• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 08:01:01
Алматы
+12°

26 Сәуір, 2014 NEWS

Шыңғыс Ергөбек. Түркі елдерін қолдау Түркияның ғана міндеті емес

Украинадағы болған оқиғалардың ішінде ең күрделісі де, біржақты бағаға ие болмағаны да «Қырым аннексиясы». Бауырлас татар ұлтының Отаны болып табылатын...

    Украинадағы болған оқиғалардың ішінде ең күрделісі де, біржақты бағаға ие болмағаны да «Қырым аннексиясы». Бауырлас татар ұлтының Отаны болып табылатын Қырымның Ресейге өтуі қандай мәселелерді ашып көрсетті?

Біріншіден, әлемнің әр түрлі бөлігінде орналасқан Түркі елдерінің ауыз бірлігінің жоқтығы. Түрік республикасы Қырымның Украина құрамында қалуын қолдап, Ресейге күш қолдандырмауға тырысты. Қазақстан болса алғашында Ресей әскерінің Украинаға кіруіне қарсы екендігін айтып, кейіннен Қырым тұрғындарының таңдауына түсіністікпен қарайтындығын айтты. Өзге түркітілдес елдерден мардымды ештеңе естілмеді Түркияның бұл ынтасы Украинаның уақыт өте келе федералды мемлекетке айналуы мен Қырымның осы федерация шеңберінде кең дәрежелі автономияға қол жеткізу идеясымен байланысты болатын. Орта ғасырлардан бері бұл екі ел мен ұлысты терең тарих байланыстырады. Қырым Ресей құрамына кірмес бұрын Осман империясының ең маңызды стратегиялық құрамдас бөліктерінің бірі болғандығы тарихи факт. Осы тығыз байланысқа арқа сүйей отырып Қырым біртіндеп тәуелсіз Қырым татарларының мемлекетіне айналу мүмкіндігіне ие болар еді. Дәл бүгінгі күні Қырым үшін тәуелсіздік мүмкін емес жобалардың қатарында болды. Себебі, ел мен жердің егесі қырым татарларының Қырымда саны аз. Сталин зобалаңы заманында «сенімсіз ұлт» ретінде депортацияға ұшыраған қырым татарлары өз Отанына қажетті мөлшерде қайта көшіп келген жоқ. Тіпті Қырымның болашағына байланысты өткен референдумда татарлардың пікірі ескерусіз қалды. Қырым татарларының өздері Ресей құрамына кіруге қарсы екендігін жасырмады. Шынында Ресей құрамына кіріп, кейін қантөгіссіз, оңай дербестігін алған елдер жоқтың қасы.

Қазақстан өзінің басты одақтасы Ресейді жоғалтып алмауды және аймақтық қауіпсіздікті қолдайтындығын көрсетті. Солтүстік көршіміздің саясатын қолдау тіпті Украина Сыртқы істер министрлігі тарапынан түсінбестікке әкелді. Ресми Астана бұл жағдайда Украина мемлекетіне қарсы ештеңе көздемегендігін айтып ақталуға мәжбүр болды.

Екіншіден, бүгінгі түркітілдес елдер бір-бірінің тағдырына бейтарап, тіпті салғырт қарайды. Мұстафа Кемаль Ататүрік кезінде: «Империялар мәңгілік өмір сүрмейді. Біздің солтүстіктегі көршіміз де империя. Темір тордың арғы жағында болса да онда біздің бауырларымыз бар және олар бір күні тәуелсіздікке қол жеткізеді. Біз осы сәтке дайындалып, олардың тәуелсіздігін нығайтуға ат салысуымыз керек», - деген екен. Не деген түрікшілдік, не деген ағайыншылдық?!. Ұлттық мүддені жалпы түрікшілдік мүддемен ұштастыра алушылық. Кеңестер одағы деген алпауыт империяның ыдырағанына 20 жылдан астам уақыт өтті. Кеңестер одағынан өз тәуелсіздігін 5 түркітілдес мемлекет алды. Түрік республикасы бұл елдерді бауырлас ел ретінде ең алғашқылардың бірі болып мойындап, дипломатиялық қатынастар орнатты. Өзге елдермен байланыс орнатуына көмектесті.

Бұл елдер өз тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту мүмкіндігіне ие болды. Бірақ осы жиырма жылда ешбір тәуелсіздік алған мемлекет өзінің бауырлас түркітілдес еліне көмек қолын бермеді. Түркітілдес елдер осы 5 мемлекетпен аяқталып қалғандай өзге алпауыт империялардың құрамында қалып қойған бауырлас ұлттар мен ұлыстарға көмек көрсету, олардың дербес ұлт ретінде сақталып қалуына ықпал етпеді. Жоғалып бара жатқан ноғай, шор секілді ұлыстарға қолдау көрсету немесе Қырымның Ресейге қосылуына қарсылық білдіру секілді бауырлас ұлттарды қолдау саясатын неге жүргізбеске? Әлде Мұстафа Кемаль Ататүріктің айтқан сөздері тек Түрік республикасына қатысты айтылған сөздер ғана ма? Олай деп ойлайтын болсақ, өзімізді кезінде Еуразия материгіндегі ең ірі мемлекет құрған Ер түріктің мирасқорымыз, Ұлы Түрік өркениетінің бір бөлігіміз деп қарастыра аламыз ба? Жоқ. Онда біздің мұндай моральды құқығымыз қалмайды.

Біз бүгінгі күні аймақтық, әрі белгілі дәрежеде әлемдік саясатқа ықпал ете алатын жағдайға жеттік. Бірақ бұл жетістігіміз баянды, тәуелсіздігіміздің тұғыры қуатты болу үшін түркітілдес мемлекеттер бірін-бірі қолдауы керек секілді. Әлем тарихынан бауырлас елдердің көмегінің қиын қыстау кезеңде демеу болғандығын көрсететін фактілер жетерлік. Мысалы: Араб-Израиль соғысы уақытында барлық араб елдерінің бірігіп мұнай эмбаргосын жасауы Израильдің агрессиясын тоқтатты, АҚШ пен Ұлыбританияның арасындағы ерекше англо-саксондық атлантикалық қатынастар әлі күнге дейін АҚШ-тың ұлы держава ретінде қабылдануының негізгі факторларының бірі.

Бұл әрине әр мемлекетке өз тағдырының тысында өзге ұлыс үшін қосымша жауапкершілік жүктейді. Бірақ кез-келген ұлт өз мүддесін қорғауда жақын бауырларына арқа сүйесе өз көздегендігіне жетері сөзсіз.

Шыңғыс Ергөбек

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір