02 Мамыр, 2014 NEWS
Дос Көшім, саясаттанушы: Ұлттық мейрам – мемлекеттің мызғымас бір шарты
Әрбір мемлекеттің ұлттық мейрамы, яғни сол ел иесін ұлықтайтын мерекесінің болуы заңды құбылыс. Әлемдегі өзін сыйлайтын әрбір мемлекетте ұлттық мейрам...
Әрбір мемлекеттің ұлттық мейрамы, яғни сол ел иесін ұлықтайтын мерекесінің болуы заңды құбылыс. Әлемдегі өзін сыйлайтын әрбір мемлекетте ұлттық мейрам бар. Ал, біздің елде керісінше, ұлттық мереке болмаса да, өзге ұлттардың бірлігіне арналған мейрам бар. Бұл нені білдіреді? Саясаттанушы, "Ұлт тағдыры" қозғалысының төрағасы Дос Көшім осы және өзге де мәселелер туралы былай деді:
Мен «титулдық ұлт» дегенді онша құптамаймын да, қолданбаймын да. Бір түрлі келемеждеп тұрғандай ма, бізді бөлек қоя ма, өзім онша түсінбеймін. Қазақ – осы мемлекеттің иесі, бірақ, азаматтық құқық жөнінен біз бәріміз теңбіз. Егер, біз демократиялық ел болатын болсақ, қазақтарға ешқандай ерекше құқық берілмейді. Онда әділетті, демократиялы қоғам құрмаймыз. Тек қазақтың мәдениетін, тілін көтеру қазақ мемлекеті екендігінің көрсеткіші болмақ. Ал, тек қазақ болғаны үшін артықшылық, жеңілдік берілуіне мен қарсымын.
Әлемдегі демократиялық мемлекеттер Франция, Германия, Италия болсын өз азаматтарына ешқандай артықшылық жасамайды. Тек, ол халықтар өздерінің ұлттық ерекшелігімен алдыңғы қатарға шығады. Мысалы, елімізде қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде барлық жерде қолданылатын болса, қазақша шала-шарпы білетін азаматтар екінші орынға шеттеледі. Мұнда тілдік алалау емес, керісінше бәрін теңестіре түседі. Мәселен, Францияны алайық, француз тілінің төрт деңгейін (А,В,С,Д ) білген адам Францияның кез келген ЖОО-на түсе алады. Егер, С деңгейін меңгермесе, оқуға түсе алмайды. Мұнда, мәселе француз халқын жоғары көтеруде емес, дәл сондай француз тілін С дәрежесінде білген кез-келген мароккалық, алжирлық университетке түсе алады. Дәл сол секілді, мемлекет иесінің мәдениеттік, тілдік, діндік ерекшеліктері өзінен-өзі көтерілуі тиіс. Әрине, құқықтық мемлекет болғаннан соң мұның барлығын заңдастыру қажет.
Екінші мәселе, полиэтникалық, моноэтникалық дегенді қарастырып көрдім. Кейбір мәліметтерде негізгі ұлт халықтың 70-80 пайызын құраса моноұлттық болып саналады екен. Ал, шетелдерде мұндай нәрсе жоқ. Бұл біздің әлсіздігімізден шығып отырған мәселе. Қазақ мынаны ұмытпауы керек: біз 5% болсақ та қазақ мемлекеті болып қаламыз. Бұл қазақтың жері, қазақтың тарихы, қазақтың тілі осы мемлекетте қолданылады, қазақтың дәстүрлі діні дамып, оған мемлекет жағдай жасау керек деген секілді нәрсенің бәрі болуы керек. Соған қарамай, басқа ұлттарды еш уақытта кеудесінен итерудің керегі жоқ. Әрбір ұлт өзінің тілін, мәдениетін дамытуға мүмкіндігі болуы тиіс. Қалталы азаматтар мектеп, кинотеатр салсын, газет шығарсын т.б. Біздегі бір кемшілік, кейбір тұстарда билік мемлекеттік тіл құлдырап бара жатқанда, көмектесудің орнына, басқа тілдерге көмектеседі. Демократиялық елдерде шектеу қоймайды, кәрістер өз театрларын ашатын болса, оған қарсы бола алмаймыз. Бізде Кеңес үкіметіндегідей достық лабораториясы секілді. Мысалы, ОҚО, Сарыағашта тәжіктің екі мектебі бар, алайда, екеуі де жабылуы мүмкін. Мектеп басшысы Ташболатовтың айтуынша, мектептің болашағы жоқ. Себебі, тәжікше ешкім оқығысы келмейді. Көп болса Тәжікстанға оқуға квота беріледі. Ал, олардың ол жаққа барғысы келмейді, себебі ол жақтың орташа жалақысы 14-15 доллар. Ал, қазақша оқыса қызмет істейді,өседі, сондықтан оларға тәжік тілін оқығанда не пайда? Бірақ, жергілікті басшылар мектепті көрсеткіш есебінде бәрібір ұстап отыр. Міне, осындай жасандылық болмауы керек.
Қысқасы, басқа ұлт өкілдерімен біздің азаматтық құқығымыз тең сақталуы тиіс. Бірақ, Қазақстан мемлекетінің барлық шарттары ұлттық атрибуттар негізінде қызмет істеуі қажет. Ұлттық мемлекеттің өзіндік шарттары бар.
Ол шарттардың кейбіріне тоқталып өтейін. Ұлттық мемлекетте ұлттық мейрам болуы керек. Мысалы, француз халқының тарихи мейрамы – Бастилияны алу. Франция мемлекеттік құрып жатқан тұста, ол тәуелсіздік мейрамы болып бекітілді. Франциядағы басқа ұлттардың барлығы осы мейрамды тойлайды. Ал, қазақта бір ұлттық мейрам бар ма? Біз осы мәселені бірнеше рет көтердік, ең болмаса қаралы күнді немесе тәуелсіздік үшін күрескен ерлердің күні деген секілді мейрамдарды енгізуді ұсындық. Қырғыздардың өзі 1916 жылғы көтерілісті мейрам етуді мәселе етіп қойды. Ұлттық мейрам – мемлекеттің бұл мызғымас бір шарты екенін ұмытпайық. Екіншіден, ұлттың белгілі адамдарының атындағы сыйлықтар, ордендер, марапаттардың жоқтығы. Мысалы, Ресейде Ломоносов атындағы орден, әскерилерге берілетін Невский, Ушаков атындағы орден, т.б. кете береді. Неге мемлекеттік қайраткерлерге Абылайдың, Абайдың атындағы ордендер берілмеске? Неге әскери бөлімдерге қазақтың батырларының аты берілмейді? Әскерилер: «Мен Кенесары атындағы полкте қызмет еттім, әскери борышымды өтедім» десе қандай тамаша?! Осы тақырыпты қозғап үш батырдың атын өткізіп үлгердік, одан арғысына шамамыз келмеді. Сондықтан, ұлттық мемлекеттің шарттары орындалса, ұлттар арасындағы қарым-қатынас өзінен өзі белгілі бір жақсы, табиғи түрдегі достастыққа келеді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір