• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 11:07:34
Алматы
+12°

06 Мамыр, 2014 NEWS

Георгий лентасы – қазақтың «қарғы бауы» емес пе? (Сауалнама)

Жылдағы дәстүр  бойынша, Жеңіс  күні  қарсыңында сары-қара түсті  георгий  баулары  сәнге айналады. Сән дегеннен гөрі,  арнайы  науқан десе  де  болғандай....

   Жылдағы дәстүр  бойынша, Жеңіс  күні  қарсыңында сары-қара түсті  георгий  баулары  сәнге айналады. Сән дегеннен гөрі,  арнайы  науқан десе  де  болғандай.  Себебі,  тұрмыстық құралдардан  бастап, көше, тіпті көліктерге  дейін  осы ленталармен көмкеріледі.  Ленталар тегін таратырып,  қара және қызғылт сары  түскен боялған суреттер,  жарнамалар  көбейе бастайды. Сырттай қарағанда,  бұл лента 9-мамыр мекересінің  бөгенайы іспетті болып көрінгенмен,   шындап келгенде  империяшыл көршіміздің идеологиялық  қаруына айналып  бара  жатыр деген пікірде қоғам  белсенділері.

Мұндай  бауларды неліктен біздің қоғамның  әлі күнге дейін тағуы  кеңестің  қалдығын таңсық  көруі ме?   Әлде,  георгий лентасын  жандандыру -  Ресей идеологиясын  санаға сіңірудің  бір көрінісі ме?

Мұхтар Бақыт, facebook қолданушысы:  Ұлы Отан соғысы жылдары жылдары мұндай лента  болмаған

-          «Георгий лентасының» тарихынан бастайық.  1769 жылы 7 желтоқсанда Ресей патшайымы Елизавета ІІ енгізген 4 дәрежелі Георгий даңқты орденінде пайда болған. Бұл орденмен 1917 жылға дейін  әр түрлі шенділерді марапаттап келген. Соның ішінде, Орта Азияны жаулап алғандарды   осы орденмен марапаттаған, Кейін Патшалық үкімет құлаған соң, бұл белгіге Кеңес үкіметінде тыйым салынған.  Ал 1943 жылы Кеңес армиясында Гвардия ордені тағайындалған. Ал Ресей 2000 жылы Георгий орденін әскери орден ретінде қайта жаңғыртып, 2005 жылдан бастап Георгий ленталарын Жеңіс күні қарсаңында тарату акциясы басталды.  Сонда ешқандай да Кеңес армиясына қатысы жоқ лентаны 1941-1945 жылы болған соғыс белгісі ретінде тарату нағыз тарихи қателік болып табылады.  Біз Патшалық Ресейдің белгісін ұлықтап, оны көлігімізге тағып,   «соғысқа қатысқан ата- бабаларымызды еске алып жүрміз»  деп мәз боламыз.  Бұл саяси ойын. Қырымды басып алған әскерилер  осы белгіні тақты. Славянск, Одессадағы Ресейге қосылмақшы  топтардың барлығы осы лентаны тағып алған. Бұл Ресей империясын қайта жандандыру акциясы!

Әбдірәшит Бәкірұлы, философ:  Жастарды жылтыраққа қызықтыру –жымысқы саясат

-       Жастар оған "жылтырақ дүние" деп қарайтын сияқты. Ал, енді, соны тықпалап отырғандардың әрекеті - жымысқы саясат екені анық. Өмірде қай салада болмасын - дінде, саясатта -бұқараның "сауатсыздығын" өз пайдасына шешіп қалуға тырысатын тәсіл жиі қолданылады. Мысалы, "Валентин күні" деген адамның махаббат сезіміне әсер ету арқылы христиан дінін астыртын санаға сіңіру болып табылады. Бұл да соған ұқсас құбылыс. Ал оған тойтарыс беру үшін "байбалам салу" жеткіліксіз. Ол үшін ұрпақ санасына осы атрибуттердің ұлттық нышандарын бала кезден құюды жолға қою қажет. Бұл, енді  мемлекеттік шара деңгейінде атқарылатын шара. Оған шама бар ма? Мемлекетшілдікті нығайтуға жауапты биліктің "ұлттық санасы" оянбай, бұл құбылыс жалғаса бермек! Нәтижесін көшеден көретін боламыз...

Серік Ерғали, мәдениеттанушы: Бау- басқаны басыну белгісіне айналып барады...

-       Бұл - ескінің қалдығы емес, ресейлік саясаттың идеологиялық бір көрінісі. Бұны тағатындарды үшке бөлуге болады:  1. Соғысқа қатысқандар мен нағыз қаһармандарды қадыр тұтатындар, Жеңісті өмірлерінің мәні ретінде көреді де, бұл Георги таспасы олар үшін тәбәрік секілді сіңіп қалды. 2 топ: Проресейлік ықпалды аңсайтындар мен сол саясатты саналы түрде қолдайтындар. Бұл топты Ресей де өзінің саяси технологиялық қауымы ретінде қарап, олардың "қажетін" осындай жолдармен қолдап, тәуелсіз елдерге қыр көрсеткенсиді. Бұл жағынан алсақ, Георги таспасы проимпериялық тетік пен бренд іспетті. 3. Жай ғана қызық көріп, Лента таққандарына мәз болатын топ. Бұған саяси жағына мән бермейтін қазақ жастары жатар.Бұл жағынан алсақ, Георги таспасы қазақстандық отаншылдықты басып-жаншып басқа елдің идеологиялық басқынын паш ететін тұтқа болып шығады. Бүгінгі саяси кеңісте ұсақ-түйек ештеңе жоқ, тіпті, бас киімнің түсі де белгілі бір уақыт пен кеңістікте өз рөлін атқарады. Жыл сайын Жеңіс күнінде Георгий таспасы арқылы біржақты саяси менмендік жасалады да, ресейлік қасиетті бұл белгі егемен басқа елдер үшін қыр көрсету, басқаны басыну белгісіне айналып барады...

Аятжан Ахметжан,  Мектеп мұғалімі: Бұл талғамсыздық

-       Менің ойымша ол талғамсыздық, әйтеу көзге көрінгенді талғамай көкірегіне байлай салу ғой. бұл саяси сауатсыздықтың салдары. Ал ресей өздерінің идеологиясын бұрынғы кеңес елдеріне тықпалайды, жарнамалайды, біздің қоғам соны талғамай жұтады. Бұл ширек ғасыр болған тәуелсіздігімізге сын. Әлі ояна алмай келеміз. «Ленташылдар» үшін Қазақстанның өз лентасы бар. Ол  отандық нышан, Отан қорғаушылар күніне арналған өзіміздің ұлттық нышандар қосылған ұлттық бау. Біз тәуелсіз мемлекеттің ұрпағы тәуелсіз сананың жетегінде болуымыз керек. Әр нәрсені өзгенікіне балама деудің орнына өзіміздің ұлттық сананың жемісі деу керек шығар.

Алма Құрманбаева,  ЖОО  оқытушысы:  Бұл жерде  ешқандай саяси астар жоқ!

-       Кім қалай айтса олай десің... Менің әкем соғысқа қатысқан адам. 3 рет жарақат алған.  Ол кісі Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан. Мен аға сержант Әли Жұбатырұлының қызымын. Әкемнің көзі жоқ. Ол кісі стаканды қолына ұстамаған адам. Бірақ соғыс киноларын көргенде жылап отырушы еді. Ол кісіге 9 мамыр күні ерекше күн болып саналатын әр дайым да. Барлық медальдарын тағып алып, көшеге шығып келіп, содан кейін үйде жүруші еді. Мен әкемді есіме алып, сол кісіні ойымда қолдау үшін георгий лентасын тағамын. Бұл менің позициям... Мен үшін бұл жерде ешқандай да астар не саясат жоқ!

Есдәулет Қожекенов, студент:  Санасы азат жастар лента тақпайды

-       Біздің биліктен бастап отбасымыздағы ата- анамызға дейін кезінде жалғанды жетпіс жыл жалпағынан басқан кеңестер одағының қатаң режимінде өмір сүрді.  Сол себепті георгий лентасы олардың  жандарына жақын .  Мұндай кеңестік елестерден  Тәуелсіз елдің санасы азат ұрпағы есейіп, ту ұстағанда ғана  құтылады деп ойлаймын.

Түйін: Бүгінгі қоғамда георгий лентасын тағушылар, таратушылар сонау ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы қаза  тапқан батыр бабаларын еске алып, құрмет көрсетушілер. Әрине, гүл шоғырын қойып, лента тағу өзге діндегі ұлттарға жарасымды шығар. Ал, қазақ секілді мұсылман баласы үшін аруаққа құран бағыштап, жеті атасын жадынан шығармай жүрсе болды емес пе? Әр мемлекеттің өзіндік ерекшеліктері болуы керек. Тіпті ол  ұсақ-түйек лента болса да.  Лентны "ұсақ-түйек" дейміз-ау,  бірақ мұның өзін өз мақсаттарына пайдаланушылар да  табылып жатыр.  Ақырын жүріп, анық басайық,  қазақ  баласы! 

Әзіргелен Жания  Әбдібек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір