• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Қараша, 04:18:21
Алматы
+12°

Ақсақалдың аманаты Жақында Шығыс Түркістандағы Іле-Қазақ автономиялы облысында болдым. Шекарадан өтіп туған жерге бет алғанда, қатты толқыдым. Сағынып қалғандықтан ба, жоқ қимастықтан ба? Өйткені бұл жер қазақтың байырғы ата қонысы емес пе? Барғасын ауылды аралап, елдің жағдайымен таныстым. Дәулетті қарт шопан атанған жетпісті алқымдаса да әлі жайдақ атқа қарғып мініп мал қайыратын Өміржан Мұқари ақсақалмен әңгімелескенде, шешіле ақтарылды. Мал мен егін сынды қос шаруашылықты дөңгелетіп отырған қария тоғыз баланы ел қатарына қосыпты. Зайыбы ертеректе қайтыс болған. Өзі кенже ұлы мен келінінің қолында. Маған «Балам, сен оқыған азаматсың. Бұл жақтағы қазақтың хал-жағдайын көрдің. Мүмкіндік болса, шетелдегі қазақтардың мұң-мұқтажын жауапты орындарға жеткізсең. Қытайдағы қазақтардың тілегі – осы» деп өтініш айтты. Қарияның айтқаны мыналар: «Біріншіден, біздің төлқұжатты дайындап Үрімжідегі Елшілік орталыққа жергілікті орыннан құжаттарды жинап жолдағанша талай сергелдең мен кедергілерге тап боламыз. Мәселен, «Шақыртуың заңды ма, кім шақыртты?» дегендей сауалдардың астына алады. Сондықтан Құлжа сияқты қазақ көп шоғырланған қалаларда Қазақстанның арнайы көші-қонға жауапты шағын өкілдіктерін неге ашпасқа? Сол кезде жұмыс тездеп жүрер еді. Екіншіден, шекарадан көшіп не өз бетімен өткен қазақтарды арнайы комиссия тексеріп барып, қоныстанатын жерлерге жеткізіп, ары қарай азаматтық алуға неге арнайы жеңілдетілген көмек жасамайды? Өйткені паспортты тіркеу, азаматтыққа құжаттар өткізу мен азаматтық алу барысы бірнеше жылға созылады екен. Бұл қолдан жасалған «сыртқа тебу емес пе?» Үшіншіден, біз Қазақстанның жетістіктерін мақтан етіп, үнемі назар аударып отырамыз. Біздің барғымыз келгенмен екі мемлекет арасында әлі күнге дейін қөші-қон туралы келісім жоқ екен. Бізді жібергісі келмейді. Өйткені қазақтардың көбісі малмен және егінмен шұғылданады. Осы үшін де қазақтар мұндағы мемлекетке тірек. Сондықтан айырылғысы келмейді. Төртіншіден, қолымыздағы төрт түлік асыл тұқымды малымызбен көшіп барып, қоныстансақ өзімізге де, Қазақстанға да жаман болмас еді. Бесіншіден, көшіп барған оралман қазақтарға дағдылы кәсібін дамытуға мемлекет деңгейінде жағдай қарастырылса. Біз жер мен малға сүйенген қазақпыз. Сондықтан заңды түрде егін егуге жер, мал бағуға жайылым берсе екен дейміз. Расында, қарияның айтқаны көңілге қонады. Осы ескерілсе, кәнекей… Азаматтық алу да оңай емес Алматы маңындағы Шелек ауылына көрші Қытайдан бірнеше үй-туыстарымыз көшіп келді. Олар – өз беттерімен көшіп келіп жатқандар. Туысқандарды іздеп, амандасып қайтайын деп бара қалдым. Жомарт деген туысымның жалдап отырған үйіне кіріп, жайғаса бастаған соң құжаттың жайына көштік. «Азаматтықты алғанымызға екі ай болды» дейді ол. – Тарихи Отанымызға келгелі бір жылдан асты. Көшіп келе салып құ-жаттарымызды көші-қон басқармасына тапсырдық та «оралман куәлігін» алдық. Ал былтыр наурызда құжаттарды тұрақты тіркеу мен азаматтық алуға тапсырғанбыз. Міне, биылғы сәуірде ғана азаматтыққа қолымыз жетті. Қаншама адамдар азаматтығын ала алмай сенделіп жүр. Істің анық-қанығын білу мақсатында Шелек ауылдық көші-қон бөліміне бас сұқтық. Бөлім жетекшісі Қайрат жоқ екен. Ауданға жиналысқа кетіпті. Сәния деген қарындасымыз келген оралмандардың құжаттарын тексеріп, жөн-жобасын айтып жатыр. «Азаматтықты алу қанша уақытқа созылып жатыр?» деген сұрағымызға: «Мен білмеймін, бастық біледі» деп қысқа қайырды. Есік алдында кезекте тұрған жасы қырықтағы жігіт ағасынан: «Сіз не жағдаймен жүрсіз?» дедік. – Менің атым – Қанат. Қытайдан келдім. Құжаттарымды азаматтық алуға өткізгелі сегіз ай болды. Қазақстан ауылында тұрамын. Соны білейін деп келдім. – Бір өзіңіз бе? – Төрт адамбыз, – деді. – Мен азаматтық алуға құжат-тарымды өткізе алмай жүрмін, – дейді Әлібек деген Өзбекстаннан келген сары жігіт. Жас шамасы алпысты алқымдап қалған ерлі-зайыптылар жүр екен. Олар азаматтық алу үшін құжаттарын өткізіп қойған, зейнетақыға қажетті құжатқа келген көрінеді. Қысқасы, ауылдан құжаттар жиналып, одан қаладағы орталыққа келіп, сосын Астанада қол қойылғанға дейін жылға жуық уақыт кетті.Тәуелсіздік алғалы елімізге 1,5 миллиондай қандасымыз келсе, соның 750 мыңы мемлекеттік бағдарлама көмегімен тарихи Отанына қоныс аударғандар. Бұдан басқалары – Қазақстан Республикасының аумағына өз бетімен келген қазақтар. Бірақ ағайындардың өз еліне келуі соңғы үш-төрт жылда бәсеңдеп қалды. Тарихи Отанына оралғандарға мемлекет тарапынан квота беріліп келгені мәлім. Алайда қазіргі кезде квота беру тоқтатылған. Бұрын елімізге келген ұлты қазақ тұлғалар жеңілдетілген тәртіппен 6-7 айда азаматтық ала алса, енді «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заң негізінде бұл бір жылға созылды. Қағаздар «шеруі» Шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыздың барған жерлерінде тұрақты тіркеуге тұру, оралман куәлігін алу, виза аштыру осының бәрі – азаматтыққа құжат өткізудің баспалдағы. Өткен жылы Алматы облысы бойынша Өзбекстаннан 2315, Қытайдан 1325 қандасымыз келіп, азаматтық алған. Осы үшін кем дегенде 15 түрлі қағаз жинау керек екен. «Қазақстанда тұрақты тұруына қарсы емес» деген анықтама алу үшін Қытай тарапынан «үй кітапшасынан шығарылған» деген анықтама талап етеді. Қазақстанның азаматтығын алмай, ол анықтама берілмейді, міне, осындай кереғарлық бар. Тұрақты тіркеуге, азаматтыққа құжаттарын өткізе алмай сенделіп жүрген бауырлар. Бір жүйеленген Көші-қон заңы болмай тұр. Атажұртқа беттеген шетелдегі қазақтар шекарадан өткен соң, қай жерге баратынын, қайда орналасатынын білмейді. Қазақстанға келген соң оларға нақты ие болатын, қажетті қамқорлық жасайтын мемлекеттік мекемені таба алмай сенделеді. Ақырында қайдағы бір алаяқтарға алданады. Сансыз құжаттар жинау әбден шаршатады. Осы жағдай көшіп келсем деп отырған ағайынды да алаңдатады. Шекарада тосқауылға ұрыну, ел ішінде тіркеуге тұру, оралман куәлігін алу, азаматтыққа қол жеткізуде кездесетін кедергілер талай отбасын кері қайтуға мәжбүр етті. Қазақстан шетелдік жұмыс күшіне тәуелді бола бастады. Биылдан бастап жұмыс іздеп келген шетел азаматы ай сайын белгіленген мөлшерде салық төлеп, жұмысын істеп жүре беретін болды. Осы тұста айта кететін нәрсе, оралмандар мен еңбек мигранттарын шатастыруға болмайды. Бұлардың мәселелерін ортақ бір заңмен қарастырмау керек. Өйткені қандастар тарихи Отанын аңсап, біржолата қоныстану үшін келеді. Ал еңбек мигранттары нәпақа тауып, күнкөріс үшін жүреді. Қазақстанда өндіріс орнын ашуға инвестиция салып, азаматтық алғысы келген шетелдіктер аз емес екені белгілі. Бірақ олар қазақтың тілін біле ме? Мәдениетін сыйлай ма? Ұлттық құндылығымызды құрметтей ме? Салт-дәстүрімізге қанық па? Міне, шетелдік жұмыс күші мен шеттен оралған қа-ракөз қандастарымыздың бірдей еместігін осыдан-ақ аңғаруға болады. 2010 жылдың соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құрамындағы Көші-қон және демография комитеті таратылып Ішкі істер министрлігінің қарамағына берілді. Содан бері көші-қон мәселесі жеңілдеудің орнына, «Ұлты қазақ шетел азаматы», «Эт-никалық қазақ», «Оралман қазақ» деп оралмандарға күдікпен қарап, қолдан жасалған арнайы кедергілер, тосқауылдар көбейді. Шеттен келген қазақтардың Қазақстан аумағында жүріп-тұруы қиындады, тіркеу тәртібі күшейтілді және азаматтық алу қиындай түсті. Жер жүзіндегі әрбір қазақтың орны бөлек. Қазақстанның ұлттық идеологиясы – Қазақ елі болуы керек. Өйткені әлемдік ықпалдастық қарқын алған сайын этностық және діни, сонымен қоса тілдік факторлар белең алуда. Қазақстан өзінің ұлттық дербес саясатын жүргізе отырып, алыстағы қандастарын өркениетті елдер (Германия, Израиль, Польша) сияқты көшіріп әкелу керек. Осы жердің, елдің иесі һәм мемлекетімізді құраушы негізгі ұлт болып саналатын қазақтың қарасын көбейту – ең маңызды мәселе. Демографияны арттыруға ішкі жағдаймен қоса сырттан келіп қоныстаушы қандастарымыздың да зор әсері барын естен шығармайық.

Жеңісбек ПӘЗІЛ

«Ана тілі» газеті

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір