• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:05:20
Алматы
+12°

15 Шілде, 2014 NEWS

Қазақ қайткенде басқа жұртқа теңеледі? (1915 жылғы мақала)

Біздің қазақ халқы Россияда болған инородец болған жұрттардың да ғылым жағынан төмен халқы болып та жер-судың арқасында күн көріп, ойнап-күлгенге мәз болып...

Біздің қазақ халқы Россияда болған инородец болған жұрттардың да ғылым жағынан төмен халқы болып та жер-судың арқасында күн көріп, ойнап-күлгенге мәз болып жүріп жатыр. Бұл күндерде бізден басқа халықтың бәрі де оянып, не нәрсе өзіне пайдалы жағын ұстап, залалы жағын қоя беріп жатыр. Біздің қазақ әлгі өзінің қызығында жүр. Орыстардың бағызы білгіш кісілері айтады: осы қалыпта болса енді бір ғасырдан кейін яғни жүз жылдан соң, «қазақпын» деген адам, «қазақпын» деген жұрт болмаса керек дейді.

Бұлар біздің жүз жылдан соң болмайтындығымызды ешқайсысы көріп білген жоқ, алайда болса, қазақтың жүрген жүрісінен, тұрған тұрысынан шамалайды. Қанеки, біздің қазақ жер-судан айырылып қалса не күн көрмекші? Соның үшін әркімге керекті, керексізді білуге тиіс екен, керекті, керексізді біле қоюға біздің жұртта құрал жоқ. Бізге әуелі сол құралға жармасу керек. Ол құрал ғылым-білім. Пайдаға жабыс­тырып, залалдан қашыруға себеп болған сол ғылымды келетұғын заманда өзімізге құрал қылуға бір жол бар, ол мол шамамыз келгеніміз балаларымыздың қолын жеткізіп, оқыту ке­рек. Сол оқу, білім құралымен құралданған соң, ешкім үйретпей-ақ қалай баратұғынын біледі. Оқу-білім дегенмен мұсылманша оқи берумен іс бітпейді. Біреу мұсылманша оқып, «ахрауй» кісі болса, екінші біреу орысша оқып, «дүнияуй» кісі болса, сонда іс бітеді.

Болмаса, мен оқу оқимын дегеннің барлығы молда, мүдәріс бола беруі мүшкіл һәммәде хүкіметке хылап бо­лып кетеді. Оқу хақында болған Расұлымыздың «хадисінде де», «Құранда да» дін ғылымынан басқаны оқымаңыз деген сөз жоқ. Ғылым, білім деген сөз қай жерге болса да жүреді. Біз өзімізге ғибрат үшін осы орыс ішінде жүрген еврей (жәйід) деген жұртты алайық. Осы жұртта өзімді деген бір сажын жері жоқ, білімменен күн көріп жүр. Солай болса да жері біздің қазақ халқынан басқара-ақ. Еврейдің балалары ойнап жүргенде үйінде отырып, өз тілін, жазуын, орыс тілін, жазуын біліп қояды. Сонан соң, гим­назия тіпті университетке дейін оқиды. Еврейлерге орыс школдарында өз ақшасымен оқуға да орын аз. Біздің қазақ жанынан ақша салып оқу түгіл, қаза хисабына оқытатұғын «Киргизская стипендияда» оқымайды. Осы күнде Омскіде учительск семинарияда ветеринар­ный, медицинский, фельд­шерский, курстар да һәм Қостанайда реальный училищеде, Тройцкіде һәм Орынбордағы гимназияларда, Орынборда қазақ учительский школасында қазақ үшін ашылған стипендиялармен оқыған қазақ балалары ғұмұм қазақ халқына салыстырғанда он мың жанға бір оқушы келмесе керек. Бұл хисап оқушыларымыздың жоқ хисабында екендігін білдіреді. Біздің жұрттың әр жерде орынды жұмыстан құры қалып жүргені де осы қараңғылық арқасында. Жүміләдан бері ең керекті болған мемлекеттік думаға сайлау правосынан құр қалуы да осы білімсіздіктің алып берген олжасы. Білімнен басқа бір адым жер аттау қиын. Бізге осы ғылымның керекшілігін өзімізге борыш деп біліп, ең соңғы нанымызды салу керек. Тағы да мұны айтайық, бізге дүнияуй ғылым үйренетұғын кісіміздің соңынан милләтімізге пайдасы тиуіне көз салып, әуелі орысша оқитын кісінің болмаса өз тілінде болған Әбітай мектепте оқып, әр жерден хабардар болуы шарт. Жұртта бір ұнамаған мінез бар. «Орысша оқыса бұзылады» дейді. Жамандыққа орысша шарт емес, оқымай-ақ бұзылған кісі оқып бұзылғаннан көбірек.

(Түпнұсқа тақырыбы: Біздің қазақ баласына не қылғанда басқа жұрттарға теңелуі хақында біраз кеңес)

Ғалалдин Мамиков, «Айқап», 1915, №1

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір