• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:48:12
Алматы
+12°

22 Сәуір, 2014 NEWS

Болат Мүрсәлім: Алаштың аз насихатталуына қазіргі ұлтсызданған билік кедергі

Интернет-конференцияның кезекті қонағы журналист Болат Мүрсәлім "Қамшы" оқырмандарының сауалына жауап берді. Сұрақтардың негізгі арқауы - бүгінгі журналистика,...

Интернет-конференцияның кезекті қонағы журналист Болат Мүрсәлім "Қамшы" оқырмандарының сауалына жауап берді. Сұрақтардың негізгі арқауы - бүгінгі журналистика, Алашорда тарихы, шетелдегі қазақ тағдыры жайында өрбіпті. 

Алтын: Сәлеметсізбе қазіргі замандағы қазақ журналистеріне қойылар талап қандай?

– Ең әуелі осы конференцияны ұйымдастырып отырған "Қамшы" порталының ұжымына мың алғыс айтамын! Алтынның сұрағына келсек, қазіргі қазақ журналистеріне қойылар талап – кәсіби журналист болу керек. Өйткені, қазақ журналистикасында таланттар көп, бірақ сол Құдай берген талантын күнделікті биік деңгейдегі контент жасауға жұмсайтын кәсібилер аз. Талантты журналистер көңілінің қошы келгенде мықты мақала жазып, я болмаса сюжет жасап тастайды, зауқы соқпаса, «мен онсыз да мықтымын ғой, аз жазсам да, саз жазам» деп, жалқаулығын талғампаздық сияқты көрсетуге шебер.

Абзал: Сіз бірнеше БАҚта жұмыс істедіңіз? неге жұмыс орныңызды жиі ауыстырасыз? сізге қысым жасайды ма шындықты айтқаныңыз үшін әлде ұжыммен жұмыс жасай алмайсыз ба?

– Маған ешкім қысым да жасамайды, ұжыммен де дұп-дұрыс жұмыс істеймін. Журналистиканы кәсіп етіп жүргенімен 15 жылға жуықтапты. Сол уақыт ішінде бірнеше БАҚ-та қызмет ету қалыпты жағдай деп есептеймін.

 Бір қазақ: Алашорданы зерттеуіңізге не себеп болды? және қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?

– Мектептен бастап Алаш көсемдерінің еңбектерімін жақсы таныс болдым. Кейіннен «Қазақстан» телеарнасын басқарған Ғалым Доскен ағамыз Алашты тереңірек насихаттау керек деп жиі айтатын. Бірақ, Алашорданы зерттедім деп айта алмаймын. Осы уақытқа дейін шыққан алаштанушылардың зерттеулерімен танысып шықтым. Зерттеген адам Мәмбет ағамыздай, Тұрсын Жұртбай ағамыздай болсын. Ал, егер нәтиже деп айтуға тұрса, онда «Алашорда» атты фотоальбом құрастырғанымды және оның бір айдан соң қайта басылып шыққанын айтар ем.

 ӘЛИХАН: “ҚАМШЫ” САЙТЫНА РАХМЕТ! ОСЫНДАЙ АЗАМАТТАРДЫ ЖАРҚЫРАТЫП КӨРСЕТУ КЕРЕК. ЖҰРТ БАҒАСЫН БІЛУ КЕРЕК.

БӨКЕ, АЛАШОРДА – ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ МЕМЛЕКЕТІ ДЕГЕН ПІКІРМЕН КЕЛІСЕСІЗ БЕ? ЕГЕР ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН АЛАШ КӨСЕМДЕРІНІҢ САЛЫП КЕТКЕН ІЗІМЕН ЖҮРГЕНДЕ ДӘЛ ҚАЗІРГІДЕЙ ДҮБӘРӘ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛМАС ЕДІК. СІЗ ҚАЛАЙ ОЙЛАЙСЫЗ?

– Алашорданы қазақтың тұңғыш мемлекеті деп айта алмаймын. Өйткені, сонау Сақтар мен Ғұндар дәуірін айтпағанда, күні кешегі Қазақ хандығын қайда қалдырамыз? Сол себепті, Алаш автономиясының Қазақ мемлекеттілігінің ХХ ғасыр басындағы бір формасы деуіміз керек. Ал, «бүгінгі Қазақстан Алаш көсемдерінің салып кеткен ізімен жүргенде...» дегенге өзіңіз жауап беріпсіз.

Мені ештеңе жасытқан жоқ

НҰРЛАН: “Алашорданы” зерттеуде қандай қызықты деректерге, таңғажайып оқиғаларға, құпия мәліметтерге қол жеткіздіңіз? Тым құрыса бір Алаш аталарымның бір әңгімесін майын тамызып отырып айтып беріңізші…

– 1932 жылы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш қайраткерлерін Мәскеудің Бутыр түрмесінен «итжеккенге» айдамақ болады. Қырықтан астам азаматты Мәскеудің вокзалынан Воронеж, Мурманск бағытына жіберу үшін екі вагонға бөліпті. Ол кезде Әлихан Бөкейхан мен Сұлтанбек Қожанов Мәскеуде тұратын. Қазақтың екі ардагері арнайы орындардан рұқсат алып, осы екі вагондағы Алаш азаматтарымен жүздесіп қалудың ретін келтіріпті. Әлекең Ахаңдар бастаған үлкендер жағы отырған вагонға, Сұлтекең жастау қайраткерлер отырған вагонға енеді. Алашордашылар биліктен тайдырылғанда, оларға пана бола білген С.Қожанов: «Жігіттер, жасымаңдар! Ел сендердің бас тігіп, ұлт үшін қызмет еткендеріңді біледі. Әлі-ақ босап шығасыңдар!» деп жігерлендіре сөйлейді. Содан, пойыз Мәскеуден аттанып кетеді. Жастар жағы көрші вагонға кірсе, ағалары тіпті тойға бара жатқандай көңілді екен. Өйткені, мұнда ұлт көсемі Әлихан кірді емес пе? Әлекең жігерлендірмек түгілі, айдауыл бара жатқан азаматтардың рухын көтергені сонша, осы әңгімені жазып қалдырған алаш азаматы «Сөйтіп, Воронежге біз көңілді аттандық!» деп аяқтапты. Мүмкін, қайсыбір детальдерін нақтылау да керек, бірақ әңгіменің ұзын-ырғасы осы. Мен осыны оқиғаны Мәмбет ағамыздан естігенде, Алаш қайраткерлерінің рухына шынымен таң қалдым!

Мұңлық: Қазіргі саяси ахуал, елдің күйсезілсі аяқтайтын күн бола ма? Билік басында отырғандарда қандай ауыс-түйістер болуы мүмкін? Болашақ президент кім болады?

–  Болжам жасай алмаймын. Бірақ, дүние бір қалыпта тұрмас деп ойлаймын.

Ақкісі Алпамса: Болат аға, сіздің хабарларыңызды көргенде қуанып қаламыз, дегенмен Қазіргі Болат бұрынғы “Мезгіл” хабарын жүргізген Болат сияқты адуынды емес, жалыны бәсең көрінеді, қалай ойлайсыз қоғамның қазіргі беталысы сізді жасытып қойған жоқ па?

– Пейіліңізге рахмет. Бірақ, «адуынды» дегенді әйел адамдарға қатысты қолданса керек. Мені ештеңе жасытқан жоқ, тек жас кездегі лапылдаған жалын сәл басылған шығар деп ойлаймын. Сырттағы жалын қазір ішке түскен шығар.

Қабимолла: Біздің белді ақпарат құралдарының басшылары дерлік орыс ұлтының өкілдері, сізді басшылық орындарға ұсынбадыма, ұсына қалса қолға алам дейтін үлкен идеяларыңыз барма?

– Мені ешкім басшылық орынға ұсынған жоқ. Ұсынса, әрине, қолдан келетін дүниені жасап бағар едік.

Базар: Досым көп деп санайсызба, әлде пікірі қайшы дұшпаным көп деп санайсызба?

–  Досым көп емес. Мектептен дос болған, Алматыға келген соң тапқан азын-аулақ сыйлас азаматтар бар. Өзім ешкімге жаулық сағынбаған соң, дұшпаным да жоқ деп ойлаймын. Бірақ, кім білген?

Өзбек: Болат, сіздің біліміңізге және кәсібилігіңізге риза адамның бірімін. Алла алдыңыздан жарылқасын! Менің сұрайын дегенім, қазіргі 30 бен 40 жастың арасындағы ұлты үшін жанын қиюға дайын білімді де, білікті азаматтар қазақты орыстандыру саясатын тоқтату амалдарын қарастырып жатыр ма!? Билік басындағылар балалары мен немерелерін неге қазақ мектептеріне бермейді деп ойлайсыз? Олардың ұрпағын жат тілдегі мектептерде оқытуын, билік басындағылар Қазақ елінің келешегіне мүлде сенбейді және келешегін Қазақ елімен байланыстырмайды, деп кесіп айтуға бола ма?

– Көңіліңізге рахмет. Қазіргі ұлтшылдық қозғалысты жүйелі түрдегі дүние деп емес, ұлттың өзін-өзі сақтау инстинктінен туған реакцияға ұқсатар едім. Ал, билік басындағылардың бала-шағасын қазақтан алыс тәрбиелеуінің мәнісін шын мәнінде өзім де түсіне алмаймын. Арнайы әлеуметтанулық зерттеу жүргізіп көрмеген соң, қалың көпшілік тәрізді шорт кесіп, тон піше салғым келмей отыр.

Діни көзқарасы – әркімнің жеке шаруасы

Айдос:  31 арнадағы “Өз сөзім өзімді” бағдарламасы неге шықпай қалды. Ашылғанынан жабылуы тез болды ғой?

– Иә. «Өз сөзім өзімдікі» бағдарламасының ашылғанынан жабылуы тез болды. Оның жабылуын басшылық «өзін-өзі ақтамайды» деп түсіндірді. Бірақ, дәл сол бағдарлама сияқты авторлық болмағанымен, қазір «Информбюро» да сондай өзекті мәселелер төңірегіндегі жаңалықтарды назарда ұстайды емес пе?

Елдар: Бүгінгі телевизияға көзқарасыңыз қандай, прогрестен гөрі регресс басым ба қалай? Өзіңізге ұнайтын қазақ тілді 5 бағдарламаның рейтингін жасап беріңізші?

– Қазіргі телевизия саласында жанрлық түрлену жетіспейтін сияқты. Барлық арнаның істеп отырған дүниесі бір біріне қатты ұқсайды. Кейде мұның себебін өзімше іздеп,  «телевизия төңірегіндегі аутсорсингті «данышпандар» ойлап тапты, нағыз таланттар сол тапсырысты орындап жатыр, қызығын қулар көріп отыр» деп қалжыңдаймын. Ал, үздік дейтін 5 бағдарламаның рейтингін жасай алмаспын. Өйткені, тұрақты түрде теледидар көруге мүмкіндік бола бермейді. Дегенмен, Е.Айдабосын, Н.Аралбайұлы, С.Омаш, Е.Дәулетияр сияқты жекелеген журналистердің ізденістерін жақсы бағалаймын.

Есенгелді: Соңғы кездері “31″ арнаға қатты риза болып жүрмін. Қазақ көшіне байланысты, елдің болашағына байланысты мәселелерде бұғып қалған жоқ. Айтарын айтты. Шындығын айтқанда бүгінгідей цензуралы Қазақстанда мұндай қадам “ерлік”. Сұрайын дегенім, ұлттық мәселелерге ден қоюларыңыз басшыларыңыз Бағдаттың әсері ме, әлде қарапайым қатардағы журналистердің еңбегі ме?

– Екеуі де бар. «31 арнаның» Бас директоры Б.Қожахметов журналистиканы бастағаннан Жаңалықтар қызметінде істеген азамат ретінде, үнемі шығармашылық бостандықты насихаттап отырады. Тек шығармашылық бостандық, объективті ақпарат арқылы ғана көрермен ықыласынан бөленуге болатынын айтып, соған жағдай жасайды. Әрі «Информбюроның» ұжымы да талмай ізденеді. Өткен аптаның рейтингін қарап отырсам, республикалық телеарналардан қазақ көрермені ең көп көрген қазақша, орысша барлық телеөнімнің (сериал, бағдарлама, кино, мультфильм т.б.) ішінде «Информбюроның» қазақ тіліндегі бөлігі рейтингте 3-орында тұр екен. «31-дің» жаңалықтары тек «Қазақстан» арнасындағы «Келін», «Астана» арнасындағы «Қыз ғұмыры» сериалдарынан ғана төмен тұр. Қайталап айтамын: қазақша, орысша барлық телеөнімдер арасында. Бұны «Информбюро» ұжымының кәсіби биік деңгейінің арқасы деп есептеймін.

Болашақ: Бөке, Сіздің діни көзқарасыңызды білгім келеді. Егер елдің басына күн туса осы қазақтар қырық пышақ боп ағымдарға бөлініп жатпай ма?

–  Діни көзқарасы – әркімнің жеке шаруасы. Ал, ағымдардың қырық-пышақ болып жатқаны қазірдің өзінде көрініп отыр ғой. Дегенмен, Ахмет Аляз мырза айтқан мына әңгіме есімде қалыпты. Ол кісінің айтуынша, Түркияда да дінге жаппай бетбұрыс жылдарында небір алауыздықтар болған. Кейін, барлығы да жалыққандай болып, діни температура біршама бәсеңдеген. Қазақстанда да барлығы түптің түбінде тыныштанады деп үміттенем.

Шетелдегі қазақты ойласам, ұйықтай алмаймын

Айгүл: Аға, біздер – қыздар қауымы қазақтың жігіттеріне сеніп жүрміз. Ал жігіттеріміз кімге сеніп жүр? Еліміздегі кез келген ұлт өкіліне қазақша сөйлейтін нағыз еркектер жоқтың қасы. Сонда бұл елдің иесі кім? Қожасы кім?

–  Оның рас. Кез-келген адамға қазақша сөйлейтін қазақты сирек кездестіресің. Ауылды жерде болмаса, ол үрдіс қалада жоқ. Дегенмен, түңілмейік. Қазақстанның иесі де, киесі де қазақ.

Бір қазақ: Болат аға! Сіз елім үшін не істедім деп айта аласыз?

– Елім үшін ештеңе істедім деп айта алмаймын. Жұрт төреші бәріне.

Талант: Болат аға, мен сізді елдің аманатын арқалар нағыз азамат деп білемін. Шыныңызды айтыңызшы. Біз осы тәуелсіз елміз бе? Не істеуіміз керек?

– Қазақстан – тәуелсіз ел. Бірақ, көптеген мәселелер бойынша тәуелсіздікке қауіп төніп тұрған жағдай бар. Ақпараттық  кеңістігіміз аңғал-саңғал, Кеден одағы экономикалық қана емес, саяси шешімдерге де бөгет.

Қалинұр: Қазақ көші, оралман мәселесі сізді қаншалық алаңдатады? Бәз біреулер айтып жүргендей осы шетелдегі қазақтар қашқын ба, оралғандары сұраншақ па?

– Шетелдегі қазақтың тағдырын ойласам, кейде түннің бір уағына дейін ұйықтай алмаймын. Пафос емес, шын айтып отырмын. Шетелдегі қазақ Қазақстанға келіп, әбден орнығып, осы елге үйренгенше, оларды баладай мәпелеп күту керек. Ал, бес-он жылдан кейінолар  толыққанды Қазақстан азаматы болған соң, заң бәріне ортақ. Олар сұраншақ та, қашқын да емес.

Ғалым: Болат аға, алаштану бағытына қалай келдіңіз? не түрткі болды? ендігі зерттеу бағытыңыз қандай?

–  Мені ең қызықтыратыны – Алаш автономиясының кезеңі. Бұл Алаш атты ұлт-азаттық қозғалыстың шарықтау шегі, түп мақсұты. Сол кезеңге қатысты әрбір детальге шейін үңіліп, мүмкін болса көркем дүние – тарихи драма жазғым келеді. Қазір Алаш әскеріне қатысты бір жобаны қолға алып бастадым.

Ұлттық идея мынау дейтін уақыт емес

Алия Байкеева: Сізді зікірші дегені рас па? Сіз туралы осындай алып-қашпа әңгімелерді кім шығарып жүр деп ойлайсыз?

– Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын ғой. Істерге ісі жоқ адамдар не болса соны шығара береді емес пе? Мен қазір бұндай әңгімеге көңіл аударуды қойғам.

Жәнібек:  Ассалаумағалейкум Болат аға. сізге қояр сауалым.

1. 2006 жылы сіздермен бірге қызмет істеген Қазақстан ұлттық арнасының журналистері түгелдей қызметтен кеткенің білеміз. сол әріптестерің қазір қайда жүр, сол уақытта сіздердің ұжымдарыңыз ұлттық мүдде үшін жүмыс істеді.

2. неліктен қазір ұлттық арна сіздердің жасаған жобаларыңызды ары қарай жалғастырмайды.

3. 31 арнадағы “Өз сөзім өзімдікі” бағдарламасы неге тоқтап қалды.

4. Бізде ұлттық идея барма өзі.

5. Алаш идеясын іске асыруға қазіргі таңда не кедергі.

6. Шеттегі қазақ мәселесін қалай енді шешеміз. көш тоқтап қалды, шетте қаншама қазақ қалды, әлемдегі жаһандану процесіне байланысты 20-30 жылдан кейін ол қазақтарды жоғалтып алмаймыз ба?

7. Қазіргі биліктегі орыс тілді билік тізгінің ұстаған мәңгүрттенген басшылардың орнына сіздердей азаматтар шығуға не кедергі.

8. неліктен елбасымыз К.Мәсімовты қайта билікке әкелді.

9. Біз қашан ұлттық мемлекет құрамыз.

–  Әликасалам, Жәнібек. Сұрақтарыңа қысқа-қысқа жауап берейін.

  1. 2006 жылы «Қазақстаннан» кеткен әріптестерімнің біршамасы сол арнаға қайтадан барып, жұмыс істеп жатыр. Қалғандары – елдегі түрлі БАҚ-та түрлі қызмет етіп жүр. Көрермен әлі күнге сол ұжымды қазаққа жақын болды деп сағынып еске алады.
  2. Бұл сұрақты сол арнаның қазіргі басшылығына қою керек.
  3. Жоғарыда айтылды. Өзін-өзі ақтамайды деп тоқтады.
  4. Меніңше, ұлттық идея туралы әрбір саяси топтың, әр тұлғаның түсінігі әртүрлі. Ұлттық идея мынау дейтін уақыт емес сияқты қазір.
  5. Алаш идеясы дегенді де әркім өзінше түсінеді. Ал, Алаштың, жалпы тарихтың аз насихатталуына қазіргі ұлтсызданған билік кедергі.
  6. Шеттегі қазақ жоғалады дей алмаймын, тек бір қауым ел өзі тұрып жатқан елінің ассимиляциясына ұшырауы бек мүмкін. Оның жалғыз жолы – түсіндіру, ұғындыру арқылы күрес жүргізу. Бұл мәселе тек саяси күреспен бітеді.
  7. Оны білмедім.
  8. Түрлі болжамдар айтылды. Бірақ, неліктен Мәсімовтің қайтадан Үкімет басына келгенін өзім де түсінбедім.
  9. Жол ұзақ. Дегенмен, ол күндер де алыс емес.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір