• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:45:05
Алматы
+12°

14 Сәуір, 2014 NEWS

Қазақ көшін жандандыруға қандай қадамдар керек?

Бүгінде әр үш қазақтың бірі өзге елдерде тұрып жатыр. Және  қазақ көшіне жасалған қиянат қазаққа жасалған қиянат емес пе? Еліміз егемендік алып, әлемге жар...

Бүгінде әр үш қазақтың бірі өзге елдерде тұрып жатыр. Және  қазақ көшіне жасалған қиянат қазаққа жасалған қиянат емес пе? Еліміз егемендік алып, әлемге жар салып, Елбасымыз тарыдай шашылып кеткен әлемдегі қандастарын қарашаңырақ астына шақыра бастағанда шаттанбаған қазақ баласы қалмаған шығар. Сол қиын-қыстау кездің өзінде үкімет көшті біршама жандандырған еді. Шеттен ағылған қазақтарға қарап, жылдық жоспарлар жасап, жыл сайынғы бөлінетін квота бекітіліп, соған қарай келген қандастарымызды орналастыру жүзеге аса бастады.  Алайда,  белгілі адамдардың мен топтардың көштің маңын табыс көзіне айналдыра бастаған соң, қазақ көші бір министірліктен келесі бір министірліктің табалдырығына телміріп, басынан бағы тая бастаған еді. Бағы тайған қазақ көшін Мәсімов үкіметі  тұсаулап, Ахметов үкіметі мүлде шідерлеп тастады.

Биліктегі қазаққа жат ойлылар "шеттен келген қандастарымыз тиын-тебен, жәрдем-ақы үшін, яғни Қазақстаннан алу үшін келеді" деп ойласа керек, оны тоқтатып тастады.  Бірақ оған қарап қалған қазақтар жоқ, өз еркімен келушілер бұрынғыдай Отанымыздың топырағына келіп, ірге тепті. Бұдан нәтиже шықпаған соң, Ахметов үкіметі Отанына қоныс аударам деген қандастарымызды келімсектердің  дәрежесіне тең заң қабылдады. Тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алу мәселелерін қиямет-қайымға айналдырып қойды.

Дәл осы жағдайлардан кейін  қандастарымызға жаны ашыған жазушы, драматург Дулат Исабеков ағамыз Алматыда Президент Н.Назарбаевтың  қабылдауында болып, елбасының: «Көш тоқтамайды, мұның бәрін терең ойлап, нақты істерге қадам жасағалы отырмыз»,- деген сәлемін жеткізді. Иә, дұрыс Қазақ көші тоқтамайды, Қазақ көшін тоқтатуға ешкімнің  қақы жоқ!  Әрбір Қазақ баласы үшін Қазақстан қымбат болса, Қазақстан үшін Қазақтың әр баласы қымбат! Онсыз да тарихта көрген тепкіміз жетеді, енді егеменді еліміз барда көрінгеннің босағасына қазақ баласын телміртсек, болашақ бізге қарғыс жаудырар. Сырттағы Қазақтардың ұлт болып сақталып қалуына қауып төніп, ал елімізге Ресейдің отаршылдық араны ашылып тұрған дәл осы кезде қазақ көші үшін нақты істерге көшбесек, қашан қолға аламыз? Ендеше,  қазақ  көшін жандандыруға қандай қадамдар керек?

Нақты қадам Қытайға жер жалға беріп, Қытайлар қандастарымызды сол жерлерге жұмысшы ретінде әкеледі деп үміттену емес (http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/45364). Қытайға жер жалға беріп солтүстік облыстарды қазақыландырамыз деген әңгіме аюдың апанынан құтылып, айдағардың ауызында жұтылу емес пе? Қытайға жер жалға беріп, қазақты әкел десең, олар тек Қазақты әкелетініне кім сенеді. Ол Солтүстікті, жоқ Қазақстанды қытайландырудың, не мына Мәсімов үкімет басшысы болып тұрғанда солтүстікті ұйғырландырудың жолы болып кетпесіне кім кепіл? Сондықтан, Солтүстік облыстарды Қытайдың қолымен қазақыландырамыз, Қытай арқылы Ресейден қорғанамыз деу дұрыс шешім емес. Одан да солтүстік өңірге іштегі және сырттағы Қазақтарды тартудың тиімді жобасын жасаған жөн болар еді.

Биылғы 20 науырызда  Үкімет №248 , оралмандарды 7 облысқа қабылдау туралы (http://abai.kz/post/view?id=176). арнаулы қаулы қабылдапты. Дұрыс! Аталған облыстарға шеттен келген қазақтарды көптеп қабылдау керек. Бірақ өз күшімен келген ағайындарды басқа облыстарға қабылдамай қоюға тағы да болмайды. Олардың да өздеріне қолайлы жерге тұрақтануға құқы бар, сондықтан іштегі және сырттағы қазақ көшін реттейтін үлкен орталық құрылып, үлкен зерттеулер жүргізе отырып көш жағдайын реттеуі керек.

Қазақ көші үшін қандай нақты істерге көшеміз десек, төмендегі мәселелерді басты назарға алу керек:

1.Оралмандарды "масыл" деген көз қарастан арылу керек. Қай Оралман кімге масыл болып жатыр? Келгеннің бәрі елден кем күн көріп жатқан жоқ, адал еңбегімен нанын тауып жеп, тұрған жеріне, тұрған ауылға сіңісіп кетіп жатыр.

2. Қандастарымыздың көбісі ауыл шарашылығымен шұғылданады және ұлан-байтақ жерімізге ауыл шаруашылыған дамту мүмкіндігі күшті. Бірақ жер реформасы керек, жер реформасы тек келген қандастарымыз үшін ғана емес, барлық қазақстандық үшін керек. Қай ауылға барсаң, жер сол ауылдағы бірнеше адамның қолдана ғана шоғырланған. Қалғандары жерді жуандардан жалдайды. Тіпті, сол ауылдан көшіп кеткеніне 15, 20 жыл өтіп кетсе де, жері әлі солардың меншігінде. Не өздері пайдаланбайды, не пайдасын халық көрмейді, мемлекетке салығы төленбейді. Міне, осындай жер теңсіздігін реттеп, жерді пайдаланар адамдарға шамасына қарай бөліп берсе, бар Қазақ үшін пайдалы болар еді. Сырттан келген қандасына жергілікті биліктің көмегі осылай жасаса да болар еді.

3. Жан-жақтан келіп жатқан Қазақстанның ішкі жағдайына қанық емес.  Қазақ қалай солтүстік өңірге өз аяағымен бара алады? Ол үшін арнайы Солтүстік аймақтарға көшті ұйымдастырар  жұмыс жасауы керек. Келген қандастарымызды бейіміне, кәсібіне қарай шағын топпен апарып орналастыру керек. Және өз аяғымен басқа өңірлерге орналасам деушілерге кедергі болмау керек. Басқа жерде адам саны асып тасып кеткен ештеңе де жоқ. Ал, солтүстік аймақтарға тек шетелден келген қазақтарды ғана емес, еліміздегі барғысы келген бар қазаққа оралмандармен бірге жағдай жасалуы керек. Солтүстік өңірге қазақ тығыздығы аз жерлерге бар Қазақтың еріктісін баруға ынталандыру жасап, жас отбасыларына, жас мамандарды сол жаққа оранасуға жебеу жасау керек. Осының бәрін қамтитын халықтық көші-қон саласын реттейтін орган құрылу қажет.

4. "Нұрлы көш" сияқты қателікті қайталамау керек.  Қандастарды оқшау орналастырмай, жергілікті халықпен тығыз байланыста өмір сүретін ортаға бейімдеп,  жұмыспен қамтып, ел ынтымағын күшейту керек.

Қорыта айтқанда, қазақ көшімен айналысатын белгілі орган және көш туралы, көштің жағдайы туралы толық мәлімет алатын ақпараттық орта керек. "Торғай сойса да қасапшы сойсын" дейді ғой. Қазақ көшімен қалай да көшіп көрген көш жайын анық білетін адамдар айналысса дұрыс болар еді. Солтүстіктік өңірлерді қазақыландыру туралы тәжірибелі адамдардың жаңа жоба жасап дайындап, үкіметке ұсынып жүзеге асырар болса Қазақ үшін үлкен жақсылық болар еді. Қазақ көші үшін өз үлестерін қосып жүрген, үкіметке жаңа заңға өз қарсылықтарын және азаматтық алу, тұрақты тіркеуге алу жағының қиындықтарын айтып хат жазып жүрген ағаларымның бас қоса отырып, жаңа Қазақ көшінің жобасын дайындап шығуларын өтінеміз! Қазақ көшін реттеу тек сырттағы Қазақ үшін емес, барлық Қазақ үшін өзекті мәселе.

Құрметті, оқырман!  Казақ  көшін дамытуға байланысты алып-қосар ой-пікіріңіз болса, мархабат!

Құрметхан Тұрдыбек                                 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір