• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:14:29
Алматы
+12°

23 Мамыр, 2014 NEWS

Білімділік орыс тілімен өлшенбейді, министр ханым!

Экономика және бюджетті жоспарлау вице – министрі Мәдина Әбілкасымова назарына! 

     Экономика және бюджетті жоспарлау вице – министрі Мәдина Әбілкасымова назарына! 

      Мәдина Әбілқасымова ханым, Сіздің оралмандардың білімділік деңгейін қандай категориялармен өлшегенін біз біле алмай отырмыз. Байқауымызша, шетелден келген қандастарымыздың орыс тілін білу деңгейі билік  үшін білімділік болып есептелетін сияқты. Айталық, тәуелсіздік алған жылдардан бері қаншама білікті ғалымдар ата-жұртқа оралды. Қазір солардың көпшілігі өз мамандығы бойынша және басқа салада қызмет етіп жатыр. Біздің елде шетелдің озық білімін игерген ғалымдар үшін Қазақ елінде ешқандай жағдай жасалмаған. Тек орыс тілін білсеңіз ғана өз салаңыз бойынша жұмыс атқаруға болады. Онсыз барлық есіктер тарс жабық.

Сондықтан, елге оралған қандастарымыздың біліктілігін пайдалануға ешқандай жағдай жасамай тұрып, олардың көбі сауатсыз деу еш ақылға сыймайды. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, ғылымды, өндірісті, экономиканы санаулы адамдар алға сүйрейді. Егер біздің Қазақстан жұрты соншалықты сауатты болса, неге осы күнге дейін экономикамыз өркендеп немесе ғылыми жаңалық жаратып, "Нобель" сыйлығын ала алмай отырмыз?  Осы тұрғындан алғанда, біз ең алдымен шетелдің озық ғылымын игерген қандастарымыздың тиісті орынға жайғасып, өз саласы бойынша қызмет атқаруға жағдай жасауға тиіспіз. Тиісінше, егіншілер мен малшыларға да тиімді орта жаратуға міндеттіміз.

Яғни, білімділік деген Мәдина ханым айтқандай, сандар мен цифрлардан тұрмайды. Сападан құралады. Тәуелсіздік жылдарынан бері елге оралған қандастарымыздың өндірістің әр саласында табысты жұмыс жасап жатқанына бәріміз куәміз. Оған көз жұма қарауға әсте болмайды. Сөйте тұра, «Қазақ көшін» білімділік пен білімсіздікке тіреп қою нағыз сауатсыздықтың өзі.

Егер Мәдина ханымның уақыты болса, шетелдегі қазақтармен тығыз жұмыс жасап жатқан «Қамшы» сайтына қарасын. «Ол – қазақ» деген айдарда шетел қазақтары туралы тұщымды жазылғна. Қаншама білікті қазақтар шетелде жүр. Қаншауы елге оралды. Білімділік орыс тілімен өлшенбейді, министр ханым! Егер «қазақ көші» туралы, «оралмандар» туралы әңгіме айту керек болса, ең алдымен сол адамдардың ортасына кіріп, олармен пікір алысуы керек. Тек қағаздағы цифрларға қарап сөз айтса, айрандай ұйыған жұрттың берекесіне сызат түсіріп, ағайынды араздастырады. Мемлекеттік қызметкер бола тұра, мансапты шенеунік бола тұра осындай жіңішке мәселелерге атүсті қарау вице- министр ханымның өзі сауатсыз ба деген ойға жетелейді екен.

Бәшір  Жаналтай,

Дүниежүзі Инновациялық қорының Қазақстандағы өкілі 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір