• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 07:43:42
Алматы
+12°

03 Сәуір, 2014 NEWS

Тоқтарәлі Таңжарық: Интернет-конференция (І жауап)

Армысыздар, аяулы бауырлар! Сіздермен әр қиырдағы қандастардың пікірін ортаға түйістіріп, бір-біріне жақындастыруды мұрат еткен «Қамшы» порталында жүздескеніме...

Армысыздар, аяулы бауырлар! Сіздермен әр қиырдағы қандастардың пікірін ортаға түйістіріп, бір-біріне жақындастыруды мұрат еткен «Қамшы» порталында жүздескеніме шын жүректен қуаныштымын. Ақтарыла жазған лебіздеріңізге, ыстық ықыластарыңызға, ойдағыны қозғар сұрақтарыңызға рахмет!

     Сұрақтардың біраз бөлігі Польша сапары туралы қойылыпты. Осы сапар жайында бұдан бұрын да бірнеше рет сұхбат берген едім. Енді, міне, өзім барып, аралап қайттым. Оқырмандармен, әдеби қауыммен, өзге жұрттың ақындарымен жүздестім. Соны егжей-тегжейлі баяндап берейін. Бұл төмендегі Жәнібек, Ақтанберді, Асыл, «Ағаң» секілді жанашыр оқырмандарыма және осы сапар туралы білгісі келген басқада азаматтарға жауабым дерсіздер. Уақыттың тығыздығы кеңірек көсіліп, бауыр жазуға мүмкіндік бермеді. Түйген ой көп, алған әсер де жеткілікті. Соның біразын іріктеп, орталарыңызға ұсынып отырмын.

Осыдан тура екі жарым жыл бұрын Польшаның Познан қаласында тұратын түрколог ғалым, әдебиетші, сол жақтағы Түркітану орталығының директоры Хенрик Янковски ұялы телефоныма хабарласып, өзін таныстырған соң: «Польшада 4 жылда бір рет өтетін «Еуропа ақындарының фестивалі» бар. Соған Қазақстанның атынан қатысуға ақын таңдау мүмкіндігі бізге беріліп еді. Қазақстан ақындарының кітаптарын, интернетте жарияланған жырларын жиі бақылап отырамыз. Сіздің де жырларыңызды ғаламтордан таптық. Ойлана келе, Сіздің кандидатураңызға тоқталдық. Егер қарсы болмасаңыз, осы фестивальге қатыссаңыз», – деді. Шынымды айтайын, бұл ұсынысқа бастабында сенбедім. Өйткені, менің Польшада ешқандай таныс-білісім болған емес. Оның үстіне, қазақ әдебиетін Батыстың оқитынына күмәнді ой баршамызда бар ғой. Хенрик мырзаның сөз лепесіне қарап және нөмірдің шетелдік екеніне назар салған соң, иландым. Сол жолы Хенрик мырза менің бес-алты өлеңімді поляк тіліне аударып, комиссия мүшелеріне ұсыныпты. Оларда теріс көрмесе керек, бір апта өтер-өтпестен қайта хабарласты. «Енді Сіздің «Жалын» баспасынан шыққан «Түн парақтары» атты жыр жинағыңыз керек. Фестивальдің шарты бойынша ақынның бір кітабы түгелдей аударылады. Соны поштамен жіберіңіз»,– деді.

10171175_625435027536343_1029886640_n«Ағылшын тіліне аудартып жатырмын» деуіме тура келді

Міне, содан бері арада екі жылдай уақыт өтті. Кітапты аударып, шараны ұйымдастырушы Халықаралық мәдениет институтына жолдапты. Олар 2014 жылдың басында кітапты баспадан шығарып, фестивальге мені де шақырды.

Халықаралық жыр кеші Польшаның Гданьск қаласында 19-22 наурыз аралығында өтті. Фестивальдің шарты бойынша жеті елдің ақындары қатысуы керек екен. Менен өзге тегі француз, өзі қазір Белгияда тұратын Еуропа әлеміне танымал ақын әрі күллі әлемді қыдырып жүретін жиһангез Гуй Гоффетте, швейцариялық Ирен Бауман, грекиялық Панделис Баукалас, австриялық Ервин Еринзингер, хорветиялық Дорта Ягиш және эстониялық Ян Каплинскилер қатысты. Әр ақынды фестивальге ұсынғандар негізінен сол елдің әдебиеті мен мәлдениетін, дәстүрін, тілін жетік білетін мамандар. Олар ақынның кітаптарын аударып қана қоймай, оның поэзиясы туралы қысқаша аннотация жазып, комиссияға ұсынған. Осы жолы төртінші мәрте ұйымдастырылған шараның Еуропа елдері үшін айтарлықт ай беделі де бар. Мұны әр елден келген ақындардың лебізінен, әдебиеттанушылардың пікірінен аңғаруға болады.

Ақындар поэзиясында ортақ ерекшелік бар деп айту қиын. Ішінде француз ақынымен және хорветиялық, эстониялық шайырлармен жиі тілдестім. Бәрі менен: ««Ағылшын тіліне өлеңіңіз аударылып па еді? Аударылған болса, маған жіберіңіз», – дейді. Мұндайда не деріңді білмей қысылатының рас, «аудартып жатырмын» деп, жылы жауып қоюға тура келді.

Бір байқағаным, бұл ақындардың бір-біріне мүлде ұқсамайтындығы. Қайбірін алсаңыз да, өзгеше мәнерде жазады. Ирен Бауман, Гуй Гоффетте, Ервин Ерингинзер, Панделис Баукалас секілді кәрі тарландардың жырларын іштей өзіміздегі аға буынмен салыстырып отырасың, Мынау Жәркен көкем, мынау Тыныштықбек ағам, мына кісі Есенғали шайыр шығар, мынау Күләш апам ғой дейсің. Бірақ Сіз ойлағаннан солай болмайды. Ұлттық эстетикалары да, поэзиялық түйсіктері де басқа екені анық. Мені қызықтырғаны эстониялық Ян Каплински болды. Өлеңдері небары үш-ақ жолдан тұратын, жапондық хайку формасында жазатын ақынмен кездесуде түрлі сұрақтар қойылды. Шайырдың пікірінше: «Өлең формаға қамалмауы керек. Дегенмен, ойды ұтқыр әрі шынайы жеткізу үшін белгілі бір формаларға бағынуға да тура келеді. Одан қашу – шынайылықтан қашу». Оның уәжіне жүгінсеңіз, қысқа жазу сұрапыл шабытты қажет етеді. Дәлдік пен нақтылықты уысыңыздан сәл шығарып алсаңыз, көздегеніңізге жете алмайсыз. Гуй Гоффетте болса, сөзден бұрын әуен, ойдың музыкасы қымбат екенін білдірді.

Фестивальдің шарты бойынша осы жеңімпаз жеті ақынның ішінен біреуіне ғана қомақты жүлде тігілген. Жүлде біреу ғана. Құны біздегі мемлекеттік сыйлыққа берілетін қаржы көлеміне таяу. Мен австриялық ақын мен осы эстониялық шайырдың бірі алатын шығар деп топшыладым. Бірақ олай болмай шықты.

«Бүгінгі тілмен» жазатын ақын  бас жүлде алды

Жүлде хорватиялық Дорта Ягишке бұйырды. Бұл туралы жабылу салтанатында ғана білдік. 1000 адамдық қалалық театрда бос лорын жоқ. 1,5 сағатқа жоспарланған шарада бәріміз аудармашымызбен бірге оқырмандарға сәлемдесіп, өз орнымызға жайғастық. Саханаға 40-қа жуық актер көтерілді. Ортада дирижер. Мен фестиваль құрметіне орай арнайы концерт беретін шығар деп топшыладым. Сөйтсем, қателесіппін. Сахна төріндегі үлкен экраннан бір ақынның аты шықты. Ары қарай бір актриса шайырдың бір жырының бір жолын оқиды, ал хор дирижердің көмегімен әуендете, кей сөзге екпін беріп, енді бірін сыбырлай оқып шығады. Әр сөздің мағынасына қарай сахнаға жарық беріліп, өзгеше түстерге бояйды. Жеті ақынның жыры оқылып біткен соң сахнаға қала әкімі көтерілді. Ол кісі барлық фестиваль жеңімпаздарын құттықтаған соң, жетінің ішінен қаржылай жүлдені анықтауға қазылар алқасының төрағасын шақырды. Біздің ұққанымыз сегіз адамнан құралған қазылардың шешімге келуі оңай болмағанға ұқсайды. Содан дәл бір күн бұрын қазылар алқасының жиыны өткен. Сонда «Өлең деген не? Ең жақсы жыр деп қандай жырды айтуға болады? Поэзия аударыла ма?» деген сұрақтар арасында ой бөліскен. Пікірлері әр алуан шықты. Себебі өлеңге әркім әрқилы талап қояды әрі әрқалай түсінеді. Ақыры қазылар алқасының шешімімен Дорта Ягишке тоқталыпты. Мұндай шешім шығаруға Дортаның поэзияны бүгінгі тілде жазатындығы әрі әйелдер жан-дүниесін жан-жақтылы ашып көрсеткендігі себеп болған. Біз осы екі түсінікті кеңірек талқылай кетсек, артық болмас. Өлеңді бүгінгі тілде жазу бір қарасаңыз, қызық көрінуі мүмкін. Себебі, барлық ақын бүгінгі қолданыстағы сөздерді қолданады. Бірақ, соның бәрі сол сөздерді ескі мағынасында, болмаса көп оқырман түсіне бермейтін поэтикалық тәсілде өлеңге кірістіреді. Өлеңнің тақырыбы мен айтар ойына қарай талданбаған тіл, шын поэзиялық эстетикаға көп жағдайда көлеңке түсіруі ғажап емес. Тілді білдім екен деп, қызылды-жасылды тіркестермен екпіндете шаба жөнелу сәтсіз қадам. Оның жырлары супермаркет, телефон, ауруханадағы аспаптар, татуаж, гримерлер туралы да шебер үйлесіммен әңгімелейді. Біз үшін публицистика секілді сезілуі де ғажап емес, «бөтен сөзбен» былғады деп байбалам салуымыз да мүмкін. Бұл ешқандай да публицистика, кедір-бұдыр тіл қолданысы емес. Оның өлеңдерінде әр сөздің өз орны бар, оны жырдан ажырату қиын. Жаңа терминдерді поэтикалық қуатпен өрнектеу, эстетикалық танымда суреттеу көптеген ақындар үшін қиын шаруа. Біздеде кейбір терминдерді, орыс сөздері көбірек жырына қосатын ақындар ұшырасады. Бірақ олардікі сәл әуенсіз, үйлесімсіз шығып жататыны жасырын емес. Өз тіліңде әрі бүгінгі тілде сөйлей білу постмодерндік өзгешеліктің бірі екені анық. Бағалаушылар жайдан-жай адам емес. Бірі философ, бірі мәдениеттанушы, бірі әдебиеттанушы, енді бірі дінтанушы, ішінде бірде-бір ақын жоқ. Ақынның ақынды бағалауын құп көрмепті. Біздегі мүшәйраларды осылай бір өткізіп көрсе, қалай болар екен деп мен отырдым.

Әкім «Ресей» деп қарқылдап күліп жіберді

_DSC4877Бұл шарада мені таңғалдырған үш жағдай болды. Біріншісі, бағдарлама аясында мұражайға айнадлған  ескі шіркеудің бірінде Шекспирдің сонаталарын опера жұлдызы орындады. Поэзияны дәл бұлай халыққа жеткізу... Скрипка, орган, дирижер және әнші. Үйлесім мен жарасым. Дауыстың шығандауы. Мың жерден мұражай десеңіз де, кіріп барғанда әлдебір жатсыну, қобалжу сезімі болады екен шіркеуге. Бірақ орындаушы құдіреті сол үрейді өнерге шомылдырады... Өлең жазғыңыз келеді. Сенімдердің салмағы бар демесеңіз, сан түрлі мәдениет, көзқарас, таным қайшылығы араңызды бөліп тұр демесеңіз, өнер құдіреті адамдарды біріктіріп жібереді екен.

Екіншіден, ақындардың өлеңдерін хормен айтқандар қатты әсер етті.

Ал қатты таңырқатқаны, қала әкімінің қарапайымдығы. Енді 4 жылдан кейін өтетін фестивальге Еуропадан алты елді таңдап болған соң, соңғы елге Украина, Ресей секілді Польшаға жақын маңдағы елдер үміткер болды. Әкімнің қолына Ресей ілініпті. «Ресей» деп қарқылдап күліп жіберді... Сол бір күлкіде талай мән жатыр. Бүгінгі Путиндік режимнің безбүйрек саясаты да, орыс халқының ғасырлар аунаса да өзгермеген психологиялық зорекерлігі де, әлемді билеуді көздейтін империялық сана да батыстықтар үшін соншалықты күлкілі әрі аянышты. Мұны кездесулер кезінде де айтқандар болды. Біз озық ұлт, аға ұлт, ұлы халық деп білетін орыстар олар үшін түсінуге қиын, сайқымазақ кейіпкер есебінде екен. Толстой, Достаевский, Чеховтердің елі өз әдебиетінен үлгі алмағаны жайын айтқанда: «Біз кімнен үлгі алып жүрміз?» деген сұрақты өзіңе өзің еріксіз қоясың...

 _DSC5569Театрдағы кештен соң, фоэге дастархан жайылыпты. Халық түгел сонда жүрді. Әкім елмен бірге тағамдардан ауыз тиіп, келген қонақтарға рахметін айтып, жайбарақат жүр. Оны мазалап жатқан ешкімді көрмедік.

(Жалғасы бар)

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір