• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:48:12
Алматы
+12°

08 Сәуір, 2014 NEWS

Шыңғыс Ергөбек. Әлемнің Орталық Азияға ұсынып отырған геосаяси сценарийлерінен нені аңғарамыз?

Бүгінгі күні Украинада орын алған оқиғалар әлемді Ресеймен көршілес жатқан мемлекеттерге назар аудартып отырғандығы сөзсіз. Ресеймен көршілес аймақтардың...

 Бүгінгі күні Украинада орын алған оқиғалар әлемді Ресеймен көршілес жатқан мемлекеттерге назар аудартып отырғандығы сөзсіз. Ресеймен көршілес аймақтардың ішінде Орталық Азияның алатын орны ерекше. Бүгінде Қазақстан және Орта Азия секілді екі бөлек ұғымның бірігіуінің нәтижесінде пайда болған Орталық Азия кез-келген елдің Еуразия кеңістігінде басымдық орнатуына ықпал ете алатын геостратегиялық бірлікке айналып отыр.

65688989898Осы ретте Ұлы державалардың Орталық Азияға ұснып отырған түрлі сценарийіне көз жүгіртіп көрелік.

Ең алдымен, солтүстік көршіміз Ресейге тоқталып өтелік. Бүгінгі күні Ресей Орталық Азия үшін түрлі аймақтық интеграциялық жобалар ұсынып отыр. Бұлардың ішінде ерекше орынды Еуразиялық экономикалық қауымдастық алары сөзсіз. Бұл территориялық аймағы мен өсу қарқыны тұрғысынан ең іргелі одақтардың бірі болары сөзсіз. Бүгінгі күні әлі де кедендік одақ атымен белгілі қауымдастық экономикалық одақ жағдайына дейін көтерілер болса институционалдық механизмдері кемелденген бәсекелестікке төтеп бере алатын қауқарлы күшке айналуы мүмкін.

Мұның тиімді және тиімсіз жақтарын салыстырып көрелік. Ресеймен құрылған экономикалық одақ мемлекеттердің егемендігін шектеуі мүмкін. Бұл бірінші кезекте шешімі орындалуға міндетті ұлттық органдардан жоғары тұрған органдар жүйесін құру арқылы жүзеге асырылады. Яғни бүгінгі күні Еуропалық одақ атымен белгілі бірлестікке ұқсас қауымдастық болады. Бірақ Еуропалық одақ пен Еуразиялық экономикалық қауымдастық арасында елеулі айырмашылық та бар.

Біріншіден, Еуропалық одақ көп жағдайда тең әріптестердің одағы. Ал Еуразиялық қауымдастық Ресейдің үлкен әлеуеттік бәсекелестігіне негізделген. Бүгінгі күні кедендік одаққа қатысушы елдердің арасында экономикалық теңдік орнауы неғайбыл. Бұл жағдайды Ресей өзінің геостратегиялық басымдығын орнату үшін қолданатындығы айқын. Тіпті болмаған жағдайда «теңдердің арасында бірінші» болуға ұмтылары сөзсіз. Кедендік одақ жағдайында басты тұтыну нарығы Ресей болып қала береді және сыртқы сауданы кез-келген шектеу көршілес елдер экономикасына кері әсерін тигізері сөзсіз. Шын мәнінде бұл тең өзара тәуелді одақтастар бірлестігі емес, Ресейге тәуелділердің бірлігі болып кетуі ықтимал.

Екіншіден, Еуропалық одақ елдерінің арасында жақын арада бір-біріне үстемдік орнатып билік жүргізген мемлекет жоқ. Яғни шын мәнінде одақ шеңберінде метрополия мен колония қатынастары орын алған мемлекеттер шектеулі. Осылайша елдердің арасында бір державалардың өзге мемлекеттерге өктемдік жүргізу ниеті де төмен. Ал Ресей болса Кедендік одаққа кіруден бас тартқан Украинаға алдымен экономикалық санкциялар қолданып, Януковичті биліктен тайдырды. Сосын, Қырымды тартып алып, «тең дәрежелі әріптестік пен көршілерінің тәуелсіз сыртқы саясат» жүргізудегі ұмтылысына өз көзқарасын ашты. Мұндай Еуропа одағында болуы екіталай. Тіпті жақында Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу ниеті одақ мүшелері тарапынан қолдау тапты деуге болады.

Үшіншіден, Еуропалық одақ өзара толықтырылатын экономикалардың одағы. Яғни, бір елдің экономикасы өзге ел экономикасын толықтырып отырады. Еуразия экономикалық қауымдастығында бұл елдер бәсекелес. Экспорттық өнімдер біртектес және, тиісінше, әлемдік нарықта бәсекелес. Осыдан туындайтын ой Ресей Еуразиялық экономикалық одақ арқылы өз бәсекелестерінің экспорттық әлеуетін реттеу мүмкіндігіне ие болады. Шынында Ресей осы уақытқа дейінгі өзінің ең негізгі стратегиялық бағытын Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан мұнайы мен газының экспортталу жолдарын қадағалау екендігін жасырған емес. Тіпті мұнай және газ саласындағы құбырларды әртараптандыруға қатысу ынтасы Баку-Тибилиси-Джейхан, Набуко жобалары тұсында көрінген елдерге шектеу қою арқылы мемлекеттердің әл-ауқатын қатаң қадағалау мүмкіндігіне ие болды.

Төртіншіден, Еуразиялық одақ нарықтық экономикасы әлсіз дамыған бәсекеге қабілеті төмен елдердің одағы болып табылады. Бүгінгі күні Кедендік одақ елдерінде экономиканы мемлекеттік реттеуге деген көзқарастар әр түрлі. Беларусь әлі де тең дәрежедегі мемлекеттік реттеуді талап етсе, Қазақстан либералды экономика қағидаларына арқа сүйеуге тырысады. Еуропалық одақ бір экономикалық жүйеге негізделген елдердің одағы. Осы бір ерекшелік Еуропалық одақты мызғымас етеді.

Аймақ көршісі болып табылатын Қытай халық республикасы біртіндеп аймақтан Ресейді ығыстырып шығаруға мүдделі. Аймақтағы дуализмнің бүгінгі күні қақтығыстық әлеуеті өте жоғары болып отыр. Ондаған жылдар бойы алдымен Ресейлік, сосын кеңестік Орталық Азияны билеп келген Ресейдің бұл аймақтағы жалғыз қожайындық ету ниетін Қытай жақсы түсінеді. Түсінгенімен келіспейді. Агрессивті Ресей Орталық Азиядағы Қытай мүдделеріне қайшы келеді. Әрине Орталық Азия Қытайға тең дәрежелі әріптиес бола алмасы етенеден белгілі. Экномикалық әлеуеті бойынша бүгінгі күні Қытай әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекет. Бірақ осы позицияны сақтап қалу үшін Қытайға Орталық Азиядан үш нәрсе керек.

Алдымен, Орталық Азияның тұтыну нарығы ретінде қалыптасуы. Бүгінгі күні Орталық Азия Қытай экспортының мардымсыз ғана бөлігі. Орталық Азияның экономикалық әлеуетінің өсуі Қытайдың экспортының ұлғаюына алып келеді.

Келесі мәселе – қарқынды даму үстіндегі Қытай экономикасын тиісті энергетикалық ресурстармен қамтамасыз ету. Бүгінгі күні әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші мемлекеттердің қатарында Қытай да бар. Дегенмен бүгінгі күнгі өсімді тұрақты экономикалық өсімді сақтап қалу үшін Қытай үлкен көлемде энергетикалық ресурстарды импорттауға мәжбүр. Алыстан жаңа ресурстар іздегенше Қытай бұл ресурстарды көршілес Орталық Азиядан алғысы келері сөзсіз. Әрине бұл, Қытай алыс елдердің энергетикасына көз тігіп отырған жоқ деген мағынаны білдірмесе керек. Мысалы бүгінгі Африка континентіндегі ең ірі инвестор Қытай болып отыр. Дегенмен, аймақтағы тұрақтылық пен географиялық жақындық Қытайдың Орталық Азияға жеткілікті маңыз беретіндігінің айғағы. Бұл үшін Қытай Үкіметі аймақтық даму бағдарламаларын қолдап, энергетика секторына көптеп инвестициялар тартуда.

Сонымен бірге Қытайдың көптеген жылдардан бері бас ауруына айналып отырған, «Шыңжандағы ұйғыр диаспорасының» мәселесі. Қытайға көршілес Орталық Азия елдерінде ұйғыр диаспорасының өкілдері көп. Бұл өз кезегінде Қытайдың аймаққа жіті назар аударуына ықпал ететін бірден бір фактор. Қытай, Ресей және Орталық Азияның бастамасымен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі мақсаттарының қатарында ең маңызды екі басымдық ретінде экстремизм және сепаратизммен күрестің тұрғандығы бекер емес.

АҚШ Орталық Азияның Ресейден ажырап Оңтүстік Азия бағытында интеграциялануын жақтайды. Яғни, Орталық Азияның Ауғанстан, Пакістан, Үндістан бағытында интеграциялануына мән береді. Бұл аймақтық қауіпсіздік пен энергетикалық қауіпсіздік үшін өте маңызды. АҚШ-тың алдағы екі жылда Ауғанстанды тастап шығатындығын ескерсек, бұл мемлекетттің аймақтық тұрақтылыққа кері ықпал етуін болдырмау үшін АҚШ түрлі интеграциялық бірлестікетердің Ауғанстанға ықпал етуіне жағдай жасау үстінде. Шығыс Азия қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Және «дамушы» қоғамға тән ауруларды бастан кешіріп жатқан аймақ. Бұл бірінші кезекте ерекше айқын көрінетін әлеуметтік теңсіздік мәселесі. Ауғанстан жағдайында бұл кешеуілдеген технологиялық даму мен Пәкістан мен Ауғанстан жағдайында діни экстремизм мен сепаратизм мәселелері екендігі сөзсіз. Яғни шын мәнінде Шығыс Азия қарқынды дамып келе жатқан аймақ кекендігіне қарамастан, ішінде қақтығыстық әлеуеті күшті аймақ. Оның үстіне аймақ мемлекеттерінің өзара қатынастарындағы қиындықтарды ескеру де маңызды. Бұл Ауғанстан мен Пәкістанның арасындағы және Үндістан мен Пәкістанның арасындағы шекаралық қақтығыстар. Өзге мәселелерді ескермегенде аймақтың екі мемлекеті – Үндістан мен Пәкістан әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан мәселе –сауатсыздықпен күрестің өзінде дәрменсіздік танытып отыр. Бұған діни қайшылықтар мен бұл елдерді жайлаған жемқорлықты қоссаңыз, өте күрделі аймақ туралы сөз қозғап отырғанымызды байқайсыз.

Оңтүстік Азия бағыты Орталық Азияға не береді деген сауалға тоқталсақ айқын ештеңе ұтпайтындығымыз белгілі болады. Оңтүстік Азияда тиімді құралға айналып отырған діни қақтығыстар Орталық Азия мүддесіне қайшы келеді. Орталық Азия мемлекеттеріндегі саяси режимдер діни факторды өздеріне бәсекелес көреді және биліктерін әлсіретеді деп ойтайтындығы сөзсіз. Оңтүстік Азиямен интеграцияланған жағдайда дін қоғам құраушы негізгі факторлардың біріне айналады. Бұл Орталық Азия қоғамында тұрақсыздықтың жаңа себептерінің біріне айналуы мүмкін.

         Экономикалық тұрғыдан Оңтүстік Азия өз мәселелерін шеше алмай отырғанда өзге мемлекеттерге көмек беруі екі талай. Демек Орталық Азия Оңтүстік Азияның доноры болуға мәжбүр болады. Бірақ саяси тұрақсыздық пен экономикалық өзгерістер бұл жобаны өте тәуекелді жобалар қатарына жатқызары сөзсіз.

Осылайша Орталық Азияның алдында тұрған ең тиімді жол аймақтың өз ішіндегі интеграция екендігіне көзіміз жетеді. Өзара экономикалық және саяси интеграцияның нәтижесінде ғана Орталық Азия елдері қуатты күшке айналып, өзіне жақтас іздеп жалтақтамайтын алпуыт күшке айналады.

 Скептиктер әрине Орталық Азия елдері интеграциясының мүмкін емемстігін айтар. Оның да түрлі себептері бар:

 – Орталық Азия елдеріндегі саяси режимдер қоғамның жабықтығы мен консервативтілігіне арқа сүйейді. Ал интеграция деген ашылу. Өз ресурстарыңа өзгелердің келуіне жол ашу, өзіңнің өзгелердің ресурстарына қолыңды жеткізу. Орталық Азияның өз ішінде ашылуы болуы мүмкін түрлі саяси ауытқулардың алдын алуға мүмкіндік берері сөзсіз;

 – әлемдік нарықта Орталық Азия өзара бәсекелес елдер болып табылады. Экономикасының негізгі бөлігі шикізат өндіруге бағытталған елдер әрине бәсекелес болуы заңды, алайда бұл елдердің өзара ынтымақтастығы арқылы ОПЕК секілді ірі халықаралық құрылымға айналуына септігін тигізуі мүмкін ғой. Мұндай жағдайда Оталық Азияның шикізаты аймақ мүддесін халықаралық аренада қорғайтын құралға айналады.

Осылайша, бүгінгі күні Орталық Азия интеграциясы таңдау емес, қажеттілік. Ұлттық элиталар осыны неғұрлым жылдам түсінсе Орталық Азияның халықаралық қатынастар объектісінен аймақтық саясаттың  ірі субъектісіне айналуына жол ашылар еді. Тек қана осы жағдайда аймақ елдері өзге ел мүддесіне сай емес өз мүддесін басшылыққа ала отырып өз тағдырын шеше алады.

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір