04 Сәуір, 2014 NEWS
Қоғам. "Пәктігімді сатамын"
... «Бүгінгі көмпіс тілге одағай көрінгенімен, көне тілде «бөде» - «пәк» деген сөз. Мәңгүрт түгілі зиялы қауымның өзі де түсіне бермейтін төл сөзімізді...
... «Бүгінгі көмпіс тілге одағай көрінгенімен, көне тілде «бөде» - «пәк» деген сөз. Мәңгүрт түгілі зиялы қауымның өзі де түсіне бермейтін төл сөзімізді орысшаға аударып барып мойындататын әдетке салсақ- невинная, бұдан да дөкірлей түссек –девственницаның төте аудармасы деуге болады. Тілімізді қотыр қылатын бөтен сөз ана тіліміздің өлеңнен өрбитін әуені мен тұңғиық тереңіне қайдан жетсін (Қалихан Ысқақ). Қалыңдықтың қыз күйінде, таза, абыройлы келуіне үлкен мән берген қазекемнің пәктікке деген іңкәрлігі бүгінгі қойыртпақ қоғамның өңешіне жұтылып барады. Қырықыншы үйдің тиымы да, қала берді күңнен тыюы да бүгінгі жалбыршаштарды райынан қайтара алмай отыр. «Он екіге толған соң бойжеткен қызы барын білдіріп оң жаққа бөде үй тігетін қазақтың байырғы салты. Бір жыл бойы бәйбішенің күні қызының етегін елдің өсегінен күрегейлеп бөде үйдің есігін күзетумен өтпек. Бөде үй, бөде үй, арман ай». (Қалихан Ысқақ). Кеңестің кезінде Чехословакияға барып келген әкем: «Ол елде бойжеткен қызы бар отбасы үйінің сыртын көкпен бояп қояды екен. Соған қарап-ақ құда түсушілер келе бастайтын көрінеді» деп айтқанда таңқалатынбыз. Әр істің байыбына барып, үлкен парасатпен атқаратын қазекемнен амал қалған ба? Стилист жазушы Қалихан Ысқақтың «Бөде үйін» оқығаннан кейін бабамның байыптылығына бас имеске амал қалмады. «Байы бүгін өлгендей қолаң шашты шашып тастап, тылтиған тұсақ бөксені тылтима дамбалмен таңып тастап, митың-митың жорғалаған қысыр бикештерді көргенде менің есіме Бөде кемпір түседі. Бөде дүние біздерден алыстап кеткен екен-ау. Фәниден көңілі қалған бөделер әжелерімізбен, аналарымызбен бірге бақиға аттанып кеткен жоқ па?» деп жоқтайды Қалекең. Расында бөделер бүгінде тым аз деп аңырауға шақ қалғандаймыз. Басты мақсатымыз қошқар мүйіз оюмен өрнектелген мақала жариялау емес. Ұстанымымыз пәк, періште қыздарымызды батпағына батыратын батыстық «бренд ұстанымдардан» арашалау. «Қыздарымыз не боп барады өзі?» деген ой ұлттық сезімге ұят ұялатады. Ұят, ұждан деген бұрын қазақтың бойына біткен фирменный ерекшелігі сынды-тұғын. Тіпті Бөде қыз бренд болатындай да тұғын. Алайда... арынан безген қыз көбейіп тұр бүгінде. Тіпті пәктігімен, періштелігімен, перизат болып тұрмысқа шығуды намыс көретін қоғамға кеп тіреле ме деген қауіп те жоқ емес. Бүгінде мектепте оқитын қыздардың жартысынан көбі жыныстық өмірдің дәмін татып үлгерген деген бір дәрігердің уәжін естідік жуырда. Денеңді дір еткізер диагноз, әрине. Бәріміз мораль оқудан шаршамаймыз-ау. Бірақ ұлттық калориясы аз сияқты. Бүгінгі қыз да, ұл да батыстың модасымен оразасын ашып жүр. Ұят, пәктік туралы әңгіме айта бастаңызшы, «сәлем айтыңыз» дейді. Яғни олардың бұған түкіргені бар. Тек өздерінікі тура. Бүгінде ұяда ұятты біліп өскен қыз аз. Ондай қыздардың классикалық образын іздесеңіз емге таппайсыз. Өйткені пәк болу Қалихан Ысқақшаласақ бөде қыз болу замануи стандартқа сай келмейді. «Колхоздардың» тірлігі. Тіпті бүгінгі жоғарғы оқу орнына жаңадан түскен 1-ші курстың қыздарын «балмұздақ» деп атайтынын біреу білсе, екеу білмес. Яғни сарыауыз балапан, әлі тәттілігін жоймаған деген мағынада шығар енді, біздің түсінігімізде. Барын бағалай алмай жүрген қыздарымыздың тірлігін бас бармақпен бағалай алмаймыз енді. Расы осы. Баланы аққұтан әкеп бермейтіні, не болмаса «тауып алған даладан, түсіп қапты шанадан» дегенге илана қоюы да екіталай. Стоп-кадр: бүгінгінің жүгермектері бәрін қайдан біледі? Бәсе дерсіз. Қайдан? Іштен біліп тумайды әрине. Жұмыстан қолы тимейтін ата-ана баласының бос уақытында тамақ ішіп отырғанында алақандай құрылғыдан көз алмай шұқыланып отыратынын байқар. Байқар да басты шайқар да қояр. Тіпті сол сотканы ақтарып көрген ата-ана бар ма екен? Ойбай-ау оған уақыт қайда? Баладан гөрі жұмыс, ақша қымбат болып тұрған заман емес пе? Не көрсе де тыныш отырсын демеңіз. Бәленің бәрі соның ішінде. Соткадағы сорақылықтар жетіп артылады. «Мынауски телефон әпердім балама» деп те мақтанбай-ақ қойыңыз. Балаңызды бұзуға апаратын төте жолды дайындап қойдым дей беріңіз. Әлемді шарлап, жаңалықтарды қарап, білімін жетілдірсе мейлі-ау, алайда «қоршаулы бақтың тәтті жемісіне» құмартып, баланы қалай жасау процесін үйреніп жүр ме екен әлде. Байқап қойыңыз. Артықтық етпес. Дерттің қоздырғышын соткадан ғана іздемеу керек-ау. Теледидар, ғаламтор іспетті ұстаздың ролін атқарып отырған көрнекіліктер жетіп артылады. Бойдақтарға «неге үйленбей жүрсің?» деңізші, «қыз жоқ» дейді. Тура мағынасында емес. Қанына біткен пәктікке деген құмарлық болады әрине. Алайда біреудің қаңсығына тап болам ба деп қорқақтайтындары да баршылық. Сол себептен періште қыз іздейді. Алайда о жазған шөптің арасына түсіп кеткен инедей таптырмайды-ау шіркін!.. Қыз біткеннің бәріне топырақ шашып күстаналаудан аулақпыз. Ұғымына ұят ұялаған перизаттарымыз жетерлік. Алайда сол адалдық дегенге «позор» деген вирусты жұқтырып алмаса дейсің. «Ол мода емес» деп азғыратындардың да жетегінде кетпесе екен дейсің... Әуел баста атам қазақ алғашқы неке түні «неке жаулық» аталатын жайма төсеп, таңертең қалыңдықтың пәк екеніне көзі жеткен жеңгелері енесінен сүйінші сұраған. Бұл үлкен абырой саналған. Егерде келін арына дақ түскен болып шықса, оны масқаралап, бетіне күйе жағып, есекке теріс қаратып отырғызып, тесік қазан мен сынық шәугім ұстатып, еліне қайтарған. Бұл қыз елінің бетіне де шіркеу болып, ақырында елдің бетіне қарай алмай қалған соң өзін-өзі өлімге қиған мысалдар аз болмаған. Осындай масқараларды естіп өскен қыз мұндайдан бойын аулақ ұстаған... Ал бүгінде бұл мәселе қоғамның қотыры болып тұр. Қасыған сайын қаныңды шығарып, жаныңды ауыртып тұратыны бар. «Шырынды жерде шыбын көп». Бұған әрине жігітқұмар, жеңілтектікке бір иығын беріп тұратын бетпақтардың өзі де кінәлі. Қара бет болғандарға тас атып өлтіретін Құнанбайдың заманы өткен. Сол замандағы заң зәкүн орындалса мүмкін мұндай сұмдықтар болмас па еді? Тарих не дейді? Сексуалды револлюцияның сан алуан түрін бастан өткергендер бәрібір де пәктікті жақтайды. Римді Деций императоры басқарып тұрған шақта пәктігінен айырылып тұрмысқа шыққан қыздарға үлкен айыппұл салған. Сауд Арабиясында бұзылған қалыңдықты бауыздап өлтіретін болған, олай болмаған күнде де қызды үйінде әке-шешесі су толтырылған хауызбен күтіп алған. Қыздың соңғы амалы суға түсіп, тұншығып өлу болған. Иранның Белуджистан аймағындағы әр үйдің алдында неке ағашы өсіп тұрады. Егер тойдан кейін бәрі дұрыс болмаса күйеуі әйелін осы ағашқа асып өлтірген. Ежелгі Русьте неке түнінен кейін бұзылған неке төсегін қонақтарға көрсететін салт болған. Пәк болып шықпаса да той тоқтамаған. Бірақ әйел өмірінің соңына дейін бұзылып келгендігі үшін күйеуінің тепкісінде, ит азаппен өмірі өткен... Бүгінде сексуальды төңкеріс өз жемісін берді. Демократиясы гүлдеп тұрған Америка жастарының тым бұзылып кетуімен күресіп жатса, Ресейде қыздар бесіктен белі шықпай жатып жыныстық қатынасқа түсуде... Пәктік бүгінде қолға түспес асылмен астас. Біреулер сақтайды, бүлінгендер қайта қалпына келтіріп алады. Бүгінде экономика саласына қатысты қайта өңдеу деген сөз жиі қолданылатын болып жүр. Некеге қатысты қайта қалпына келтіру деген модаға айналып барады. Расында бүгінде бүлінгендер білдірмей қайта қалпына келтіріп алатын болған. Пәктігіңді қалпына келтіріп береді Ресейе 1962 жылы гименопластика – яғни қыздықты қалпына келтіру оталары жасала бастады. Ал елімізде 1990 жылдардан бастау алады. Ежелгі грек мифіне сенсек неке құдайы Гименей саналған. Гименопластика соның құрметіне осылай аталған...Әрине «тесік моншақ жерде қалмас». Алайда арынан айырылып келген қызда қандай абырой болсын?.. Қысқа мерзімді қыздық перде 7-10 күннің көлемінде айнымай тұрады. Оны қыздық перде болатын аймақты тігу, қысу дегендей амалдар арқылы іске асырады. Ал ұзақ мерзімдісі күрделі жолмен жасалады. Мораль мәселесін былай қойған күннің өзінде, жасанды жолмен қалпына келтірілген қыздық перденің операция жасатушыға тигізер зияны бар. Жай зияндылық емес, денсаулықты қатерге тігетін зияндылық. Мұндай хирургиялық операция жасатқан әйелдің басқа мүшелерінің қызметі бұзылуы ықтимал. Одан басқа, қаны ұюып, жүйке жүйесінде зақымданулар болады. Ресейде мұндай операциялардың құны 10 000 рубльден жоғары болады. Ал бізде ұзақ мерзімдісі 160 мың теңге тұрады. Ал екі-үш күнге арналғанын 30-75 мың теңгеге жасатуға болады. Бір-екі мысал... Бірінші мысал: Кезінде ауылда әбден атағы шыққан бойжеткен бір жігіттің етегін ұстап тұрмысқа шығуды көздейді. Ақыры қақпанына біреуді түсіреді де. Дәрігерге барып, көздегеніне де қол жеткізеді. Беташар болып, жұрттың аяғы басыла бере келіннің қолынан шәй ішпек болған бір топ үлкендер залға кіреді. Осы кезде шәйнегін көтеріп, жүзін төмен салған жас келіншек шәй құя бастайды. Төрде отырған дәрігермен көзі түйісіп қалған кезде екеуі де естен тана жаздайды. Дәрігер арсыз келіннің енесінің құрбысы болып шығады. Гиппократ антына сай дәрігер жұмған аузын ашпаған күйі кетеді. Екінші мысал... Оң жақта отырып ойнақтап жүріп от басып қалған қыз беттің арын белге түйіп өзін сүйген жігітке тұрмысқа шығады. Әрине пәктігін тіктіріп алып. Жігіт ата-анасына салмағын салмай күні-түні жұмыс істеп, баспана, көлік алып, тойды да өзі жасайды. Мұнай компаниясында жұмыс істейтін қалталы жігітті қармағына іліктірген қыз мұны да аз көріп жан құрбысына «мына ақымақ ештеңе сезбейді. Білмей қалғаны жақсы болды» деп күйеуін мазақтап смс жазып жібереді ғой. Оны күндердің күнінде күйеуі оқып қояды. Жан құрбысын қысып барлық шындықты білген кезде адалдап мал тапқаны қайдағы жоқ харамға бұйырғанына қатты ашынған жігіт алдампазды үйінен қуып шығады. Мұндай мысалдар жетіп артылады. Өтіріктің құйрығы бір ақ тұтам. Бәрібір ашылады... Сондықтан да қара көз қыздарымыз арын жасынан сақтаса дейсің... Бүгінде ғаламтор беттерін «Пәктігімді сатамын» деген жарнама қаптап кеткен. Тап бір үйімді не болмаса көлігімді сатамын деген сияқты. Орган сатамын дегеннің қасында бұл құманмен қолына су құйып беруге де жарамай қалды. Әзірге бұл басқа елдерде. Бірақ кейде ұлтымыздың атына ұят келтіретіндері де жоқ емес. Былтыр Ресейде оқуға түсе алмай қалған қыз пәктігін 10 мың долларға бағалап айды аспанға шығарған еді. Тіпті бразилиялық бір қыз 800 мың долларға бағалаған-тын абыройын. (Еліктегіш, солықтағыш қыздарымыз мұны іліп әкетпесе деңіз). Етегін жел көтермеген желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарды саудаға салатындар аз емес. Былтырғы жылы Ақтөбеде пәк қыздарды 300 мың теңгеге саудалаған сутенерлар ұсталып жазасын алып еді. Пәктік идеал болудан қалған қақсал қоғамда бәрін күтуге болатын сықылды. Пәктігін бір сатып, оны қайта қалпына келтіріп алып екі жеп биге шығып отырғандар да жоқ емес. Тал бойынан табылмайтын арды «тіккенмен» орнына келер ме? Абыройынан айырылып қалған қыздардың қармайтын талы — гименопластиканың да тасы өрге домалап тұр бүгінде. Оның бүгінде қолжетімді болып тұрғаны да арсыздарға қолай боп тұр. Түнгі көбелектердің көпшілігін студент қыздар құрайды дегенде айналамыздан ұратын ағаш таппай қалып ек. Ал енді бір дәрігер тіпті шалқамыздан түсірді. «Бұрындары гименопластика жасатуға сұраныс көп болатын. Бүгінде азайып барады. Демек жігіттер қыз, қыз емес екендігіне қарамайтын болғаны да». Мұндай масқараны естиміз деп ойламап ек... Тақырыптың түйінін толассыз тыйым деп түсінбеңіз. Ащы айтып ашындыра алмасақ, тұщы айтып тұшындыра білмесек, бізге сын.
Автор: Бақжан Шайдулла
"Алаш айнасы"
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір