• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 10:33:27
+12°

20 Мамыр, 2014 NEWS

Тарих ғылымының тарланы

Жақында танымал ғалым, ұстаз, профессор, қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры Нәбижан Мұқаметханұлының 60 жылдық мерейтойына орай, әл-Фараби...

 Жақында танымал ғалым, ұстаз, профессор, қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры Нәбижан Мұқаметханұлының 60 жылдық мерейтойына орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінде «Қытай мен Орталық Азия елдері қатынастары: тарихы мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік халықаралық конференция өтті. Біз осы мерейлі күнге орай оқырман назарына Рақым Айыпұлының «Тарих ғылымның тарланы» атты мақаласын ұсынып отырмыз.

 Қазақ  халқы  өз бостандығынан айырылып, бодандық қамытын  кигелі бері отаршылдардың көзге шыққан сүйелдей көріп, қыр соңынан қалмай, ізіне шырақ алып түсіп қудалайтындары оның ұлттық зиялылары болды. Солардың ішінде ең бас бұзар, қауіптісі де тарихшылар деп білді. Себебі, өз уысындағы халықты өзінің ұлттық болмысынан айырып, иіс алмас тобырға айналдырудың ең әккі, қатыгез тәсілі сол ұлттың тарихи санасын күлталқан етіп, мүлде өшіріп жіберу екендігін империяның зымиян билеушілері қапысыз танып білді. Сондықтан да, нағыз тарихшы болуға бел байлау өз кезегінде абақтыға немесе «Барса келмес» жаққа жолдама алумен бірдей болатын. Тарихқа көз жіберсек қазақ тарихын алғашқылардың бірі болып қағазға түсірген Мұқаметжан Тынышбаев атылып кетті. Ұлт азаттық шежіресін зерттеген ғалым Ермұқан Бекмаханов ұзақ жылдарға сотталды. Тіпті беріде, Кеңес империясы  зауалға бет алған кезеңнің өзінде  Оразақ Смағұлов ағамыздың  баспадан шығып жұртқа тараған кітаптарының өзін арада төрт ай өтпей жатып қайта жинап алынып, өртеп жіберді. Ал, өз басы саяси сенімсіз адамға айналып, он жылдан аса КГБ бақылауында азапты тірлік кешті. Кінәсі қазақтар төрт мың жылдан аса уақыттан бері осы топырақта жасап келе жатқан біртұтас бөлуге келмейтін антропогиялық, биологиялық, генетикалық ұлттық бірлікте болғандығын дәлелдеп, әлем ғалымдарын мойындатқандығы болатын. Соған қарамастан, империяның қылышынан қан сорғалап тұрған заманның өзінде аталған мамандықты таңдағандар аз болған жоқ.

Бүгін де отандық тарихтың бірегей білгірі, әйгілі ғалымға айналып, алпыстың асқарына аяқ басқан профессор Нәбижан Мұқаметханұлы сонау 1973 жылдың өзінде Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсень атындағы мемлекеттік университеттің тарих фаультетіне түсіп, аталған оқу орнын 1977 жылы тарих мамандығы бойынша үздік нәтижемен тамамдаған бірден бір қазақ баласы болатын.

Өмірде бақ жүлдызы оңынан туып, маңдайы жарқырап тұратын бақытты жандар болады. Мен Нәбижан Мұқаметханұлының ерекше бақытты тарихшылардың бірі болғандығын мақтаныш сезіммен айтып жүремін. Себебі, Нәкең жоғары оқу орнының табалдырығын сол бір нәубетті, зұлмат жылдарда  аттағанымен, тарихшы мамандығының дипломын қолына алуы Қытайдағы ұлы бір дәуірдің бастамасы Дэн Сяопин дәуірімен тұспа-тұс келді. Болашақ ғалым алғашында жолдамамен Іле Қазақ автономиялы облыстық Партия комитетінің үгіт-нәсихат бөліміне қызметке бөлінеді. Үгіт-нәсихат бөлімі айтарға әкімшілік мекеме болғанымен, сол кезде облыс аумағында кітап және мұрағат құжаттарға ең бай мекеме болатын. Оқимын, үйренемін деген жанға таптырмас орын. Мәнсап баспалдағы үшін де айрықша қолайлы. Бірақ, кәсіби тарихшы болуды армандаған талапты жас 1980 жылы конкурс арқылы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылданады. Міне содан бері ғалым 34 жыл бойы туған халқының тарихын зерттеумен тынбай айналысып келеді. Жалтақтамай, үрейленбей! Ешкімнің қабағына қарамастан, сотталып, атылып кетемін-ау деп уайым жеместен, қазақ деген халықтың түп-тамырынан тартып бүгініне дейінгі тарихының терең шүңеттеріне армансыз сүңгіп, еркін құлаш сермеумен келеді!  Кәсіби тарихшы, ғалым үшін бұдан артық қандай бақыт керек?! Міне бұл тәуелсіз елдің тәуменсіз ғалымына бұйырған бақыт!

Мен Нәбижан ағамен алғаш 1985 жылдың қыркүйек айында Бейжіңде жүздестім. Атына бұрыннан қанық болатынмын. Сол жылы жазғы демалыстан қайтып оралғанымызда Бейжіңдегі Орталық Ұлттар Институтында бірге оқитын курстас досым Омарәлі Әділбек Орталық Ұлттар баспасында істейтін белгілі аудармашы, баспагер ағамыз Әкімбай Жапарұлының таныстыруымен Нәбижан Мұқаметханұлымен Үрімжіде жүздескендігін, үйінде қонақта болып ұзақ әңгіме дүкен құрғандығын, ол кісінің жақын арада Бейжің унверситеті тарих факултетінің профессоры, әйгілі тарихшы ғалым Чжан Гуанданың жетекшілігінде тәжірибеден өту үшін екі жыл мерзімге Бейжіңге келетіндігін айтты. Және жаңа танысқан жас ғалым туралы өзінің айрықша жақсы әсерде қайтқандығын тебірене  әңгімеледі. Омарәлі екеуміз осыдан бір қанша жыл бұрын да Нәбижан Мұқаметханұлы туралы талай талқылағанбыз. Әсіресе, ғалымның Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығын Қазақстанда тойлауға байланысты ерекше күйінішпен жазған, 1982 жылы  қытай тілінде жарияланған «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» атты зерттеу еңбегі қытай және қазақ зиялылары арасында үлкен сілкініс тудырған болатын.

Қисынға салсақ, қазақ халқы Ресейге бодан болуды өз еркімен таңдады деу және осындай сорақы қисын сымақты қазақтың зиялысы делініп жүргендердің аузымен дәріптету – жұмсартып айтқанда өз туған халқымызды ашық қорлау және қорлатумен бірдей болатын. Ал, оны тойлау – құлдық сананың ұлтымызды бір жолата құрдымға сүйреп бара жатқандығының айқын көрнісі еді. Осы кезде Нәбижан Мұқаметханұлы  Ресей империясының басқыншылық саясатын талассыз тарихи айғақтармен дәлелдеп, «өз еркімен қосылды» деген әпсанаға бірінші болып қарсы шыққан қазақ ғалымы болды. Әрине, сол кездің өзінде Қазақстанда да «қазақтар өз еркімен бодандық жолды таңдады» дейтін өтірік - жаламен үзілді – кесілді келіспейтіндер жетіп артылатын. Бірақ, сол бір тарихи жағдайда ешкімнің де өз пікірін ашық айтуға мүмкіндігі болған жоқ.

Нәбижан ағамыз Бейжіңге келген соң бізге ол кісімен күн ара кездесіп пікірлесіп тұрудың сәті түсті. Себебі, ол кісі біздің Институтқа Пей Жиялин, Уаң Фухан қатарлы ғұлама ғалымдардың әлем әдебиеті және қытайдың классикалық әдебиеті туралы лекцияларын тыңдауға үзбей келіп тұратын. Ол кісі келгенде біз міндетті түрде бірге тамақтанатынбыз. Және ұзақ отырып мәнді де қызықты әңгіме дүкен құрушы едік. Әңгімеміз көбінде әдебиет, тарих және ұлтымыздың болашақ тағдыры хақында өрбитін. Қазақстаннан тарайтын қазақ басылымдары үздіксіз барып тұратындықтан, Қазақстанның әдебиет пен өнердегі жетістіктері біздің ең тартымды тақырыптарымыздың бірінен саналатын. Нәкеңмен таныстығымыздың арқасында  біз үшін жаңа бір өріс  ашылып, көптеген атақты ғалым, жазушылармен жүздесіп, еркін сұхбаттасуға да мүмкіндік туып еді.Себебі, Бейжіңге іс сапармен келетін елге сыйлы адамдардың көбі Нәбижан ағамызға өздері хабарласатын. Аман-сәлемнің соңы дастарханға, ерекше көңілді әңгімеге ұласатын. Бүгінде көпшілігі өмірден өтіп кеткен сол бір тұлғалармен кездесулердің ерекше қымбат, қайталанбас сәттер болғандығын күні бүгінге дейін сағынышпен еске алып отырамыз.

Бірде Нәкең екеуміз Бейжіңдегі Шыңжаң іс басқармасының қонақ үйіне түскен ғұлама ғалым Нығымет Мыңжаниге сәлемдесе бардық. Ғалым бөлмесінде бізді күтіп, жалғыз отыр екен. Есікті өзі ашып, бізді кезекпен құшақтап сәлемдесті. Нар тұлғалы ет-жеңді кісі екен. Еңсегей бойлы, ірі денелі Нәбижан ағаның өзі ол кісінің қасында талдырмаш, нәзік адам сияқты болып көрінді маған. Аман-саулықтан соң, ол кісі: «тамаққа бірге барайық деп сендерді күтіп отырғанмын, әңгімені шәй үстінде жалғастырайық» деп бізді ертіп сыртқа беттеді. Нәкең:  «біз де сізді тамаққа шақыра келіп едік» деп мезірет жасап еді, Нықаң бірден: «Жоқ, болмайды! Бүгін маған қонақ боласыңдар! Айлығы көп шалдың ақшасын жұмсап қалмасаңдар, кейін өкініп жүресіңдер!»-деп қалжыңдап, бізге мол дастархан жайып, қонақ жасады. Бір басына ғұламалық мол білім жинаған  ғалымның әңгімесі мәнді де қызықты екен. Қоңыр дауысы сазды, ерекше әсерлі естіледі. Күлгенде мол денесі солқылдап, ерекше рахаттана күледі. Әңгімеде өзінің «Қазақтың қысқаша тарихы» кітабын аяқтап қалғандығын, бұйыртса кітабының алдағы жылдарда көпшілік қауыммен жүздесетіндігін айтты. Және тарихшылардың жолы жіңішке болғандықтан, көп жағдайды көсілте жазуға мүмкіндік болмағандығын да астарлап жеткізді. Қоштасарда мен: «Сізге жол бастаушы керек болса, демалыс күндері базар аралатайын»- дедім шын көңілден. Нықаң ерекше сырлы жымиды да: «Е ! Мен білмейтін Бейжіңнің қай пұшпағы бар дейсің, балам!? Мен осы қаланың ескі тұрғынымын. 50-жылдарда  осы «Ұлттар баспасын» құруға атсалысқан адамдардың бірімін. Жұңнанхайда да қонақ болып, абақтысының да дәмін татқамын»-деп рахаттана күліп, бізбен көңілді қоштасып еді. Ол кезде шежіре қартпен алғаш және соңғы рет ауаша дастархандас болғанымды білген жоқ едім.

Сол бір жылдардағы осындай түрлі кездесулерде Нәбижан Мұқаметханұлының  талғампаз дара көзқарасы, білімге деген шексіз құштарлығы, ара қашықтығы ондаған шақырым келетін Бейжің университеті мен Орталық Ұлттар Институтының арасында елгезек студентке ұқсап көне тоз велосипетпен құстай ұшып жүретін қажырлы еңбекқорлығына қарап, жас ғалымның алдағы болашақта талай-талай биік белестерді бағындыратындығына шүбәсіз сенуші едік.

Ел сенімі алдаған жоқ! Нәбижан Мұқаметханұлы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясында еңбек еткен жылдары Орталық Азия мен Қытай қарым-қатынастар тарихын зерттеумен шындап айналысты. Әсіресе, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан мен Қытай байланыстарын ерекше ден қоя зерттеді. Ғалымның «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» (1982 ж.),  «Абылай хан туралы зерттеу» (1984 ж.), «Қазақтар Чиң (Цин) патшалығы қатынастары» (1987), «ХV – ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары» (1988 ж.) сияқты  өзекті тақырыптар бойынша іргелі зерттеулері қытай тіліндегі беделді басылымдарда жарияланып, мамандардың жақсы бағасына ие болды. Сол барыста ол кіші ғылыми қызметкерден сатылап көтеріліп, жетекші ғылыми қызметкер дәрежесіне, одан 1989 жылы Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының ұлттарды зерттеу институты директорының ғылымға жауапты орынбасары міндетіне тағайындалады. Бұл міндетті ол 1993 жылы сәуірге дейін, яғни тарихи Отанына оралғанға дейін абыроймен атқарды. Нәкең және «Шыңжаң Қоғамдық ғылымы» журналының ең алғашқы жауапты редакторы міндетін де өз міндетіне алып еді.

Әрине, ол жақта да еңбегі жанған жас ғалым мақтау мен марапаттан  кенде болған жоқ. Ол бүкіл Қытайлық жастар ассоциациясының сұрыптауымен «Жеңіске жеткендер - Қазіргі заманғы жас таланттар шоғыры» атты жинақта «Мен қазақпын» деген тақырыппен таныстырылады (Пекин. 1987, 86-87 б.) және «Қытайдың қазіргі заманғы тарихшы ғалымдары сөздігіне» енгізіледі (Си-ань. 1993. 396 б.).

Еліміз тәуелсіздік алысымен қайтсек елге жетеміз деп аласұрған, мазасыз кезеңді бастан өткеріп жатқанбыз. Бірде сырлас, мұраттас достармен бас қосуда мен: «Қазақстанға кетудің жолын ең алдымен Нәбижан ағам табады» - деген болатынмын. Айтқанымдай 1993 жылдың сәуір айында Нәкеңді аттандырып, ізімен тамыз айында өзім де жеттім аңсаған Қазақстаныма!

Нәбижан Мұқаметханұлы  елге оралысымен ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданып, академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігінде зерттеу жұмысын одан ары жалғастырды. Ол ғалым ретінде елімізге үлкен ғылыми дайындықпен келгендігін ғылми тәжирбеде қапысыз дәлелдеп көрсетті. 1995 жылы сәуірде «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы /ХҮІІІ-ХХ ғасырлар арасында/» атты тақырыпта Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін, 2001 жылы желтоқсанда «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы /1860-1920 жж./» тақырыбында Тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін үлкен дайындықпен қорғап шықты. Оның докторық диссертациясы ЖАК тарапынан сол жылғы ең үздік диссертация болып бағалан болтын.

Ғалымның зерттеу аясы айрықша ауқымды болды. Ол ескі қытай жазбалары негізінде қазақ халқы мен қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзін терең зерделеп, қазақ халқы көптеген этноқайнардан бастау алған, сан ғасырлар бойы дамып біртіндеп біртұтастану үдерісімен ХV ғасырда дербес ұлт болып қалыптасты деп қарайды, яғни қазақтың ең арғы этногенезі  б.з.д. бір мыңжылдықта тарих саханасына көтерілген сақ (шығыс бөлігі), ғұн, үйсін, қаңлы және аланлардан (яньцай) бастау алған деп түйіндейді. Сондай-ақ Қазақ хандығы да аталған этникалық топтар  құрған алғашқы мемлекеттік құрылымдардан бастау алған деп санайды. Ол және Қытай Чиң (Цин) империясының орда күнделіктері мен жазба құжаттарын жүйелі түрде саралай отырып, қазақ-қытай арасындағы саяи-дипломатиялық, сауда-эконмикалық және мәдени байланыстарына жаңаша сипаттама берді.Ғалым  Қазақ хандығы ордасының немесе Абылай ханның Чиң патшалығына Ойрат Тотын жазуында хат жолдағынын, сондай-ақ қазақ хандығында құжат жазу мәдениетінің болғандығын дәлелдеген ғылыми мақаласын алғаш рет Қытайда жариялады («Шыңжаң Қоғамдық ғылымы» журналы. 1991 ж. № 1, 70-91 б.). Ол осы саладағы зерттеулерін Елге келгеннен кейін де жалғастырып, құнды ғылыми еңбектер жазды және Абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Нәбижан Мұқаметханұлы елімізде қытайтану ғылымын қалыптастыру жолында тынбай еңбектеніп келе жатқан санаулы ғалымдарымыздың бірі. Оның бастамасымен 2012 ж. әл-Фараби ат. ҚазҰУ жанынан «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығы» құрылды, оған өзі жетекшілік етіп, алғашқы ғылыми еңбектерін «Қытайды зерттеу» сериясы бойынша баспадан шығара бастады. Атап айтқанда, оның Қытайда ҚР-дың Бас елшісі болған Жәнібек Кәрібжановпен бірлесіп жазған «Қытайдың сыртқы саясаты және Қазақстанмен қатынасы (2000-2010 жылдар» (2013), «Қазіргі заманғы Қытай және оның Қазақстанмен қатынасы» Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарын» (2014)  Орталықтың тырнақ алды жетістіктері деп бағалауға болады.

Нәбижан Мұқаметханұлы 270-тен аса ғылыми және теориялық танымдық еңбектердің, оның ішінде оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Бұл еңбектердегі ежелгі үйсін, қаңлы, алан мемлекеттерінің тарихы мен мәдениеті, ерте заманнан қазірге дейінгі маңызды тарихи кезеңдердегі Орталық Азия, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар, Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер, қазақ диаспорасы мен оралмандар, ұлттық біртұтастық пен ұлт тәрбиесі жөніндегі зерттеулері, ой-түйіндері, тұжырымдары өзіндік сонылығымен отандық гуманитарлық ғылымның дамуына үлкен үлес болып қосылды. Оның еңбектері қазақ, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде жарық көрді.

  Рақым АЙЫПҰЛЫ  

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір