• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:42:06
Алматы
+12°

11 Мамыр, 2014 NEWS

Интернет-конференция: дінтанушы Мұхитдин Исаұлы

Оразбек САПАРХАН: Ассаламуғалайкүм, Мұхиддин аға! Қазақ қоғамындағы бас ауыруға айналған Ислам тармақтарының басын қосып, алауыздықтан сақтану мен ұлтты...

Оразбек САПАРХАН: Ассаламуғалайкүм, Мұхиддин аға! Қазақ қоғамындағы бас ауыруға айналған Ислам тармақтарының басын қосып, алауыздықтан сақтану мен ұлтты ұйыстырудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

-          Уағалайкүмсалам, Оразбек бауырым. Сауалыңыз сауалыңызға берілген жауаптай екен. Әйтсе де қысқа жауап беріп көрейін. Дерттің дерт екенін ұғыну мен соған жол іздеудің өзі дерттің дауасымен бірдей. Құрдымға кететін бір ел болса олар әуелі өздерінің құрдымға кетіп бара жатқанын білмей адасады. Құранда: «Оларға жер бетінде бүлік, жік шығармаңдар» деп айтылса олар: «Жоқ, қайдағы бүлік, біз бар-жоғы бұзық елді түзік етушілерміз» - деп айтады. Сақ болыңдар! Нағыз бүлікшіл, жікшілдер солар. Бірақ олар өздерінің үй ішінен үй тігіп, ел ішіне жік салып түзік елді бұзыққа айналдырмақ болып жанын салып жүргендерін сезіне алмайды», - дейді. Ендеше ел таразысының бір жағында өзіңдей асылдың сынығындай болған, ақ пен қараны ажырата білген, өзі үшін емес өзгелер үшін қам жеген, ұлтының бүгіні мен ертеңін ойлаған ерлер бар. Ал таразының бір табағында әлгі аятта айтылған жікшілдер бар. Бірақ өзіңдей өзгешілдер көрінгенмен өзімшілдер, бүлікшілдер көрінбейді. Олар сүтке араласқан су тәрізді. Біле алмайсың. Өйткені сенімен ой бөліскенсіп қасыңда жүреді. Олар бейне бір жапалақ тәрізді. Бірақ олардан айырмасы бұлар күндіз де ұшады. Олай болса біз алдымен арамызда жікшілдердің бар екенін олар ешқашан да біздің бірлік байрағының астында бірігуімізді қаламайтындықтарын жақсы білуіміз қажет. Алдымен осы ұғымның астында бірігуіміз қажет. Сонда дерттің қайдан тарап жатқаны көріне бастайды. Задында ондай жікшілдер адам жаралғалы бар болып келген мұнан соң да бола бермек. Ең басты мәселе солардың барын біліп оларға алданбайтын болса онда ондай қоғамның ұтқаны. Өйткені ол қоғам ақ пен қараны ажырата білгені. Ақ пен қараны ажыраты білген қандай бір қоғамның тұғыры биік келеді. Ал керісінше болса халі мүшкіл болғаны. Осындай дерттің барын білген соң екінші кезекте бізге соған ем іздеу қажет. Оны алдымен Құраннан іздеу қажет. Хакім Абай да: «Әуелі сөздің басы – аят, хадис» деген жоқ па еді? Менің ұғымымда кей мұсылманның тармаққа бөлініп, әр бірі өздерін өзгеден биік санауының түбінде сол Құранды терең түсіне алмауында жатыр. Алла елші аләйһис-салату уәс-сәләмнің: «Бір заман келеді. Сол заман болғанда Құран басқа қойнауда, үмбетім басқа қойнауда» болады дегені осы зар заман соған келеді. Мұсылманда бірлік жоқ. Онда Құран не үшін түсті? Мұсылманды біріктіре алмаған ол қандай кітап? Кінә кітапта емес, сол кітапты оқымаған оқыса да теріс түсінген мұсылманда. Әрі Құран алғаш аятынан бастап «Ғылым» дейді, «ілім» дейді. «Оқы», «оқы», «оқы» дейді. Жаратылыс іліммен байланыстырып оқы дейді. Ал Ислам әлемі он екінші немесе он төртінші ғасырлардан бастап жаратылыс іліміне мән бермейтін болып алды. Соның салдарынан Құранды түсінуден қалды. Ислам күллі қоғаммен қатар барлық жаратылысты қамтиды. Ал Құранды түсінбеген мұсылмандар бертін келе тек мешіттің айналасынан шықпайтын болып алды. Ғылым кәпірдің қолында кетті. Үшінші айтарымыз осы күнге дейін мұсылмандар өз ара топтасып бір-бірімен біріге алмай жүруінің бір себебі діндегі «ихтилафи» мәселелер. Яғни діндегі бір мәселеге қатысты әр түрлі көзқарастар. Кейбір осындай әр топтағы көзқарастар бейне бір өздерінің идеологиясына айналып кеткендей.  Тіпті мақсат ақиқатты табу емес мақсат өзінің көзқарасын ақиқат деп ұқтыру. Ал Құранда кәпірлерге айтылған «Сенің дінің сенің өзіңе, менім дінім өзіме» деп айт» деген әмір бар. Ал біз кейде өзіміздің көзқарасымызды ең дұрысқа бағалап соны қабыл етпегенді жермен-жексен етіп тіпті діннен шығарып жатамыз. Сонда біздің мақсатымыз ақиқатты көрсету ме, әлде дінді пайдаланып өзімізді ақиқат етіп көрсету ме? Бізге қажет өзіміз арқылы діннің үстем болуы ма әлде дін арқылы біздің мансапты болуымыз ба? Біз «сенікі де жөн болуы мүмкін» дегенді ұмытып, бауырымыздың қадірін түсіріп жатсақ онда ешқашан мұндай тығырықтан шыға алмаймыз. Төртінші айтарымыз осы заманда ғой дінаралық диолог жүріп жатыр әлемде. Елімізде де бар. Ендеше мұсылмандар да өз арасында осындай диалог қажет. Бұл жерде не айтылмақ? Біз мысалы жиырма жыл ихтилафи мәселелерді қозғап келдік. Одан бір нәтижеге келе  алмадық. Ендеше тағы бір жиырма жыл ихтилаф болмаған нәрселерді қозғайық та ихтилаф болған нәрселерді соңына қалдырайық. Мысалы жаратылыс ілімді қозғап соған жұмыла ат салысайық. Қазақ елін ғылымда әлемдегі ең мықты елге айналдыруға бірігіейік. Осы жолда Құранға қол тапсырып, оны пір тұтайық. Қателікке кешіріммен қарайық. Әрі бүгінгі қазақтар арасында мұсылман емес қазақтар да бар. Олармен де ұлттық тұрғыдан, адамгершілік тұрғыдан және әлгі айтқан жаратылыс ілім тұрғысынан бірігейік. Алла елшісі аләйһис-салату уәс-сәләм бір еврейдің жаназасы алдынан өткенде орнына тұрады. Қасындағылар оның еврей екенін айтқанда ол: «Бірақ ол сен секілді адам ғой» деп жауап береді. Иә, бізді Алла Тағала адам етіп жаратты. Алла өзіне қарсы шыққан дінсіздерге де бұл дүниеде еңбегін бағалап жеңістер нәсіп етуде. Алла адамды алаламаса біз неге мұсылманның баласын алалауымыз қажет? « Менде де бар сенде де бар алалық». Бірақ бұл алалық – Алланың жолы емес.

Асқар:  Мүбәрак сотталып тынды. Біздің Университетте аты тұра бере ме? Нұр деп қоя салса болмай ма? Түсінеміз ғой.

- Естуімше,  Мүбарак сотталған жоқ, үй қамауында. Ақталып кетіп жатса таң қалмаймын. Әйтсе де менің де біздің университтетің де оған да саясатқа да пәлендей қатысы жоқ. Сол себепті Нұр деген қандай жақсы атау болса Мүбарак деген де сондай жақсы атау. Әр жұмада мұсылмандар «жұма мүбарак болсын» немесе           «айт мүбарак болсын» деп жатады. Жалпы мүбарак сөзінің түбірі «бәрәкә». Берекелі, киелі дегенді білдіреді. Ендеше нұрлы да берекелі киелі жер болсын деп қойған қазақтың маңдайына біткен жалғыз Ислам университетінің атауының «берекесін» қашырғанын өз басым жақтырмаймын. Біз оның атауына емес сол университеттің болашағына көңіл бөлгеніміз абзал. Кешегі аталарымыз тәрізді сол жерден бүгінгінің Сығнақи, Кердери тәрізді ғұламаларын шығару жолдарын ойлауымыз керек. Әлі есімде оқу орны алғаш ашылғанда бір шәкіртіміз түс көріпті. Түсінде осы оқу орнына үш пайғамбар келіп үш аса таяғын тастап кетіпті. Сонда біздер шамасы осы жер берекелі болады немесе қазақтан әлемге танымал үш ғұлама шығатын болар деп жорамалдағанымыз бар. Иә, Алла соған жазсын

  Ерен:  Бүгінгі қазақ жастарының дінтану ғылымына бет тұрысы қалай?

- Иә, елімізде дінтану ғылымына деген бір ерекшелік байқалады. Дінтану көп жерлерде ашылған. Бірақ мәселе сол дінтану пәнін көбейткендегі мақсат не? Алдымен соған келгеніміз жөн тәрізді. Мысалы мектептерде дінтану пәнін аштық. Бірақ соған дінтанушылар қаншалықты пайдалы болуда? Әрі елімізде секталар көп. Солардың ақ қарасын ажыратуда қаншалықты рөл атқаруда? Ал, Исламтану ғылымына келсек ол дінтанудан бөлек нәрсе. Өзімізде Исламтанудан докторантураға дейін ғылым алып жүргендер бар. Әйтсе де ғылымнан қарағанда лауазым алу мақсатымен қорғаушылыр басымырарақ тәрізді. Егер біз ғылымға емес лауазымға қызмет ететін болсақ онда әлі түйткіл мәселелеріміз көп деген сөз.

  Керім:   Кейде жақсы түстер адамға үміт сыйлайды, қалай ойлайсыз адам баласы жақсы түс көрсе оған жаратушы иеден әлде қандай бір жақсылықтың алдын ала жіберілген хабары болуы мүмкін бе? Исламда түс туралы нақты қандай құрани фәтуалар бар?

  -     Түс деген ол ақиқат. Ол Аллаһ Тағаланың жаратқан жеке бір «мисал» әлемі. Шынайы түс көрген адам таңертең тұрғанда өзінің хақиқи түс әлемінде болғанын сезеді. Өйткені шынайы түс көрген адамның бойы серігіп, рухы жеңілдеп, жаны жадырап, жүрегі шаттыққа толып, бөлекше сезімге бөленіп толықсып тұрады. Ол тіпті осы түсін әрі қарай жалғаса беруін тілеп, қимай көзін жұмып ұйықтамақ болады. Әрі ол түстің ең қызық жеріне келгенде біреудің яки бір сылдырдың оятып жібергеніне қатты наразы болып тұрады. Һәм осы көрген түсін ұмытып қалмайын деп жиі-жиі ойынан өткізіп, санасына бекіте бастайды. Күні бойы осы түсін есіне алып әлде бір тылсым сезімге бөленіп жүреді. Осыдан соң ол мұны өзінің ең жақын адамына айтқысы  келіп асыға бастайды. Міне, пендені мұндай алабөтен сезімге бөлейтін таңғажайып, сырлы түстерді – «шынайы», «хақиқи» түс деп атаймыз.

Ислам ғұламалары адамның түсін бірнеше топқа бөліп қарастырған. Біріншісі: Шынайы (сахих) түс. Бұған Пайғамбарлардың және сондай ұлық мақсатты ұстанған салихалы мұсылмандардың түстері жатады. Дінімізде түс туралы әңгіме қозғалғанда ақылға Құрандағы хазіреті Жүсіп пайғамбардың көрген түстері, оның түс жорушылық қасиеттері оралады. Бірақ,  бұл рухқа қатысты құбылыс болғандықтан шынайы түсті мұсылман емес жандар да көруі әбден мүмкін. Жүсіп пайғамбардың заманында Мысыр патшасы құрғақшылық жайлы шынайы түс көрген.

Екіншісі: Құран Кәрімдегі «шым-шытырық түстер» деп аталған түстер. Бұл шайтан мен жындардың ұйықтаған адамға тиісуінен, ауру-сырқаттан, шектен тыс ойланудан және өткен нәрсенің санада қайта жаңғырығынан туындаған жайттар. Қазақтың «түс түлкінің тезегі» дейтіні осы. Пайғамбарымыз «Түс үшке бөлінеді. Бірі салихалы түс. Бұл Аллаһтың сүйіншісі. Екіншісі шайтанның салған уайымы. Үшіншісі, өз-өзімен сөйлеген сөздерінен туындаған түс. Кімде-кім жаман бір түс көрсе дереу тұрып намаз оқысын. Және ондай түсті ешкімге айтпасын» дейді (Муслим, руя).

Сахабалар түстерін Пайғамбарымызға айтатын. Осыған байланысты Пайғамбарымыздың «Кімде-кім түс көрген болса маған айтсын. Мен оны жорып берейін» деген хадисі де бар. Аллаһ Елшісі таң намазын оқып болған соң көпшіліктен: «Араларыңда бүгін түс көргендер бар ма?» деп сұрайтын.

Асылында түсті кім көрінгенге жорытуға болмайды. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.): «Кімде-кім түс көретін болса оны дұрыс жори алатын жанға айтсын. Ол да түсті жақсылыққа жорысын» деген сөзі дәлел. Және бір хадисте: «Жақсы көретін ақылды бір адамға яки абыройлы адамға жорытсын» делінген.

Бұл шағын кітапшада біз ислами еңбектердің қайнар көздеріне сүйендік. Дей тұрғанмен бұдан түстің баяны дәл осы кітапта айтылғандай жорылады деген түсінік пайда болмау керек. Бұл осы тақырып жайлы бағыт‑бағдар, танымдық көмекші құрал ғана. Түс мәселесінде ешқандай біржақты, қасаң қағидалар жоқ. Сол себепті де ізгі түс көрсеңіз оны парасат‑пайымы биік жанға жорытып, ал егер жайсыз түс көрсеңіз ешкімге сыр шашпай садақа беріп, Жаратқаннан оның артының қайырлы болуын тілеңіз!

Шырт ұйқыға кетіп, күнделікті пендеуи күйкі тіршіліктің тауқыметінен арылған сәтте, құпия-ғайып әлемдерге жүректің рухани түңлігі ашылады. Осы түңліктен жүрекке жазмышта жазылған, келер күндердің баяны сәуле болып құйыла бастайды. Мұндай тылсым мәліметтер бірде ап‑анық, айқын, тайға таңба басқандай болса, кейде бұлдыр сағымдай, еміс‑еміс болып келеді.

Түс – көбіне, оны көретін адамның болмысына да байланысты. Жаны таза, адалниетті жандар алдын ала болар жайттарды түс әлемінде көріп тамашалау мүмкіндігіне ие. Ниеті бұзық, ақылы таяз адамдар да өз деңгейлерінде кейбір жайттарды алдын‑ала көре алады. Алайда, олар өздерінің ниеттеріне қарай, шытырман, шайтани түстер көреді...

Иә, түс – адамды мәңгілікке жетелер таңғажайып тылсым әлем. Түс –   пенденің тіршілік тауқыметінен бір мезет алыстап, шынайы жан тыныштығын сезіну әлемі. Асылында, бүкіл ілім – бір Аллаға ғана аян!

  Алматыдан:   Аға, сопылық туралы не айтасыз? Қазіргі қазақтар арасында жүрген сопылар дұрыс па,? бағыттары, ұстанған діндері қаншалықты шариғат заңдарымен үйлеседі?

-Ислами ілімдер тарихына қарай алғашқы кезеңдерде шариғат үкімдері жазылмаған еді. Бұл үкімдердің (сенім) иғтиқад, ғибадат, қарым-қатынасқа тиісті бөлімдері көп қайталануы және іс-әрекет арқылы жүзеге асуы арқасында көпшіліктің жадында сақтаулы болды. Осы тұрғыдан алғанда шариғаттық үкімдердің жиналуында аса қиындық тумады. Сондықтан да көп ұзамай‑ақ діннің заңдылықтары қолға алынып, әр бөлімге қатысты кітап пен трактаттар жазып, тәдуин кезеңі басталды. Фақиһтар құқықты кітапқа төгіп, хадисшілер сүннеттің сақталуын, кәләмшылар ақайд яғни, сенім  мәселелерін тәпсіршілер Құран мен Құранның ілімдерін жазумен айналысып Ислам дінінің ақиқаттарын шашау шығармай толықтай жинады. Осы кезде Пайғамбарымыздың рухани өміріне маңызды көңіл бөлген мұтасаууыптар да сол қайнар көздерді пайдаланып тасаууыпқа қатысты ақиқаттарды зерттеп, адамның маңызы, болмыстың негізі, адамзат пен ғаламзаттың ішкі динамикалық күштері тәрізді тақырыптарды назарға алып, заттың сыртқы дүниесін тәржімалауға тырысты. Яғни хадисшілер, фақиһшылар, кәләмшілардың Құран мен сүннет арқылы қойған тәсілдері тәрізді бұлар да сол қайнар көздер арқылы жүрекке терең бойлау, нәпсіні тазарту, рухани өмірге қатысты қысқасы дінді терең түсініп, сезіну тәсілдерін қойды. Мысалы намазды әрбір мұсылман оқығанмен оған терең бойлап, Аллаһ Тағаланы көріп тұрғандай оқи алмайды. Алайда Пайғамбарымыз «Ихсан» шыңын: «Ихсан – Аллаһ Тағаланы көріп тұрғандай құлшылық қылуың, сен Оны көрмесең де Ол сені көруде түсінігіне ие болу» деп түсіндірген. Міне тасаууыпшылар өздерін яки халықты осы дәрежеге жеткізу үшін Құран және хадистерден шығарылған әр түрлі ұстанымдар негізінде мектеп құрды. Бұл мектеп сопылық мектебі еді.

Сопылық ілім хақында Рожер Гаруди Пайғамбарымыздың өнегілік ұстанымының бір көрінісі дей келе тарихтың әкесі аталған Ибн Халдунның «Муқаддимасындағы» тасаууыптың Ислам ішіндегі орнын былай баяндайды:

«Тассауып Ислам ішінен шыққан шариғаттық ілімдердің бірі. Қайнары мынау: Сопылардың жүрген жолдары негізінде сахаба, табиғин және одан кейінгі ұстанған ақиқат жолынан басқа өзге бір жол емес. Құлшылыққа мән беру, түгелдей Аллаһ Тағалаға бет бұрып, дүниенің күйкі тіршілігінен бойын аулақ ұстау, әркімнің артынан жүгірген ләззат, құмарлық, байлықтарға және де мансапқа көңіл аудармау, елден оқшауланып құлшылық қылу осы жолдың негізін қалайды. Бұлардың барлығы сахаба мен алғашқы заман мұсылмандарының яғни сәләфилердің арасында кең тараған еді. Кейінгі  екі ғасырда осы фәни дүниенің нығметтеріне құмарлық артып, адамдар сол дүниенің құмарлығына көп көңіл аудара бастады. Міне осы заманда дүниелік құмарлықтарын тәрк ете алған адамдар сопы деп аталды. Сопылар зүһд өмір сүріп, дүниеден бас тартып тақуалық шыңға көтерілді. Артынан келгендері осы тақуалық жолға арнайы тәсіл жасады. Тасаууыпқа жаңа кірген адам тәухидтің тәжірбесіне жеткенше дейін бір сатыдан келесі сатыға қарай жүрді».

Сол себепті сопылық терминнің «Әһлі суффәден» шыққан деген де ұғым бар. Яғни әһлі суффә Пайғамбарымыздың мешітінің жанында құрма ағаштарынан жасалған баспанада өмір сүрген сахабаларға айтылады. Олар Пайғамбарымыздың жүрген-тұрғанын, сөздерін түгелдей жаттап, өмірлерін содан ілім алуға арнаған жандар.

Сондықтан да тасаууыптың негізі діннің негіздерін мықты ұстанып, әмір мен тиым салғандарына да аса қатаң тиянықтылықпен қарап, шамасы келгенше нәпсілерін ләззаттық сезімдерден аулақ салу.

Тасаууыптың негізгі мақсаты адамды жылы жүрекпен рухани шыңға шығару, жүректің тазаруы және адамның ішкі рухани нәзік сезімдерін биік дәрежеге көтеру болса, тасаууыптың түпкі негізі құлшылықты жалғастырып, сананы иманмен тәрбиелеу, дүние ісінен аулақтау яғни Хақ Тағаланың көркем есімдеріне қарай ояну болмақ.

Бұлар көбіне Илаһи мақсатты өз мақсаттарына негіз етіп, өмірлерін «фәнәфиллаһ», «бәқафиллаһ» шыңында өткізуге тырысады, атқарар ісін  Хақ Тағалаға бағыттап жүреді. Өзгеден бөлек тағы бір қасиеті адамның  ажарына қарап жүрегін түсініп, ішкі сезімдерін түсіне алады. Сондай-ақ ғазиз ғұмырын дінге қызмет етуге арнап,  күллі адамзатқа Хақ Тағаланы жеткізу жолында аянбай қызмет ететін жандар махаббаты. Осы махаббат махаббаттың шыңы болмақ. Бәлкім мұнан да биік шыңы болуы мүмкін. Ол пайғамбарларға нәсіп етілген болса керек.

Ал сопылық дегеніміз бұл айтылған махаббаттардан алшақ жатқан жеке бір дін емес. Оның түпкі негізі тақуалықта жатыр. Біз айтқан, бізден бұрынғылар айтқан (бастан кешкен) иманда жатыр.

Бірақ жалпы Ислам әлемінде тасаууыпшылардың бағытының бәрі дұрыс болды ма? Жоқ әрине. Ислам фақиһшылары, кәләмшылары тіпті тәпсіршілері арасында бұрыс тәсіл мен қате жолды ұстанған ағымдар болғаны тәрізді тасаууыпшылардардың арасында бұрыс бағытта болған сопылық ағымдар болды. Яғни бұрыс мәзһәб немесе мәзһәпты жоққа шығарғандар болғаны тәрізді сопылық ілімді түгелдей жоққа шығарған яки бұрыс қолданған ағымдардың да тарихта кездескені мәлім.

Мінекей ендеше біздер бүгінгі таңда сопылық ілімді кейбір бұрыс ағымдар ұстанды деп түгелдей жоққа шығаруға асықпай сопылық ілімнің не екенін жақсылап білгеніміз жөн. Сопылық ілімнің ең алдымен қайнар көзі, кәусәр бұлағы – шариғатта жатыр. Шариғат сүт болса сопылық соның қаймағы тәрізді. Сол себепті тасаууып алдымен тәухидті бірінші орынға қойған. Яғни ол орын терең иманмен өлшенбек. Терең иманы болмаған адам сопылық медрессесінің босағасынан аттай алмақ емес.

Шын сопы Қожа-Ахмет Йассауи терең иман жайлы  79-хикметінде былай деп шын сөзін төгеді:

«Тариқатқа шариғатсыз кирганларни,

Шайтан келип иманын алур ермиш»,

яғни,

«Тариқатқа шариғатсыз кіргендердің,

Шайтан келіп иманын алады екен».

Осыған қарап-ақ сопының қандай жан екенін аңғаруға болатындай.

 Архалық: Қазіргі көбейіп кеткен жат ағымдар қайдан пайда болып жатыр?  Олардың ұстанатын діндерінде мұсылмандыққа тән қасиеттер бар ма?

-Бұл сауалдан мен Ислам атын жамылған жат ағымдарды түсініп тұрмын. Адами қасиеттерін жоғалтқандарда қайдағы мұсылмандық қасиеттер болсын. Бүгінде бұларды «Ислами экстремисттік топтар» деп атап жүр. Өз басым бұған мүлде қарсымын. Ислам діні бейбітшілік діні болса ол қалай содыршыл болуы керек. Бір нәрсе әрі ақ, әрі қара болмайды ғой. Меніңше біздегі осындай жат ағымдардағыларды тоқтату үшін алдымен ең негізгі жағын тоқтатқан жөн деп ойлаймын. Яғни бүгінгі таңда «Ислами экстремисттік топтар» дегенді ұғымды мүлде жойып, мұндай сценариды жазушылар туралы сөз қозғаған дұрыс деп ойлаймын. Меніңше мұның экономикалық, саяси әскери т.б. түпкі мақсаттары мен қандай ойлары болғанын тексеру керек. Өйткені қандай бір алпауыт бір ел өз саясатын бір елге жүргізгісі келсе көбінесе өз елінен емес басқа бір елдер арқылы жүргізеді. Сондықтан мұндай лаңкестік ұйымдар араб пен парсы елдерінен келгенмен оның негізгі тұтқасы, тізгін мен пултті ұстаушысы әрине ол жақта емес. Олар бар болғаны сол жоспарларды жүзеге асыруда ат салысқандар.

Яғни бұл жерде үш нәрсе бар. Бірі жоспарды жасаушылар, екінші соны жүзеге асырып сахна дайындаушы продюсерлер. Үшінші сол сахнада ойнаушылар. Біздің елдегі соларға құрал болған сахнадағы әртістер. Жұмаққа тез барамын деген образды ойнаушылар. Ендеше бұл жерде пулт кімнің қолында және не үшін мұндай жоспар мен сахнаны қазақ даласында құруда дегенге көңіл аударып соның мәнісін іздеп тауып, соған вакцина іздеген дұрыс. Сонда ғана бұл тоқтайды. Сонда ғана экстремизмнің түйіні шешіледі.

 Ал Ислам дінінен бөлек жат ағым, секталарға келсек олардың да осы ислам атын жамылған жат ағымдардың да шығып жатқан қайнары көзі бір деп айтуға болады. Өйткені түпкі мақсаттары бір. Ел ішінде іріткі салу, елді екіге жару. Бөліп ал да билей бердің жаңа бір көрінісі. Не жерді бөл, не елді бөл.

Шарман:   Кеңес үкіметі жетпіс жыл үстемдік құрған тұста қазақ ұлты ислам дінінен толыққа жуық ажырап қалды. Тек қытай қазақтарында дін дәстүрмен бірге сақталды. Бүгінгі таңда қытайда дінге қысым болып жатқанына қарамастан ондағы қазақтарға да діннің алауыздығы жетіп үлгеріпті. Түрлі ағымдармен топтарға бөліну пайда болған, біздің елде жат ағымдар келуіне жол ашық, ал қытайда қысым бола тұра бөлшектене дін ұстаудың пайда болуына не дейсіз?

 - Халықтың бөлшектенуіне қытайдың қорғаны да бөгет бола алмайды. Әуелі ол жерде бөлініп жатқан қазақтар. Ал билікке де керегі сол емес пе? Әрі қытай қазақтың сенімдеріне араласпайды ғой деп ойлаймын. Қазақ қалайша жүзге бөлінсе дәл солай ағым бөлінуі табиғи нәрсе. Тіпті жүздің басын біріктіруге болады, сенімі әр түрлі қазақтың басын елге жау шапса да біріктіре алмайсыз. Сенім ұлтшылдықтан, рушылдықтан, туысшылдықтан әлде қайда биік тұрады. Әуелі ол жақта біздегідей секілді араб, парсы, түркі елдерінен оқып келген жастар бар. Тіпті еуропа елдері де бұған қатысты. Сол жердегі үйренген діни сенімдерін олар елге барып ел ішінде тарата береді. Оған ешкім бөгет бола алмайды. Екіншіден бұл күнде ғаламтор желісі деген нәрсе бар. Бұл күнде бұрынғыдай көшені аралап дін таратпайды. Жердің ана бұрышында отырып келесі бұрышындағыларға пікірін тарата береді. Ендеше біздегі жат ағымдар сайты оларда да бар. Дәл осындай жағдай моңғұл қазақтарында да бар.

  Абзал : Дін мен дәстүр сабақтастығы туралы көптеген мәселелер туындайды. Кейбір дәстүрлер дінге қайшы деп жатады. Дінге қайшы деп қазақтың қай дәстүрін айтар едіңіз?

- Қазақтың дәстүрлері Ислам дініне қайшы болуы үшін алдымен біз «қазақ халқы Совет үкіметі ыдырағанға дейін мұсылман болмаған» деген пайымға баруымыз қажет. Ал қазақтың қазақ елі болмай тұрып жеті жүздай бұрын мұсылман болған ел  екенін ескерсек, қазақ елі болғанда да бүкіл хандары мен билері, көсемдері мен шешендері, даналары мен ізгілерінің бәрі және де халқының өмір салты тіршілігінің сол Ислам дініне бейімделгенін ескерсек онда оның қай салт-дәстүрі дінге қайшы келуі мүмкін. Дінге емес ханафи мәзһабына тыс мәзхабтардың фәтуалары дәстүрге қайшы келуі мүмкін. Мысалы кейбір мәзһабта түлкінің еті халал. Ал қазақ дәстүрінде ол желінбейді. Бұл ханафи мәзһабына қатысты фатуа дәстүрге айналған. Сондай ақ мысалы жеті атадан қыз алу мәселесі. бұл тіпті жалпы ханафидің емес қазақ халқының өз ішіндегі фәтуасы. Осы фәтуа бұл күнде дәстүрге айналған. Тіпті осы бір дәстүр қазақтың қазіргі дәстүріне теріс. Яғни атам қазақта жеті атадан қыз алмау деген дәстүр бар. Ал қазіргі қазақтардағы түсінік дәстүрі сол дәстүрге қайшы. Өйткені бұл күнде қазақ қызды жеті атадан асып кетсе де «жақыным» деп алмайды. Бұған дінде рұқсат бар, атам қазақтың қойған жеті ата бабында да рұқсат бар. Ендеше бұлар дәстүрге қайшы. Сондай қазақта қызды қырық үйден тыю деген дәстүр бар. Осы бір дәстүрі көп жерде орындалмай жүр. Әрі қазақта қыз баланың басын әсіресе өскенде, келін болғанда басын жабу деген дәстүр бар. Яғни исламнан келген. Бірақ бұл күнде соған көп қазақ қарсы шығады. Сондайақ мысалы қазақта арақ ішпеу дәстүрі бар. Бірақ мына қазақ соған қайшы. Т.б толып жатыр.

Қарақат:   Сізге қояр сұрағым: Ислам діні әйелдерден қарағанда еркектердің мүддесіне көбірек жұмыс істейтін сияқты, олай дейтінім ер азаматтар уағыз айытқанда жәннәттағы қор қыздары туралы ауыздарының суы құрып айтады, әрі жәннәттағы қор қыздарының қасында бұл дүниедегі ең сұлу деген қыз құр бақа болып қалады дейді. Қалай ойлайсыз, жәннәттің қор қыздары туралы сипаттау еркектердің нәпсісінен ғана туған жоқ па, сондай- ақ қор қыздарының сұлулығын сипаттаймын деп бұл дүниедегі әйелдерді кемсіту орынды ма? Сосын көптеген еркектер төрт әйел алу дегенді нәпсісіне пайдаланып кететін көрінеді. Көбіне жағдайы жоқ кісілердің жас қыздарын әйелдікке алып алады деп естіп жүрмін. Олар неге шын ғарып күйдегі жетім жесірлерден екінші, үшінші жарларын алмайды?

-  Қарақат, қарағым сұрағың орынды. Бірақ бір нәрсені білмек керек. Ислам діні басқа нәрсе, соны ұстанғандар бөлек нәрсе. Яғни дінді тура ұстанбаған кей мұсылманға қарап Ислам діні осылай деп ұғынуға болмайды. Мысалы бір билікте бір басшы парамен ұсталса биліктің бәрі сондай деген ұғымда бола алмайсыз. Ал Ислам дініне келсек ол еркектің беделін көтеріп дінді ерлердің діні етпейді, әйелдің беделін көтеріп фемонисттік етпейді. Ислам діні жалпы адамға бірдей адам деп қарап әр бірінің өзінің орнын белгілейді. Бір ер кісілер шығып өз жынысына қарай ауып кете беретін болса уағызында ол Ислам дінін дұрыс түсінбегінінен туындаған нәрсе. Әйелдің орны төмен деп айта алмайсыз. Алланың алдында ер де әйел де «құл» болмақ. Тіпті Ислам дінінде ерден қарағанда әйелдің затының нәзіктігіне қарай оған көптеген жеңілдіктер жасалған. Мысалы «жұмақ әйелдердің аяғының астында» деп айтылады. Ал ерлер үшін  мұндай жеңілдік жоқ. Әйелдерге жұма парыз емес. Ол сол сауапты баласын бір құшақтағаннан-ақ тауып алады. Ал ер байқұс қыстың қақаған аязында зәру жағдайда қар үстінде намаз оқуына тура келеді жұмада. Әйел баласының өмірінде намаз оқымайтын күндері көп. Ал ерге мұндай жеңілдік жоқ. Ауырып жатса да оқуы тиіс. Әйелге напақа іздеу парыз емес ерге парыз. Тіпті әйел үшін ерінің киімін жуу, тамағын істеу тіпті үйін тазалау да парыз емес. Тіпті әйел өз баласын емізбеуге де «правасы» бар. Ондай жағдайда ер өз тамағын өзі істеп ішеді, киімін өзі жуады, баласына басқа бір сүт ана іздеп еміздіреді. Ендеше дін кімге жеңілдік жасаған сіз айтыңызшы? Тіпті ғұламалар ері түнделетіп жұмыстан кешігіп келіп есікті қаққан кезде әйелі бұл кім деп қорқып қалатын болса қияметте ері сол үшін есепке тартылады дейді. Алла елшісі де әйелді ұрмаңдар деп тиым салған. Ұру тұрмақ қорқып секем алудың өзі болмайды.

 Екінші мәселе иә қор қыздары бұл дүниенің қыздарынан сұлу. Ал бірақ бұл дүниенің қыздары сынақ әлемінде болғандықтан бұл дүниеде сұлулық жағынан қалып қойғанмен имандылық, сынаққа төзімділік сұлулығына жағынан олардан әлде қайда ару келеді. Әрі Құранда «адам баласын ең көркем бейнеде, яғни ерін сымбатты, қызын ару бейнеде жараттық» деп айтылады. Ендеше қор қыздары осы аяттың қалтарысында қалып қояды. Иә, былайша алғанда қор қыздары мына дүниенің қыздарына сұлу. Бірақ бұл дүниенің қыздары қартайып қайтыс болса да жұмақта қайта жас жағындағы қызға айналып жұмақтың ең аруына айналады. Бүкіл қор қыздары сол кезде жұмаққа барған қыздың сұлулығының бір тал шашына татымайтын болады. Алла елшісі аләйһис-салату уәс сәләм бірде: «Егер жұмаққа кірген әйел бұл дүниеде қазір көрінетін болса жер беті нұрға толатын еді. Ол әйелдің бір орамаланың өзі жер бетінің барлық асыл заттарынан артық болар еді» дейді. Сондықтан әйелдің сұлулығы оның иманында жасырулы. Еріне жұмақта қанша қор қыздары берілсе де бәрібір оған өзінің әйелі бәрінен жоғары ару болып күн сайын жаңа көргендей сүйіспеншілігі арта береді. Қысқасы өз әйелін күнде ғашық болмақ. Өйткені әйелдің сұлулығы ол жерде бұл дүниедегідей емес күн сайын арта береді арта береді мәңгі бақи.

 Иә сөз ақыры дін ерлерге ғана емес. Әрі ерлер әйелдерден үстем емес. Оған дәлелім мынау. Дінге ең бірінші кірген кім? Өзіңіз жауап бердіңіз деп ойлаймын. Хазіреті Хадиша. Ендеше Ислам діні келгенде ең бірінші әйел кірген одан кейін соның артынан еріп бір жас бала, бір құл одан кейін барып Әбу бәкірдей ер азамат кірген. Ендеше дінде кімні беделі жоғары екенін сіз айтыңыз?

Әбеу:  Жігіттердің аузынан естіген әңгімем еді, Әбу Насыр Әл Фараби ғұлама ғалым болған ғой, сол кісі көп салалы ғылымдарды зерттей келіп, ең соңында құдай қайдан шықты деп зерттепті-мыс. Сосын ол кісі өлген кезде қара жер қабылдамай қойған дейді, сіз не дейсіз, естуіңізде барма?

- Иә, әл-Фарабидің грек пәлсапасын оқыған соң кейбір дінге қайшы ойлары болған. Бірақ кім білсін ол ойдан қартайған шағында қайтқан да болуы мүмкін. Сол ойлары үшін кейбір ғұламалар оған «кәпір» деген баға бергендер де болған. Әйтсе де көпшілік мұсылман оған мұсылман деп әлі күнге дейін солай баға береді. Ал кімнің иманды имансыз болып кеткенін Алла ғана біледі. ал жер қабылмапты дегенін естімедім. Ол шамасы жай әңгіме болса керек.

  Ернұр:   Қара жер дегеннен шығады, аңыз әңгімелерде әулиелер өлгенде олардың тәнін періштелер алыс жаққа алып кетеді деп көп нұсқада естимін. мысалы Қабан (Қабылиса) жырау қайтыс болғанда ол кісінің тәнін періштелер алып кеткен деген әңгіме бар. Яғни қабір азабын көрмейтін, өмірде күнәсі болмағандарды солай етеді дейді. Бұл әңгімеге дінни-ғылыми негізде не айта аласыз?

-  Алла елшісі аләйһис-салату уәс-сәләм: «Құранның заһири сыртқы және батини ішкі мағынасы бар» дейді. Ендеше Құранның біз білмейтін мағыналары көп. Шариғатта сыртқы нәрсе сөз етіледі де батини айтылмайды. Ал батиниді тақуалық мәселелерде айтылып жатады. Яғни шариғат әулинің кереметі бар екені айтады бірақ оған қарай амал етпейді. Ендеше мұндай әңгімелерді батинидан іздеген жөн. Бірақ сол батини шариғатқа теріс түспеуі қажет. Ендеше ғұламалар арасында мынадай батини бір әңгіме бар. Бірде бір адам Мәдинаға барады. Сол жерде Жаннатул-бақи деген мазарат бар. Сол мазаратқа сол жерде қайтыс болғандар жерленеді. Сырттай қарағанға сол жерде көмілу арман. Әлгі адам да сол жерде көмілуі ді арман етсе керек. Қас қарайып түн ортасы болған шақта әлгі әулие кісі сол жерге қайта барса періштелердің қабірде күндіз қайтыс болғандардың кейбіреулерін жаназа тәндерін алып басқа жаққа алып кетіп жатқандарын байқайды. Әрі басқа ұзақ жақта қайтыс болған кейбір адамдардың жаназаларын алып келіп әлгілердің орнына қойып жатқанын көреді. Сөйтсе басқа жақта жүріп Мәдинаны пайғамбарды арман етіп өлгендер яғни әулиелердің жаназасын осы жерге көміп, ал Мәдинада жүрсе де Пайғамбарға жақын бола алмағандар немесе жаман адамдардың мүрделерін яғни тозақтықтардың дәнелерін басқа жаққа алып кетіп жатыр екен. Ғұламалар осы әңгімені мойындайды. Әрине қазіргі «ғұламалдарды» айтпаймын... Ендеше Алла қалап Қабан жыраудың да денесі сол көмілгендердің бірі болса керек. Алла біледі...

  Гүлім:  Дарын Мұбаровтың ілімін дінтанушы ретінде қалай бағалайсыз, ол шынымен де терең білімі бар діндарма әлде адасып жүрме?

- Дінтанушы екенін білмеймін, бірақ мұсылман қазақ екенін білемін. Ал дінтанушы болса еңбегі болады. Жазған еңбектерін өз басым қарап көрген емеспін. Ал тексеру жағына келсек ол жағын сараптамашылар біледі. Тиісті Діни басқарма тәрізді орындар бар. Әзірге ондай құқық берілген жоқ. Әр кім өз жұмысымен айналсу қажет. Мен мұғаліммін. Бала оқытамын. Өмірде екі нәрсені мақсұт тұттым. Бірі бала оқыту, бірі кітап жазу.

Жақсылық: Елдің аузында оқып алыпты, сыйқырлап тастапты дейтін әңгімелер көп жүреді. Немесе бір дұға оқып ауруын жазып жіберіпті, дүғалап жолын ашып беріпті деп жатады. Дұға оқу арқылы жаңбыр жауғызуға болады дейді. Тіпті бұрын сондай керемет күшке ие дұғалар жазылған кітаптар болған деседі, Біздің білуімізше Құраннан үлкен құдыретті кітап жоқ. Қасиетті дұғалр құранна алынама? Әлде оқу, сыйқырлау дегендер өтірік пе?

- Сиқыр Құранда бар. Хазіреті Сүлеймен пайғамбарды еврейлер «сиқыршы» деп атаған. Бірақ Алла қарсылық көрсетіп оның пайғамбар екенін айтады. Сондықтан өмірде сиқыр бар. Бірақ Құранда оның Алланың қалауымен болатынын айтады. Яғни әр жасаған сиқыр әсер ете береді деген сөз емес.  Бірақ оның түрлері көп. Бүгінгі таңда ең көп сиқыр шайтани  немесе кәпір жындар арқылы жасалады. Ал оларды қайтаратын Исламда арнайы Құраннан алынған, хадистен алынған дұғалар бар. Соларды оқып қайтаруға болады. Тіпті көп жаман аурулар да солар арқылы өмірде болып жатады. Өткен замандарда Бұхара жерлерінде «құжыра» деген медреселер болған. Ол жерде жеті жылдай осы сиқыр ілімін оқытатын болған. Сол ілімді алған қазақтар елге келгенде соны пайдаланып халыққа көмектесетін болған. Шаян, жылан шаққанда сол дұғаларды оқып қайтаратын болған. Небір байланған жынданғандарды оқып қайтаратын болған. Тіпті «суды теріс ағызу» да сол құжыры ілімі арқылы жасаған. Аққан суды қайтарып, тасыған өзенді тоқтатып, жортқан алып құйындармен тілдесіп, соларға мінгесіп мысалы бір малдың бас сүйегін мініп ұшатын болған. Су бетінде қалқып батпайтын болған. Міне осының бәрі сол құжыра ілімінен алған нәрселері. Тіпті олар қайтыс болғанда қазақ халқы олардың басына кесене салып ел ішінде «әулие» аталып кеткен. Аруағы ақ түйеге мініп келіп көрініпті, аруыағы жолбарыс не барыс екен т.б нәрселерге келсек сол ілім арқылы жындармен байланысқаны. Яғни сиқырға қарсы жын мұсылмандарды пайдаланған. Сырттай бірақ бұлар керемет болып көрінген. Әрине бұл жерде мынаны айта кету керек. Бұлардан басқа немесе осыларыдың арасында расында әулилер де елімізде көп болған. Бірақ солардың арасына ажырата білу керек.

 Нұржан:  Уахабизм дегенді екі сөйлеммен түсіндіріңізші, аға…

- Діндегі қаттылық.

Алаң:   Мұхитдин мырза, біз сізді дін саласындағы білікті маман деп білеміз. Осы күнде бір байқағаным кейбір діни топтар жұрт арасында үрей тудырып, оларды рухани құлдықта ұстағысы келетін сияқты. Өйтпе, бүйтпе, аю келе жатыр деген сияқты. Сіз не дейсіз?

- Исламда үрей тудыруға қатаң тиым салады. Алла елшіс аләйһис-салату уәс-сәләм «Үрейлендірмеңдер қуандырыңдар, сүйіншілеңдер» дейді. Сосын жалпы дінде адам дінді өз еркі мен қалауы арқылы біліп, Алланың жан көңілімен жақсы көруі керек. Қорқытып,үркітіп, алдап, арбап, ақша беріп, мансап беріп қысқасы адамның еркіне тұсау салу арқылы иманғашақыруға болмайды. Ондай жағдайда жат ағым, секта болады.

 Ерлік:   Меніңше, мәселе Бекболат Тілеуханда, Мұхаметжан Тазабекте немесе Дарын Мүбәровта тұрған жоқ. Мәселе, өзімізде. Өзіндік ұстанымы, өмірден түйгені, аз-кем оқығаны бар азамат тиісті жолды таңдай алады. Оған жоғарыдағы азаматтар кінәлі емес. Сондықтан мемлекет тарапынан титулды ұлттың діни сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы бағдарлама қабылданып, ол барлық ел көлемінде ашық, жариялы жүргізілуі керек сияқты. Осыған не дейсіз?

-  «Сияқты» дегеніңіз артық деп ойламын. Солай болуы тиіс. Мемлекет қалай эконмикаға көңіл бөлсе дінге де солай көңіл бөлу керек. Эконмиканың мықты дамығанын қайтейін азғандай қазағым қырық пышақ болып қырқысып руға бөлінген аздай әр түрлі дінге бөлініп жатса оның несі жақсы. Сондықтан билік дінге ең бірінші кезек күттермес мәселе ретінде қарауы қажет. Болмаса күндердің бір күнінде сол билік пен сенаторлардың орнында ұлты қазақ бірақ діні бөлек басқа біреулер отырып жатса мәңгілік емес ел болып қалу арманға айналады

  Айгерім:  Әбдуақап Қара мырза осы “Қамшы” сайтында болған интернет-конференциясында “Қазақстанда дінтанушы бар, бірақ исламтанушы жоқ” деп еді. Осы пікірмен келісесіз бе?

- Әбдуақап деген мырзаның кім екенін танымаймын және қандай дінтанушы бар екенін де білмеймін бірақ елімізде Исламтанушылар бар екенін білемін. Мысалы бас мүфти Ислам танушы емес пе? Сондай-ақ жеті, он қырағатты бітіріп келгендер бар. Солардың бәрін көрмеу елдегі Исламтанушы ғалымдарды ғана емес мұсылманды көрмеумен тең.

Басқа да біраз сауалдар бар екен. Оның біразына жауап берген сауалдар арасында жауап беріп кеттім деп ойлаймын. Мені «мұғалім» деп бағалап сауал қойғандарыңызға Алла сауаптан жазсын. «Қамшыға» Алла риза болсын, істері қарқынды болсын дегім келеді.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір