• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

01 Қараша, 19:26:31
Алматы
+12°

Әбдіуақап ҚараТарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры

Бірінші жалпықазақ съезіне ғасырға жуық уақыт болды. Яғни, "Алаш" үкіметінің, Қазақтың ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздік жолындағы күресіне де ғасырға жуық уақыт толды. Осыған орай белгілі тарих ғалымы Әбдіуақап Қара Qamshy.kz порталына сұқбат берді.

1. Қазіргі Алаштанушылардың кейбір тарихи жағдайларға байланысты көзқарастары сәйкес келмей жатады. Бұны қалай түсінуге болады?

Бұл жерде қандай көзқарас айырмашылықтарына меңзегеңізді білмей тұрмын. Бірақ тарихшылар арасында көзқарас айырмашылықтарының болуы заңдылық. Тіпті кейбіреулерінің пікірлері, тұжырымдары шындыққа сәйкес келмеуі, шындықтан алыстап кетіп қалуы да мүмкін. Өйткені әрбір тарихшы өзінің өмірлік тәжирибесі, дүниетанымы, тіпті сенген идеологиясы тұрғысынан деректерді талдайды, бағалайды. Сөйтіп әрқилы пікірлер ортаға шығады. Мұндай болу керек. Уақыт өте келе осы бүкіл қарама-қайшы пікірлерді елеп екшеп терең талдау өткізіп тарихи шындықты бір ізге, бір арнаға шебер қоятын дарынды тарихшылар шығады. Сонымен қатар тарих ғылымы да дамып отырады. Оның методикасы, дерек тану, талдау мәселелерінде жәна ұстаным, қабылдаулар болып жатады. Бұл да көзқарастардың өзгеруіне себеп бола біледі. Сондықтан мен мұндайларды түсіністікпен қабылдаймын.

2. Алаштанудың бүгінге дейінгі жасалған істері немесе жасалған зерттеуі өз мәресіне жетті ме? Тағы қандай зерттелмей жатқан ақтаңдақтар бар?

Жоқ жеткен жоқ. Алда жасалатын жұмыстар бар, әсіресе қазақ тарихшылары ұлттық тарихнаманы әлі қалыптастырған жоқ. Оған уақыт бар. Өйткені әлі де болса бұрынғы Кеңестік тарихнаманың, идеологиясының әсер ықпалында жүрген ғалымдарымыз бар. Енді уақыт керек. Саяси тәуелсіздік бір күнде келгенімен сана тәуелсіздігінің қалыптасуына ондаған жылдар қажет болады. Қазақтың ұлттық тарихнамасын қалыптастыратын тарихшылар да сонда пайда болады. Олар тәуелсіз Қазақстан кезінде туып еркін оймен өскен, Кеңестік идеология мен тарихнама бойынша тәрбие алмаған, керісінше бүгінгі әлемдік тарихнамаларды жіті зерттеп содан қорытынды шығарған келешектегі ғалымдардан шығады. Егер маған сұрасаңыз Кеңестік тарихнама әдісінің қандай кемістіктері бар деп, бір екі мисал келтіре кетейін. Шетел тарихшыларында төл деректердің тілін білуге мән беріледі. Яғни бір тарихшы төл деректің тілін-жазуын білу керек. Біреудің аудармасымен, транскрипциясымен нақты зерттеу болмайды. Өйткені аудармашының қателігі сіздің деректі бағалауыңызға кесірін тигізеді. Айтпағым, бүгін Алаштанушылар ішінде қанша ғалым “Қазақ” газетін арап әріптерімен жазылған түп нұсқасынан оқып түсініп отыр? Өкінішке орай, Қазақстан тарихшыларының басым бөлегі арап таңбаларымен немесе төте әріптермен жазылған қазақша деректер мен әдебиеттерді оқи алмайды. Бұл қателік әлі де жалғасуда. Бүгін Қазақстан тарих факультеттерінде әлі болса студенттерге төте жазу үйретілмейді. Бұл үлкен кемістік. Мәселен Түркияда тарих факультеттерінде арап әріптеріндегі түрік әдебиеттерін, архивтердегі арап тіліндегі құжаттарды оқу әдістері туралы міндетті сабақтар баршылық. Тіпті мықты тарихшы болам деушілерге сонымен қатар арап тілін, парсы тілін де үйренуге кеңес беріледі. Қазақстандық алаштанушы ғалымдар да төте әріпке қоса, арап тілі мен парсы тілін білсе артықшылық болмайды. Өйткені Кеңестік кезеңнен бұрынғы зиялыларымызда арап мен парсы тілінен енген сөздер көп ұшырасады. Абайдың өлеңдері де сондай. Хакім өлеңдерін кейбір арап пен парсы сөздерін білмей түсіну қиын. Екіншіден, Кеңестік тарихнамада бөлшектеп зерттеу басым. Оның орнына бір тұтас зерттеу болу керек. Мәселен, Алаш қозғалысы және Алаш үкіметін Түркістан автономиясынан бөлмей зерттесек, онда Түркістан автономиясында да Алашордашылардың еңбегі болғанын байқар едік. Сонда Алаш қозғалысының ауқымының қазіргі білгенімізден кең екенін көрер едік. Немесе Алаш қозғалысын сол кезде көрші туысқан халықтар қырғыз, өзбек, түрікмен секілді халықтарда бір мезгілде болып жатқан оқиғаларды талдай отырып зерттесек сонда Алаш қозғалысын мәнін салыстырмалы түрде нақты бағалар едік. Тіпті Алаш зияларының саяси және әлеуметтік дүниетанымы мен көзқарастарының өзге түркі халықтардың ойшылдарынан бастау алатынын да ескерген жөн. Мәселен, олар жадидизм ағымының ол кездегі белгілі тұлғасы Исмаил Гаспринскийден және оның 1883-1918 жылдары арасында шығарған, Үрімшіден Ыстамбұлға барлық түркі елдерінде оқылып тұрған “Тержүман газетінен” көп әсерленген. Шәкерім Құдайбердіұлы бір еңбегінде өзінің ұстазының Гаспринский екенін атап өткен. Шәкерім әсеріне ұшыраған Гаспринскийден Бөкейхан, Байтұрсын, Дулат, Жұмабай әсерленбеді деп кім айта алады?  Тарих дегенеміздің хронологиялық баяндау емес, тарихи оқиғаларды түсіну, түсіндіру екенін ескерсек, жадидизмді білмей Алаш идеясын толық түсіну мүмкін емес сыяқты. Сол секілді Кеңестік дәуірде түрікшіл социалистік қайраткерлереге әсер еткен татар ойшылы және саясаткері Мирсаид Сұлтанғалиевтің пікірлерін білмей, Тұрар Рысқұловтың мақсат-арманын біреу толық түсінеді деп ойламаймын.

10465499_10152250365004582_9156275901898802006_o

3. Алаш тарихындағы тұлғалар күрделі заманда, қым-қуыт тағдырда өмір сүрді. Алаш қайраткерлерінің ішінде елге-жұртқа белгісіз жатқан тағы қандай адамдар бар?

Әлбетте бар шығар. Бірақ оларды тауып жарыққа шығару қиын болады. Өйткені, біз түркі мұсылман халықтары естелік жазуға, мақала жазуға, кітап жазуға сараң келеміз. Көптеген ұлы тұлғалар осындай деректердің жоқтығынан тасада қалып қойып отыр. Енді бірен-саран әлі көзге түспеген жазбаша еңбектер немесе құжаттар табылып жатса сол беймәлім тұлғалар да жарыққа шығады.

4. Бүгінгі оқырманның Мұстафа Шоқай жайлы көзқарасы екіұдай. Жалпы, осы бөлінудің басы қайдан басталған? Дәл қандай мәселелер Мұстафа Шоқай тағдырында әлі күнге даулы боп келеді?

Шоқай туралы даулар меніңше бітпейді, бітпек те емес. Өйткені халқына Шоқай дәрежесінде қызмет еткен тұлғалар туралы әрқашан екі ұдай пікірлер, қарама-қайшылықтар ғалымдар арасында болып жата береді. Бұл заңдылық. Бір адам қанша ұлы болса, сонша даулы да болады. Бүгінгі таңда Қазақстанда оның саны күн сайын азайып келе жатқанымен Кеңес дәуіріндегідей оған әлі де болса “сатқын”, “халық жауы” ретінде қараушылар бар. Бұлардың бірқатары қазақ тарихшыларының Шоқайтану ғылымындағы жетістіктерінен, жаңа архив құжаттарымен қазақша жазған зерттеулерінен бейхабар адамдар. Ал бірқатары болса олардан хабардар болса да, болмағандай көрініп әлі де болса Шоқайға күйе жағуға күш жұмсауда. Бұлар Шоқайдың арманы болған тәуелсіз Қазақстан мен оның түркі мемлекеттерімен күн сайын нығайып келе жатқан ынтымақтастығынан мазасы мен ұйқысы қашқандар. Ашығын айтқанда, Қазақстанның бұрынғысынша Мәскеудің жұмса жұдырығында, ашса алақанында болуын көксегендер.

Енді бір де, Шоқайдың ұлы тұлға екенін сөзсіз мойындаған, тіпті мұны дәлелдеп мақтанышпен айтып жүрген ғалымдар немесе зиялылар арасында Шоқайды Алаш қозғалысынан бөліп қарайтындар баршылық. Олар “Әлихандар автономияшыл болды, өзбектермен бірігуге қарсы болды, Шоқай олардан басқаша көзқараста, атап айтқанда тәуелсіздікті жақтады, бір тұтас Түркістан идеясын алға тартты” дейді. Бұған келіспейміз. Қазақстанда кейбір деректер, мәселен біздің Шоқай кітабымызда аталып көрсетілген, көзден таса қалуда. Рас Әлихан Бөкейхан бастапқы кезде өзбектермен бірігуге қарсы болған. Бірақ кейін бұл көзқарасынан әсіресе Алаш үкіметі мен Түркістан автономиясы құлағаннан кейін айнып түркі халықтарымен күш біріктірудің қажет екеніне көз жеткізгені, осы орайда жұмыс істегені, ескерілмейді. Бұл мәселені біраз аша түсейік. 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйек күндері арасында Алаш жетекшілері Орынбор және Самара қалаларында тізбекті бірқатар жиналыстар өткізеді. Бұл жиналыстарға Алаш көсемдерінен Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулат және Тынышбаев қатысты. Сонымен қатар, Түркістан Өкіметі мүшелерінен Мұстафа Шоқай, Убейдуллах Хожа мен Башқұрт өкіметінен Зәки Уәлиди де осы жиналыстарға қатысушылардың арасында болды. Сонымен, Алашорда, Түркістан және Башқұрт Өкіметтерінің өкілетті  қайраткерлерінің басы осы жиналыстарда қосылды. Жиналыстардың қорытындысында бұл үш өкіметтің “Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы” деген атпен бір федерация құру және қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы шешім қабылданды. Зәки Уәлиди өзінін естелігінде жиналыстарда федерация жоспарының жан-жақты талқыланғанын айтады. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменістанды қамтитын 4.010.139 шаршы километрлік бір кеңістікті және 1917 жылғы есеп бойынша ұзын саны 15.673.680 адам және мұның 82 пайызын  мұсылмандар құрайтын халықты қамтыйтын еді.

Демек Мұстафа Шоқайдың бір тұтас Түркістан идеясы негізінен Әлихан және өзге Алаш жетекшілерімен келісілген идея. Ал тәуелсіздікке келер болсақ, міне бұл Шоқайдың жетістігі, Алаш идеясының эволюциясы. Бастапқыда өзі де автономия идеясында болған Мұстафа Шоқай Парижде орыс демократтарымен Кеңес Одағына қарсы тізе қосып жұмыс істеген кезде басынан өткен тәжірибелер оған “тәуелсіздікті басқа бір халықтың қазаққа сыйламайтынын, оны күреспен алу” керектігі жөнінде шешімге келуіне себеп болған. Міне Мұстафа Шоқай тәуелсіз Қазақстан тарихы үшін мұнысымен құнды, мұнысымен шоқ жұлдызы. Біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің тарихы негізін Алаштың соңғы жетекшісі Мұстафа Шоқайдың осы идеясы құрайды. Ол идея болмағанда тәуелсіздігімізге қарсы елдер үшін жалған үгіт-нәсихат таратуға оңтайлы жағдай туған болар еді. Кеңестік кезеңде әркімге белгілі жәйт “Қазақтар Ресей патшалығына өз еркімен қосылды”, яғни өз еркімен бодан болды деген жалған нәсихат жүргізілгені, тіпті 1982 жылы 250 жылдығы тойланғаны белгілі. Ал бүгінгі таңда Шоқайдың тәуелсіздік идеясы болмағанда, әлдекімдердің “Қазақтың ұлттық тарихының негізі құраған Алаш жетекшілері Ресей демократиялық федерациясы ішінде автономияны мақсат еткен еді? Тәуелсіздік қазақтар үшін қажет емес”  деп үгіт-нәсихат таратпауына кім кепіл болар еді? Сондықтан Мұстафа Шоқайды Алаштан бөліп қарауға әсте болмайды. Мұстафа Шоқай мен Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды өзге Алаш жетекшілерінін пікірлері екі бөлек еді деген көзқарастарға қосылмаймын. Бір сөзбен айтқанда Мұстафа Шоқай Алаш қозгалысының жалғастырушысы, дамытушысы және соңғы жетекшісі.

Сұқбат құрған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: жеке мұрағаттан

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір