл өрісі бөлек екі елдегі ағайынның өнері бір екенінің айғағы.

9ecb0b18de6a4adaf4684090ccec2e13

Р.Зайтовтың Жүрсінмен болған арадағы даудан кейін, айтыскерлер келісіп алып айтысады екен деген сөздер шықты. Жалпы біздің әншілеріміз де жанды дауыстың қандай екенін ұмытқан. Енді, айтыс – төл өнеріміз болған соң, оның да жаттанды болуы өнерді өлтіріп, тыңдарманын жоғалтып алуы мүмкін ғой. Сіз ше қалай?

- Бұл сұрақ әр ақынға жеке қойылуы керек шығар. Мысалы өз басым осы айтыстың маңдай алды өкілі болмасам да айтыстың шынайы болғанын қалаймын. Келісіп айтысу мүлде жоқ деп айта алмаймын. Және ақын біткен келісіп айтысады деп кесіп айтуға да келмейді. Ол ақынның өзіне байланысты. Сол пікірді айтқан Ринаттың өзімен келіспей-ақ айтысып шықтым ғой. Сахнаға шығарға дейін әңгімелесіп, арғы-бергіні айтып отырсақ та, бір-біріміздің «соғыс» жоспарымыздан бейхабар отырған күйде сахнаға шығып кеттік. Айтыс өте жақсы деңгейде өтті, тіпті ақтық мәреде қайтадан айтыстық, ешқайсымыз да ақсамай ел көңілінен шығатын айтыс жасадық.   Мәселе мынада: айтыстың да ақынға бір рухани ләззат сыйлайтын ерекшелігі бар. Бейне балуанның қарсыласын алып ұрғандағы жаны рахат тапқаны секілді. Ақын қарсыласының бір сөзіне суырып салмалықпен ұтымды жауап бергенде немесе бір сөзінен сүріндіргенде сол жыққан балуанның күйінде болады. Егер  келісіп айтысса ақын айтыстан рухани ләззат алмайды деген сөз. Жеңетініңді, болмаса жеңілетініңді алдын-ала біліп тұрсаң күрестің несі қызық? Онда айтысқа не үшін қатысады? Тек жүлде үшін бе? Келісіп айтысудың жалғыз ғана себебі  жүлде үшін болуы мүмкін. Мен ақын біткен жүлде үшін ғана айтысады деп ойламаймын. Егер сол рухани ләззатты дүниеауи ойға айырбастасақ айтыстың өшкені. Айтыс қазірше бұл қауіптен аман.

Сұхбаттасқан Ақан Марғұлан

Қамшы сілтейді.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір