• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:11:59
Алматы
+12°

09 Шілде, 2014 NEWS

Көші-қон туралы заңға өзгеріс биыл енгізіле ме?

  Соңғы жылдары көші-қон мә­се­лесінде көптеген кемшіліктер мен ол­қылықтардың орын алғаны рас.

  Соңғы жылдары көші-қон мә­се­лесінде көптеген кемшіліктер мен ол­қылықтардың орын алғаны рас.Әрі бұл мәселе туралы екіұшті, дүдамал  ақпараттар да болуда. Соның салдарынан кейбір қандастар кері көшуде деген де әңгімелер тарауда. Ондай әңгімелерге алаңдаған ағайынның өрекпіген көңілін басу үшін жүйелі  талдау  жасап, мамандардың түсіндіруі қажет. Осы мақсатта Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен Қазақстан Жазушылары кітапханасымен бірлесе отырып, 2014 жылғы 04 шілдеде «Көші-қон мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілердегі өзгерістер туралы халықты ақпараттандыру» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Жиынға Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы, Алматы қаласы Көші-қон полициясы, Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы, қоғамдық ұйымдар өкілдері және шетелдерден келген қандастар қатысып, көші-қон саласы бойынша заңнамалық актілер, олардағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар туралы және Көші-қон заңына енгізілуі тиіс өзгерістер туралы пікір алмасты.  Күнделікті тәжірибеде оралмандарды қабылдау мен орналастыру, құжаттандыру, азаматтық беру мәселесінде ұшырасып отырған қиындықтар мен заңнамалардағы қайшылықтардың орын алып отырғандығы рас. Оны түзету үшін қоғамдық ұйымдар, қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері өз пікір, ұсыныстарын білдіруде. Соның арқасында Үкіметте де соңғы кезде көші-қон қағидаларына енгізілетін жаңа өзгерістер жайында жағымды пікірлер айтыла бастады. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов он бірінші шілдеде Тараз қаласында Көші қон мәселесіне байланысты отырыс өткізгелі жатқаны да біраз түйткілді мәселелердің шешімін табарына әсер етері сөзсіз. Міне, осы мәселелер жайлы сөз қозғаған Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Метербайқызы Ысқақова, Көші қон Заңына өзгерістер енгізілетініне күдікпен қараған көпшілікке, тиісті орынның дәлелді хатын көрсете отырып сөзін растады. Ал, заңның бір күнде қабылданбайтыны, біршама уақытты талап ететіні сөзсіз, Алайда тиісті министрліктер қарап отырмай, халықтың сұраныс, талаптарына орай  жеңілдіктер қарастырып жатқанын да жеткізді. Мәселен, Сыртқы істер министрлігінен дәл сол күні шетелдіктерден талап етілетін анықтамаларды апостилдеуден босатқандығы жөніндегі хат түскенін Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ләззат Шәймерденқызы Мұхитовабаяндады. Сонымен қатар ол заңнамалық актілердегі соңғы өзгерістерді де тілге тиек өтті.  CameraZOOM-20140704154223172  Қазақстан Үкіметі 2014 жылғы 20 наурызда «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 қаулысы қабылдаған еді. Бұл қаулыға сәйкес оралман мәртебесін алып, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізгісі келетін шетелдік этникалық қазақтар Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына орналастырылмақшы. Бұл облыстарға амалсыздан көшіп баратын оралмандар сол аймақта өмір бойы тұруға міндетті емес. Үкімет қаулысына сәйкес 5 жылдан соң олар өздері қалаған басқа аймаққа қоныс аудара алады. «Шет елден көшіп келген және үкімет белгілеген 7 облыстан бөлек өңірде тұрғысы келетін қазақ ықтияр хат алар кезде шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы қажет. Ол үшін оның есепшотында кем дегенде 2 миллион 444 мың 660 теңге (13,5 мың АҚШ доллары) болуы тиіс» деген. Бұл сома бір адамның емес, бір отбасының төлем қабілетін айқындайтын қаржы деп қарастырылған.

     Мемлекеттің бұл шешімін де түсінуге болады. Аталған аймақтарда, әсіресе солтүстік өңірлерде халқымыз сиректеу орналасқан. 2050 жылға қарай бұл өңірлердегі тұрғындар саны 900 мыңға дейін кемитіндігі де айтылып жүр, есесіне оңтүстік өңірлерде халық саны 5,2 миллионға артатын көрінеді. Олай болса солтүстіктің жағдайын ескерген жөн. Бұл да алдағы уақытта елге қарай ат басын бұратын қандастарымыздың қаперінде болғаны абзал. Дегенмен, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің  мәлімдеуінше № 248 қаулыға өзгеріс енгізілмек. Енді оралмандардың қоныстануы үшін еліміздің 14 облысы түгелдей қамтылмақ..

    Сырттан келген қан­дастарымыз қоныстанатын өңірді өздері таңдайды. Қай аймаққа барса да оралман мәртебесі та­ғайындалады. Оралмандар үшін жоғарыда айтылған төлеу қабілеттілігін дәлелдеу бойынша міндеттеме болған. Соңғы жаңалық – «төлеу қабілеттілігі» жөнінде еш дәлелдеме талап етілмейді. Министрліктің оралмандарға қатысты тағы бір жаңалығы – олар еңбек ресурстары тапшы өңірлерге келген жағдайда әлеуметтік пакеттер қарастырылады. Оған алдымен жолға, жүк алуға байланысты жәрдемақы енгізіледі. Жалға беру ретінде бес жылға қызметтік тұрғын үй ұсынылады, бес жылдан кейін жекешелендіре алады. Көпшіліктің есінде болар, осыған дейін этникалық қазақтарға азаматтық төрт жылдан кейін берілетіні айтылып келген еді. Былтыр желтоқсан айында бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес оралмандар Қазақстан азаматтығын көшіп келген соң 4 жылдан кейін ғана ала алады делінген.

    Енді азамат­тық алу мерзімі 1 жылға дейін қысқартылады. Шеттен келген  ағайын  қай  өңірге келсе  де  оралман  мәртебесін бұрынғы тәртіппен ала  алады. Ол үшін ең алдымен ықтиярхат  алуы керек.5 күн ішінде  оралман мәртебесін ала  алады  және ол бір  жылға  дейін сақталады. Кем дегенде  бір жыл ішінде азаматтық алуы керек. Оралмандарға түсіндіріп айтыңыздар, 1 жылда азаматтық алып үлгермесе, ол өз кінәсі. Ал,  бір жыл ішінде азаматтық алмаса, құқығы шетелдіктермен теңестіріледі, деп ескертті.

     Ал, Көші қон мәселелеріндегі қайшылықтар туралы ашына айтып, құзырлы органдардың  назарын үнемі оралмандар мәселесіне аудартып жүрген қоғам қайраткері Рахым Айып осы айтылып жүрген қиыншылықтардың бәрін бір қаулының пәрменімен шешуге болатынын айтады:

-          Соңғы жылдары заңға біраз өзгерістер енгізілді. Үкіметтің 2011 жылғы №362

қаулысынан кейін көп нәрсе өзгерді. Бұрын қаулының бәрінде «этникалық қазақтардан басқа» деп жазылатын еді. Бұл оралмандарға қолайлы жағдай туғызды. Кейіннен «сотталмаған» деген анықтаманы талап ету басталды. «Келген елінің рұқсат қағазы (келу қағазы) немесе ҚР-на тұрғылықты келуі жайлы рұқсат қағаз» (5) және «Талап қағаз сотталғаны жайлы және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы жайлы (16)» анықтамалар. Бұл анықтамаларды Қытайдың құзырлы органдары бермейді, өйткені азаматтарға төлқұжат берер алдында осы анықтамалар жинақталып, ескеріледі және төлқұжат тек шетелге шығатын азаматтарға ғана, белгіленген тәртіппен беріледі. Ол Тәртіпті 2007 жылғы 29 сәуірде ҚХР-дің Бүкілмемлекеттік Халық Құрылтайы бекіткен.  Қытайда «қылмыскер болса, шетелге шықпайды» деген заң қабылданған. Ондай адам керек десе, Қытай Халық Республикасы қарсы емес. Тіпті, паспортына да жазып береді. Мәселен, Қытайдың шетелде 60 миллиондай диас­порасы бар. Оның бәрі консулдың алдында кезекте тұрса, бар жұмысты қойып, соларға ғана қағаз берумен айналысар еді.. Оларға мұның керегі жоқ. Сонда, осыншама адамды сорлатып жатқан өзіміз емес пе? Заңды қайта шығаруға уақыт керек десе, сол №362 қаулыны қайта өзретуге уақыт кете қоймас, тек ниет болса дегенді айтады.

    Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілі Қайрат Әбдрахимов елге келген қандастардың орталыққа азаматтық алғаннан кейін жүгіну мүмкіндігін айтты. Оларға ерекше көрсетілетін мемлекеттік қызметтің бірі - пәтер кезегіне қою екендігін ескертті. Қалған жағдайда барлық азаматтармен  тең дәрежеде қызмет көрсетіледі деді.

      Жиынға қатысқан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, ҚХР, Германия, Моңғолия елдерінен келген алпысқа жуық оралман, көп жағдайдан хабардар болып, біраз ақпаратқа қаныққандай болды. Құзырлы органдар өкілдеріне көңілдерін күпті еткен сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Халық арасындағы мұндай ақпараттандыру жиындары жиі ұйымдастырылса деген тілектерін де білдірді. «Ағайынның бұл тілегі орынды да. Себебі,  атамекенге енді келген қандастардың жаңа ортаға бейімделіп, сіңсіп кетуі үшін көп нәрсені білуіне тура келеді. Дер кезінде білместікпен уақытын өткізіп алғандар, заң талабына сай қайта рұқсат алу үшін ат басын кері бұруға тура келіп жатады. Оның алдын алу үшін бізбен хабарласуларыңызға болады» деді жиынды ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қорының басшысы Жаңыл Әпетова. Қор жанынан Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Оралмандар орталығы» жұмыс істеп жатқанын, қандай да бір сұрақтары болса, заңгер кеңес беретінін, бос уақыттарында орталыққа келіп, түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуларына мүмкіндіктері барын, қандай да ұсыныс, пікірлері болса, құлақ асуға дайын екендіктерін айтты, Сонымен қатар, оралмандарға қатысты ақпараттарды «Жанашыр.ком», «Шалкар.кз» сайттарынан оқып алуларына кеңес берді. Сонымен бірге барлық қатысушыларға «Елдесіміздің есіне. Керек кеңестер» атты кітапшаларды таратты. Ал, Қазақстан Жазушылары кітапханасының меңгерушісі  Елена Жамелқызы Ағайса жиынға қатысушыларды «Көші қон, оралмандар тақырыбындағы ақпараттар» атты арнайы стендпен таныстырды.

      Жалпы, жиын қатысушылары көші-қондағы бүгінгі қиыншылықтар уақытша екенін, ал заңдардағы қайшылықтар жылдың соңына дейін шешіледі деген ұйымдастырушылардың үмітті әңгімелеріне сеніммен тарқасты.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір