• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:07:49
Алматы
+12°

26 Мамыр, 2014 NEWS

Қазіргі қазақ поэзиясы: Құр желіс қайсы, ізденіс қайсы?

Қазіргі қазақ поэзиясы мағыналық, құрылымдық жағынан жаңа бір сипатта дамып келе жатқандай сезіледі. Өлеңнің түрленуі, сөз талғампаздығы, бейнелілік, автордың...

Қазіргі қазақ поэзиясы мағыналық, құрылымдық жағынан жаңа бір сипатта дамып келе жатқандай сезіледі. Өлеңнің түрленуі, сөз талғампаздығы, бейнелілік, автордың теңеулері, ақын жеке «меніне» сұрақ қоя білуі, сол арқылы қоғамдағы психологиялық қайшылықтарды ақтара білуін қадап айтуға міндеттіміз. Мұндай жаңалықтар әдебиеттің қай дәуірінде де болған, алайда өлең өрісіндегі ізденістер бір-біріне ұқсамайды. Қазіргі жастар поэзиясының постмодерндік сипатта дамып, өрістеуіне біршама жылдар, ізденістер қажет болды. Қазіргі жастар поэзиясының эстетикалық, ырғақтық түрленуінеаға ақындар Е.Раушанов, Т.Әбдікәкімов, С.Томанов, Г.Салықбай, Н.Мәукенұлы, А.Ыбыраев, Ә.Ботпанов, Б.Үсенов, М.Райымбекұлы үлкен әсер етті.

Қазіргі қазақ поэзиясында ізденіп жүрген Ерлан Жүніс, Тоқтарәлі Таңжарық, Талапбек Тынысбекұлы, Ілияс Мұқаев, Мирас Асан сынды ақындардың өлеңдерін оқып отырғанда көктемнің алмағайып күндеріндей сезім сәттерін, тәтті де сәтті шумақтарға ара-тұра жолығып қалатынымыз көңіл қуантады.

Ырғақ, бояуы күшті, жылт етпе жырлар да уақыт мерзіміне ілесе алмай шабандаған аттай қалып қоятыны болмаса басқасының барлығы түгелдей сезіледі. Ақынның мұраты өтпелі кезеңнің дабырына ілеспей өзінің мөлдір қалпын сақтай білгендігінде ғой. Қазіргі жас ақындардың өлеңдерін оқып отырғанда біз негізгі объектіні немесе жырламақ болған тақырыпты дұрыс меңгере алмағанын көп байқаймыз. Айтылмақ болған ойды сөзбен қиюластырғанда жас ақындарымыз жаттандылыққа, бір ізділікке, еліктеуге ұрынып жатады. Мұндай сөзді айтпасақ та болар еді. Алайда жас жүректің алдыңғы толқынның легіне ілесіп, өз өмірінің айнасын көре алмай қала ма деген қауіп қана бар. Мирас Асанның «Алғашқы қар» өлеңінде адам өмірінің баянды шақтары, оқырманға ой салатындай шумақтар алғашқыда молынан ұшырасатындай болып көрінеді. Мына жолдарды қарайық:

Мамықтарға жамылды мидай дала.

Өзіне мұң осылай сыйлайды адам.

Әдемі-ақ лирика. Екінші жолда:

Өмір жайлы қып-қысқа өлең жазып,

Өзім жайлы өмірге сыймай қалам, –

– деп суретті басталған өлеңді қарабайырландырып жіберген. Сөздің орналасуына, ұйқасына, салыстыруына ешқандай сын таға алмаймыз. Әрбір ақынның өлеңінен кемістік іздеп отыру да әдепсіздік. Мирас болашағынан үміт күттіретін ақын. Тек бұл өлеңге жетпей тұрғаны – ақынның лирикалық қаһарманы ақ қарды ала отырып, өзінің ішкі интуициясын жеткізуге келгенде әлсіздік танытқан. «Өзі жайлы өмірге сыймай қалатын» осы сөз Мирастай жігіттің өз сөзі ме? Жүректегі сөзі ме? Жоқ. Мирас поэзиясының өсуіне сөздің талғампаздығы жетпейді. Өз өмірінің бақытты сәттерін сезіне білу жетпейді. Осындай олқылықтар жалғыз Мираста ғана емес, аға ақындардың өлеңдерінде де жетіп, артылады. Біз қазір Мирас шығармашылығы туралы нақты, толымды пікір айта алмаймыз, себебі бұл ақын әлі де ізденіс, өсу үстінде. Қазіргі кезде Мирасқа жетпей тұрғаны – сөздің мағынаға сай болуы. Өзі жазғандай «Бір найзағай жарқ етеді көктемше» дегендей жолдардан сақ болу керек екенін айтуға ғана міндеттіміз. Осы тұрғыда қазақ өлең сөзінің теориясын жасаушы академик, ғалым Зәки Ахметовтің мына сөзінде мән бар: «...мәселе – поэзияға тән көркем суреттеу әдісі жайлы, қандай өмір құбылысы бейнеленсе де, тек ең қажетті, ең маңызды қасиет, ерекшеліктер талғампаздықпен сұрыпталып алынатындығына көңіл аудару».

Ілияс Мұқаевтың өлеңдерінде де сәтті шумақтар асып төгілмесе де кездеседі.

Қайыңмен, гүлмен, бәрімен сырласқам,

Олар да емес жігерлі.

«Есіңе ал, – деп ем – өткенді,

Мұңлы аспан

Көз жасын төгіп жіберді.

– дейді ақын. Негізгі мотив өткен өмір болса, ақын өткен шақтың трагедиялық табиғатын көз жасын төккен аспан арқылы бейнелейді. Бейнелі тіркестер қозғалыста, барынша жандана түскен. Қайталау да жоқ. Асыра әсершілдік те жоқ. Айтылар ой ақынның көңіл күйімен біте қайнасып кеткен. Алайда Ілиястан осындай шумақтарды көп кездестіре бермейміз. Сондықтан бұл ақынға да әлі көп іздену қажет-ақ.

Ал мен ше,

безінемін,

Дүние –  көзіме жын,

бөтенмін өзіме өзім,

дұшпанмын өзіме өзім!

Бұл Ерлан Жүніс. Біз жоғарыда айтқан ырғақтың күштілігі осы өлеңде барынша басым. Сөз ықшамдала түскен.  Ырғақ Маяковский айтқандай ақынды бір желіспен желуіне мәжбүрлеп отырады. Сөз бен ырғақ бір сәтте келуі мүмкін. Кейде ақын ырғақтың жетегінде кетіп, сөздің мәніне көңіл қоймайтын кездері де болады. Осы тұрғыдан келгенде ырғақтың қуаттылығы Ерланның өлеңдерінде басым. Кейде осы ырғақ, өлең әуенінің жетегіне ергенде ақындар сөзге де абай болуы қажет. Өлеңде тіл қанша бай болғанымен ырғақ әлсіз болса өлең олқы көрінері де бар.

Иосив Бродскийдің «Кого мы помним, кого мы сейчас забываем,чего мы стоим, чего мы еще не стоим» деген жолдарын оқып отырғанда қарапайым қайталаудан символ, ой, мағына шығып отырады. Әлемдік поэзияда қалыптасқан мұндай дәстүрді Ерлан да жақсы меңгерген. Ақынның осы өлеңіндегі  «Сен соны сезесің бе, сен соны білесің бе?!», «ойларың – көршілерім, сөздерің – таныстарым!» деген жолдар Мұқағали Мақатаев өлеңдеріне ұқсаңқырап кеткен. Мұндай қайталаулар оқырманға әсерсіз, жаттанды көрінеді.

Ерланның баяу ырғаққа құрылған «Көз жасы» өлеңін оқып көрелік.

Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің

Бұлты ауып барады басымнан.

Мен биік тұруды үйрендім,

Өзімнің

Бір тамшы жасымнан.

Алғашқы жол «Кінәмшіл сезімдер кешірткен кезімнің» деп басталады. «Кешірткен кез» тіркесі құлаққа тосаңдау естілгенімен өлеңге өзінше екпін, рең беріп тұр. «Кешірткен кез» ол қандай кез. Оқырман осы тіркесті қабылдай ала ма? «Кешірткен кез», «кінәмшіл сезім» поэтикалық тұрғыдан әлсіз болғанымен мағынасыз да емес. Екінші «Бұлты ауып барады басымнан» деген жолы алғашқы жолдың психологиялық күйін барынша ұғындыра түскен.  Сондықтан ұғымға бұл сөз жат емес. Сөз немесе сөз тіркестерінің поэзияда толық мағына бермей, екі аралықта қалуын прозаизм (недостаток стихов) деп атайды. Л.Гинзбург прозайзмді былай түсіндіреді: «Прозаизм – это прежде всего нестилевое слово, то есть эстетически нейтральное, не принадлежащее к тому или иному поэтическому стилью». Көріп отырғанымыздай Ерланның өлеңіндегі «кешірткен кез» немесе «кінәмшіл сезім» тіркестері прозаизм болуы мүмкін. Себебі сөз толық мағына беріп тұрған жоқ. Алайда осы тіркесті оқырман жылы қабылдайды.

Бұл дүние тым басқа болатын,

Жас ыршып түскенше жанардан,

Сол бір жас – қара түн,

Ақ нұрдан жаралған,

дейді Ерлан. Өлеңде ақын басынан кешкен оқиғаларды баяндап, тәптіштеп жатпайды. Мұндағы адамның көз жасы ауыспалы мағынасында – өмір, уақыт. Көз жасы – ақынның өмір сүру биіктігінің өлшеміндей. Өмірді сезу, көру процесі ақында «көз жасы» арқылы символдық мағынаға ие болған. Ақын «көз жасын» көрмей, сезбей тұрып, өмірдің бағасын да білмек емес. «Сол бір жас қара түн, ақ нұрдан жаралған» немесе:

Тырс етті…

Қара жер дір етті!..

Топырақ болмысы өзгерді

Өзгертті ол гүлдерді, құстарды,

жүректі…

Сөз де енді

Білсемші келмесін қалпына бұрынғы,

Ауытқып кетерін ғасырдан!

…Үйрендім мен солай биікте тұруды

Көзімнің бір тамшы жасынан.

Топырақ, гүл, құстар, сөздің өзгеруі ақын психологиясында жүріп жатқан әрекеттер. Бұған дейін яғни «көз жасына» дейін ақын әлемнің өзгеріп жатқанын сезбеген. Көз жасы соған жетелеген өмірдегі кездейсоқтық. Сол арқылы ақын ғажап сезімге бөленеді. Енді өмірді басқаша түсінуге бекінеді. Мына жолға қараңыз:

Содан соң…

Таулар да жылаған,

Дала да жылаған,

Ешкім де болмады себебін сұраған,

Себебін білмеді бір адам.

Олар да өзгерген,

Өзгерген өлеңмен…

…Бір тамшы жас тамып кетпеуін көздерден,

Күзетіп келем мен

Процесс өтті. Ақын кездейсоқтық арқылы көре алмай, сезіне алмай, түсіне алмай жүрген өмірлік құбылыстарды түсінді. Енді не істеу қажет? Өзі түсінгенді, таулардың жылағанын, даланың жылағанын ешкім сұрамапты. Оның себебін де білмепті. Ақын осы процесті көрген соң ендігі түйсіну «көздерден жас тамып кетпеуін күзету» ғана болмақ.

О, сол бір тұманды жылдардан!

Кешсем де басқа мұң,

Мен енді жоқтаман жылдарды ұрланған,

Мені енді жылата көрмеші, Аспаным!..

Өткен шақ, «ұрланған жылдарды жоқтаудан» енді ешбір қайран жоқ. Алайда өткен уақыт ақынға қаншама сезе алмай жүрген өмірдегі түсініктерді сезіндірді ғой. Біз қазіргі поэзиядан осындай бейнелі сөздердің философиялық тұжырымдар бере алатынын оқыдық. Бұл Тәуелсіздік кездегі қазақ поэзиясының бір сатыға көтерілгендігінің белгісі. Мұндай өлеңдердің жазылуына әрине Ерланның замандас ақындары өз ықпалын тигізді.

Адамдар адасқан вокзал,

Ешкімнің жасына сенбес.

Қарсы алып алатын жандар,

Шығарып салуға келмес.

Пенделер тіл қатар сараң,

Жұбатпас бұлыңғыр көше.

Бүгін де адасып барам,

Мен онда адасқам кеше.

Тоқтарәлі Таңжарықтың «Вокзал. Таң» өлеңінде де вокзал өзінің сипатынан ауыспалы мәнге ие болған. Ақын психологиясына әсер еткен айтылар ой объектіден алыс емес. Осы өлеңдегі бұлыңғыр көше, адасқан вокзал (мағынасы – өмірде адасып жүрген адамдар), қапастағы құстар, мұңнан жаралған ғарыш, бейуақта сыңсыған ну орман, тауларды тоздырған жаңбыр барлығы да ақынды айтайын деп отырған тақырыпқа жақындата түскен. Өлеңдегі негізгі идея – немқұрайлы, сезімсіз адамдар, ақын өзі де сол қоғамның әділетсіздігін осы көріністер арқылы әшкерелейді. И.А.Виноградов көптеген ақын жазушылардың тақырыпты қаз-қалпында жеткізбей, символ арқылы жазуын айта келіп, айтылмақ тақырып туралы былай деп ой қорытады: «...что «тема» еще очень мало говорит нам о произведении, о его действительном содержании». Тоқтарәлінің «Вокзалы» негізінен айтайын деп отырған тақырыптың реалды көрінісі емес, соның баламасы ғана деп түсінгеніміз абзал.

Шараппен тарқатып шерді...

Көңілім қалды бар жолдан.

Сен мені өксітпе енді,

Армандар адасқан вокзал.

Ақын өзі қаламаған осы жолды енді қайта бастан кешіргісі жоқ. Шындығында өмірдегі әрбір қадамымызды жүрек қылын шерте отырып сезіне алсақ, осындай ғажап оқиғаларға кез болатынымызды осы өлең дәлелдеп тұр. Бұл Тоқтарәлінің көптеген өлеңдерінің ішіндегі шоқтығы биік дүниесі деп айтуға толық негіз бар.

Туған жер қойны дара бақ қандай?

Жүруші ем күнде аралап қанбай.

Жүдедім налып аттанар шақта,

Жүрегім қалып бара жатқандай.

Бұл Талапбек Тынысбекұлы. Талапбек өлеңінде ұйқас қуу жиі кездеседі екен. Ұйқас қуу ақынға әрине жақсылық әкелмейді. Алайда осындай тіркестерден (жүдедім налып, жүрегім қалып) жақсы өлең тудыруға болатынын ақын сезіндіре білген. Мұндай сөздер көп қайталана берсе өлең көркемдігінен айырылады. Сөз қанатсыз құстай биікке самғай алмайды. Сондықтан Талапбекке «Аламойнақ» өлеңінде кездесетін «тегін өлмей тентек ой туласын да, көмілердей тағдырын тыңдатуға, тегі мендей ұл керек бұл ғасырға» деген жолдарға жиі қадам баса беру әсерсіздікке ұрындырады.

Бұлбұлың едім орманыңдағы,

Әуені бөлек өз бағындағы.

Молалар үнсіз мұңға батады,

Бөрілер жортқан жондарыңдағы.

Талапбектің «Туған жер» өлеңін оқып отырып қырдағы ауыл суреттері көз алдыңа келеді. Өлең оқырманның болмысымен қабысып, айтылар ой жүрекке сәуле боп құйылғанда ғана нағыз көркемдігі жоғары шығарма болмақ. Бізге осы өлеңдегі интонация, ырғақтың өзі сөзбен сурет салып тұрғандай көрінеді. «Молалар үнсіз мұңға батады» деген жолдың өзінде қаншама ой жатыр және ақын туған жерді жондарда жортып жүрген бөрілермен, үнсіз молаларды суреттеу арқылы бізді үлкен әсерде қалдырып отыр.

Ақындардың мұндай шеберлікке жетуі үшін көптеген поэзиялық шығармалар жарық көрді. Кейбір жас ақындардың шабыт қуаты алғашқыда «тау қопаратындай» екпінде болғанымен, кейін келе олардың өлеңдерінің көбі ырғақтың күштілігінің арқасында көркемдікке ие болып тұрғандығын байқадық. Сөздің құдіреттілігін көрсету үшін көп ақындар ауыз әдебиетімізде кездесетін ұлттық сипаты мол сөздерді өлеңдеріне енгізді. Мұндай қадамдар кей сәттерде өз жемісін сыйлады, кейде сөз жүректен шықпаған соң жасандылыққа ұрынып жатты. Қолдан әкеліп қойған ескі сөздер өлеңнің бір бұрышын ойсыратып тұрғандай сезілді. Жоғарыдағы аталған ақындармен қатарлас, үзеңгі қағыстырып жүрген ақындар да бар. Оның барлығы алдағы зерттеудің еншісіндегі дүние. Қазіргі жас ақындарға әлі де көп ізденіс керек. Себебі бір ақынның кітабынан екі үш-ақ өлеңді ғана мақтауға болады. Әрине, біз үшін бұл аздық етеді. Ендеше өлең өлкесіне сапар шекен жас ақындарымыз оқырман жүрегінде мәңгі орын алатын өлең жазатынына әлі де сеніміміз мол. Сенімі мол, ақиқаттың жаршысы болған ақындар қандай құрметке болсын ие.

avatar Марат Әзімхан, Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері
Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір